Созақ — Қазақ хандығының тірегі

Oinet.kz 05-09-2020 708

Созақ ауданы.jpg

Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның монғолдың ұлы ханы Мөңкеге кездесу үшін жасаған сапарымен байланысты аталады. Елшілік монғолдың астанасы Қарақорымнан қайтқан сапарында Хутухчин, Пергант, Сухул-хан, Уросо-хан, Кайкант, Хузақ, яғни Харчух тауы арқылы Сгнах пен Совран, Харчух, Асон, Отрар, Зернух арқылы Дизакқа жеткені жайлы жолжазбада көрсетілген. Ортағасыр археологиялының белгілі маманы К.М. Байпаков аталған қалалардың бірқатары басқа жазба деректерден аттары белгілі Сугулкент, Кумкент, Сузах, Карачук, Ясы, Сауран, Отырар, Зернук екендігіне күмән жоқтығын айтады.

Қаратаудың теріскей беткейінде шығыстан батысқа қарай тізбектеле орналасқан қалалардың ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығында ерекше гүлденуі сауда қатынасының осы бағыттағы тармағының жандануымен тікелей байланысты. Түрлі жазба деректердің мәліметтерін саралау сауда жолдары арқылы дипломатиялық елшіліктердің де өткендігін білдіреді. Алдын Плано Карпини (1246-1247 ж.), артынан Гильом де Рубрук (1253-1255 ж.) монғолдың ұлы ханына барғанда осы бағытпен жүріп өткен. Әсіресе Рубрук теріскей арқылы жүруі мүмкін.

Созақ қаласы осы аймақтағы басты қалалардың бірі болды. Қала көшпелі, жартылай көшпелі тіршілік кешкен малшылар мен ірі өзн-көлдердің жағалауларын мекендеген егіншілік пен сауданы басты кәсіп еткен отырықшы мәдениеттің түйісетін белдеуі саналған Қаратаудың солтүстік беткейіндегі жолақта орналасқан. Ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелерде малдарын сатып, азық-түлік, киім-кешек тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар алып қайту үшін далалық малшылар Созақтың базарына жиі келетін болған. Керісінше Қаратаудың арғы бетіндегі ірі оазитерді мекендеген егіншілер, қолөнері шеберлері мен зергерлер өз таурыларын мал өнімдеріне айырбастау үшін Созақтағы жәрменкеге келеді екен. Басым көпшілік жағдайда тауары алмастыру үшін нақты теңгенің қажеттілігі де болмаса керек. Көпшілік жағдайда сатушы мен алушы еркін айырбаспен сауда жасаған.

Қаланың монғол шапқыншылығы қарсаңындағы және одан кейінгі жай-күйі туралы жазба мәлімет жоқ. Тіпті, Шыңғысхан әскерлерінің осы өңірдегі қалай бағындырғаны да ешбір деректерде айтылмайды. Жалғыз дерек жоғарыда айтылған Гетум патшаның елшілігі жайлы тарихшы К. Гандаецидің жазбалары.

Қаланың сауда-экономикалық орталық ретінде нағыз көркеюі Қазақ хандығының құрылуымен тұспа-тұс келеді. Қазақстан археологиялық мектебін қалыптастырушы белгілі археолог К.А. Ақышовтың межелеуі бойынша Созақ орталасқан аймақ Қазақ хандығының ХV ғасырдағы иелігінің кіндік тұсында болған. Қаратаудың күнгейі мен Сыр бойында орналасқан ірі қалалық орталықтарға апаратын негізгі асулар (Суындықтың асуы, Ақсүмбедегі асу, т.б.) Созақтың тұсында.

ХV ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасыр аралығындағы жазба деректерде Созақ Дештіқыпшақт даласынан оңтүстіктегі Яссы, Отырар, Сауран, Сайрам қалаларына, батыста Арал маңындағы қалалардан шығыста Шу-Талас өңіріндегі қалаларға апаратын Қаратаудың теріскей беткейіндегі жолдың түйіскен жерінде орналасқан қала ретінде жиі айтылады. ХV ғасырда жаңа қалыптасқан Қазақ хандығының тірек қаласы Созақ болғандығында сөз жоқ. Сырдария мен Түркістанның ірі қалалары ХV – ХVІ ғасырларда Өзбек хандығы мен Қазақ хандығының қоластына жиі ауысып отырғанын жазба деректерден жақсы білеміз. ХV ғасырдың екінші жартысында Түркістан мен Сырдария қалалары үшін болған соғыстар отыз жылдан астам уақытқа созылып, қалалар екі жақа кезек алмасып отырды. Мысалы, 1470 жылы қыста Керей сұлтан Түркістанға шабуыл жасаса, Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын, ал оның інісі Еренжі Сауранды басып алады. Осылайша Қаратаудың теріскейіндегі Созақ пен күнгейдегі Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Алайда, екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйену арқылы Аркук бекінісі мен Сығанақ қаласын өзіне қаратты. Бірақ, Бұрындық пен Махмұд сұлтан басқарған қазақтың әскерлері Қаратауда Созақ пен Сығанақтың аралығын жалғастырған Суындық асуында Мұхаммед Шайбани әскерлерін талқандап, Сығанақ қаласын қайтарып алды да, Мұхаммед Шайбаниды Маңғыстауға қашуға мәжбүрледі. Осы оқиғалар туралы мәлімет Шайбани ханның жорықтары жайлы жазылған авторы белгісіз «Таварих-и гузида – Нусрат-наме» мен Камал ад-Дин Бинайдің «Шайбани-наме» атты еңбегінде жазылған. Осындай жағдай келесі ғасырдың соңына дейін жалғасты. Әсіресе Абдаллах хан мен Баба-сұлтанның арасында болған соғыста Созақтың аса маңызды рөль атқарғаны жайлы Хафиз Таныштың еңбектерінде айтылады. Аталған деректерде Абдаллах хан мен Баба-сұлтан Созақ қаласы үшін соғысқаны жайлы баяндалады. Созақ үшін болған соғыстардың қаланың сол кезде саяси-экономикалық маңызға ие болғандығын білдірсе керек.

ХVІ ғасырдың соңында Тәуекел ханның тұсында Сырдария мен Түркістаның қалалары толығымен Қазақ хандығының қоластына өтті. Қалалардың осыдан кейінгі тарихы хандықтың тарихымен тығыз байланысты өрбіді. Созақ қаласы да өзінің мемлекеттік орталық қала ретіндегі тіршілігін жалғастыра берді. Жоңғар тарапынан болған шапқыншылық соғыстар кезінде Созақ қазақ әскерлерінің күш жинаған ірі бекініс қаласына айналды. Қаланың жаудың жойқын күшіне қарсы тұру соғысында жауынгерлерді азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырды.

Созақтың үздіксіз тіршілігі жайлы мәліметтер орыс жазба дарактерінде жалғасын тапты. Абілмамбет ханның тұсында (1743-1745 жж.) Созақ Отырар, Түркістан, Сауран, Өгізтаумен бірге қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы орыс деректерінде айтылады.

ХІХ ғасырда Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының билігіне өткен кезде Созақ әскери бекініс қала ретінде тіршілігін жалғастырды.

Жалпы 2012 жылғы қазба жұмыстары барысында зерттеудің алдына қойылған мақсаттары жартылай нәтижесін берді. Уақыт пен қаржының көлеміне байланысты қазба толық аяқталмай қалды. Дегенмен, қаланың мерзімделуі, оның даму динамикасы, қалыптасу және гүлдену, құлдырау кезеңдеріне қатысты бірсыпыра маңызды мәліметтер алынды. Үлкен көлемдегі (сырлы және сырланбаған қыш ыдыстар, күнделікті тұрмыс бұйымдары, жекелеген моншақ көздері, диірмен тастар, мыс теңгелерден тұратын) археологиялық материалдар жиналды. Олар қазіргі кезде зерханалық өңдеуден өткізіліп, сараптама жұмыстары жасалуда.Кейінгі жылыдары қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты 2012 жылы басталған стратиграфия, фортификатсиялық қазба жалғастырылмады. Алғашқы жылы қойылған мақсат аяқсыз қалды. Сондықтан біз салған қазбаның астынғы құрылыс қабаттары қандай ғылыми мәліметтер беретіндігі қазірге құпия қалып отыр.

Ешек арба мен иномарка
Сұлтанбек Қожанов пен Салықбай бастаған ерлердің тәуелсіздік жолындағы ерлік істері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу