Мәһрге аспандағы айды сұрама...

Oinet.kz 29-03-2024 1547

Кезінде ата-аналарымыз мәһрсіз-ақ отау құрып, үбірлі-шүбірлі болып, бақытты ғұмыр кешіп еді.  Құдай біледі аналарымыз сол заманда  мәһр сұрауды да білмеді-ау. Ал қазіргі жастар, білмеймін, барлығын іштен біліп туыла ма, әйтеуір, мәһрдің «көкесін» сұрап жатыр ғой.  

Screenshot_16.jpg

Рас, мәһір ол асыл дінімізде бар нәрсе. «Ниса» сүресінің 4 аятында «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһрдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер», – делінген. Ерте заманда ата-бабаларымыз шариғат заңдылығын қатаң ұстанды. Себебі бүгінгідей шегелеп берген Конституция, «Неке және отбасы туралы» заңдар болған жоқ. Оның үстіне мәһр берудің мәні ол әйел жесір қалған жағдайда өзін және балаларын асырауға, күн көру үшін күйеуінің артынан қалдыратын мүлігі. Ал қазіргі зайырлы қоғамда ері өмірден өтсе оның артында қалған мұрасы онсыз да заң жүзінде әйеліне, бала-шағасына қалады. Ажырасқан жағдайда да сот мүлікті екі жақтың жағдайына қарай бөліп береді. Сондықтан қазіргі қоғамда мәһр сұрау ол артық дүние деп білемін.  Мәһрге әшекей бұйым, алтын сұрату жарасады. Ал енді бүгінгінің  келіндері әкесінде болмаған қымбат көлік, түсінеде де кірмеген пәтер, он жыл  «есектің артын жусаңда» ақшаң жетпейтін бренд сөмке тағысын тағылар сұрап жатады. Ол ашкөздікке, көргенсіздікке жатады.  

Мешіттерде неке қию барысында мәһрге нақты шек қойылмағандықтан, көпшілік ортада түсініспеушілік орын алуда. Көбіне қыздардың ата-аналары немесе өздері мөлшерден артық талап қоятыны бар. Мәһр беру мәселесінде ер азаматтың өзі немесе ата-анасы емес, қалыңдық жақ талап қойып жүр. Бұл ретте ер азаматтың материалдық деңгейіне қарап, отбасының әлеуметтік деңгейін байқап қана мәһр мәселесін ойланған абзал болмақ. «Үйленіп қызығын көрген әйелдеріңе міндетті мәһрлеріңді беріңдер. Мәһрдің мөлшерін белгілеген соң, өзара келісіп, оның мөлшерін азайтып немесе көбейте түсу сендер үшін күнә емес...», – деген аятта өзара келісіп шешу мәселесі айтылған. 

Мәһр күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмаса болды  емес пе? Мәселен мәһрге қымбат көлік сұратып оны күйеуі әпере алмаса ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс шыға бастайды. Ер жігіт  отбасылы болған соң жағдайы түзеліп, тұрмысы жоғарылап жатса әйеліне онсыз да керектінің барлығын әпереді емес пе?! Неке қиған кезде мәһр сұрау Алланың бұйрығы. Дегенмен солай екен деп қаракөз қарындастарымыз аспандағы айды сұрамай, ердің берген мәһріне риза болып, азда болса берекесін тілеп, қанағат етуде үлкен ырыс болары хақ! Себебі отбасының берекесі, бақыттың кілті мәһрдің мөлшерінде емес, ерлі-зайыптылардың сыйластығында. 

Зәуре Төрехан, балалар жазушысы: «Әжемнің сандық ақтаратынын сағына еске аламын»
Асқар Кенехан, «Түркістан Конгресс Холл» кешенінің басшысы: «Әнімді Өзбекстанда орындап жүр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу