Шебердің хикаясы

uzhasy_prizrak_25170.jpg

Түйіткілі шешілмейтін тіршілік. Ешқашан діттеген жеріне бір күш жеткізбейді. Он бес жасынан ағаштан ойып түрлі бұйымдар жасап жүрді. Өнер коледжіне суретшілік қабілеті жетелеп келсе де, ағаштан мүсін жасау баурап алды. Бұрын «компазиция» деп қағаз бетіндегі кескінін ұғатын. Қазір ол жұмысының этапы ғана. Эскиз сызу оған азап процесс. Ешқашан жасағанына көңілі толмайды, тегі. Қолына бір жыл бұрын керемет сапасы жоғары, тығыз ағаш түсті. Қыстың салқынын, жаздың ыстығын сезінсін деп томарды сақтап жүрді. Бір жыл уақыты болса да, не жасауға болатынын ешқашан сараптап көрмепті. Эскиз де сызбапты.

Қазір шеберханаға кіріп-шығуы азапқа айналды. Томарға жасырын құдірет жетелеп тұрады. Бірақ ол томарды оңды-солды пышақпен әрлеуге батылы жетпейді. Қылымсыған перілер де, жылтыңдаған серілер де мұны параллельді әлемнен қайтара алмайды. Мүмкін, реалист көзімен қарармын деді. Түк шықпады. Абстракция сиқырын жасамақ түгілі, иісі мұрнына бармады. Ішкені ірің, жегені желімге айналды. Көзін ашса да, жұмса да томар көз алдынан кетпейді. Ләйлісін аңсаған Мәжнүндей шабытты күтті. Шабыт дегенің Ақанның Құлагері екен. Бөлмелес «Бөрібай» кеп Құлагерінің шабысын желдіртіп балталайды да кетеді. «Қап, бәлем» деп қапыда қалып қояды.  Күз. Қоңыр салқын. Күңіренген аспан, табиғат, Шебер. Кенет жаны байыз табатын балалығының сарыны естілді. Есіне түсті. Бала кезінде ылғи Сыр бойында қозы жайып жүріп ұйқыға кететін. Түсінде  су бетіне кілем төсеген ақсақал енетін. Сұлбасы ғана енеді демесең, анық келбетін сипаттап бере алмайды. Картиналар еміс-еміс қана. Бірақ үн сиқырға ие, құдіретке ие бір әуен есітетін.  Әуен шыққан есікті қақты. Бөлмеде бір қауым ел отырса да есік ашылысымен көзі тек бір нүктеге қадалды. Ағаштан жасалған аспап апасының шөмішіне ұқсайды екен. Сөзге келген түр бергенімен, бар ынта-ықыласы қобызға ауған. Тиегі сүйектен жасалған сиқырдың үні параллельді әлемге жетелейді. Жеткізбейді әйтеуір.

Сол күннен бастап томардың құпиясы ашылды. Қобызшыға шала жансар томарды құшақтап көп барады. Ол пақыр да ұйқысын қиып тұрып «Бітпеген» деп ауыр күрсінеді. Шебер жиі мазалап күйшіні мезі етті. Сөйтті де қысқы демалыс басталып кетті. Күйшіні мыжғау Шеберден құтқарған да осы жайт болды. Мүгедек томарды құшақтаған Шебер Қызылордаға, ауылына қайтты.

«Қолымнан түк келмейді бүйткен өнері бар болсын. Оқымаймын!» деп қайырды. Еңгезердей тепсе темір үзетін жігіттің пікіріне ешкім қарсы шықпады. Қуанбаса, дарыны өлді деп жоқтау айтар ешкім болмады. Сұраусыз сорлы екем деп Шебер де қолын бір-ақ сілтеді. Елдің телевизор, үтік,мұздатқышын жөндеуге көшті. Жұрттың бәрі Шебердің есігіне ағылды. Енді шабытты күтіп азаптанбайтын болды. Тыныш ұйқы, тыныш өмір. Бұл тыныштық ұзаққа жалғасар ма еді?....

Қатты ұйықтап кеткен екен. Бетіне тарс етіп тиген шапалақтың табынан оянды.Қарсы алдында қария тұр екен.  Жөндеп жатқан магнитафоны өртеніп жатырғанын көзі шалды. Жылытқыш батареяға жақын қойғаны енді есіне түсті. Жалт қараса, манағы шал жоқ. Магнитафонның үстіне қалың жамылғы тастап жалынын басты. Бықсып жатқан қалыбымен далаға алып шықты. Сыртқы есіктің дәл тұсында аппақ үлкен ит тұрды. Көршілерінде мұндай иттің жоқтығын ойлап  кері шегінді. Есіктен суыт қырлай қараса ендігі ит жоқ екен. «Түсімде болып жатыр, мұның бәрі түс қана» деп қайта-қайта күбірлей берді. Маңдайынан суық тері бұрқ ете қалды. Жанған магнитафонды топыраққа көме салды. Орнына келді де, ұйықтап кетті. Оянса, айтса адам нанғысыз.. Магнитафон жылытқыш батареяның тұсында тұр екен. «Біліп едім, біліп едім» мұның бәрі түс қана деп Шебер отты айналған бақсыдай алақ-жұлақ әрекет етіп ыршып-ыршып секірді. Далаға шығып теемекі тұтатқысы келді. Сыртқа беттегені сол жүзіне қызған темір басқандай абдырап қалды. Есіктің алдында үлкен иттің ізі, жанында өз ізі жатыр екен. Қар бетіндегі ізді көргенде жүрегі аузына тығылды. Ізді қуалап барып еді,  өткенде ғана өзі лақтырған мүгедек томарға көзі түсті. Қолына алып, сарайға  қойды. Бірақ барлығы мұнымен аяқталмады.

Шебер Ақанның Құлагерін ерттеп мінуге айналды. Ағаш епке келді. Мүгедек томардан әжептеуір өзі көрген шөміштің пішінін шығара алды. Тарихи деректер ақтарып үнін келтіруге тырысты. Сүйегін таппаса да ағаштан тиек жасап дайын хәлге дейін жетті. Демалыс бітер уақытта ұста болу үшін емес, өткендегі оқиғаны ұмыту үшін Алматыға аттанды. Қобызды бөлмесіне ілді де жетім бұрышқа жұмыс іздеуге кетті. Шебердің бар ойы уақыт өткізіп, көктем ауа ауылына қайту еді. Епті қолдарымен барынша ауыр жұмыстар атқаруға тырысып ауыр жүк тасымалдауға бейім жүрді. Жұмыс пен жатақхананың арасында уақыт та зымырап өтіп жатты. Шал да, қобызз да, ағаш та ескі замандағыдай естен шыға салды. Бірақ, бір күні....

Күні бойы белгісіз месқарын байдың котеджінің ауласын тазалады. Аумағы үлкенірек болғандықтан жұмысын бітірем дегенші тізесі қалтырап, есі кіреслі-шығасылы күйге енді. Қисалаңдап бөлмесіне таяған Шебер сол күйді тағы естіді. Үнінің сиқыры бойын балқытып барады. Тылсым күш Ақанның Құлагері мерт болмай мәреге жеткендей сезім сыйлады. Албыртып сонда ұмтылды. Бұл жолы тоқтатып тастағысы келген.Естігісі келмеген бұл дауысты.  Алайда, ойлағаны жүзеге аспады.  Қобызшының тартып отырғаны өзінің мүгедек томары екен...

Е.Бөрі.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Көріпкел «ұлыңды шайтан түрткен» деді
  • Шебердің хикаясы
  • Қарғыс жайлы не білеміз?
  • Бастырылу, «ұйқы салы» немесе «кәрі мыстан синдромы»
  • Перғауындар қарғысы: Аңыз ба әлде рас па?