Әрбір мықты азаматтың артында мықты әйел тұрады

Oinet.kz 02-01-2020 1726

Еркек.jpg

ХІХ ғасырдың 90-жылдарының аяғына таман Детройттағы Эдисонның электр компаниясында бір жас жігіт аптасына 11 доллар жалақы алып, жұмыс істеп жатты. Тәулігіне 10 сағат жұмыс істегеніне қарамастан, ол үйіне кеп, түннің бір уағына дейін құлағалы тұрған ескі сарайына кіріп алып, тағы да бір іспен шұғылданатын.

Оның бар арманы - іштей жанатын бензинді двигательдің жаңа түрін құрастыру еді. Су айдауға арналған сондай шағын моторды Чикагодағы көрмеден кездестіріп, "Неге осындай двигательмен жүретін көлік құрастырмасқа?!" деген ойға әбден бекіген-ді.

Жастай жетім қалып, ескі-құсқы темір-терсектен мотор құрастырмақ боп жүрген жалғыз ұлдың тірлігін фермер әке құптамады. Көршілері оны есі ауысқан жынды санады. Тек әйелі ғана оның қиялына қанат бітіріп, үнемі қолдаумен болды, сенумен болды. Оның әйелі түн жарымына шейін күйеуінің жанында керосин шам ұстап, суық сарайда шошайып тұратын. Қолы талып, аяғы ауырса да, суықтан тісі-тісіне тимей сақылдап, тоңса да.., ол күйеуіне тек сенумен болды.., қолшамын тастамай, оның ісіне жарық түсіруден әсте танбады...

Күндердің күнінде сарайдан сартылдаған мотордың үні естіліп, көшеге ат жегілмеген жүрдек арба секектеп шыға келді. Өздігінен жүретін отарбада "есі ауысқан жынды" мен оның әйелі отырды. Бір кездері әйелінен басқа ешкімге керек болмаған бұл өнертапқыштың есімі - Генри Форд еді.

Жылдар өтіп, аты әлемге әйгілі, өзі дүниедегі ең бай адамға айналған Фордтан бір журналист "Егер, өмірге қайта кеп, басқаша жолды таңдар болсаңыз, кім болуды қалар едіңіз?" деп сұрапты. Сонда Форд "Кім болсам, ол болайын.., тек, жанымда әйелім болса болғаны!.." деп жауап берген екен...

Қанат Ескендір

Бауыржан Момышұлы неден шошыды?
Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу