Өзбекстандық шекарашылар қандасымызды өлтірді

Oinet.kz 10-03-2011 996

Screenshot_4.jpg

Кешегі күні редакцияға өзін Нұрболат Тасболатұлы деп таныстырған Шардара қаласының тұрғыны телефон арқылы хабарласып, 18 қаңтар күні Өзбекстанның Амангелді ауылында екі өзбек шекарашысы ұрып өлтірген  қандасымыз Рақымжан Жәметовтың қазасына байланысты өзінің көкейінде жүрген жанайқайын жеткізді. 

--Кезінде Қазақстанға қараған Амангелді ауылы Шардарадан 40 шақырым жерде жатыр. Бұрын екі арадағы халық Жетісай мен Шардараны жалғаған Арнасай арқылы өтетін жолмен қатынайтын. Өзбектер ол жолды жауып тастады. Амангелдіде қазір 28 отбасы қалған. Қандастарымыз өзбек сарбаздарынан әбден зәрезап болғаны соншалықты көшеге шығудан да қорқып қалған көрінеді. 

   Мен марқұм Рақымжан Жәметовты сырттай танушы едім. Осыдан бірнеше күн бұрын оқиға кезінде марқұмның  қасында болған серігін (Жайнар Байназаровты) кездестіріп қалдым. Оның айтуынша, кісі қанын мойындарына жүктеген екі өзбекстандық жауынгер мен мұның арасында сол күні бір келіспеушілік болған екен. Кешкісін бұл мектеп директоры Рақымжан Жәметовпен дүкенге кірген кезде әлгі шекарашылармен қайта жолығып қалады. Содан олар ауыздарына келген былапыт сөздерін айтып, екеуін аяусыз тепкінің астына алған. 

  --Ауруханада жатқан кезде Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің өкілдері келіп жолықты. Жәрдем береміз деген. Бірақ, ешқандай нақты көмек алғаным жоқ. Содан кейін түнделетіп шекарадан өттім. Сол қашқаннан келе жатқан бетім осы. Бала-шағам арғы жақта қалып кетті. Қайта баруға қорқамын. Өзбек тергеушілері алып кетіп, артынан өзімді кінәлі етіп шығаруы әбден мүмкін. Бұлардан бәрін күтуге болады. Тіпті, өлтіріп жіберуі де мүмкін,--деді ол маған. Жайнар Байназаров Өзбекстан азаматы, бірақ, оралман ретінде квотасын алып, бүгін-ертең елге көшуге даярланып отырған екен. Қазір өзі Шардара ауданында жүр.

Ал, марқұм Рақымжан Жәметовтың өліміне байланысты Өзбекстан құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады ма, жоқ па? Кісі өлтірген екі өзбекстандық  жауынгер сот алдында жауап береді ме? Әлде жауапкершіліктен жалтарып кетеді ме? Жайнар Байназаровтың ендігі тағдыры қалай болады? Бұл сұрақтардың жауабын мен ғана емес шекара бойында отырған бүкіл халық күтіп отыр,—деді ол.

  P.S. Амангелдідегі орта мектептің директоры қызметін атқарған марқұм Рақымжан Жәметов оралман ретінде Қазақстанға көшіп келудің қамымен жүрген екен. Тіпті отбасын Қазақстанға көшіріп те қойған. Марқұмның сүйегін туған-туысқандары Қазақстанға әкеліп жерледі. Артында аңырап төрт баласы мен жесірі қалды. Балаларының үшеуі студент, біреуі әлі мектеп жасында. Қара жамылған отбасы елден әлі баспана алып та үлгермепті. 

Шекара шебіне қоныстанған қазақ ауылдарына  қит етсе қару кезену,  соққыға жығу, оқ ату, кісі өлтіру сияқты келеңсіздіктермен әбден басынып алған өзбекстандық шекарашыларға әзірге тоқтам болмай тұр. Бірақ оққа ұшқан, ауыр соққыдан қаза тапқан қандастарымыздың, отандастарымыздың өліміне кінәлілердің жауапқа тартылған-тартылмағаны беймәлім. Марқұм Рақымжан Жәметовтың өліміне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзбекстандық әріптестеріне хат жолдап, оқиғаға байланысты түсінік беруді талап еткен. Алайда, өзбек билігі оған құлақ асқан жоқ. Мәселе осыменен жылы жабылып кете бере ме? 

Ара-тұра қайталанып отыратын шекара бойындағы шатақтарға мемлекеттің ғана емес тұтас ұлттың жайына алаңдайды деген Парламентте отырған ел ағалары, зиялы қауым өкілдері де үнсіз. Қашанға дейін? Жат жер, шет ел демесеңіз, ата-баба, құтты қонысында отырған Амангелді сияқты шекарада отырған қазақ ауылдарының амандығын, тыныштығын ойлайтын азаматтың табылмағаны ма? Сіз бұған не дейсіз? 

oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Шыңғыс ханның моласы табылды
Тағы да мектеп оқушысы оққа ұшты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу