Реферат: 1837–1847 жылдары Кенесары хан басқарған ұлт-азаттық қозғалыс

Oinet.kz 08-09-2020 801

Ресей империясының үстемдігіне қарсы жүргізілген ұлт-азаттық қозғалыстардың кезеңдері


Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты — езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі — қазақ. Сондай сұмдықтардың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мəжбүр болды.


Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар-ожданымыз табанға тапталды. Алқакөл-сұламаға ұшырадық. Кең пейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тəркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз əжуаға, күлкіге, мазаққа тап болды. Тарихымыз саясаттың құралына айналды. Сана, дəстүр күйреді. Халық жадынан айрылды. Шыбын жаны шырқырады. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Қазақтың: «Қаратаудың басынан көш келеді», деп зарлағаны; Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім», деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай, қала сала алмай, көшіп-қонған жұртын орнықтырып ел ете алмай Абылайдың пұшайман болғаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; «Еділді келіп алғаны — етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны — жағаға қолды салғаны», «Əдіра қалғыр Үш Қиян», деп Мұрат ақынның күйзелгені; «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын», — деп Абайдың қабырғасы қайысатыны осы тұс еді.


XVIII–XIX ғасырларда Ресей империясының үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар күшейді. Отаршылыққа қарсы Сырым Датұлы (1782–1797), Тіленші Жоламанов (1822–1824), Исатай- Махамбет (1836–1837) бастаған жəне т.б. соғыстар болып өтті. Бұл соғыстардың əрбірі қазақтың бүгінгі мемлекеттілігі мен ұлттық болмысының қайтадан тарих сахнасына шығуы үшін берілген қасиетті қантөгіс болатын.


Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың барлығын академик Манаш Қозыбаев төмендегідей кезеңдерге бөлгені белгілі [1]:


I-кезең. Сібір жұртын жаулап алуға қарсы қазақ халқының құрамына кірген тайпалардың азаттық қозғалысы.

IІ-кезең. Қазақ елінің оңтүстігі — Жетісу, Сыр бойы — жоңғарларға, Қоқан, Хиуа хандықтарына тəуелді болды.

ІІІ-кезең. Əбілқайыр ханның Кіші жүздің бір бөлігімен Ресей қоластына өтуінен басталады.

IV-кезең. Қазақ даласы таланып, патша өкіметі мен оның қарулы күші — казактар жасағы хан, сұлтандармен бірігіп, зорлық-зомбылық мемлекеттік дəрежеде өрбіген кезде ұлт-азаттық қозғалыс өрши түсті.

V-кезең. Хан Кене бастаған ұлт-азаттық қозғалыс лаулады; оның даңқы Еуропаға жетті.

VI-кезең. XX ғ. басында ұлт-азаттық қозғалысты Еуропалық бағытпен дамытпақ болған реформатор зиялы қауым бастады.

VII-кезең. Ұлт-азаттық қозғалыстар мен 1917 ж. Ақпан революциясы жəне Қазан төңкерісі азаматтық қарама-қарсылық кезінде дамыды да, үлкен көтеріліске ұласты.

Сөз жоқ, қазақ тарихында Кенесары Қасымұлы басқарған көтерілістің үлкен мəні бар. Ол халқымыздың азаттығы мен тəуелсіздігі үшін метрополияға, жалпы, империяға ашық қарсы шыққан ең ұзақ күресі болып есептеледі.


Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа қарсы жүргізген күресі


Патша үкіметінің 1822–1824 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қазақ ұлтының дəстүрлі басқару жəне құқық жүйесін жойып, орнына округтік жəне шекаралық ресейлік басқару мекемелерін ашты. Ресей билеушілері қазақ жерінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, т.б. жерлеріне өз əскери бекіністерін сала бастады. Қазақ халқының қарулы қарсылығына бір ғана əкімшілік басқару жүйесіндегі отаршыл үкімет жасаған өзгерістер себеп болып қана қойған жоқ, оған Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, алым-салықтың өсуі де қатты қозғау салды.


1822 жылдан бастап, Көкшетау өңірінде беделімен белгілі, Абылай ханның ең кіші ұлы Қасым сұлтан өзінің балаларымен Ресейге қарсы күрес жүргізді. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Галдан Сереннің қызынан дүниеге келген Қасым сұлтанның бəйбішесі Айкүмістен Кенесары  (алты ағайынды — Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші əйелінен Наурызбай туған [2]. Қасым сұлтан округтік тірек пунктер құру туралы патша үкіметінің шешіміне қарсы шықты. Ол 1825 жылы 14 маусымда Орынбор генерал-губернаторына, тағы басқаларға хат жазды. Округтік тірек пунктерді жоюды талап етті. 1826 жылы 18 сəуірдегі хатында Қасым сұлтан жазалаушы отрядтың бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, халыққа көп зардап шектіргенін айыптап жазды.


Ресей империясының саясатына қарсы алғашында Абылай хан ұрпақтары Ғұбайдолла сұлтан, кейін Қасым төренің ұлы Саржан сұлтан көтеріліске шықты. Саржан сұлтанның жасақтарының арасында жас сұлтан Кенесары да болды. Ол сол кезде-ақ бостандық туралы ойларымен көзге түсті.


Өкінішке орай, Қасым сұлтан мен оның балаларының (Саржан, Есенгелді, Кенесары) Ресейге қарсы күресінде одақтас болған Қоқан хандығы сатқындық жасады. 1836 жылы Қоқан билеушісінің нұсқауы бойынша Саржан өлтіріледі.


1840 жылы Қасым да, Есенгелді де азаттық үшін күрес жолында Ташкент билеушілерінің қолынан қаза табады. Алайда Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа  қарсы бытыраңқы сипатта жүргізген күресі тоқтап қалмады.


Есенгелді мен Саржан өлген соң, Қасым сұлтанның қызы Бопай ханша мен ұлы  Кенесары билікті қолға алды. Ұлт-азаттық күресті белсенді түрде Кенесары сұлтан бастады.


Кенесарының көтерілісшілердің көсемі ретінде саяси аренаға шығуы


Қасымұлы Кенесары хан — Қазақ хандығының соңғы ханы, Орта жүздің саяси өмірінде жүз жыл бойы басшылық рөл атқарған шаңырақта дүниеге келіп, тəрбиеленген. Ол өзінің тегі жағынан Төре тұқымынан. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды: Шыңғыс хан — Жошы хан — Орда Ежен хан — Сартақай хан — Баян хан — Сасықбұқа хан — Ерзен хан — Шымтай хан, Орыс хан, Қойыршық хан, Барақ хан — Жəнібек хан (Əбу Сейіт) — Қасым хан — Хақназар хан — Шығай хан — Тəуекел хан — Есім хан — Салқам Жəңгір хан — Уəли (Бақы) — Абылай хан (Əбілмансұр) — Қасым — Кенесары хан [3].


Ауыз əдебиеті нұсқаларына қарағанда, Кенесары тым кішкентай болып туылыпты. Оған ат қойған адам титтей нəрестені алақанына салып тұрып: «Өзі құрттай ғана екен, ендеше, аты Кене Сары болсын» депті деген аңыз бар. Кенесары 1802 жылы қазіргі Көкшетау облысының Көкшетау деген елді мекенінде дүниеге келген. Кенесары бала кезінен əкесі Қасымның патша өкіметіне қарсы күресінің куəгері ғана емес, сол күреске қатысушы да болған [4; 10].


Текті отбасында дүние есігін ашқан Кенесары көркем Көкшенің тау-тасын кезіп, жабайы аңдарды аулауды бала күнінен кəсіп етіп өсті. Ол жастайынан-ақ ат құлағында ойнап, садақ ату сияқты ер жігітке тəн түрлі өнерді меңгерді. Оны көрген адамдар атасы Абылайға ұқсататын еді, əкесі Қасым да осы баласынан көп үміт күтсе керек. Кенесарының өзі де бала  кезінде-ақ маңайындағы құрдастарына: «Мен ешқашан өзімнің батырлығымнан танбаймын жəне керемет ерлік көрсетіп барып өлемін» [5], — деп айтқан екен.


Кенесары тəуелсіздік жолындағы күреске ерте араласты. 20 жасында жас күрескердің  ат үстіндегі өмірі басталды. Ағасы мен əкесі өмірден өткеннен кейін ол күрес тізгінін  түгелдей өз қолына алды. Дегенмен, Кенесары сұлтан ашық күреске шықпас бұрын патша өкіметінің қазақ жерінде қорған салуларын тоқтатуын бейбіт түрде талап етті. Ол Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тəуелсіздігін сақтауды көздеді. Отаршылдарға қарсы соғысты бастамас бұрын Кенесары бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап: Николай І патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковқа хат жолдады. Ақылды саясатшы жəне əскери қолбасшы ретінде Кенесары сұлтан жаудың мықты қарулы күші бар екендігін жақсы түсінді, сол себепті соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың Үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс жəне өзге ел шеберлерін тартуынан көрінеді. Қазақ ақсүйектері екі жарылып, бір тобын көтерілісті қолдаушылар құраса, екінші жағы оған қарсылар болды. Соған қарамастан, Кенесары қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды [6].


Сонымен, Кенесарының заңды талаптарына құлақ аспаған патшалық үкіметтің басқыншылық əрекеттері қарсы қозғалысқа əкеп соқты. Табаны күректей он жылға созылған Кенесары-Наурызбай қозғалысы халық жадында ұмытылмастай із қалдырды. 1836 жылы ағасы Саржан қаза тапқанға дейін өзінің нағыз батыр екенін дəлелдеген Кенесары өзі бас болып барлық шайқастарға қатысты. Иығына полковниктің эполеттерін тағып, қасына ерген ту ұстаушылары бар ол əрдайым əскерінің алдында жүрді. Сондықтан да жауларының өздері оның көзсіз батырлығын мойындаған, Кенесарыны көтерілісшілердің өздері де хандардың арасынан шыққан ең қаһарманы əрі ақылдысы деп білген. Кенесары бастаған күрес шын мəнінде ұлт-азаттық күреске айналды. Көтерілісшілердің өз əнұраны болғаны да белгілі. Сол кездері Кенесары үлкен көрегендік танытып халқының бірлігіне кедергі келтіретін жүзге, руға бөлінушілікті тыюға көп əрекет жасады. Даңқты қолбасшы мемлекет тəуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тəуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты  біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді.


Кенесары Қасымов өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы күрестегі ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді.


Кенесары ханның тəуелсіздікке бағытталған күрес жолы


Тарихшылардың белгілеуінше, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күресі 1837 жылы басталған. Үлкен ағалары Саржан мен Есенгелді өлгеннен кейін ол Ақмола округіне келіп көтерілісті басқарған. Кенесары жасақтары патша əскеріне қарсы жоспарлы күресті 1838 жылдың көктемінен бастап жүргізді. Осы жылдың басында Кенесары Ақмола приказының аға сұлтаны, подполковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жəне оның туыстарының ауылдарына шабуыл жасады. Шабуылдың нəтижесінде тек қана жылқыдан 12 мыңы айдап əкетілді. Қ.Құдаймендин Омбы облысының басқарушысы Талызиннен əскери көмек сұрауға мəжбүр болды [7; 236, 237].


1838 жылы мамыр айының 26-сы күні Кенесары-Наурызбай екеуі жасақтарымен Ақмола бекінісін талқандап, өртеп жіберді. Қамал бастығы əскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымов патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл əрекетін Ресей шекараларына жақындауға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мəнінде батырдың негізгі мақсаты 1836–1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды [8].


Ақмоланы талқандаған соң, Кенесары 1838–1839 жылдары жүйелі түрде приказдарға, бекеттерге жəне разъездерге шабуыл жасап, дұшпанның дайындалған жем-шөптерін жойып, қатынас жолдарын қиратып, партизандық күрес жүргізуді жалғастыра түсті. 1838–1839 жылдардағы көтеріліс кезінде Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл округтері бойынша барлығы 80-ге жуық сұлтан көтеріліске қатысты [9].


Көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында» атты мəшһүр монографиясының «Қоқанмен күрес. Торғай облысындағы көтеріліс» деген тарауында: «1840 жылдың соңында Орынбор өкімет орындарымен жасалған уақытша бітім бойынша Кенесары шекара шебіне қандай да болсын шабуыл жасауды тоқтатты. Бұл жағдай 1842 жылға дейін созылды. Əйтсе де, осы мерзім ішінде Сібір отрядтарымен жекелеген қарулы қақтығыс болып тұрған.


Бұл тыныстаудың Кенесары қозғалысының дамуына үлкен маңызы болды. Орта жүздегі көтеріліс əлі де болса шағын аймақты қамтиды жəне Кенесары ағасы Саржанның ісін тек анағұрлым батыл түрде жалғастырған еді. Торғай аймағында Кенесары Орта жүздің де, Кіші жүздің де қазақтарының азаттық қозғалысын басқарды. Қозғалыс аймағы бұрынғыдан əлдеқайда кеңейді, ал қозғалыстың өзі Орта жүз руларының бір бөлігінің ғана аумағы жағынан шектелген көтерілісі болудан қалды. 1840–1845 жылдардағы күрестің дамуының соның алдындағы кезеңдегіден екінші бір ерекшелігі — Кенесарының Қазақ хандығын қайта құруға деген талпынысы құпталып, оны халық хан көтерді» [7; 254], — деп жазады.

1841 жылы қыркүйекте Үш жүз қазақтарының өкілдері Кенесары Қасымұлын өздерінің ханы етіп сайлады. Уақытша болса да Қазақ хандығы қайта орнады. Патша үкіметі бұл жаңалықты үлкен үреймен қарсы алды.

Соңғы жылдары Кенесары Қасымұлының қай жерде хан көтерілгендігі жайлы тарихи оқиғаны біреу Ұлытауда, біреу Айыртауда, тағы біреулер Сарысу өзенінің бойында өтті деп жазып жүр.

Омбы жəне Қазақстан Орталық мемлекеттік мұрағаттарда 1841 жылдың 14 маусымында жазылған «Рубасы Көлебай Қоқановты қазақ руларының жиынында Кенесары Қасымұлының хан сайланғандығы туралы хабарламасы» атты құжат сақтаулы. Құжатта ол Ор бекінісінің коменданты, полковник Исаевқа Кенесары ауылдарының Ырғыз өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарашатау деген жерде отырғандығын, сол жерге Кенесарыны хан көтеру үшін қазақтың көптеген руларының өкілдері жиналып, мəселені талқылап жатқандығын айтқан. Екінші бір құжатта «Кенесары қыркүйекте хан атағын алған соң Батыс Сібір əкімшілігіне қараған болыстарына да əмірін жүргізе бастады», — деп жазылған [10].

Хан болып сайланған Кенесары Қасымұлы ұлт-азаттық күресін сəтті дамыту  үшін орталықтанған мемлекет құруға талпынды. Оның қоластында жақтаушы батыр, би  жəне сұлтандардан тұратын жоғары кеңесуші орган болды, ал хандықты Кенесары өзіне адал жасауылдардың көмегімен басқарды. Олар құқықтық, шаруашылық, дипломатиялық, салық жəне де əскери мəселелермен айналысты. Сəтті жұмыс нəтижесінде [1]:

  • салық жинау тəртіпке келді;

  • егіншілікпен айналысу мүмкіндігі жасалды;

  • сауда-саттық саясаты өзгеріске ұшырады;

  • мемлекеттік құрылыс өзгертілді;

  • хандық кеңес құрылды;

  • мəмлегерлік қызмет ұйымдастырылды;

  • феодалдық талас-тартыс, ру аралық қақтығысқа тыйым салды;

  • соғысуға қабілетті жасақ ұйымдастырды;

  • тыңшылық қызмет енгізді.

Кенесары хан 1841 жылы күз айында қоқандықтардың едəуір күштері орналасқан Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршап, оны өзіне қаратты.

1840-жылдардың басында Орынбор үкіметі тарапынан біраз кеңшіліктер орын алады, өйткені Орынбор губернаторы Перовский жанжалды бейбіт келіссөздер жолымен реттеуді мақұл көреді. Орынбор ұлықтары Кенесарыға патша атынан кешірім жасап, онымен келісімге келеді. Қазақ ханы біраз уақыт жортуыл-жорықты қойып, тыныш тірлікке көшеді. Бірақ Сібір  əкімшілігі мұны қудалауын қоймайды. 1842 жылы ел Наурызды мейрамдап, қуанысып жатқанда, Кенесарының жоқ кезінде, жасауыл Сотниковтың жазалаушылары қаннен-қаперсіз ауылдың лаңын  шығарып, сұлтанның бəйбішесі Күнімжанды балаларымен, туған-туысқандарымен тұтқындап алып кетеді. Бұл қарым-қатынасты қайта шиеленістіреді [11; 245].

Кенесары Сібір үкімет орындарына қарсы шығуға мəжбүр болды. 1843 жылдың бас кезінде ол Батыс Сібір генерал-губернатырлығының шекара тізбегіне шабуылын күшейтті. Ресейге дос жаппас, алшын руының сұлтаны Алтыбай Көбековтың ауылын шауып, өзін өлтірді. Сонымен қатар Кенесары Қоқан иелігіне де шабуылын қайта бастады.

Кенесарының осы шабуылдары уақытша келісімнің бұзылуына себепші болды. Патша отрядтарымен қарулы қақтығыстар қайта басталды [12].

Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843 жылы 17 маусымда патша Николай І Кенесарыға қарсы кең көлемде соғыс жорығына рұқсат берді. Əскери старшина Лебедевтің 300 адамнан тұратын отряды алдыңғы соққы беретін күш болды. Кейін оның отряды 1500 адамға жетті.

Бұған қарамай, 1844 жылы шілдеде Кенесары Ахмет Жантөриннің отрядына шабуыл жасады. Осы жылдың тамыз айында Екатерининск бекетін қоршауға алған Кенесары қолы мылтық, пистолет сияқты көптеген олжаны қолға түсірді.

1844–1845 жылдары көтеріліс өрледі. Ханның əскеріне Сыр бойының, оңтүстік қазақтары қосылды. Кенесары өз əскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Кенесары табысы оның даңқын асырды. 1845 жылы онымен келіссөз жүргізу үшін патша үкіметі Долгов бастаған бір топ адамды жіберді. Кенесары оларды екі ай ұстап, Орынбор генерал-губернаторына хат жазып, оларды аттандырып жіберді. Ол хатында патша бекініс-қамалдарды бұзып, зорлықты тоқтатса, Ресейге бодан болуға əзірлігін білдірді [13].

Келіссөз сəтсіз аяқталғаннан соң Кене жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша əскерінің үш тобы шықты. 1845 жылдың күзінде Орынбор жəне Сібір шептері арқылы қысымға алынған Кенесары Қасымұлы көтерілістің басты ошағы Торғай даласынан Сарысу мен Шу өңіріне көшті.

1846 жылдың басында Кенесары Балқаш көлі мен Іле өзені аймағына қоныс аударды. Осы жылы көктемде Қалғұты өзенінің бойындағы Қақпатас деген жерге келіп, қырғыздардың қонысына жақын қонған Кенесары қырғыз манаптары Орман мен Жантайға Сайдақ қожа, Есенгелді Саржанов бастаған елшісін аттандырды. «Тегіміз бір халықпыз, ортақ жауымызға бірлесіп қарсы тұралық» — деді. Кенесарының мұнысы ізгілікті қадам еді. Бірақ орысқа ант беріп, Қоқанмен ауыз жаласып алған Орман, Жантайлар Кенесарымен келісімге бармайтынын бірден айтты. Кенесары ұзын-ырғасы алты мəрте елші аттандырды [14].

Өкінішке орай, қырғыздар Кенесарының бірлікке ұмтылған бірде-бір қадамын қолдамады. Керісінше, Кенесарының басқан ізін орыс генералдарына жеткізіп отырды. Кене хан шарасыздықтан 1847 жылы қол бастап атқа қонды. Орыс пен Қоқанның көмегіне сүйенген қырғыз манаптары олардың алдына көлденең тұрды.

Кене ханның соңғы жорығы

Кенесары жасақтарының қырғыздармен соғысы Ыстықкөлдің тау шатқалы қойнауында Шу өзенінің бас жағында өтті. Кенесары Тоқмақтың маңында Кекілік сеңгірі деген жерде қамауға түсіп мерт болды. Бұл жөнінде Сібір корпусы командирінің əскери министрге 1847 жылы 18 мамырда жолдаған № 130 мəліметінде: «Кенесары қырғыздармен болған соғыста інісімен, екі баласымен жəне 15-тей сұлтанмен қолға түсіп, барлығы дерлік қаза болды. Кенесарының басын кескен Чыжым би болды», — деп мəлімдеген [15].

Елі үшін ерлік күресте Хан Кене өлімді асқан ерлікпен қарсы алған. Ол өлім алдында туған елмен, жермен қоштасып əн салған.

Бұл əн «Кенесарының қазақ халқымен қоштасуы» деп аталады («Бурабай» газетінен жазып алынған вариантын ұсынып отырмыз):

Ой-хой, қайран дүние-ай,

Жаратушы жан ие-ай!

Иманымды бере гөр,

Ақтығыма сене гөр,

А-а-а!...

Ашылмаған бағым-ай,

Торға түстім тағы-ай.

Қырық беске келгенше

Өтті ме күнім налымай?!

Ұрпағыңа ырза бол,

Əулие атам Абылай,

Көз аядымда Көкшетау,

Бұлдырайды сағымдай.

Бір көрінші көзіме,

Наурызбай мен Ағыбай.

Иманымды бере гөр,

Жаратқан ием-а, құдай!

Атырау-Алтай арасын,

Ат үстінде шарладым.

Ата жаумен алыссам,

Азаттық еді-ау арманым.

Қалың қазақ баласын,

Өлі ұйқыдан оятып,

Саржан өтті — ардағым!

 Аждаһаның аузында,

Елің, жерің, бар малың.

Тəукелге бел буып,

Жан-жағымды қармадым.

Қырғызға қолым тиіпті.

Бұл бір ісім — күйікті,

Шайналып тұр бармағым.

— «Айтақ» — десе ақ патша,

Ойлап жатпай ар жағын,

Түріктің текті баласы,

Біріңді-бірің жалмадың...

Орман, Жантай, Қожантай,

Бас иер деп ойлама.

Бұйрығы болар Алланың!

О, қайтейін, шіріктер.

Жүрегімді тіліп көр,

Не деп сайрап тұр екен,

Əулие болсаң біліп көр!

Құлдыққа, сірə, көнер ме,

Мен секілді күйікті ер.

 Орман, орман — ор балақ,

Көзіңнің жасы сорғалап,

Жасқаншақ жетім баладай,

Жүргенің-ау қорғалап.

Кене ханды өлтіріп,

Аларсың алтын дорбалап.

Жантай-Жантай жаманым,

Басыңның ойлап аманын,

Құрбан еттің еліңді,

Патшаның жалап табанын.

Кене ханды өлтіріп,

Пісіріп жерсің талағын!

Құлағымды кесіп құнтиттың,

Мұрнымды кесіп шұнтиттың,

Мұртымды жұлып біртіндеп,

Бет-аузымды сылпиттың.

Қайнаған суға үш малып,

Қолына бердің қырық иттің!

Қоқи, қоқи қоқилар,

Тау басында шоқияр.

Осылай өлтір дей ме екен,

Мүбəрəк ишан, софылар...

Ел билесе опасыз,

Кіресін тағып шоқынар.

Қазақ пен қырғыз бір туған,

Көзіңе қара жыртиған.

Марқұм қалған екенсің,

Мұсылманның ғұрпынан.

Ағайын деп жүр едім,

Тоныңды пішіп сыртыңнан.

Құлдық ұрын патшаға,

Айырылыпсың ғой ырқыңнан.

 Орман, Жантай, Қожантай,

Садаға кет жұртыңнан,

Қайран ғана дүние-ай,

Тұтылды менің күнім-ай.

Есенгелді, Саржаным,

Наурызбайым, Ержаным,

Түсіме енді бүгін-ай.

Хош, аман бол ұл-қызым,

Ақты ғой менің жұлдызым.

Омар, Оспан, Əубəкір,

Жағыпар, Тайшық, Сыздығым,

Ахметім, Жəкейім,

Жарға біткен жалғызым.

Аян берген Атасы,

Сыздығым еді -ау жалғызым.

Бауыр етім болғаным,

Таусылды менің нан-тұзым.

Дұғай сəлем дегейсің,

Күнімжанды ханымға.

Күн туды ғой жаныма!..

Мен қайтейін алғаным,

Байланып қалған бағыңа,

Көкшетаудың қыраны,

Торға түсті тағы да.

Ахмет, Тайшық, Сыздығың,

Жалау болар жаныңа,

Мына мен сорлыны айтсайшы, Басы үйтілген жалынға!

Мен сорлыны айтсайшы,

Тұншығып тұрған қаныңа

Қауыштырғай құдайым.

Жанатта, машқар таңында!

Уай, қазағым, қазағым

, Арылмады-ау азабың.

Құлдығыңды есіңе ал,

Қайнамаса қазаның,

Өзіңнен ұл тумаса,

Кім салады назарын?!

Алты бақан, ала ауыз,

— Осы болды-ау азарың...

Хан сарқыты — мен едім,

Бақиға мен де жөнелдім.

Тарқаған соң базарым.

Тіресе алмай тұрысып,

Төмен болды-ау назарым!!

Бір құдайға хақ шығар,

Барамын өтіп таза арым.

Не сұрайсың, халқым-ау,

Сыпатай мен Үрістем,

Орманнан хабар біліскен,

Алып қашып əскерін,

Қулық ойлап күліскен!...

Басын сатып бауырының,

Теңгелік тағар күмістен...

Абылайдан тауып ек,

Əй, Үрістем, Үрістем!...

Дулатқа келіп семіріп,

Болмады ісің бір үстем,

Он алты жасар Ержан да,

Дұшпанымен тірескең.

Ержан қолға түскенде,

Аққанат қалып жүрістен,

Сілкідеп алып кетіпсің,

Қалар ма, сірə, бұл естен!

Кайтейін-ай, қайтейін,

Қайсыбірін айтайын,

Хош, аман бол, Көкшетау,

Азат, Шортан, Майқайың,

Хош аман бол, дүние,

Енді тумас қайта айым.

Топырақтан жаралдым,

Топыраққа қайтайын!

Кенесарының соңғы сəтін қырғыздар былай суреттейді: «Кенесары жиналған жұртқа қарап, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген аспанға қарап əнін аяқтады. Кенесары үні, ерлігі, тауды жаңғыртып қара жерді тербеткендей болды» [16].

Ел арасында қырғыздар түрлі амалдармен азаптап өлтірген Кенесары өлімінің бірнеше нұсқалары таралған [9; 45]:

Бірінші — жендет салалы кездігімен қазақ ханының ішін жарғанда, ішек-қарны ақтарылып, жерге түскеннен кейін ғана хан жан тапсырған. Оның өлімін тамашалауға жиналған қырғыздар таңғалған — оның жүрегін қалың түк басып кеткен екен. Мұндай ғажайып құбылыс тек аса жаужүрек батырларда болады екен. Екінші — Кенесары Қасымұлының терісін тірідей сыпырып азаптаған, қинаған, адам жаны түршігерлік қорлық көрсетіп өлтірген деген болжам бар. Үшінші — Кенесары Қасымұлын тірідей қазандағы қайнаған ыстық суға салып, қинап өлтірген. Төртінші — Кенесары Қасымұлын соғыста балалары, күйеулері, əкелері, бауырлары қаза тапқан қырғыз əйелдерінің ортасына апарып, олардың жазалауына берген деген де аңыз сақталған. Бесінші — Кенесары Қасымұлын найзаның ұшына шаншып, көкке көтерген, оны мазақтап, «Қазақтың ханы,  халың қалай?» — дегенде, Кенесары: «Маңқа қырғыз, не десең де мен сендерден жоғары тұрғанымды байқамай тұрсыңдар ма?» — деген екен.

Қанды қырғыздардың қолынан азаптап өлтірілген адамдардың басын шекара бастығы Вишневский арбаға салып, Ташкентке сыйға жіберген. 1847 жылы Қазақ ханының басын қырғыз манаптары Батыс Сібір генерал-губернаторы А.Горчаковқа сыйға тартқан. Бас сүйекті жеткізіп бергені үшін Хожабек Таштамбаев пен Қалығұл Əлібековтер алтын жəне күміс медальдармен марапатталады. Ал 1851 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Гасфорт император I Николайға жазған хатында: «Бүлікшіл Кенесары Қасымовтың басы менде темір сейфте сақтаулы, оны маған князь Горчаков қалдырған, сол бас сүйекті сізге жолдаймын» [15; 32], — деп жазған.

Кенекемнің өлімі бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті.

Қоғамы күшті ер еді,

Киімді бала тудырған.

Ықпалы жүрген ер еді,

Алтынды қылыш будырған.

Абылайлатып ат қойып,

Дұспанды көрсе қудырған!

Көп сарғайтып келместей,

Кене хан, саған не болды?

 Тұлпардан сайлап ат мініп,

Дорбадан жемін жегізген.

Жем орнына бал беріп,

Қысырдың сүтін емізген.

Басқан қалың жау жетсе,

Алып та шығар теңізден.

Кенекемді қалдырып,

Көк бурыл, саған не болды?

 Патшада бар алтын тақ,

Жасынан Жаппар берген бақ.

Зілді қара бүркіттей

Шабытты туған сұғанақ.

Қанаты жоқ, құйрық жоқ,

Бір анадан жалғыз тақ.

Көп сарғайтып келместей,

Наурызбай, саған не болды?

 Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Салтанатты хандардан

Жетім қалдым айрылып!

Екі бірдей қанатым

Топшыдан сынды қайрылып!

Балдағы алтын ақ берен

Тасқа тиді майрылып.

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып.

 Жаңбыр жаумай су болды

Пұлы қымбат манатым.

Тасқа тимей кетілді

Балдағы алтын болатым.

Топшысынан үзілді

Екі бірдей қанатым.

Кенесары, Наурызбай,

Асыл туған манабым!

Қырғыздан біткенге ұқсайды

Тағдырлы ажал сағатың.

 Жаның қайда жай табар,

Жадыңда Жаппар болмаса?!

Көңілің қайда жай табар,

Көрерге дəулет болмаса?!

Қолдың көркі болар ма,

Барабан, керней болмаса?!

Жұлдыздың көркі болар ма,

Ішінде бір Ай болмаса?!

Халықтың көркі болар ма,

Басқарған ханы болмаса?!

Кенесары мен ішінде

Ер Наурызбай болмаса?!

 Халық иесі хандарды

Қалай айтсам, мін бар ма?!

Шегірткеге таланған

Қырғауылда жүн бар ма?!

Жапалақтан сескенген

Жалғыз қазда үн бар ма?!

Хандарынан айрылған

Иесіз жұртта сын бар ма?!

Кенесары, Наурызбай

Бір көрінер күн бар ма?!

 Кене ханның тұсында

Қарт бурадай жарадық.

Жауды жасқап, жапырып,

Жауған қардай борадық.

«Абылайлап» ат қойып,

Дұспанның алдын орадық.

Кене хан жазым болған соң,

Шіл боғындай тарадық.

Көрінгеннен қорғалап,

Кісі аузына қарадық!

Өзіміз шапқан Созақта

Сарттан ақыл сұрадық.

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан ауды бағымыз.

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

Байланды тіл мен жағымыз.

Азғанымыз емес пе,

Қойшыдан сынды сағымыз.

Артында қалған жетім ел,

Келіспей кетті сəніміз.

Ақырында, əлеумет,

Осындай болды халіміз, — деп қазақтың кең даласы қара домбырасының үніне қосылып зар жылады [17].

Хан Кененің басы алынуымен қасиетті күрестің оты сөніп, көтерілістің 10 жыл  бойы желкілдеген туы түбінен жығылды. Басымызға ұзын-ырғасы бір жарым ғасырға созылған бодандықтың қамыты кигізілді. Бостандығын бағалай алмаған халық бұдан кейінгі өмірінде тəуелсіздіктің тақсыретін тартумен болды. Кенесары Қасымұлы опат болуымен халқымыз қайғы- қасіретке оранып, қарағай басын шортан шалды. Хан Кененің опат болуымен басымыздан бағымыз тайып, көкжиегімізді мұнар шалды.

Соңғы ханының өлімінен арада қанша уақыт өтсе де, қазақ халқы Кенесарысын əлі де жоқтаумен келеді. Өйткені жоғымыз əлі табылған жоқ. Кенесары хан — қазақтың өзегінен орын алған ұлы тұлға. Оның арманы болған тəуелсіздік — бүгінгі ұрпақтың бақыты.

Шет елдерде жүргізілген тарихи зерттеулерде Кенесарының жеке басына қатысты айтылған пікірлер

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі Смирнов, Потто, Середа, Красовский, тағы басқа көптеген зерттеушілер Кенесарыны «қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қойған тұлға» деп сипаттаған:

  1. Сырдария Статистикалық комитетінің толық мүшесі Е.Т.Смирновтың Кенесарыға берген мына бір сипаттамасы ерекше: «1844 жылы Кенесарының күш-қуаты артып, атақ-даңқы асып тұрған жыл болды. Шабандоз партизан есебінде ол таңғажайып əрекеттер жасап, қырғыз даласының ержүрек сайыпқыран жігіттерін төңірегіне топтай білді. Иығына «полковник эполеті» тағылған əдемі барқыт бешпентті Кенесары ту ұстаушысы мен ұзын қарағай найзаларын ырғай кезеніп, даланы дүбірлете шауып келе жатқан көк сауытты нөкерлерінің алдында əманда құйындатып, оқ бойы озық жүрер еді де, сол тау жығар екпінді шабуылымен келіп, қысас рулар мен билеуші сұлтандар жасақтарын оп-оңай жайпап кетер еді, ал жаулары болса, ақырында бас сауғалап, маң даладан безіп, Орынбор казактары шебіне барып паналап немесе соның маңында «ербеңдеп», көзге күйік болар еді.

Орынбор линиялық батальондары дүркілдете атқан оқтары мен зеңбіректерінің күркірете атқан картечьтері астында шыбын жанын шүберекке түйіп, зымырап жүрген қолбасшы батырдың айбынды түр-пошымының өзі, əр түсті байрақтар, белгілермен əшекейлеген, желден жүйрік салт атты əскерлердің даланы гуілдетіп шауып өткені, сəтті жортуыл жорықтардан кейінгі той-томалақтар, құла түзде емін-еркін аң аулап, ит жүгіртіп, құс салғаны — осының бəрі қырғыз халқының қиялына қанат бітіріп, оның ұйқы жеңіп, қалғи бастаған ескі сезім-түйсігін түрткілеп оятатын» [18].

  1. «Түркістан тарихының» авторы Н.Павлов: «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын- талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол, тегі, аса ірі дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерінің жыртқыштық бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да, мен оны «түздің соңғы батыры» деп атасам, өз отанымның алдында күнə жасадым дей алмаймын» [11; 251], — деген əділ пікірін айтқан.

  2. Орыс тарихшысы М.Красовскийдің: «Ақылы жағынан атасынан төмендеу тұрса да, мінезі мен қимылының адуандылығы бойынша əкесі Қасымнан, сол Абылайдан алшақ тұрды, аз ғана уақытта Кенесары бүкіл Сібір өңіріне белгілі болды» [4; 11], — деп ойын қорытындылауы, бір жағынан, азаттық күрестің себебін ашып көрсетсе, екінші жағынан, жаңа жағдайда тарихи сахнаға көтерілген ханның отаршылдыққа қарсы халық көтерілісін бір арнаға бұруда септік болғандығын аңғартады.

  3. Ағылшындық зерттеуші Томас Аткинсон: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар əлемдегі ең əйгілі атты əскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бəрі тəн», — деген баға берген.

Ал əскери тарихшы В.А.Потто 1872 жылы өзінің «Қырдағы жорықтар хақында» деп аталатын дəрістерінде Кенесары көтерілісі туралы айта келіп, көтеріліс «бірауызды жəне жаппай көтеріліс сипатына ие болып, сондықтан оны ауыздықтау енді оңай болмады; оның үстіне бүлікті өжет, бірақ дарынды жəне асқан жігерлі адам басқарады» [19], — деп жазған.

  1. Көтеріліс кезінде Кенесары ханның қабылдауында болған көпестер мен дипломаттар немесе тағдыр талқысымен атышулы қолбасшымен тілдескен басқа да жандар бірауыздан оның ілтипаттылығын, қонақжайлылығын атап өтеді. Осындай қолбасшының ауылында бір аптадай қонақтаған саудагердің көмекшісі Порфирий Глебович Уфимцевтің жазбаларында ханның тұрған үй- жайы жөнінде тартымды мəліметтер келтірілген: «Ханның киіз үйі, шындығында, патшаның тұратын жайындай бай екен. Қайда көз жүгіртсең де, қымбат кілемдер, қабырғада алтын жіпті шəлілер. Кенесарының жантайып отырған жастығы да алтын жіппен тігілгені көз нұрын алады. Киген киімі жібек, алтын жіптермен безендірілген. Үйдің табалдырығынан аттап, үш мəртебе жерге иілдік, Кенесарының киімін сүюге ыңғайланып едім, ол қолын көтеріп, өзі басыма ернін тигізді. Одан соң отырғызып, əр жайды сұрастырды» [4; 10].

  2. Кезінде ресейлік генералдар Кене ханның ғаламат қолбасшы екенін еріксіз мойындап, лекциялар оқып, Кенесары əскерлерінің таңғажайып қимылдары туралы əсерлерін сол кезде батыс елдеріне кең тараған «Вестник Европы», «Современник», «Эхо», «Родина» сияқты журналдарға жариялап отырған. Француздың əйгілі жазушысы Жюль Верн осы деректерді молынан пайдаланып,

«Патша шабарманы» деп аталатын роман жазған [20].

Жалпы, тарихта көзге ерекше түсетін, харизмалы тұлғалар болады ғой. Жюль Верн де осындай кейіпкер іздеген тəрізді. Оған Кенесарының Ресейге қарсы шығуы романтикаға теңдес болған. Қызығушылығы да осы романтикадан туындаған.

  1. 1847 жылы Сібір шекаралық комиссиясының əміршісі генерал-майор Вишневскийдің экспедиясымен Орта жəне Ұлы жүзде қазақ феодалдарымен тілдескен поляк Адольф Янушкевич: Кенесарыны бірде Алжир халқының француз отаршылдарына қарсы күресінің көсемі, шешен, ақын Абд-Əл-Қадерге (Абд Аль–Кадир); бірде біздің жыл санауымызға дейін екінші ғасырда Рим империясымен күресіп, көптеген соғыстар жүргізген Нумидия патшасы Югуртаға теңеген.

Ал белгілі ғалым П.П.Семенов Тян-Шанскийдің Кене ханды «Қырғыз даласының Митридаты» деп бағалауында мол негіз бар. Көпті көрген, өз заманының аса білімді перзенттерінің бірі — орыс саяхатшысының қазақ сұлтанын Рим империясының жаулау саясатына қарсы табанды күрес жүргізген, Кіші Азиядағы шағын ғана Понт патшалығының дербестігін сақтап қалуда əр түрлі жолдарды қарастырған, айла-амалдардан да тайынбаған, белгілі қолбасы Гней Помейдің жеңісінен кейін өзін-өзі өлтірген Митридат Евпаторға теңеуі — Кенесарының қолбасшылық, дипломатиялық қасиеттерін өте жоғары бағалауында [21].

  1. Орыс офицері, белгілі тарихшы Николай Середа Кенесарының жеке басына мынадай қызық мінездеме берген: «Сұлтан Кенесары Қасымов Абылай сұлтанның тегінен тараған. Мұрагерлік кек алу талаптарында тəрбиеленген ол батыл əрі жігерлі, ал жеңілген жауына рақымсыз əрі қатал адам болатын. Ерте жасынан жортуылдар мен барымталарға қатысуы оны тамаша шабандоз етіп қалыптастырды.

Сəтсіздікке тап болған жағдайда тіршілік етуге қолайсыз далалы аймақтарға қашу оның рухын шыңдай түсті. Жалпы айтқанда, бұл адам аса көрнекті тұлға болатын жəне оны басқаша жағдайда тəрбиелегенде, сөзсіз, одан аса көрнекті мемлекет қайраткері шығар еді...

Епті саясаткер ретінде Кенесары өз тыңшыларын жан-жаққа, тіпті Сібір жəне Оренбург аймақтарына да жібереді. Олар өз басшыларына қатысты барлық əкімшілік шараларды алдын ала біліп алып, оны сол сəтте-ақ ханға жеткізіп отырды. Оренбург əкімшілігі қанша ізіне түссе де, Кенесарыны үнемі көздерінен таса етіп алатындарына таңғалатын. Даланың барлық ой-қырын бес саусағындай білген сұлтан ізімен жүріп келе жатқан əскерді адастырып, бір жерден екінші жерге ұшқыр қаршығадай лезде орын ауыстыра қоятын.

Өз антына адал Кенесары мен оның інісі Наурызбай жəне олардың тобындағы 3000 адамның барлығы Алатаудың бір шатқалында дулаттардың сатқындығының кесірінен (дулат руының қырғыздары) қаза табады. Сұлтанның басы, дұрысын айтқанда, бас сүйегі князь Горчаковтың қолына түседі. Ол оны Батыс Сібір басқармасында «Кенесары бүлігі жайында» атты іс бойынша сақтауға бұйрық береді.

... Кенесары өлді, бірақ оның ерлік істері жайлы естеліктер аңыз əңгімелер мен патриоттық өлеңдерге айналып, ордада əлі күнге дейін өмір сүруде» [22].

1837 жылы көтерліске шыққан Қазақ халқының басшысы, соңғы ханы Кенесары Қасымұлы осындай ірі саяси тұлға болды. Оның айтуынша, қазақ халқы дербес өркениетті мемлекет болуға дайын еді. Осы ойға байланысты Кенесары жəне оның ең жақын серіктері, туыстары мен əріптестері — барлығы да бұл қызметке белсенді қатысты.

Ерекше айта кететін мəселе, Кенесары хан ірі тұлға ретінде (мемлекеттің құрылысын инновациялар қабылдау арқылы) көшпелі мемлекеттің тəжірибесін одан ары дамытты. Осы жағынан ол орыс отаршыларына өте қауіпті саяси қайраткер еді. Міне, содан кейін де оның күресінің мəнін төмендетіп «вор, разбойник, мятежник» деп атап кеткендігі. Сол дəрежеде айыптау оларға ыңғайлы еді. Кенесарының өміріне қатысты көп қайшы мəселелер осыған байланысты. Соңғы жылдарға дейін оның жарқын бейнесіне көлеңке түсірер көптеген жайлар айтылып келген еді. Бірақ шындығы ондай емес.  Көптеген  құжаттарды  толық  жəне жүйелі  түрде  оқып,  пайдалану барысында,  Кенесарының саясаты дұрыс жолмен жүргізілді деуге мүмкіндік туды.

Қорыта келе айтарымыз, Кенесары Қасымұлының сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дəстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тəуелсіздік жолындағы күреске жұмылдыруында. Кенесары хан адамзат тарихындағы біреуді біреудің отарлауы, құлдануы дұрыс еместігін Абд Əл- Қадер, Дожи, Гарибальди, Шамил, Ганди, Галеб, Боливар жəне тағы басқа тұлғалар секілді ерекше түсіне білгендігімен ерекшеленді. Ол — құлдыққа қарсы қарулы көтерілістің көсемі! Міне, сол үшін отарлаушылар оны қанша ұмыттырам десе де, ел ешқашан ұлы ханын ұмыта алмады.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Үсенова А. Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс // Қазақ тарихы. — 2009. — № 3 (96). — 60–62-б.

  2. Қазақстан тарихы: Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd» ЖШС, 2006. — 768 б.

  3. Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. Ел тарихының əйгілі тұлғалары. — Астана: «KUL TEGIN» баспасы, 2001. — 356 б.

  4. Оразов Р. Кенесары орта бойлы, қара торы адам болған // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33).

  5. Шапиян М. Кене сұлтаннан — қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына дейін // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33).

  6. Қазақстан: Ұлттық энцикл. 4-т. / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2002. — 720 б.

  7. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 1994. — 416 б.

  8. Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық. — ІІ-т.: Тарихи тұлғалар. — Алматы: «Білік» баспа үйі, 2003. — 460 б.

  9. Меңлібаев Ғ. Кенесарының түк басқан жүрегін көріп, қырғыздар таңғалыпты // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33).

  10. Кенесары қай жерде хан көтерілген? // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 20-б.

  11. Жұмабаев Ə. Жол айрығында // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, — 448 б.

  12. Бекмаханов Е. Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы. (Тарихи монографиядан үзінді) // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, 1993. — 266–408-б.

  13. Пазылов Ə. Ұлт көсемі — Кенесары // Алаш. — 2010. — № 4 (31). — 48–53-б.

  14. Қинаятұлы З. Кенесары бөгденің жерін шапқан жоқ, тек өз жерін қорғады // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33).

  15. Оразов Р. Кенесары ханның сүйегін іздеген экспедициялар нəтижесіз аяқталды // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 32–33-б.

  16. Исламқызы Ш. Хан Кене — тəуелсіздік жаршысы // Қазақ тарихы. — 2005. — № 3. — 111–113-б.

  17. Нысанбай жырау. Кенесары-Наурызбай (Дастан) // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, 1993. — 16–55-б.

  18. Мырзахметов Е. Сардаланың сардары // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, 1993. — 252–264-б.

  19. Оразов Р. Кенесары шебер əскери қолбасшы болған // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 18–20-б.

  20. Мұқаш Қ. Кенесары тақырыбына мүлде жаңаша көзқарас керек // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 40–41-б.

  21. Қасымбаев Ж. Көтерілістің көзден таса беттерінен // Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. — Алматы: Жалын, 1993. — 211–232-б.

  22. Середа Н. Кенесары аса көрнекті тұлға болған // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ұлт мақтанышы — Кенесары Қасымұлы (1802–1847). — 2011. — № 21 (33). — 12-б.

Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Балуан Шолақ Баймурзин өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Мұсабек Байзақұлы өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу