Көркем сөздің құдіреті

Oinet.kz 22-02-2021 405

Screenshot_19.jpgКөркем сөздің құдіреті

АЛАГЕУІМ

1) Таң жарығы әлсіз, күңгірт шақ, елең - алаң мезгіл;

2) Күңгірт, көмескі.

Мысалдар:

1. Болып қатты алагеуім.

Салды қораз таң қиқуға;

Жатыр ұйықтап үйде Онегин.

(І. Жансүгіров, Евгений Онегин /Пушкиннен аударма/)

2. Оған қазір де бір ғана сәтке, мына алагеуім, майда мұнарлы бөлмеде дәл алдында тұрған Сәлима сол Наташа сияқты болып көрінді.

(Ш. Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап)

3. Темір пешке жатарда ғана толтырып отын салып қойған, маздап, шоқ атып жанады. Үй іші алагеуім.

(О. Бөкей, Біздің жақта қыс ұзақ)

4. Жалт етіп көрінді де, қош айтысты,

Ауылды алагеуім қоршай түсті.

(Ғ. Қайырбеков, Мариям Хакімжанова)

5. Алайда толған айдың кешінде дала жап - жарық. Терезеден алагеуім сәуле түсіп тұр. Ұйқы келер емес.

(Қ. Жұмаділов, Толған айдың түні)

ЖАҢБЫР

Жалпы атауы жауын болғанмен де, жаңбырдың да жауу дәрежесіне қарай бірнеше атауы бар.

Мысалы:

Бірқалыпты толассыз ұзақ жауған жауынды ақ жаңбыр десе, баяу сілбіреп жауған жауынды боз жаңбыр деген.

Су тамшылары мұз түйіршіктеніп түссе, ол – бұршақ болады дағы, жаңбыр тамшылары жерге мұз болып түссе, мұздақ болғаны.

Атмосфералық ылғал бүркіп тұрса, былғары бүрку атанған.

Күзде жауатын қалың жаңбырды қара жаңбыр деген.

Қар араласып жауатын жаңбырды да қарлы жаңбыр.

Будақтата төгіп, тез басылатын жаңбырды нөсер деген.

Ала бұлттанып, тез жауып өтсе де, ол өткінші жаңбыр болғаны.

Күн шығып тұрғанда жауған жауынды соқыр жауын дейді.

Жел болмастан - ақ жауған жаңбыр – сылбыр жаңбыр.

Сіркіреме жауын – өте ұсақ тамшымен түсетін майда жауын.

Сіркіреп жауар жауыннан мол, нөсер жауыннан саябыр жауатын жауын – сірлету.

Жайлап бүркіп, баяу жауар жауын – себездеу, себізгілеу.

Жайлаған ұзақ жауын – сілбелеу.

Қатты жауса – селебе деген.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Аруана
М.Әуезов. «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің сюжеті,кейіпкерлер галереясы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу