Байқаусызда болашақ өмірге өтіп кетіппін

Oinet.kz 06-09-2022 1592

Мен іссапарға баратын болдым. Автовокзалға келсем автобус кетіп қалыпты. Жол алыс. Такси қарастырып едім, қырсыққанда такси де жоқ.

Screenshot_2.jpg

Салым суға кетіп тұрған. Бір кезде «сіз такси іздеп жүрсеңіз, жүріңіз» деп келген жігіт ағасына ілесіп баратын бағытыма жүріп кеттім. Миқы дала. Бір кезде жол айрығы кездесті, жүргізуші көп ойланбастан «жолы жаман болса да, сол жақ жолмен жүрейін әжептәуір уақыт ұтамын» деп өзі қалаған жолына бұрылып кетті. «Дегенмен жол жақсы ғой» деймін.

«Иә, өзімде аң-таңмын, өйткені ой-шұқыры көп болған соң, айналма жолмен жүретінбіз»,- деді. Бір қызығы жол бойы кеңес одағының москвич, жигули, Газ-53, Зил машиналары ұшырасып отырды. «Совет одағына қайтып оралғандай болдым ғой, әйтпесе бүгінгі күні КО-ның машиналары сирек кезедеседі», - деп қояды жүргізуші. Жол да алыс, асқазан шұрылдай бастады. Терезеден қарап отыр едім, жолдан қиыстау орналасқан ауылды байқадым. «Осы ауылға барып ауқаттанып алсақ қайтеді» деп едім, ол сөз қатпастан бұрылды. Ауылға дейін де жол жақсы екен. Көзіме екі қабатты шеберхана, бу қазандығы, т.б. өндірістік обьектілер және жасыл желекке бөленген ақ шаңқай үйлер түсті.

Жүргізуші шеберхананың жанындағы асханаға тоқтады. Асхана қызметкерлерінен басқа жан көрінбейді. Қабырғада Кеңес Одағы кезіндегі плакаттар, КПСС мүшелерінің суреттері ілулі тұр. Бұл менің күлкімді келтірді. Тамақ таратып тұрған қызға:

- Бұлар неге ілулі тұр,- деп едім.

- Кеңес одағының басшылары емес пе, білмеуші ме едің?

- Білемін, бірақ ол өткен уақыт, қазір уақыт басқа. Кеңес одағы күйреп келмеске кеткен,- деп едім. Қыз маған алая қарап:

- Көріпкелсіз бе? Әлде Кеңес одағының құрығанын көксейсіз бе? Бірақ сіз айтты деп, Кеңес одағы құри қоймас,- деді.

- Ауылдарың түкпірде жатқан соң өмірден артта қалған екенсіңдер! Бұрынғы одақтас 15 республика қазір тәуелсіз ел болған, оның ішінде Қазақ елі де тәуелсіздік алған. Сенбесең..., - деп қалтамнан теңгені алып көрсетпек болып қолымды қалтама салайын деп едім, байқаусызда қолым қасықты қағып кетті.

Енді жерге түсіп кеткен қасығыма алуға еңкейе беріп, қызға көзім түсіп кетіп еді, оның көзі шарасынан шыға маған қарап қалыпты, қасығымды жерден көтерген соң, сөзімді жалғайын десем қыз ұшты-күйлі жоқ?..

Тамақтан соң астың ақысын төлеуге кассаға келсем, әлгінде ғана қызмет көрсетіп жүрген қызметкерлер жоқ, оларды тосып тұрар уақыт жоқ, ақшаны кесеге бастырып, жолға шығып кеттік. Тек жол бойы жүргізуші басын шайқап бірдеңеге таңғалып келе жатқандай болды, мен оған көңіл аудармай мақсатты жерге жеткенше ұйықтаумен болдым.

...Іссапарда үш күндей жүріп, қайыра таксимен үйге қайттым. Жолда өткендегі ауылдың тұсынан өтіп бара жатқан соң, жүргізушіге «мына ауылдан тамақтанып алайық бұрылшы» деп едім, ол маған таңғала қарады, бірақ сөзімді жерге тастамады. Мені қынжылтқаны үш күн бұрын сайрап жатқан жолдың ойлы-қырлы жолға айналғаны болды. Шеберхана жанындағы асханаға барып едік, асхана қаңырап тұр. Өндірістік обектілер күйреген. Кешқұрым уақыт. Менің таңданысымда шек болмады.

Қаңыраған асхана ғимаратына кіріп едім, іші күңгірт екен, касса тұрған жерден өте беріп, жүрегім өрекпіп кетті, тамаққа төлеген теңгем кесеге бастырылған қалпы қалыпты. Қабырғадағы плакаттардың тозығы жетіп жыртылған. Төңірек шаң-шаң, астаң-кестең. Стол, орындықтар қирап құлап жатыр. Бір кезде селк ете түстім. Алды - артымды ораған елестердің бейнесін көргендей болдым. Денем шымырлап кетті. Дұғаларымды оқи-оқи қаңыраған ғимараттан шығып кеттім.

Ойым әлем-тапырақ болып, көлігіме қайтып келдім. «Түк түсінер емеспін, үш күнде ауылды не қараң басқан?» деп едім, жүргізуші серігім «бауырым осы жермен талай жүргеміз алайда жол жаман болған соң алыс та болсын жақын деп айналма жолмен жүремін, тек сіз асықтым деген соң тура жолмен жүргенім ғой, бұл ауыл бір кезде бай кеңшар еді, банкротқа ұшырап, ауылдың қаңырап қалғанына біршама уақыт болды. Сіз тамақ ішем деген соң, кісілер қайта келіп қоныстанып, ауыл қайта жанданған шығар деп ойлағанмын. Көрдіңіз бе, ешкім жоқ, сіздің мына асханадан тамақ іштім дегеніңізден...,- деп кібіртіктеп қалды. Мен үндемей қалдым.

Содан ойым шар-тарапқа шашырап үйге келдім. Осы күнге дейін аталмыш уақиға мен үшін жұмбақ болып қалған - тын. Тек бертін интернетті қотарып отырып адамдардың өткен өмірге, болашақ өмірге өтіп кеткендері туралы жазылған мақалармен танысып, мен де «уақыт иіріміне» түсіп кеткенмін ғой деп топшыладым, бірақ көңілге медеу тұтарым сол дәуірде қалып қоймай қайта қайтып келгеніме шүкіршілік етемін. Бүгінгі күні мені апарған таксист те, аталмыш уақиғаны еске алып, таңғалып жүрген шығар?

Сол кездегі аудандық газетті тауып алу керек еді, мүмкін қыздың болашақтың адамын көргені туралы естелігі де бар шығар? Расында өткен өмір мен болашақ өмірдің, қазіргі өмір арасын көзге көрінбейтін перде бөліп тұр-ау деймін. Мен сол өткен уақыттың бір иіріміне түсіп кетіп, өткен уақытқа саяхаттап келген шығармын деп отырмын. Мүмкін бір күндері болашақ уақытыма да сапарлап келермін, - деп Еркін бір жымиып қойып, әңгімесін одан әрі жалғастырды:

- Жуырда кеш түсе төсегіме жайлана жатып ұйықтап кеткенмін. «Гүлсін» деп шыңғырған дауыстан оянып кеттім. Қарасам бір әйел «Гүлсін» деп аңырап бөлмеме кіріп келе жатыр. Мен әйелге таңғала қарап қалдым. Басында ақ орамал, үсті-басы ақ матаға оралған, аққұба өңді, егде жастағы әйел екен. Бұл әйелді қайдан көрдім, - деп ойлағанша болған жоқ, ол менің ояу жатқанымды көріп, көзден ғайып болғаны. Ертеңіне болған жайды жұбайыма айтып едім «Е, көршіміз Гүлсін апайдың рухы шығар. Ол кісінің туған баласы жоқ жетім кемпір емес пе еді. Сенің намаз оқитыныңды білетін, мүмкін рухы сенен дұға тілеп келді ме екен?» деген соң, марқұмның аруағына дұға бағышылап, көңілім жайланды, - деді.

Ерсін Ерғалиев

Артымнан аңдыған мақұлық жүрегімді ұшырып өлтіре жаздады
Вагондағы жұмбақ қыз зәремді ұшырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу