Бағдат Шайманов: «Санақтан соң Шымкентте қанша халық тұратыны белгілі болады»

Oinet.kz 20-02-2009 1061

Screenshot_3.jpg

25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтетін жалпыұлттық санақтың  1999 жылғы санақтан өзгешеліктері аз емес. Бұл жолғы науқанда   БҰҰ-ның және басқа да халықаралық стандарттардың сақталуы қарастырылған. Атап айтқанда, санақ нәтижесін сканерлік әдіспен өңдеу сияқты техникалық жаңалықтар және басқа да өзгерістер енгізіліп отыр. Мұндай «инновациялық» әдістің тиімділігін науқан аяқталған соң бағалайтын боламыз. Әзірше, бар күш дайындық шараларына жұмсалуда. 10 жыл бұрынғы санаққа қарағанда бұл жолы ел азаматтарына қойылатын сауалдар ауқымы  20 бөлімге дейін ұлғайған. Осы тұрғыда  Оңтүстік Қазақстан облыстық статистика департаментінің директоры Бағдат Шаймановты әңгімеге тарттық. 

- Санақ деген өте үлкен, ауқымды, 10 жылда бір жүретін шара. Сондықтан біз дайындыққа сонау 2007 жылы кірісіп кеттік.  Санақ жүргізілетін уақытта ең алдымен  көше тәртібінің сақталуы және есепшілердің қолдарында картографиялық материалдар  болуы  керек. Бұл талаптар толықтай орындалды. Облыс бойынша науқанға 260 санақ бөлімдерінің меңгерушілері,  2100 нұсқаушы және 8700 есепші қатысады.  Тілек білдірушілер көп болды, тіпті, араларында бәсекелестік орнаған.  Арнайы киетін формалары да дайын.   Алдын-ала  тұрғындарды  хабарландыру мақсатында есепшілер үй аралауға 20 ақпанда-ақ кірісіп кетеді. 

-Есепші  бір отбасыға қанша рет келеді?

-Екі рет.  Ақпаратты нақтылау қажет болғанда  немесе алынған жауаптар дүдәмалдау болған жағдайда үшінші рет мазалауы да мүмкін. 

-Соның өзінде халықтың 100 пайызын қамту мүмкін емес шығар?

-Ондай көрсеткіш әлемдік тәжірибеде де жоқ. Бірақ, соған ұмтылуымыз керек. Алдын-ала хабарландыру жұмысы өте жақсы жүргізілді деп есептеймін. Жалпыұлттық санақтың болатынынан халықтың басым көпшілігі хабардар. Біз  жуырда сауалнама жүргізіп, мынаны анықтадық. Санақтың болатынынан сұралғандардың 78 пайызы хабардар әрі олар анкета сұрақтарына жауап беруге дайын. Ал қалған 20 пайызының санақ жөніндегі ақпараты толық емес екен.

-Хабардар болу бір бөлек те, оған қатысу басқа ғой. Адам сұраққа жауап бермеймін десе де өзі біледі. Мәселен, Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург тұрғындарының үштен бір бөлігі кезінде санаққа атсалысудан бас тартыпты. 

-Иә, санаққа қатысу ерікті түрде жүреді. Егер үй иесі есепшіні пәтеріне кіргізгісі келмесе, ол учаскеге барып немесе телефон арқылы жауап беруге құқылы. Менің ойымша, облысымызда қарсылық білдіретіндер болмайды. Мәселен, Алматыда жер учаскелерінен айырылған бір топ азамат санаққа қатыспаймыз деп ашық мәлімдеме жасапты. Менің ойымша, бізде ондай шиеленісті мәселе жоқ. Облысымыздың халқы санаққа бір кісідей атсалысатынына сенемін. Есепші адаммен дұрыс сөйлесе білуі тиіс. Бес саусақ бірдей емес қой, кейде жауап беруге құлқымыз болмайтын кездер болады. Қабағын түйіп қарсы алатындар да кездеседі. Ондайда тілін тауып, немесе арада бірнеше күн өткен соң қайта хабарласу қажет. Тіпті жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқанның өзінде мәлімет көршілер арқылы алынуы мүмкін. 

-Жалған ақпарат беретіндер де кездесуі мүмкін ғой. 

-Оны жоққа шығармаймын. Бірақ, мынаны түсіну қажет. Біріншіден, біз құжат сұрамаймыз. Не айтса да адамның өз еркі. Екіншіден, алынған мәліметтердің құпиялылығына кепілдік береміз. Ешкімнің аты-жөні жарияланбайды. Алынған деректер тек жинақ ретінде шығуы мүмкін. Айталық, үш адам, бес адам тұратын пәтерлердің саны дегендей. Әрине, кейбіреулер  жасыруы да мүмкін. Әсіресе бірнеше пәтері барлар.   

-Иә, ондайлар қазір көп қой. 

-Көп, оңайлықпен айта қоймайтыны түсінікті. Уақытша тұрып жатқандар да ашыла қоймауы мүмкін. Егер есепші алған мәліметін жариялайтын немесе бөтен біреуге беретін болса, заң алдында жауап береді. 

-Демократияның үлгісі ретінде санап жүрген Еуропаның бірқатар елдерінде, мәселен  Англия мен Францияда санаққа қатыспаған азамат жауапкершілікке тартылып, ірі мөлшерде  айыппұл төлейді екен. Ұлыбританияда айыппұл шамамен мың жарым долларды  құрайды. Біздікі не сонда: демократия ма, әлде заңның осалдығы ма?

-Дамыған елдердің барлығында дерлік  санақ туралы  заңдар қабылданған. Ол заңда әр адамның санаққа қатысуға міндетті екені көрсетілген. Бұл заң әлі бізде шыққан жоқ. 

-Шымкенттің халқы миллионның шамасында деген әңгіменің айтылып жүрегінен біраз болды. Ал ресми статистиканың мәліметі басқаша – 567 мың адам. Мұндай айырмашылық неден туындайды? 

-Жылдан жылға қаланың халқы артып келеді. Қазіргі таңда халықтың 62 пайызы ауылда, 38 пайызы қалада тұрады. 1999 жылғы халық санағында Шымкентте 420 мың адам тұратыны анықталды. Содан бергі  есепті  АХАТ бөлімі, ауруханалар, көші-қон полициясы мен әділет департаментінен келіп түскен мәліметтерге негізге алып  жүргіземіз. Мысалы,  өткен жылы облысымызда 75 мың адам туылып, 16 мың адам қайтыс болды. Яғни, табиғи өсім 59 мың адам болып болып тұр. Сондай-ақ, көшіп келушілер мен көшіп кеткендер жайлы мәліметтің айырмасын да ескереміз. Шымкенттің халқы миллионға жетті дегенге сенбеймін, бірақ, тұрғындардың саны  567 мыңнан көп екеніне күмәнім жоқ.  Себебі, облыс орталығына жаңадан көшіп келгендерді жергілікті билік  кей жағдайда есепке алмайды. Осы санақтан соң бұл мәселеге нүкте қойылады. Шымкентте тұратындардың нақты санын алатын боламыз. 

-Санақты жүргізуге не кедергі келтіруі мүмкін?

-Ең басты мәселе – адамдардың есепшілерді үйіне кіргізбеуі. Алматы мен Астанада ондай жағдайлар орын көптеп тіркелген.  Одан соң есепшілердің қауіпсіздігі мәселесін де ескеру қажет. Тұрғындардың көбісі үйінде тек кешкі уақытта боатынын ескерсек, есепшілердің түнгі уақытқа дейін жұмыс істеулеріне тура келеді. Сондықтан, қылмыстық ахуалы қиындау  аумақтарда маскүнемдер мен есіркі тұтынатындар мазасын алуы мүмкін. Одан қалса, босап кеткен иттерден де сақтану қажет. Алдыңғы жылдарда иттер қауіп алған  жағдайлар  болған. Жуырда ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов есепшілермен бірге учаскелік инспекторлардың да қосылып тұрғындарды  аралайтынын жеткізді. Жалпыұлттық санақты жүргізуге республикалық бюджеттен 6 миллиардтан астам теңге бөлінді. Оның тең жартысы есепшілердің жалақысына, қалғаны үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. 

Сұхбаттасқан Жандар Көшенов, 

"Рейтинг" газеті

ОҚО-да «таза су» көлденең табыстың көзі болып тұр
Сарыағашта 1 шелек су 15 теңге
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу