Түркістандағы Назарбаев ескерткішінің ендігі тағдыры не болмақ?

Oinet.kz 10-01-2024 384

Жылдың басын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беруден бастады. Сұхбат қасіретті Қаңтар оқиғасының екі жылдығына орай жарияланды десек, қателеспейміз.  Қаңтар Тәуелсіз Қазақстанның тағдырын шешкен оқиға, ескі мен жаңаның шекарасы іспеттес төңкеріс болды. Содан бергі аралықта өте көп нәрсе өзгерді. Алайда өзгермеген дүниелер де көп. Айталық...

Screenshot_8.jpg

Осыдан екі жарым жыл бұрын Түркістанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған ескерткіштің ендігі тағдыры не болмақ? Күні кешегі өзгеріске дейін Назарбаевты мақтап, мадақтаудан «социалистік жарысқа» түсіп жүрген танымал азаматтардың бірқатарына пікір сұрап хабарласқанымызда ойларын бір ауыз сөзбен болса да ортаға салудан қашқақтағанына қарнымыз ашты. Көпшілік көрнекті қоғам қайраткері деп бағалайтындардың біреулері «ауырып мазасы болмай тұрғанын» айтып алдаусыратса, енді біреулері Назарбаев туралы тілдесуге уақыттары жоқтығын алға тартып, сөйлесуден жалтарды. Елді құртатын ең үлкен жау-екіжүзділік екенін біле тұрсақ та олардың атын атап, түсін түстеуді жөн санамадық. Есесіне қолдаса да, қарсы болса да еңсесін тік ұстап, пікірін еркін айтқандарға ерекше ризашылығымызды білдірдік. Сонымен кім, не деді? 

Screenshot_9.jpg

Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы: 

Назарбаевтың қателіктері осындай дәрежеге жеткізді

- Әрине, ескерткішті енді  алып тастау қажет.  «Тұңғыш президент туралы» заңның күші жойылды. Назарбаевтан ең ақыры  «құрметті сенатор» атағын да алып қойды. Экс-президенттен басқасының бәрінен айырылды. Бірақ Түркістан үшін ол кісінің істеген еңбегі бар. Түркістан әлі аудан болып тұрған кезде өзінің жарлығымен Түркістан мемлекеттік университетін құрды. Бір жылдан кейін ол қазіргі Халықаралық қазақ-түрік университеті болды.  Түркістанда дүниежүзі қазақтарының құрылтайын ұйымдастырды.  2000 жылы қасиетті қаланың 1500 жылдық тойын өткізді. Билікте отырған кезінде Түркістан облысын ашты, оның орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Осы сияқты Назарбаевтың Түркістанға сіңірген азды-көпті еңбектері бар.  Оны айту керек. 

Бірақ тірі адамға ескерткіш орнатпау керек еді. Заң бойынша адамның аты нысанға ол өлгеннен кейін бес жылдан соң беріледі. Сондықтан заңға қайшы қойылған Назарбаевтың ескерткіштерін алып тастау керек. Талдықорғандағы ескерткіштің жағдайын өздеріңізге белгілі. Қалған ескерткіштердің бәрін бір жерге жинау қажет. Оларды кейін қоя ма, қоймайды ма, оны келер ұрпақ өздері шешеді. «Елге еңбегі сіңген жақсы адам еді» десе, қайта қояр. Былтыр Қонаевтың атын Қапшағай қаласына бердік. Бір адам оған қарсы шыққан жоқ. Сол сияқты Назарбаевтың ескерткіштерінің тағдырын да уақыттың еншісіне қалдырайық. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  Назарбаев өте қарапайым болатын, барлық нәрсені  ақылдасты, тіпті анекдот та айтатын Барлық билік қолында болды, ешкім қарсы келген жоқ. Кейін мақтауды бастадық. «Абылай хан жолда қалады» дедік. «Нұрсұлтан, қайда барасың?», деп айтқан бір Бұқар жыру шықпады.  Мына кішкентай ғана Балтық жағалауы елдерінде Назарбаев сияқты ұлы президенттер болған жоқ. Бірақ солар қазір Еуропадағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылды. Сол елдер Тәуелсіздікті бізбен қатар алған еді. Назарбаевтың қателіктері  Қазақстан сияқты үлкен елді осындай дәрежеге жеткізді. 

Screenshot_10.jpg

Жанысбек Өтеген, қоғам белсендісі, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Ескерткіш заңға қайшы қойылған

- Назарбаевқа қойылған ескеркішті де, оның атын көшелерден, нысандардан алып тастау қажет. Неге десеңіз, мұның бәрі уақтысында заңға қайша берілген, заңғы қайшы қойылған. Біз бұл мәселені Қоғамдық кеңесте қозғағанбыз. «Назарбаевтың есімін Шымкенттегі көшеден алып тастау керек» дедік. Жиынға қатысқан билік өкілдері «әзірге асықпайық, бәрі уақтында шешіледі» деді. «Жаңа Қазақстанда» енді күтетін не бар. Қазақтың қаншама ханы жатқан Түркістанда Абылайдан басқа бірде-бір қазақтың ханына ескерткіш қойылмаған. 

Отыз жылдан бері Шымкентте Желтоқсанның құрбаны Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш қоя алмай жүрміз. Қайраттың да «Халық қаһарманы» деген атағы бар емес пе? Ескерткіштің жобасын да дайындап қойғанбыз, «өзіміз тұрғызамыз,10 соттық жер беріңдер» дедік. Алайда берілмеді. Ал көзі тірі Назарбаевқа келгенде қоя салады. 

Қазір ескерткіш қою үшін Мәдениет министрлігінен рұқсат керек екен. Ержан деген азамат Қонаев пен Асқаровтың ескерткішін баяғыда дайындап қойған. Бірақ Мәдениет министрлігі қоюға рұқсат бермейді. «Стандартқа сай келмейді» деп айтатын көрінеді. Ал Шымкентте Орталық саябақтағы алаш арыстарына қойылған ескерткіш стандартқа сай келеді деп ойлайсыз ба?

 

Screenshot_11.jpg

Шалатай Мырзахметов қоғам қайраткері:

Жаман ба, жақсы ма, ол біздің тарих

«Сізге бір мысал келтіріп өтейін. 1996 жылы АҚШ-қа сапарымда Нью-йорк қаласынан Маямиге дейін 2 мың шақырым жерді жеңіл көлікпен жүріп өткенмін. Жол жөнекей көптеген қалаларға тоқтадым. Зәулім ғимараттар бар екен. Олар кезінде Американы басқарған президенттердің құрметіне берілген нысандар болып шықты. Дұрыс, елдің көркеюіне қызмет еткен басшыларға құрмет көрсеткен жақсы ғой дедім. Содан «осы президенттер үлкен тұлғалар болған шығар» деп сұрадым. «Жоқ, дәл осы президентті халықтың өзі көзін құртқан» деп жауап берді. «Сонда неге сонша құрмет көрсетіп, атынан музей аштыңыздар» дегенімде, «бұл халық сайлаған президент болды, жаман ба жақсы ма ол біздің тарихымыз» деп жауап берді. Ойлап қарасам, ол да шынымен мәдениеттіліктің бір белгісі екен. Назарбаев та пенде. Ол да кезінде қателесті. Қазақ бекерден –бекерге айтпайды «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп. Елордаға Астана аутын қайтару халықтың қалауымен болған шығар. Ал енді жаппай көшелерді, мектептің аттарын тағы басқа атына берілген нысандарды өзгерту меніңше дұрыс емес. Егер ол кісінің істеген ісінен заңсыз әрекеттер әшкере болып, жауапқа тартылса, басқа мәселе. Олай болмаған соң бұрынғы басшының дәрежесін төмендетіп, жерден алып жерге сала берген адамгершілікке жатпайды, пендешілік дер едім. Иә, менің жеке көзқарасым бойынша соңғы жылдары президент көп қателіктері жол беріп қойды. Әркім Алланың алдына барғанда істеген ісіне жауап береді ғой. Ал бірақ қазақ мемлекетін құрғаны, шекарасын бекіткені, астананы орталыққа көшіргені президент тарапынан үлкен еңбек болды. Оны қалайша жоққа шығарамыз. Мен бір кездері ауданды басқарған адаммын. Ауданға әкім ретінде жетекшілік ету қаншалықты қиын екенін басқа-басқа өзім жақсы білемін. Кейбір жігіттер сол бір кішкентай ауданның өзін дұрыс басқара алмай сүрініп-қабынып жүреді. Ал тұтас республиканы басқару ше, ол оңай жұмыс емес. Сондықтан біржақты шешім қабылдамай, кейде осындай жақтарды да ойлап қойған абзал».

Screenshot_12.jpg

Әбілқасым Досболов еңбек ардагері:

Мен ешнәрсе айта алмаймын

«Мен Шымкентте тұрамын, ол жаққа ешқандай қатысым жоқ. Біз қазір қаладамыз. Ол Түркістан облысы бөлек аймақ. Мен қазір ол жаққа мүлдем барып жүрген жоқпын. Не жиналысына, не басқасына мүлдем қатыспаймын. Басында айтқанмын оларға «енді келмеймін сендерге, болды бұдан былай Шымкентте боламын» деп. Себебі алыс қой, оны өзің де жақсы білесің. Ескерткіш туралы мен ешнәрсе айта алмаймын. Халық не шешсе, сол ғой. Мен қазір ауырып, денсаулығым болмай жүр еді, сол үшін бұл туралы ешнәрсе дей алмаймын».

- Әбеке, «менің облысқа не қатысым бар?» дегеніңізді түсінбедік. Сіз Назарбаев ел Президенті болған жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы болдыңыз. Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатын қолдаған белсенді азаматтардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хаттарымен марапатталғансыз. Талайлардың түсіне де кірмейтін мемлекеттік марапаттар алдыңыз. Кіндік қаныңыз тамған облыстың құрметті азаматысыз. Сондықтан өзіңізді Түркістан облысынан бөліп қарай алмадық...

Осы тұста байланыс үзіліп кетіп, сөзіміз аяқталмай қалды. Қайта қоңырау шалғанымызбен байланысудың сәті түспеді.

«Қасымдағы бала қайтыс болды»: Алматыдағы өрт шыққан хостелде тұрған жігіт оқиғаны баяндады
Дулат Исабеков Сара Назарбаеваның қылмыстарын жайып салды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу