Жасыл әлемнің жауһары – Сайрам-Өгем

Төлеби ауданының туристік тартымдылығын арттырып тұрған басты құндылықтардың бірі – «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қайталанбас табиғаты. Батыс Тянь-Шань сілемдерінде орналасқан бұл ерекше қорғалатын аумақ сирек кездесетін өсімдіктер дүниесімен ғана емес, бай биоалуантүрлілігімен де ерекшеленеді. Сондықтан парк бүгінде экологиялық туризмді дамытуға қолайлы өңірлердің біріне айналып отыр.
Ғалымдардың зерттеуінше, ұлттық парк аумағында Қазақстанда ғана емес, әлемде сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Зерттеуші В.Павловтың деректеріне сәйкес, Батыс Тянь-Шаньның ағаш-бұталы флорасы 334 түрді құрайды. Оның ішінде понтий доланасы, Сиверс алмасы, грек жаңғағы, Кавказ таудағаны, Зеравшан аршасы, парсы шетені сияқты бағалы әрі сирек кездесетін өсімдіктер бар. Олардың бірқатары Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Ұлттық парктің негізгі табиғи аймақтарының бірі – Өгем жотасы. Осы жотада өңірдің ең биік нүктесі – 4238 метрлік Сайрам шыңы орналасқан. Мұнда мұздықтар, альпілік шалғындар, арша ормандары, тау өзендері мен жеміс ағаштары табиғаттың қайталанбас үйлесімін қалыптастырған. Жабайы алма, долана, тау шиесі, таңқурай, жаңғақ, алмұрт және басқа да көптеген жеміс ағаштары мен бұталары өңірдің табиғи байлығын толықтыра түседі.

Төлеби ауданының табиғи ерекшелігі экологиялық туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Тау жорықтары, ғылыми-танымдық экскурсиялар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін тамашалау бағыттары бүгінде туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Сондықтан Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі табиғи байлықты сақтау ғана емес, оны ұтымды пайдалану арқылы ауданның туристік әлеуетін одан әрі дамыту маңызды міндеттердің бірі саналады.


