Жаңабай Өтегенов, әнші: «Тепловоздың «шопыры» болуды армандадым»

Oinet.kz 05-08-2019 1331

Screenshot_9.jpg

          Ауыл балаларының өмірі, тыныс-тіршілігі ұқсас болып келеді ғой. Алайда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылан станцияда өткен менің балалық шағымның ерекшелігі біздер пойыз көріп өстік.  

          Отбасында төрт ағайындымыз.  Ауылда төрт сыныптық бастауыш мектеп болатын. Ал бесінші сынып оқушылары орталыққа барып оқуы керек. Алғаш рет мектепке 1995 жылы әкем ертіп барды. Бір сыныпта сегіз-ақ бала оқыдық. Сынып жетекшіміз Аманқос ағайдан балаларды айтпағанда бүкіл ауыл қорқатын. Абыройының мықты болғаны соншалық үзіліс уақытын өзі белгілейді. Сабақтың ортасында «үйлеріңе барып тамақ жеп келіңдер» деп босатып жіберетін. Өзге оқушылар ең ұзақ дегенде  10 минут үзіліске шықса, біздер 25 минут демалдық. Мұғалім үзіліске жомарт болғанымен сабаққа келгенде қатал еді. Бірақ үй тапсырманы орындап, сұрағына дұрыс жауап берсең бестікті маңдайыңа қызыл қаламсаппен қойып беретін. Маңдайдағы бағамен ауыл ішінде біраз сөз болып жүресің. «Ойбай пәленшенің баласы Аманқос ағайдан бес алыпты» дегенге мәз болып жүретінбіз. Себебі ол жақсы бағаларды екінің біріне қоя бермейді. Қартайса да қолынан әлі кетпеген, әкеме сабақ берген сол ағайдың таяғын да әбден жедік. Ұрған күні үйге «Ағайым ұрды» деп жылап келгенде әке-шешеміз «Демек өзің сабақ оқымай барғансың да» деп мән бермейтін. Өйткені адуынды мұғалімге ешкімнің шамасы жетпейді. Оған қарсы тұратын бір-ақ адам бар. Ол - әжем. Көзіңнің жасын сығып келген күні әжем «Мен оған балаларды ұрғанды көрсетейін» деп білегін сыбанып мектепке баратын. Ағайымыз әжеміздің құрдасы болуы керек, әйтеуір сөзі өтіп,  әңгімелері жарасып кететін.    

     Бос уақытта ойыннан кенде қалған жоқпын.  Ашығын айтсам мен  қыздармен мак, резинка, секірмекті әбден  ойнадым. Сосын Қазақстанның өзге өңірлерінде бар ма екен, жоқ па білмеймін, ауыл балаларының бәрі  үшкір таяқты лақтырып «айкол сайкол» деген ойын ойнадық. Кейіннен ойланып қарасам біздің «айкол-сайколымыз» кәдімгі регби екен ғой. Тек қазақша нұсқасы.   

       Бала күнімде теміржолшы болсам деп армандадым.  Жездем тепловоз айдайтын. Белгілінеген уақытта темір тұлпарымен  ауыл маңындағы станцияға келіп тоқтайды. Сонда біздің үйдегілер де қызық қалаға жетіп алу үшін пойызға емес әлгі тепловозға мініп алады. Менің қызығып тұрғанымды көрген жездем тепловоздың рулін ұсатып, шамалап айдауды үйретті. Міне, сол сәттен бастап менің ойымда тек қана тепловоз машинисі боламын деген арман, мақсат тұрды. Ал өнер жолына түсуіме ата-анамның ықпалы зор болды. Екеуі де отырыста әнді жақсы шырқайды. Үйде тойдың, Шәмшінің әндері жазылған дәптер болатын. Сондағы өлеңдердің бәрін анам маған жаттатқызды. Кейіннен аудандық байқауларға қатыстыра бастады. Осылайша анамның арқасында қазақ эстрадасына қосылдым. Бала болған соң ата-ананың жақсылғын кейде түсінбей жатамыз. Екінші сыныпта ма екен, әйтеуір үйдегілер мені музыка мектебіне берген. Ондағы өмір ұнамаған болуы керек, оқудан шыққым келді. Сөйтіп бір күні мұғалімге «Әкем жұмыстан шығып кетті. Олардың мектепке төлейтін ақшалары жоқ. Мен енді оқымаймын» деп айтып кеттім. Ертесіне апайым үйге жетіп келіп, әкеме «Біз Жаңабайды тегін-ақ оқыта берейік. Қабілеті бар баланың аяғынан шалмай, белін буайық. Біз сіздерге жеңілдіктер жасаймыз»  дегенде әке-шешемнің көздері шарасынан шығуға сәл-ақ қалды. Өтірік сөйлегенім үшін оңбай таяқ жегенімді білемін. 

        Алтыншы сыныпта Ақтөбе қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатына ауыстым. Әр күнің қызықты да, тартысты өтетін ортада талай оқиғалар болды. Оқушыларға, әсіресе, ауыл балаларына химия, орыс тілі мен әдебиеті деген секілді пәндер қиынға соқты. Сабаққа қатыспаудың түрлі амалын жасайтын олар шкафқа тығылып қалатын. Ең қызығы мұғалімдер таба алмас үшін шкафтың сыртын шегелеп тастайтынбыз. Сонда балалар шкафта алты сағатқа дейін жата беретін. Интернатта неге екенін қайдам, көбінесе жоғары сыныптың қыздарымен жүрдім. Вечер бола қалса мені шақыратын, сөйтіп бәріміз ән шырқадық.  Интернаттың өз заңы болатын. Біреудің үйінен жақындары келсе болды бәріміз сол баланың жанына үймелеп қаламыз. Онша-мұнша пряник, тәттілері болса бәріне бөліп беретін. Сондай-ақ интернатта киіміңді де «бөлісуге» тура келеді. Тіпті, бір-бірінен сұрамай киіп кете береді. Бірақ оған ренжіп жатқан адам жоқ.  Ал интернат маңынан бөтен жігіттер өтетін болса ісі бізбен болатын. Өзімізше қыздарды қорғаған түріміз ғой. Интернатта білім алғаныма еш өкінген емеспін. Керісінше бәріміз бір атаның балаларындай өмір сүрген шаңырақтан менің үйренерім көп болды.  

Мұрағаттан, 2016 ж

Айтгүл Құдайбергенова: «Қызғаныштан сіңілімнің бұрымын қиып тастадым»
Гүлнар Сиқымбаева: «Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекет қазынасын тонады дегенге сенбеймін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу