Мегрель ұлысының лексикасындағы «казах» сөзі

Oinet.kz 12-01-2020 1092

мегрель ұлысы.png

Грузияның батыс қапталын мекен ететін мегрель (мингрель, маргал) деген ұлыстың лексикасында көнеден бері келе жатқан «казах» деген ләм бар. Ол «еркек» деген мағынаны береді. Егер осыған «субта» деген сын есімді қосса, ол «субта казах», яғни «нағыз (таза) еркек» болып шығады. Мұны мегрельдер біреуге аса риза болған кезде айтады.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басында мегрель жерінде «Казахиши газети» деген басылым жарық көріп тұрған. Бұл біздің тілге «Еркектер газеті» болып аударылады. Ол 1939 жылы мегрель мектептері жабылғанға дейін шығып тұрды.

Мегрельдер картвельдер (грузиндер) тілдер тобына жатқанымен, свандар сияқты олардан мүлде басқа этнос болып табылады. Олар картлилермен (грузиндермен) ауыз-екі тілде бір-бірлерін түсінісе бермейді. Мегрельдерге Түркияда тұратын мұсылман лаздар тілдік жағынан ең жақын туыс болып есептеледі. Жалпы, мегрельдер баяғы Хазар (Каспий) теңізінің солтүстігінде, қазіргі Атырау жерінде өмір сүрген хазарлардың ұрпағы деген ұғым бар. Сондығынан болар, олар иуда дінді еврейлерге де жақын саналады.

Ал «мегрельдер арасында елге танымал кімдер бар» дегенге келсек, біздің есімізге ең алдымен кешегі Сталин билеген кеңес кезеңіндегі көсемдердің бірі Лаврентий Берия түсер еді. Содан кейін тәуелсіз Грузияның бірінші президенті Звиад Гамсахурдияны ауызға алар едік. Әдебиет пен өнер қайраткерлері арасынан жазушылар Дмитрий Хоштария, Константин Гамсахурдия (Звиадтың əкесі), Булат Окуджава, журналист Мэлор Стуруа, режиссер Роберт Стуруа, кинорежиссер Георгий Данелия ойға оралады. Бұлардан бөлек, спорт жанкүйерлері Владимир Баркая, Борис Сичинава, Георгий Сичинава, Муртаз Хурцилава, Давид Гогия, Отар Габелия, Теймураз Эсебуа, Рамаз Шенгелия, Виталий Дараселия, Тамаз Костава, Гоча Чилая, Сосо Чедия, Григорий Цаава, Темури Кецбая секілді футболшылардың, Роман Руруа, Георгий Цурцумия тәрізді палуандардың, Нана Александрия есімді шахматшының есімдерін жақсы білуге тиіс. Мегрельдер – осылар.

Айдалада жатқан сол мегрельдердің «казах», «субта казах» деген кәлималары «еркек», «нағыз еркек» деген түсініктерге телініп отырғандарының өзі бізге мақтаныш сезімін ұялатуы керек. Жай ұялатып қана қоймай, соған лайықты болуымызға жетелеуі тиіс. Шынында бізге қайда да нағыз еркек екенімізді көрсететін уақыт жетті, білем...

Нұрхан  Хамзеұлы парақшасынан алынды

Пушкиннің шөбересі - Сергей Борисович Пушкин туралы ақпарат
Берияның «бақыты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу