Ерлан Айтаханов құтылды, Ербол Садыр сытылды, Жанбосынов сотталды

Oinet.kz 20-05-2022 3103

Шымкентте небәрі  алты ай әкім болған, осыдан кейін «із-түссіз жоғалып кеткен» Ерлан Айтаханов қоғам назарына қайта оралды. Жуырда оның Отырар ауданының Құрметті азаматы атағын алғаны айтылған болатын. Енді міне, Айтахановтың сот жағалап жүргені белгілі болды. 

Screenshot_1.jpg

Дәлірегі, ол  жуырда Қаратау аудандық сотына келіп, сотталушы қалалық қаржы басқармасының басшысы Кенжебек Жанбосыновтың ісі бойынша жауап берді. Куәгер ретінде.  Куәгерлердің қатарында сондай-ақ, 2020 жылы пандемияның кезіндегі масқара жағдайлардан кейін қызметінен кеткен Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ербол Садыр да болды. 

Бұған дейін жұртшылық өзара қайын аға, күйеу бала ретінде білетін қос азамат туралы бұған дейін «істі болыпты», «тергеушілерге жауап беріп жатыр екен» деген әңгімелер тарап еді. Алайда Жанбосыновтың соты аяқталып тағдырына төрелік айтылғаннан  кейін ел аузындағы әңгіме бір басқа, нақты дерек бір басқа екенін білдік. Сот бірі  әкім, бірі оның орынбасары болған қос азаматқа айып тақпай «сүттен ақ, судан таза» болып шыққандарымен есесіне сол екеуінен  тікелей тапсырма алатын бағынышты қызмет атқарған  Кенжебек Жанбосыновты  үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.    

Жалпы, біз Кенжебек Жанбосыновқа қатысты іс туралы «Рейтинг» газетінде былтыр арнайы мақала жариялаған болатынбыз. Еске түсіріп көрейік:

 2019 жылдың 19 желтоқсанында (Бұл  кезде Шымкент қаласында Ерлан Айтаханов әкім болып отырған) «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік Қоғамы Директорлар кеңесінің отырысы өткен. Отырыста  құны 4 823 806 953 теңге ішкі қарызға салынған көпқабатты 518 пәтері бар 9 тұрғын үйді қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына 3 704 886 000 теңгеге сату мәселесі қаралады. Қылмыстық қудалау органдары Жанбосыновқа осы жиында «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 69-бабының талаптарын, яғни ірі мәміле жасасуда шығысталатын жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын ескеру қажеттігін басшылыққа алмай, «оң» дауыс бергені үшін айып таққан. Дәлірегі Жанбосыновтың «оң» дауыс беруі салдарынан жоғарыда аты аталған акционерлік қоғамға 1 118 920 953 теңге, яғни аса ірі мөлшерде зиян келген көрінеді. Қаулыға қарағанда, Директорлар кеңесіне бес адам мүше болған. Оның екеуі Н.Кабиштаев пен К.Маликов дауыс беруде қалыс қалған. Қалған үшеудің біреуі Жанбосынов екендігі айтпаса да түсінікті. Ал қалған екеуі кімдер дейсіз ғой? Екеудің біреуі Б.Қалмырза деген азамат. Ал екіншісі сол кезде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Ербол Садыр. Садыр кеңестің жай ғана мүшесі емес, төрағасы болған. Соңғы үшеу ұсынысты қолдап дауыс берген. «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік Қоғамына аса ірі мөлшерде зиян келтірген  шешім осылайша басым көпшілік дауыспен қабылданып кеткен. Ең қызығы, бұл емес. Былтыр Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына жалғыз Жанбосыновтың ісі түседі. Алайда сот Директорлар кеңесінің отырысында «оң дауыс берген» Е.Садыр мен Б.Қалмырзаға қатысты қылмыстық істің құжаттарын бөлектеудің дұрыс еместігін, бұл істің жан-жақтылығына және объективтілігіне кері әсерін тигізетінін алға тартып, Жанбосыновтың қылмыстық ісін прокуратураға қайтарған болатын. Алайда енді белгілі болғандай, Садырға да Қалмырзаға да қатысты ешқандай бөлектенген қылмыстық іс болмаған сияқты. Бәрі бос сөз. Жауапкершілікке жалғыз Жанбосынов қана тартылды. 

Бір қызығы, үкімді оқып отырып,  «Жанбосыновтың әрекетінен нақты қандай заңбұзушылық бар?» деген нақты сауалға нақты жауап таппайсыз. Бар белгілі мән-жай мынау ғана:

2019 жылдың 11 желтоқсанында қала әкімі Ерлан Айтаханов қол қойған қаулымен Шымкент қаласы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан 4, 8 миллиард теңгені құрайтын 9 тұрғын үйдің 518 пәтерін «Shуmkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на, қоғамның акцияларына төлем жасауға беріледі, қаулыны орындау қалалық қаржы басқармасының басшысы К.Жанбосыновқа жүктеледі. 19 желтоқсанда өзара келісім шартқа сәйкес Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Shуmkent» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-нан 9 тұрғын үйдің 518 пәтерін 3, 7 миллиард тенгеге сатып алған. Дәл осы күні «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Директорлар кеңесінің мүшелері, Директорлар кеңесінің төрағасы Е.Садыр, Директорлар кеңесінің мүшелері К.Жанбосынов,  Б.Қалмырза және «Shymkent» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның төрағасы Н.Өмірсерікұлы «Шымкент қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ-сі Shуmkent» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-нан 518 пәтерді 3, 7 миллиард тенгеге сатып алу–сату келісім шартын жасасуға келісім берген. Кейіннен белгілі болғандай осы сатып алулар барысында  «Shуmkent» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 1 118 920 953 тенге көлемінде шығын келген. Дәлірегі  пәтерлер нарықтық құнынан 1 118 920 953 теңгеге төмен сатылып кеткен. 

Кенжебек Жанбосынов сотта өзінің кінәсін мойындамаған. Ол ғана емес, сотта жауап берген куәгерлердің барлығы да Жанбосыновтың кінәсіз екендігін, корпорацияға шығын келгенімен жалпы мемлекетке, бюджетке ешқандай зиян келмегенін, сондықтан оған ақтау үкімін шығару қажеттігін айтады. Солардың бірі Шымкенттің бұрынғы әкімі Ерлан Айтаханов. Айтпақшы, Жанбосынов жауап беру барысында қала әкімінің Директорлар кеңесінің мүшелеріне немесе өзіне «егер осындай оңды шешім қабылдамасаң, сені жұмыстан босатамын, тәртіптік жазаға тартыласың» деп қорқытпағанын атап өтіпті. Мұндай сөздің айтылуы әрине, кездейсоқтық емес. Бұл тергеу барысында Директорлар кеңесінің шешім қабылдауына қала әкімі Ерлан Айтаханов ықпал еткен болуы мүмкін деген күдіктің болғандығын байқататын сияқты.  Күдік болған, бірақ ол расталмаған. Бәлкім дәлелденбеген. 

Ендігі мәселе Ербол Садыр жөнінде. Сотта ол 19 желтоқсанда Директорлар кеңесінің мәжілісі болғаны немесе болмағаны есінде жоқ екенін, бірақ отырыстың хаттамасына Директорлар кеңесінің басшысы ретінде қол қойғанын айтыпты. Садырдың мұнысына сенуге бола ма? Оның өзі төрағалық ететін кеңестің өте маңызды, дәлірегі миллиардттаған теңгелердің тағдырын шешкен отырысын өткізген-өткізбегенін ұмытып қалуы мүмкін бе? Шын мәнінде Садыр ешқандай да кеңес отырысын өткізбеген. Себебі осы сот отырысында жауап берген Директорлар кеңесінің хатшысы 19 желтоқсанда Директорлар кеңесінің отырысы болмағанын мәлімдеп, «өзі тек айтылған тапсырма бойынша хаттаманы жасап, кеңес мүшелеріне барып, яғни Е.Садыр, К.Жанбосынов пен Б.Қалмырзаға әкімшілік ғимараттың ішінде қол қойдырғанын, К.Маликовқа Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесінің бойында орналасқан «Дәстүр» мейрамханасында, Н.Кабиштаевқа Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесінің бойында орналасқан бизнес орталығының 5-ші қабатында орналасқан қызметтік бөлмесінде қол қойдырғанын» айтқан. Мәссаған! Миллиардттардың тағдырын Садыр төрағалық еткен кеңес осылай шеше салған. Яғни, мұның бәрі де маңызды мәселенің жоғарыдан шешілгенін, ал құжаттарға кейінірек формалды түрде қол қойылғанын көрсетіп отыр емес пе? 

Жоғарыда айтқанымыздай, куәгерлердің «ешқандай кінәсі жоқ» деп шыр-пыр болғанына қарамастан сот Жанбосыновты үш жылға бас бостандығынан айырды. Мұның бәрі де «айран ішкендер құтылды, шелек жалаған тұтылды» деген мақалды еске түсіреді. Жанбосынов енді үкіммен келісе ме әлде апелляциялық шағым бере ме, ол жағы әзірге белгісіз. 

"Рейтинг" газеті, 19 сәуір, 2022 ж

Әкім Пармановтың пендешілігі. Арзан пәтер, айрандай төгілген абырой
Облыс әкімінің орынбасары күдікке ілініп еді... Сот үкімі шықты, көмекші сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу