Әке өсиеті

Oinet.kz 04-10-2020 908

image.png

Ерте заманда табан ақы, маңдай терімен күн көріп, халқына адал қызмет еткен бір кісі қартайып, өлім аузында жатқан сәтінде артынан ерген жалғыз ұлын шақырып алып:

– Ұлым мен өмір бойы адал еңбек етіп, бар жиған-тергенімді сендердің ауыздарыңа тосқанымды білесің. Енді артымда қалған бар дүние -мүлкімді өзіңе аманаттап қалдырып барамын. Адал бол, дүниеңді орнымен жұмса, зекетіңді төлеп отыруды ұмытпа, мұқтаждарға жәрдемдес. Балам, менің жалғыз ғана аманатым бар, соны орындай алар ма екенсің? – дейді. Сонда ұлы:

– Уа, әке, бұл не дегеніңіз? Аманатыңызды мүлтіксіз орындаймын, маған сеніңіз, – деп уәде береді.

Сонда қария тұрып:

– Менің жас кезімнен бері жоқшылық көріп, көп бейнетпен дүние тапқандағы киген, тәнімнің бір бөлшегі болып кеткендей шұлығым бар еді. Соны өлсем бірге киіп кетейін деген оймен тастамай сақтап, жуып, жамап сандыққа салып қойғанмын, егер қолыңнан келсе маған өлгенен кейін сол шұлығымды кигізіп көрге бірге көмерсіңдер, - дейді.

Арада біраз уақыт өткенде қария көз жұмып, жаназасына көп адам жиналады. Бала әкесінің аманатын молдаға естіртеді. Алайда молда киіммен жерлеуге болмайтынын ескертіп көнбей қояды. Сөйтіп, екі жақ келісімге келе алмай жатқанда, бір қария ортаға шығып:

– Уа халайық, мен бұл кісінің өмірлік жолдасы болып едім. Маған да өлер шағынан бұрын бір хат тапсырып, менің жаназамды шығарар кезде дау туады, сонда мына хатты ашып оқып берерсің деп еді, - деп хатты оқи бастайды. Сөйтсе, хатта:

– Көрдің бе, балам, мен қанша жерден халықтың алдында қадірлі, бай, болсам да, өзіммен бірге тесік шұлықты да алып кете алмадым», – деп жазылған екен.

Жоқты бар, ашты тоқ eтетін кім?
Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу