Асқар Кенехан, «Түркістан Конгресс Холл» кешенінің басшысы: «Әнімді Өзбекстанда орындап жүр»

Oinet.kz 05-04-2024 2872

Мен өзімді кәсіби композитор санамаймын. Кейде ойға түрлі ноталар оралып, шабыт келіп қалған кезде ән туады. Сондай әннің бірі «Асыл жарымның» тарихын баяндап берейін.

Screenshot_23.jpg

2012 жылдың 11 қаңтарында  үш қыздан кейін өмірге шекесі торсықтай қамшыұстар ұлым дүниеге келді. Қуанышты хабарды жақын туыс, достарыммен бөлісіп, басымызды бір дастархан басында қостым. Бәрі мені құттықтап, ақ тілектерін жаудырып жатыр. Әңгіме арасында  ұлымның есімін Асанбай Асқаровтың құрметіне Асанбай деп қоятынымды айттым. Сонда бір кісі «Бүгін кімнің туған күні екенін білесің бе? Бүгін Дінмұхаммед Қонаев атамыз 100 жасқа толған күн. Неге осындай тарихи күнді пайдаланбасқа?! Сөз жоқ, Асанбай Асқаров елге еңбегі сіңген, құрметті азамат. Бірақ Қонаев атамыздың дүниеге келген күнінде ұлың туылды. Соның құрметіне Дінмұхаммед деп қойсаң қайтеді?» деп адамды кәдімгідей ойландырып қойды. Әрине Қонаевтай азамат болса керемет қой! Бірақ екі бірдей туысымның ұлдарының есімдері де Дінмұхаммед еді. Енді мен де осы есімді ұлыма қойғаным қалай болар екен деп біраз ойландым.  Сонымен не керек, әкемнің інісіне хабарластым. «Сіздің ұлыңыздың есімін мен де ұлыма қойсам деп едім. Қалай қарайсыз?» деп едім: «Менікі басқа Дінмұхаммед, сенікі Дінмұхаммед Асқарұлы. Сондықтан ойланбай қоя бер. Бастысы мықты азамат болсын» деп батасын берді. Бажама да хабарласып оң пікірін алдым да осы есімді қойдық. 

Бір күні ойыма қайта-қайта ән келе берді.  Шабытымды шыңдап, ойымды жинақтап бір ән туды. Оны Құдай қосқан қосағыма, балаларымның анасына арнап «Асыл жарым» деп атадым. Еркебұлан Кенехан  деген інім бар. Бүгінгі таңда аты көпшілікке мәлім ақындардың бірі. Қайрат Нұртастың орындап жүрген  әндерінің бірқатарының авторы. Туындының алғашқы нұсқасын осы Еркебұланға көрсеттім. Ол әні мен сөзінің біраз жерлерін түзетті. Әнді Нәдіршах деген музыканттың студиясына жаздырттық. Ән дайын болған кезде Нәдіршахтың өзі келе алмайтын болып, мықты әншілердің бірі Бақтыбайдан беріп жіберіпті. Әннің тұсауы үшінші қызымның тілашар тойында кесілді. Ән әйеліме үлкен  сыйлық болды. Сөйтіп  Бақтыбай әннің алғашқы орындаушысы атанды.   Қазір «Нұраш» тобы  шырқап жүр. Арасында Бақтыбай да, Нәдіршах та орындайды. 

Бірде жақындарымның тойына бардық. Тамада Өзбекстаннан келген әншілер деп хабарлап, ортаға қонақтарды шығарды.  Сахнада әлгі көршілес өнерпаздар «Асыл ярим» деп менің әнімді шырқап тұр. Естігенде таңқалдым. Сөйтсем Нәдіршах бұл әнді өзбек әншілеріне де таратып жіберіпті. Содан Нәдіршахқа «Бұл қалай?» деп мән-жайды білу үшін хабарластым. «Асеке, онда тұрған не бар. Танылып жатқан сіздің әніңіз емес пе?! Қажет болса қырғыздарға да берейік. Олар да әнді, авторды таныта берсін. Сіз гонорар сұрайтын адамға ұқсамайсыз ғой» дейді. «Ойбай ондай болса мейлі айта берсін. Бере бер. Маған десең Америкаға да бер» деп әзілдеп қоя салдық. Не керек, сөйтіп бұл екі елдің ортақ әніне айналды. Қазіргі таңда Өзбекстанда біраз  әншілер «Асыл жарымды» өзбек тілінде айтып жүр. Бастысы әннің әуені өзгермеген. 

Мәһрге аспандағы айды сұрама...
Сұлу әйелді кездесуге шақырған сараң еркек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу