Көкпар жайлы не білеміз?

Oinet.kz 03-12-2009 1119

88de623d144d.jpg

«Абылайдың асында шаппағанда,атаңның басына шабасың ба?» Баяғыд-а-а Абылайдың асында игі жақсылар мен ұрпақтарының дүрілдетіп ат шаптырған кезде намысты қайрап, жастарды қайратына мінгізу үшін айтқан бұл сөзі қазір де ел арасында жиі айтылып жүр. Бүйтіп атақ-даңқты дүркіретіп ас беру, той өткізу арқылы шабылған бәйгелер мен аламан көкпарлардың арасында тарихқа таспен ойылып жазылғандары аз емес. Кеңестік кезеңде де тиым салғанына қарамастан адамдар атқа қонып, сай-салада тығылып шапса да көкпарды тоқтатқан жоқ. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін көкпарға көңіл бөлу, дәріптеу, дамыту тіпті күшейді. Әрине көкпарды әркім әрқилы ниетпен береді. Біреу Алладан перзент сұрап, бата тілеп көкпардың көрігін қыздырса, енді біреулер атбайлар ұлы туылғанына алақайлап  сүйінші сұрап ат бәйгесін ұйымдастырады. Ата-бабасының аруағына арнаған ас беріп көкпарды, ат бәйгесін өткізіп жүргендер де көп. Өкінішке қарай соңғы жылдары көңілге қаяу салатын жайттарға жиі кездесе бастадық. Ашығын айтсам бір азамат өмірбақи жиған-тергенін жұмсап жұрттың ықыласына бөленуге,  ақ батасын алу мақсатында көкпарға шақырса, кейбіреулер көкпарды пайдаланып лас әрекетпен, ұйымдасқан түрде көлденең табыс табуға көшті. Бүгінде мафияға айналғаны соншалық  көкпарды қызықтаудан көпшіліктің көңілі қала бастауы осыдан. Әділдік жүрмеген жерде атың салым салғанмен жақсы атағың шықпайды. Керісінше пәленшенің салған салымы арамдық болды деп тарасатыны белгілі.

Мен өзім Түркістанның 1500 жылдық тойында штабқа жетекшілік жасай жүріп мерейтойдың көкпарын, бәйгесін өткізу іс-шарасын басқардым. Сондағы үлкен көкпар  жайлы теріс әңгімені әлі күнге дейін естігенім жоқ. Сол кезде 16 автокөлік бәйгеге, көкпарға тігілген еді.

Қонақасы күні 300-дей ат болды, алғашқы салым 20 мыңнан басталып оны Мақтаралдық Қанаев Ережеп ағамыздың күрең аты салды. Сол күні бір машина 15-20 салым шабылды, ешқандай айқай, реніш болған жоқ. Салым нақты қолға тиіп, байлау жетектеу дегендерге тиым салынып, кейбір салымдарды жаратпай тастап отырдық.

Ертесіне үлкен көкпарда аттар да, көкпарға салым тігушілер де өте көп болды. Әсіресе, Сарыағаш қаласындағы «Қоңырат» базарының иесі(аты-жөні есімде жоқ) Түркістанның мерейтойына арналған көкпарға тігемін деп мініп келген автокөлігінің кілтін,  құжатын қолыма ұстатты. Міне, азамат. Мен де рахметімді айта келіп, ата-баба аруағы қолдасын деп ризашылықпен халыққа жария еттім. Елде мұндай азаматтар бар, әділ-таза болса астындағы атын көкпарға тігіп жіберетін. Не керек 1500 жылдық тойдың көкпары аман-есен тарады.  

Ал қазір ше, көкпарлар қалай өтіп жүр?  Көкпарды байлап шабу, топтасып келісіп шабу, ат жетектеу, қазір сен апар, келесісін мен дегендей, жерге тастамай келісіп атай салу, әлсіздің салымын жаратпай, бермей қою. Көкпарға барсаң көзбе-көз бұдан басқа да талай жөнсіздікке куә боласың.

Ұялмай-қызармай арам салым салған ат иесі қарқ-қарқ күліп тұрады. Ал оны былайғы қарапайым ел  оны иттің етінен жек көріп тұратынын сол ат иесі сезер  ме екен.

Көкпардың таза өтпеуі әуелі көкпар басқарушыдан. Себебі өз ағайынына бұрғысы келіп көзбе-көз ел алдында пендешілік жасап әр түрлі іс-әрекетке  барады. Байлап тұрған кезде, келіскен шабандоздар топтанып атқа мінгенде, көкпар жерге түспей тақымда жүрген уақытта дұрыс бағалы салымды атап жіберетіні ақиқат. Сосын көкпаршылардың арасына қойған  ақалақшы көп нәрсені бұзады, бұрмалайды. Байлап бара жатқанды, мәреге жетпей түсіп қалған немесе жеткізіп тастамаған шабандозбен дереу ат үстінде келісімге келе салуы көпшілікті қынжылтады.

Біздің оңтүстікте  ат шаптыратын елге белгілі оншақты азамат бар. Бұларда әрқайсысында үш-төрт аттан, оларға бағынатын бес-алты шабандоздардан бар. Осылар басы бірігіп тәртіпке келсе кәнекей. Мыңдаған жылдан бері жалғасып келе жатқан, ата-бабадан қалған ат спорты көкпарына қиянат жасамай тәртіпке келтірмесек  қазір жалғыз жарым адам ат бағудан қалып барады. Өйткені оны көкпарды мафияға айналдырғандар көзіне ілмей күн көрсетпейді. Жөнсіздік жалғаса берсе көкпар шапқызуға құмарлық пен қызықтауға деген құмарлық азаюда. Таза шабылған көкпардан ел сусындап, тамсанып, атқа, шабандоздарға деген қызығушылық, ризашылық әңгімелерін айтып тауыса алмай жүреді.

Ілгеріде Шәуілдірде екі ауылдың жігіттері салымға аталған тайлақты кешке дейін шауып сала алмай кешкісін бөліске саламыз деген ақсақалдардың ұсынысына көнбей келесі күні жалғастырған екен.  Тағы бір оқиға. 2008 жылы күзде Отырар ауданы Маяқұм аулында Қалқабай Байымбетов анасына ас беріп үлкен көкпар берді.

Көкпарды сол үйдің жиені Мүтәліп Нарымбетов басқарды. Атасына рахмет, бір адамды тырп еткізген жоқ.  Ауа райы да жақсы болды. Көкпар да өте қызықты өтті. Салым да ірі тігілді. Қызу дода, тартыс ат пен шабандоздардың  бір сын тезіне салғаны сөзсіз.  Уақыт жетпегендіктен біраз салым тігілмей ақы иесіне қайтарылды. Міне осылай басқарған жөн сияқты, кейде көп жерде басқарушылар өзара бөліске салып қалтаға ұрып жібереді.

Бір айта кететін мәселе көкпарда алдын-ала сыбаға беру, ағайын-ағайынның атын атау, шапан кигізіп, бата алу ол орынды іс деп  білемін. Бұрынғы өмірден өткен шабандоздармен, атбегілерді көкпар басталар алдында қысқаша еске алып, олардың өнері мен аттары туралы өткен тарихи аңыздарды қозғап қойғанға не жетсін.Бұл тәрбие болып, көкпардың мәдениетін көтереді. Пікір алысайық  ағайын!  

Серік Ибадуллаев

ХАКІМ МЕН ӘКІМ
Қайрат пен Сырымға не болды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу