Ұжданға байланысты хикметті аңыз

Oinet.kz 13-01-2020 829

Рухани түйсік.jpg

Ұжданға байланысты Қытай халқында мынадай хикметті аңыз бар. Ертеде Қытай елінде Ұждан періштесі сұлу қыз кейпіне еніп, түнде елді аралапты. Жұрт жұмыстан келіп, кешкі асын ішіп, енді ұйқыға жата бергенде есіктен кіріп келеді екен. Төсегіне жақын келіп:

– Ей, пенде, бері қара! – дейтін. Жұрт оны көргенде:

– Ей, қыз, саған не керек? – деп шошып кетеді. Ұждан ақырын ғана:

– Бүгін не бітірдің? Не істедің? – дейді.

– Ешнәрсе. Не істеппін? – деп ел-жұрт ақтала бастайтын. Ұждан:

– Әбден ойлан. Бүгін не істедің? Адамдық борышыңды адал атқардың

ба? – деп қадала түсетін. Сол кезде олар ойланып:

– А, сен менің ана бір ұятсыз тірлігімді айтасың ба? – дегенде, Ұждан

көзден ғайып болатын.

Ал адамның көңілі онан сайын басылып, тиышсыздана түседі. Түні бойы

ұйықтай алмай шығушы еді. Осылайша Ұждан қыз үй-үйді аралап, адамның ұят ісін есіне салатын. Соның кесірінен мыңдаған халық ұйықтай алмай, дертті болды. Оған қарсы амал жасай алмады.

Қытайдың ең бай адамы Син-Лу-Жи да бұл науқастан аман қалмады. Түн ұйқыға кетерде байды да Ұждан мазалайды.

– Ана қызметшіні не үшін жазаладың? – Ұрлық қылғаны үшін.

– Неге ұрлық қылды?

– Жейтін тамағы жоқтықтан.

– Тамағы неге жоқ?

– Оның бар астығын қарызы үшін мен алып қойдым...

Бай ойланып, мұңға батады. Артынша еріксіз күліп жіберді де: «Қызық-ау,

олар да қайбір жетісіп ұрлап жүр дейсің? Оларды ұрлыққа итермелеп, жазалап жүрген өзім болдым ба?» – деді. Сөйтіп байдың да ойы төрт бөлініп, ұйқысыздық дертіне ұшырады.

Қанша ойласа да, ем таба алмады. Амалы таусылған бай туысқандарын жиып, бар байлығын кедей-кепшікке тарататынын айтты. Мұны есіткен туыстары зар жылап: «Син-Лу-Жи ақылынан адасты» деген хабар бүкіл елге жайылды. Мұны естіген өзге байлар мен қазылар, сарай басшылары қатты састы. Себебі олар да тыныш ұйықтай алмайтын. Тіпті патшаның өзі де бұл бәледен құтыла алмады. Бір күні бәрі жиналып, ақылдасып, сырқаттан құтылудың амалын ойлайды. Патша «Кімде-кім дертінен құтқарса соған ат басындай алтын беремін» деп жарлық шашты.

Қытайда Ту-Ту-Син деген бақсы шал бар еді. Ол жарлықты естіген соң сарайға келіп;

– Тақсыр, саспаңыз. Мұның емін білемін, –деді. Патша:

– Қандай ем? – деді.

– Ұждан қызды үйге кіргізбеу керек.

– Оны қалай кіргізбейсің? Жетпіс құлып салсаң да өтіп кетеді. Биік

қамалдан, өткел бермес өзеннен де оңай секіріп өтеді.

– Иә, Ұжданнан қашып құтылмайсың. Бірақ оны кіргізбеудің бір жолы

бар. Бізге өзіміз жүріп тұратын заңдар жазу керек. Оны баптарға бөліп, кімнің не істейтінін, не істемейтінін қағазға қаттап бекіту керек. Сосын бүкіл елді сол заңдармен жүруге міндеттейміз, –деді. Патша:

– Ей, қария, сені ақылы мол дария дейді. Не айтып тұрсың? Заң жазуға біздің ақылымыз жетпейді деймісің. Заңмен қалайша оның жолын бөгейміз? – деді. Ту-Ту-Син:

– Алдымен заңды жазайық. Сосын жолын көрсетемін, – дейді.

Сол заматтан бастап уәзірлер, ұлықтар заңды жабыла жазуға кірісті. Қырық түрлі заң, жүз түрлі бап жазды. Адамның бесіктен көрге шейін не істеп, нені істемейтінін, тіпті, нені ойлап, нені ойламайтынына шейін тарқатты. Заңның басы-қасында басшылық етіп Ту-Ту-Син бақсы жүрді. Ол:

– Мұнан бөлек Ұжданның Ынсап деген сіңлісі бар. Әсіресе байларға маза бермейді. Оны да заңмен ұстайтындай етіп жазыңдар, – деп әмір етіп жүрді. Жеті күн дегенде заң жазылып бітті. Патша Ту-Ту-Син бақсыны шақырып:

– Ал, заң бітті. Енді Ұждан келсе қайтеміз? – деді. Ту-Ту-Син:

– Заңда көптеп көшіріп, әр қаланың қақ ортасына іліп қойыңдар. Білмеген жұрт келіп оқысын. Не істеу, не істемеу керектігін білсін. Ұжданның емес, заңның айтқанымен жүруді үйренсін. Алда-жалда Ұждан келіп, «бүгін не істедің?» десе, сөзін тыңдамай: «Кет, жоғал! Не қылсам да заңнан аттама- дым», – деп, көрпені бүркеніп ұйықтай берсін, – деді.

Патша бақсының дегенін істеп, заңды мың қайтара көшіртті. Қаланың көрнекі жеріне түгел ілгізді. Жұрт заңмен жүруді үйрене бастады. Бір күні Ұждан баяғы Син-Лу-Жи байға келіп:

– Әй, бай, есіңде ме? «Малымды кедей-кепшікке таратамын» деп уәде қылып едің. Неге орындамайсың? Қанша уақыт өткенін білесің бе? – деп арын түрте бастады. Бай бұл жолы сасқан жоқ.

Кедейді жарылқайтын мен емес. Заңның он алтыншы бабы сексен екінші тармағында жүз бесінші бөлімінде не жазылғанын білемісің? Онда бүй деген. «Мал атадан балаға қалады. Онда қатын-бала, мирасқорлардың үлесі бар. Малды садақа етіп, кедейлерге үлестірсем, онда мирасқорға қиянат қыламын. Заңды бұзамын. Әрі заңның жүз алтыншы бөлімін тыңда: «Малын заң бойынша ұстамай ысырап қылған адамды тұтқынға алу керек», – делінген. Кет, қызым! Мұнан былай келме! Не істесем де заңмен жүремін. Заңнан аттаған жерім жоқ, – деп бай көрпесін бүркеніп, жатып қалды. Қызығы бұрынғыдай ұзақ дөңбекшімей бірден қор ете қалды. Ұждан қай үйге барса да жұрт: «Заңсыз ешнәрсе қылғаным жоқ. Бүкіл ісім ережеге сай. Басымды қатырмай жылдам кет!» – деп, көрпесін бүркеніп қорылдайтын болды. Осылайша Қытай өлкесінде ұйқысыздық ауруы сейіле бастады.

Ұжданның сөзі ешкімге өтпеді. Ол енді Ту-Ту-Син бақсыға барды. Оны қалың ұйқыдан оятып:

– Әй, бақсы! Бері қара. Неге заң жазып бердің? – деді. Бақсы қызды көріп қатты ашуға басты:

– Мұның не? Есік қақпай рұқсатсыз неге кіресің? Ей, әдепсіз! Білесің бе, заңның бірінші бабы үш жүз қырқыншы тармағында не жазылған? «...Түнде біреудің үйіне рұқсатсыз кірген адам ұры есептелініп, тұтқынға алынады», – деді.

– Ей, бақсы! Мен ұры емеспін. Атым –Ұждан!

– Ұждан-мұжданыңды білмеймін, әлдекімсің? Бірақ түнде жалғыз қыдырған ұрғашы заң бойынша ойнасшы есептеледі.

– Астапыралда! Ей, бақсы! Не дейсің?

– Не десем де, теріс жолда жүргенің анық. Рұқсатсыз үйіме кірдің,–деп қоңырауды қағып еді, күзетшілер кіріп келді. Ту-Ту-Син:

– Мына қыздың қол-аяғын кісендеп, зынданның түбіне тастаңдар! – деді. Күзетшілер қызды зынданға тастады.

Осыдан бастап Қытай өлкесі Ұжданнан бір жола құтылып, тыныш ұйықтайтын болыпты. Бірақ Ұжданның аты ел жадынан өшпей қалғандықтан, кейбір адамдар зорлықшының ісіне шыдай алмай:

– Мынауың қиянат. Сенде ұждан жоқ екен, – дейтін. Ал қиянат жасаушы:

– Ұждан сенде жоқ, бізде көп! Қол-аяғы байлаулы, абақтыда толып жатыр, – дейтін.

«Логотерапия» немесе «Өмірге құштарлық» кітабынан үзінді

Қандай жерде сәлем беруге және сәлем алуға болмайды?
Мұхтар Әуезовтың естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу