Зипа сөзінің мағынасы

Oinet.kz 22-02-2021 769

Screenshot_22.jpg

Көркем сөздің құдіреті

ЗИПА

Көрікті, сымбатты, сұлу, бәденді, шырайлы.

Зипа бой – сұлу, бипаз мүсінді дене.

Мысалдар:

1. Зипа теректің басы иіліп - иіліп, жапырағы жамырап, жабыла жылап қалған.

(Ш. Мұртаза, Қызыл жебе: 3 кітап)

2. Әсем асқар Алатаудың шыңындай,

Сұлу сындар зипа бойың есімде.

(С. Бегалин, Сол бір шақтар есімде)

3. Тәңір тәнті қылған зипа сымбатың

Ақылыңа ісін қылсын жалшының.

(Х. Ерғали, Сонеттер)

4. Меруерт біресе қуанышы зипа бойына сыймай, дауысы қоңыраудай сылдырлап күледі, біресе опық жеген жандай кенет томсыра қалады.

(І. Есенберлин, Көлеңкеңмен қорғай жүр)

5. Бірінші сұлулықтан мінез ойға,

Жат өсек жанастырмай зипа бойға.

(Ә. Найманбайұлы өлеңдерінен)

6. Кірпияз қыран балдырлы, батпақты жердегі үйрекке түсіп, зипа бойын кірлеткісі келмейтін болар.

(Қ. Жұмаділов, Құзғынның өлімі)

БОРАН

Боран көбінде жауын, қар жауар алдында соғады. Боранның да түрі көп.

Олар:

Ала қаншық – бәсеңси, қайта ұйытқып соғатын боран.

Ала құйын – астан - кестең ұйытқыған боран.

Боранды жел – бұрқырай, ысқыра, ұйытқып соғады.

Борасын – қиыршықтап борайтын сырғыма боран.

Бұршақты боран – бұршақ аралас бүлдіргіш, ысқырықты жел.

Бұрқасын – қарды суырып, ұйытқыта соғар бұрқақ.

Сырма – сусымалы бұрқақ боран.

Жаяу боран – үрпек қарды үретін еспе боран.

Жаяу борасын – жаяу бораннан ақынырақ соғады.

Жаяу бұрқасын – бәсең боран.

Тас боран – тас пен топырақты суырып соғатын қаһарлы жел.

Түтек – алай - түлей ызғарлы боран.

Көк дауыл – аязды қарлы боран. Ақ жорға, ақ дауыл да дейді. Күшті соқса – қарлы боран, ал баяу қарды үрлей соқса, ақ жорға атаған.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Төменгі саты
Боркемік дегеніміз не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу