Маньяктар. Қылмыскерден кейіпкерге дейін

Oinet.kz 22-04-2022 1600

Криминал  жанрдағы туындылармен АҚШ көрермендерін бүгінде таңқалдыра алмайсыз. Себебі америкалық режиссерлар бұл тақырыптың әлдеқашан сүйегін мүжіп, майын ішіп тастаған. Голливудтық кинолар қазір керісінше қанішер, зорлық көрсетушінің әрекетін ашық көрсетпей, оның образын жасыруға, тиісінше қылмыскерден  зардап шегушілерге қоғамның назарын көбірек аудартуға тырысуда. 

Screenshot_16.jpg

Маньяктар дәл қазір  Ресейлік фильмдердің басты кейіпкеріне айналып отыр. Қандықол қылымыскерлердің өміріне құралған кинолар көрші елде сәнге айналып барады. 

-Режиссерлардың антибатырларға «құмартуының» бірнеше себебі бар,- дейді орыстың киносыншысы  Егор Москвитин. Оның айтуынша зорлық-зомбылық бейнеленген криминалдық туындылар арқылы қоғамдағы өте өзекті, оның ішінде қылмыскерді сол қылмысқа итермелеген жағдаяттарды, оның психикасына кері әсер еткен оқиғаларды көрсетуге болады дейді. Екінші себебі болған оқиға ізімен түсірілген, журналистік зерттеу жүргізілген киноларға телеарналардың сұранысы жоғары екен.  

Мұндай тізімдегі ресейлік фильмдерге  «Ангарский маньяк» атанған  Михаил Попков туралы  «Жақсы адам», «Шалғы», «Ростовтың қасапшысы» лақап атымен белгілі болған Андрей Чикатило жайлы «Чикатило», қанішер таксист  Дмитрий Лебедьдің қылмыстық жолы баяндалған «Қатты жер» (Мерзлая земля) т.б кинокартиналарын жатқызуға болады.

Каннибал, маньяктар – қазақстандық режиссерлардың да нысанасына іліге бастағандай. «5:32» вебсериалы соның бастамасы. Экранға жол тартқанына көп бола қоймаған «5:32» вебсериалы қазақ көрермендері үшін ғана емес отандық кинематография саласы үшін де үлкен жаңалық болды деп айтуға болады. Аталмыш сериал «режиссерлар неге комедия түсіре береді?»,  «қазақстандық фильмдердің көбісі бір сарынды, жалықтырып жібереді» деген көрермендер тарапынан жиі айтылатын сынның мысын басқандай болды.  

Тоқсаныншы жылдардың таршылық, жоқшылығын үлкендер әлі күнге дейін аңыз қылып айтып келеді. Әсіресе, сол кездің қылмыстық хроникасынан жан түршігеді. Жас режисер Әлішер Утев 90 жылдардың атышулы қылмыстардың  бір парасын  осы туындыға арқау етті. 21 жастан асқан көрерменге арналған кинокартинада қылмыстың жасалу сәті,  судай аққан қан, бөлшектенген адам денелері, зорлық-зомбылық ашық көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда сериалды көрермен ауыр қабылдайды. Мұндай ауыр әрі қиын тақырыпты таңдауының себебін режиссер былай түсіндірді:   «Сериалды түсіретін кезде көбісі  «тақырыбы ауыр», «түсіру қиын, адамдар қарамайды» деп айтты. Бірақ, мен ешкімді тыңдамаймын, бағытым бөлек. Өзіме не ұнайды, түйсігім қалай ойлайды, соны түсіремін» деді.

Фильм көрерменге жол тартысымен-ақ рейтингі топ-10-нан түспей тұрды. Десе де сериал қоғамда екіұшты пікір туғызғанын айта кетейік. 

Жақында жанры бөлек тағы бір туынды еліміздің кинотеатрларынан көрсетіле бастады.  «Үш» деп аталатын фильм тұтас Кеңес үкіметін үрей құшағында ұстаған адам жегіш Николай Жұмағалиев туралы. 80-шы жылдары қанішердің жаға ұстатар қылмыстары мен оның ізіне түскен тәртіп сақшылары баяндалған туындының режиссері Руслан Пак. 

«Мен бала күнімде фильмдегі басты кейіпкер маньяк Жұмағалиев туралы жиі естідім. Жақында мен осы қылмыскерді ұстау операциясын басқарған адамды кездестірдім. Мен одан көптеген жаға ұстарлық мәліметтерді естіп, білдім. Бұл кинематографиялық оқиға екенін түсіндім», - дейді режиссер.

Фильмде елімізге танымал актер Асқар Ілясов, Жандос Айбасов, Ержан Түсіпов, Нұржан Садыбеков және актриса Самал Еслямова мен ресейлік актер Игорь Савочкин бой көрсеткен. 

Фильм осыдан үш жыл бұрын Алматыда түсіріліп, бір жылдан кейін Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлықпен марапатталды. Қазақстандағы премьерадан кейін «Үш» триллері  Кореяда кең прокатқа шығады.

  Айтпағымыз каннибал, қаныпезерлердің өмірбаяны немесе жоғарыда аталған фильмдерді тәптіштеп талдау емес. Жеткізгіміз келгені отандық режиссерларды  маньяк тақырыбының қызықтыра бастағаны. Киногерлер мұнымен бізге адам өлтіру үлкен қылмыс, бұл – адамгершіліктен аттау, қылмыстың өтеуі бар дегенді жеткізгісі келетіні анық. Бірақ барлығы солай қабылдай алады ма? 

Мамандардың зерттеуінше қаныпезерлерді қоғам ашық көрсетіп, олар туралы неғұрлым көп айтылса олар қандықол адамжалмағыш кейпінен айырылып, бірте-бірте қоғамда үрей туғызбайды деп есептейді. Тіпті, кейде керісінше адам өлтіріп қана қоймай, оның етін жеп және осыдан ләззат алатын қылмыскерлер пір тұтатын батырға айналып кетуі ғажап емес дейді. Өкінішке қарай, мұндай сұмдық жағдайға мысалдар да жеткілікті. Қазан қаласында бейбіт күнде мектепке баса көктеп кіріп, мылтықпен оқушылар мен ұстаздарды қырып салған Ильназ Галявиев  осы қылмысынан кейін интернеттің «жұлдызына» айналды.  Жазықсыз жандардың қанын төккен Ильназдың атынан әлеуметтік желіде қаншама парақша ашылды. Сол парақшалардың бірінде «Мен оның істегенін ақтамаймын. Бұл сұмдық  болды. Бірақ аккаунт оның бейнесіне арналады. Себебі ол сымбатты» деп жазылған. «Скопиндік маньяк» атанған Виктор Мохов болса Ксения Собчактың ток-шоуында «құрметті» қонақ ретінде шақыртылып, миллиондаған көрерменнің алдында   сұхбат берді. Ал небәрі 11 жасында кісі өлтіруші атанған  жапондық оқушы Нацумидің оқиғасы тіптен жантүршігерлік. Үздік оқушы өз елінде танымал болған. Өйткені ол  жапандағы аралда бірін-бірі өлтіретін «Королевская битва»  атты фильмге түскен. Құрбысы әрі сыныптасы Сатомимен келіспей қалған ол бос қалған сыныптың ішінде кеңсе пышағымен қыздың тамағын орып жібереді. Кейіннен қолдарын тілгілеп тастайды. Үсті-басы қанжоса болған кішкентай қылмыскер беті бүлк етпестен сабағына қайта кіріп келген. Бұл 2004 жылы болған оқиға. Жеткіншек қыздың мұндай ауыр қылмысқа баруын мамандар криминалды фильмге түсуі деген болжам жасаған. Ең сорақысы сол күншығыс елін дүр сілкіндірген «кішкентай жауыз» ел ішінде  Nevada-Tan атанып, комикстердің сүйікті кейіпкеріне айналған. Тізе берсеңіз мұндай мысалдар жетіп артылады. 

Қазақстанның киноиндустриясы дамып келе жатқан саланың бірі. Киномамандардың детектив, криминал жанрына бет бұра бастауы әрине, қуантарлық жағдай. Алайда адам жегіш кино түсіруге лайықты «тұлға» ма?   

AMANAT: Жайылым жер тапшылығы шешілу үстінде
Шәкен Айманов әйгілі актерден жіберген есесін қалай қайтарған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу