Серікбай Ибадуллаев: «Көлеңкелі тіршіліктер көп»

Oinet.kz 14-07-2019 923

Screenshot_9.jpg

Серікбай Ибадуллаев, облыстық мәслихат депутаты

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауындағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беретінін мәлім еткен болатын. «Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс», - делінген Елбасы Жолдауында. Сондай-ақ, Жолдауларды жүзеге асыру мақсатында қабылданған бағдарламалардың орындалу сапасын бақылауда да депутаттардың алар орны ерекше.  Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серікбай Ибадуллаевпен болған сұхбатымызды да бағдарламалардың орындалу сапасына қатысты сұрақтан бастаған едік.

- Елбасы Жолдауынан туындаған «Нұрлы жол» және басқа да бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі мен сапасын депутат ретінде қалай бағалар едіңіз?    

- Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Нәтижелі аяқталғандары да аз емес. Мысалы, еліміз бойынша жүздеген мектеп пен ауруханалар мемлекеттің қаржысына салынды. Оның игілігін халық көруде және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде балабақшалардың ашылуы, сондай-ақ әлеуметтік саладағы жұмыссыздықты жою бағытындағы іс-шаралар да көпшіліктің көңілінен шығуда. Жуырда облыс басшысына «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламаларының орындалуы бойынша есеп берілді. Атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен, бірқатар мәселелер ашықтықты талап етеді. Мысалы, облыс тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін қайта даярлау, оқыту, несиелендіру сынды бағыттар бойынша қаржы бөлінеді. Солардың нәтижесі қандай? Соның есеп-жүйесі жүргізілсе, мәселен кәсіпкерлікке 30 адам оқытып едік, оның 15-і кәсіпкерлігін ары қарай дамытып жатыр, дегендей. Сонда жұмсалған қаржының зая кетпегені белгілі болады. Сондай-ақ, ауылды жерлерде шағын несие беріп, кәсіпкерлікке тартуда жан-жақты зерттеу, талдау жұмыстары жүргізілгені жөн болар еді. Несие алған ауыл кәсіпкері қаржыға алған малын өсіріп, сатады. Ал ары қарай осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, дамыта алды ма?  Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту үшін не істеу қажет, қандай мүмкіндіктер бар? Бағуында 600 түйесі бар және оны көбейтуге мүдделі кәсіпкермен кеңесіп ет, сүт өңдейтін цех ашу жөнінде кеңесу қажет. Керек болса оған бизнес-жоспар жасап, білікті маманды көмекші етуді ұсынған да тиімді болар еді, меніңше. Жолдауда көрсетілген міндеттер қорытынды нәтижеге жеткізілуі тиіс.  Жұмыссыздықты жою мақсатында қаншама азамат мамандыққа оқытылып жатыр, қайта даярланып жатыр, қаржы жақсы бөлінуде. Дегенмен, кейбір аудан, кей елді мекендерде, кей қалада іске асыруда кемшіліктер жоқ емес. Сан қуып, жалған ақпараттар берушілер, бес балабақшаға бір баланың атын жазып қаражат жүргізу сынды олқылықтар шығып жатыр. Жалпы бағдарламаларда қаралған іс -әрекеттер дұрыс орындалса, басқару жүйесі мықты болатын болса, халықтың күнкөрісіне көп әсер ететіні сөзсіз.  Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс екенін атап көрсетті.  Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырды.  Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс екенін, бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керектігін мәлімдеді. Әлеуметтік ахуалды жақсарту бағытындағы бағдарламалардың сапалы орындалуы әрбір қазақстандық үшін маңызды.

- Облыс әкімінің депутаттар алдында есеп беруі кезінде Отырар ауданын газбен қамту мәселесін көтердіңіз. Жалпы ауданда басқа қандай өзекті мәселелер бар? Сайлаушылар тарапынан қандай проблема көп көтеріледі және ол бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? 

- Ауданда шешімін күткен мәселелер аз емес. Мектептерді  жөндеу, күрделі құрылыс жүргізу, ауыз су жүйелерінің кейбірінің істен шығуы, жер асты суларының көтеріліп кеткені, суармалы жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілмеуі, осындай мәселелер бар. Соның ішінде ең бір үлкен мәселе – тұрғындарды газбен қамтамасыз ету.  Осы мәселе шешімін тапса, халықтың күнкөрісіне жеңілдік туады.  Бейнеу-Бозай газ құбыры 8 аудан 284 елді мекенді қамтамасыз етуі тиіс.  Нақтырақ айтсақ, Отырар, Созақ, Түлкібас, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен  Кентау, Түркістан қалаларының елді мекендері. Соның ішінде Отырар ауданында әлі бірде-бір елді мекенге газ бармаған. Биыл магистраль тартылып жатыр. Келесі жылдан бастап елді мекендер газдандырылуы тиіс.  Отырар ауданында 38 елді мекен бар. Біз халықпен кездесулерде сол 38 елді мекеннің барлығына келесі жылы газ келетінін айтамыз. Яғни, барлық елді мекен тұрғындары газ келетінінен үмітті.  Шілде айында бұрынғы облыс әкімі Б.Атамқұловтың қабылдауында болып, ауданға қатысты екі мәселені көтердім. Біріншісі осы газбен қамтамасыз етуді Отырар ауданы бойынша нақты мерзімдерді белгілеп,  әр елді мекенге қай жылы, қай уақытта газ баратынын хаттамамен бекіту болатын. Облыс басшысы менің ұсынысым бойынша өзінің тиісті салаларына тапсырма беретінін айтқан-ды.  Кейін сессияда арасы ұзап бара жатқан соң сұрақ беріп, есіне салғанымда әкім тапсырма берілгенін, жұмыс басталатынын айтты. Әкім ауысты, дегенмен қазіргі облыс әкімі Ж.Түймебаев бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтын шығар, деп ойлаймын. Екінші мәселе инвестор тарту, қаржы-қаражат келу үшін Төрткөл-Арыстанбаб –Түркістанға арнайы тас жол салу. Бұл кәдімгі халықаралық деңгейдегі автожол болса, Отырар ауданында туризм дамиды. Жолшыбай халық қоныстанады, суармалы жер иелері инвестиция әкеледі. Осы депутат ретінде көтерген екі мәселені облыс басшылары қолдаған болатын. Жүзеге асады деген сенімдемін.

-Жуырда облыстық мәслихаттың сессиясында коммуналдық қызметтердің бағаларына қатысты мәселе талқыланды. Жылудың, жарықтың, судың, газдың жалпы коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауы тұтынушылар үшін өте өзекті де маңызды мәселе. Көбінесе халықтың көнбістігін өз мүддесіне пайдаланып жүрген монополистердің бағаны көтеруі қаншалықты негізді? 

- Тарифтердің тұтынушылар үшін тым ауыр болмауы қажеттігін Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту қажеттігін атап өтті. «Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ», - деді Елбасы Жолдауында. Яғни, коммуналдық қызметтерді жаңғырту, жетілдіруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Дегенмен, монополистер бағаны көтеруге мүдделілік танырып тұрады. Әйтпесе бөлінген қаржыны өз қажеттері бойынша игеріп, жұмыстары жақсарған соң тұтынушының төлемақысын төмендетуі тиіс. Жалпы осы мәселені облыстық мәслихатта қарауының өзі меніңше, қателік. Өйткені облыстық мәслихаттың, облыстық басқармалардың бағаның өсуіне ешқандай қатысы да, ықпалы да жоқ. Себебі, республикалық деңгейде антимопольный комитет деген бар, солардың құзырында. Олар тек қоғамдық кеңес өткізеді немесе өткізген болады, хаттамаларын жасайды, өзіне жақтас адамдарды жинақтайды. Баға бойынша өздерінің қалауын дәлелдеп бағады. Сөйтеді де ең соңында облыс басшысының келісімін алады. Сондықтан бұл мәселені тікелей облыс әкімі бақылайтын болғандықтан, комитет төрағасына есеп бергізуі керек еді.  Бағаны көтеру бойынша, әрбір тармағына түсініктеме берсін, шығындарын, кірістерін көрсетсін. Жөндеу жұмыстарына кей жылдары миллиардтап инвестиция беріледі. Сол қалай жұмсалды, нәтижесі қандай? Одан кейін баға неге төмендемейді? 

Құрылыс жұмыстары біткен соң оның бағасы төмендеу керек қой.  Екіншіден, біздің облыстық деңгейдегі басқармалардың ешқайсысының құзыреті жоқ, мынаны былай істе, мына есептеуің дұрыс емес дейтін. Қазір бізде республикада ең жоғарғы баға жылу жүйесінен, ауызсудан да. Жердің астынан таратып жатқан жоқпыз ауызсуды. Ақсудың суын алып жатырмыз негізінен. Болмаса басқа бір ұзақ жерден тасымалдап жатқан жоқпыз. Олар өздерінің ішкі шығындарын көбейтіп, қажетсіз мекемелер ашып оны тарифтің бағасына қосуда. Басқа ақшаның келетін жері жоқ. Сондықтан барлық табыстың көзі баға болғандықтан осы бағамен ойнап жатқаны ақиқат. Мемлекеттік бюджеттік мекемелерге, кәсіпкерлерге баға өте қымбат қойылған. Баға бір деңгейде болуы керек. Бір текше су барлық жерде бірдей, жеке тұлға үшін де, кәсіпкер үшін де.  Осы жерде көлеңкелі тіршіліктер көп.  Онымен прокуратура немесе экономикалық қаржы бақылау комитеті айналысуы тиіс. Осындай негізсіз тірліктерден соң қызмет көрсету қымбаттайды, баға көтеріледі. Мәселен, суденттік асханаға берілетін су  кәсіпкер үшін өте қымбат,  суы қымбат болғандықтан ол сорпасын қымбаттады. Сорпаны ішетін студент. Баяғы 50-100 теңгеге ішетін сорпаңыздың қазір 500 теңгеден кемі жоқ, жай асхананың өзінде. Мың теңгеге студент баланың қарны тоймайды. Ал оның алатын стипендиясы бар жоғы 20 мың теңге. Неге бізде газ қымбат? Неге Алматыда арзан? Бұл сұраққа ешкім жауап бергісі келмейді. Ең қымбат коммуналдық қызмет ОҚО- да . Бұл тақырыпта көп әңгіме айтуға болады. Елбасы Н.Назарбаев алтыншы шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде электр энергиясы мәселелері жөніндегі заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылғанын, олар энергияны тарату шығындарын төмендетуді және тиісінше, тұтынушылар үшін оның құнын азайтуды қамтамасыз ету мақсатын көздейтінін атап өтті. Тұрғындар басқа да коммуналдық қызметтер бойынша да осындай игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асатынынан үмітті.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ. 

2016 ж

Бақытжан Зиябеков: «Алар асулар әлі алда»
Құрмаш Маханов: «Сурет салудан облыстық жарыста жүлдегер атандым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу