Шерхан Мұртаза. «Бір нәзік сәуле»

Oinet.kz 13-09-2020 2304

Келтесай разъезіне жолаушы пойызы бір-ақ минут аялдайды. Ал экспресс тоқтамақ тұрмақ, екпін бәсеңдетпей, жұлдызша ағып өтеді.

Бір нәзік сәуле

Хадиша ұзатылған қызының үйінде қыстай жатып, енді ауылына қайтпақшы болған. Қызы Жанат пен күйеу баласы Жекен:

– Әлі бола тұрсаңызшы, ауылыңызға барғанда не бітіресіз жападан-жалғыз,—деген.

– Е, шырақтарым, тірі адамның тіршілігі таусыла ма. Көктем болса шығып қалды. Көк сиырды Шалабай көршіге: «Әуелі құдай,одан соң өзіңе тапсырдым» деп кетіп ем, бұзаулайтын кезі еді, ол не болды екен? Шалабайы түскірдің қарасаны сүзеген еді, көк сиырды сүзіп бұзау тастатып қойды ма — қайдан білейін.

– Апам-ай, әйтеуір. Сол сиырды сатып жіберіп, біржолата келсеңізші, не бар қартайғанда жалғыздан-жалғыз. Бас ауырып, балтыр сыздамай ма екен,—дейді қызы.

– О, сорлы қар, мені аруақ атсын деп жүрсің ғой. Аруақтарды қайда қоясың? Сенің әкең бар емес пе еді, бабаларың бар емес пе еді? Олардың аруағы түтін шықпаған үйден безбей ме екен? Күйзелмей ме екен? О дүниеге барғанда мен оларға не бетімді айтам? О несі-ей! деген шешесі.

Содан Хадишаны қызы мен күйеу баласы Келтесай разъезінен пойызға шығарып салып тұрған. Шоқталдың тасасынан көк пойыз қырықаяқ жұлдыз құрттай ирелеңдеп шыға келді. Келтесайда билет тек жалпы вагонға сатылады. Сол жалпы вагонды іздеп Жанат пен күйеу бала әрі-бері алақ-жұлақ жүгірді. Жазғытұрымда жау алатындай барқыт шапан киіп, күндікті шалқайтып, шаңырақтай етіп ораған Хадиша қызының соңынан бір, күйеу баласының соңынан бір жүгіріп есі кетті. Ақыры жалпы вагон табылып, оның тұтқасына жармаса бергенде, пойыз жылжи бастады.

Күйеу бала қоржынды тамбурға лақтырып жіберіп, енесінің қолтығынан демеді.

— Ойбу, мына жаның шыққыр қайтеді-ей, — деді Хадиша пойызға ұрсып. — Тоқтай тұр-әй... Пастой!

Тәңірі жарылқап, тамбурда тұрған тәмпіш мұрын бір қара қыз кемпірдің қолынан тартып, ішке ендіріп алды. Хадиша пойызға ілінгеніне шүкіршілік айтудың орнына, бұрқылдап ұрсып жүр:

— Ойбу, мына жаның шыққыр қайтеді, сонша әкесі өлгендей асыққаны несі... Әй, Жанат, Жекен-ай, аман бол, айналайын, айналайын, қарақтарым әшейін, садағаң болайын, шырақтарым әшейін...

Келтесайдың қызыл кірпіштен соққан разъезі тағы бір топ талдыңтасасында қалды. Өзінің дауысын енді Жанат пен Жекен ести қоймайтынын Хадиша сонда барып түсінді.

Қызын қимай, тумаса да туғандай болған күйеу баласын қимай, көмейіне бір түйін тығылып, көзіне мөлтілдеп жас іркілді.

«Қал, қал» деп жалынғанда, неге қала қоймадым, деп өкінгенін байқады.

«Жоқ, — деді тағы да өзіне-өзі. — Қайтқаным дұрыс. Бір күн өтер. Ел бар, жұрт бар — жалғызсырамаспын».

— Апа, қайда барасыз?

Хадишаның тарс есінен шығып кетіпті. Әлгі өзін тамбурға қолынан тартып шығарып алған қызды мүлде ұмытып кетіпті.

— Құдай тілеуіңді берсін, сен болмағанда іліне алмайтын екенмін, — деді Хадиша бейтаныс қызға жалбаңдап, ризалығын білдіріп. — Борантауға барамын, шырағым. Өзің қайда барасың?

— Мен бе? — деп қыз өзінің қайда бара жатқанын жаңа ойлағандай дағдарыңқырап қалды.—Дана-Атаға барамын, апа.

— Онда Борантаудан ары кетеді екенсің ғой. Мына пойызы түскір Борантауға тоқтар-тоқтамастан жүріп кете ме деп қорқамын.

— Қорықпаңыз, көмектесеміз ғой,—деп күлді бейтаныс қыз.

Сөйтіп, Хадиша кемпірдің қоржынын көтерісіп, өз купесіне ертіп барды. Бір-біріне қарама-қарсы жайғасып отырысты. Вагонның терезесінен иір-иір ақбас тау пойызбен жарысып жөңкіліп жатты.

Осы бір басына бұйра бұлт қонып, атлас көк аспанмен аймаласып жатқан тау мына қызға көрген бір түстей ыстық, бірақ бұлыңғыр.

Неге ыстық — өзі де білмейді. Осынау таусылмас таудың бір түкпірінде өзінің шешесі жүргендей көрінеді де тұрады. Ал, тауы түскір сөйлемейді, тасы түскір сөйлемейді. Ұлы жұмбақ. Осы ма, осы жер емес пе? Осындай көлбеңдеген тау ма еді, сағым ба еді? Темір жолдың бойы сияқты еді. Өйткені анасының арқасында ұйықтап келе жатқанда паровоздың қышқырған даусынан шошып, жылағаны есінде. Шешесінің өзін көтеріп келе жатқаны анық. Оны біледі. Онан кейін сол шешесінің арқасында келе жатып тағы ұйықтап кеткен болуы керек, арғысын білмейді. Содан соң апатайын көрген емес. Содан бері талай жыл өтті.

Әке-шешең бар ма, қарағым?—деді Хадиша.

– Білмеймін. — Қыз иығын қиқаң еткізіп күлер-күлмес езу тартты.

«Білмегені несі? Дені сау ма өзінің?» — деді ішінен Хадиша. Бірақ дауыстап:

Білмеймінің не?—деді. — Өзін қайдан келесің? Үйің бар ма?

Қыз төмен қарап, терезенің жақтауын саусағымен сүрткілей берді. Хадиша сонда байқады, қыздың әдемі мойыл көзіне жас толып, шүпілдеп тұр екен.

«Қу басым, қарап отырмай, байғұстың жарасын қасып алдым ба?»

— Мен детдомда өстім, апа,—деді қыз енді езу тартпақ болып.

— Е, байғұс-ай, — деді Хадиша көңіліне келеді-ау деп ойлап жатпай. Сонан соң есіне бірдеңе түскендей, лезде қатқыл үнмен, жұлып алғандай:

— Қай жердің жетімханасы?—деді.

— О, апа, көп. Дана-Атада да болдым, Жасылкентте де болдым, Мәуеліде де болдым. Көп...

Хадиша енді мына қызды жаңа көргендей, ежірейе қарап:

— Атың кім?—деді.

Қыз бұл сұраққа жауап бергісі келмегендей, қасын көтеріп, сызданыңқырап қалды да, үлкен кісінің сауалын жауапсыз қалдырмастан:

— Валя,—деді.

— Тек, «Бәлесі» несі?!

— «Бәле» емес, Валя,—деп күлді қыз.

— Жетімханада орысша боп кеткенсің ғой, әйтпесе әке-шешең қойған қазақша атың бар шығар?

Ши барқытты үстіне қабаттап кие берген мына кемпір енді Валяға ұнамай қалды. «Әлгінде мен болмасам, пойызға ілінбей де қалар еді, енді өктем-өктем сөйлеуін»,—деді ішінен.

Ал, Хадиша қызға сұқтана қарағанын қоймады. Валя мұнысын ұнатпай терезеге бұрылды. Басына шарадай ақ шаңқан күндік ораған мына кемпір қадалып қарай берген соң: «есі дұрыс па өзінің?» деген күдік те келді.

Валя шыдай алмай орнынан тұрып кетті. Вагонның қарсы жақ терезесіне барып, әйнекке бетін басып Шақпақтау жотасынан ары аспанға найзадай шаншылған Алатауға қарады. Жүрегі дір етті.

Пойыз Шақпақтаудың биігінен еңіске қарай еңірей жөнелді. Хадиша ши барқыт бешпентінің қалтасынан папирос алып, коридорға шықты. Шылымды тұтатып, сөнген шырпыны шишақпақтың қорабына қайта салып қойды.

«Кемпір басымен темекі шегуін»,—деді қыз теріс айналып.

Хадиша қызды иығынан тартып, өзіне қаратып алды.

— Әй, Бәле.

— Бәле емес, Валя.

— Уәлия болсаң бола ғой. Кемпір басымен шылымы несі деп тұрсың ба? Герман соғысынан бері тапқан өнер ғой. Қазір Борантауға келеміз. Біздің Өжетте Зуайда деген кемпірдің баяғыда жетімханаға өткізген қызы жоғалып кетіп еді. Сен сол емес пе екенсің деп келемін. Бірақ оның аты басқа сияқты еді.

— Менің шын атым белгісіз, — деді қыз жұлып алғандай. — Валя деп детдомда қойған. Зуайда, Зуайда... Естімеген сияқтымын.

— Зуайда байғұс анау бір жылы қызын Дана-Атадағы жетімханаға апарып өткізген екен, қайтып барса — басқа қалаға ауыстырып жіберіпті. Содан көз жазып қалды ғой. Тірі болса, сен сияқты бойжеткен шығар.

— А, сіздің ауыл қайда?

— Біздің, «Өжет» пе? Мына таудың етегі ғой. Борантаудан ровнай он шақырым. Осы сен біздің Зуайда бәлеге ұқсайтын сияқтысың-ей?

«Құдай-ау,—деді қыз,—шынымен осының сандырағы келсеші».

– Әй, Уәлия,—деді кемпір папиростан соң даусы ашылғандай саңқылдап. – Осы сен шайтан біздің Зуайдаға ұқсап бара жатқан сияқтысың. Ода жас кезінде сендей қарадомалақ еді. Қазір ұрысқақ қара кемпір болды ғой. Сен әдірісіңді жазып берсеңші, Зуайда сені өзі іздеп барсын. Можит бить, соның жоғалып кеткен қызы шығарсың. Бірақ оның аты басқа сияқты еді...

Қыз тағы да тау жаққа қарады. Таныс сияқты. «Қашан көріп едім деді. Әлде жай елес шығар. Еш уақытта мұндай тау көрмеген шығар. Қиялда не көрмейсің, қиялда бұдан да биік таулар болады. Ал анасы маска киген адам сияқты. Бет-аузы ақжаулықпен шандулы ма еді — еш белгі есінде жоқ...

– Апа, мен сізбен бірге барамын «Өжетке»,—деді Валя.

Хадиша сенерін де, сенбесін де білмей, қыздың бетіне бағжия қарап сәл тұрды. Сонан соң:

– Алда, айналайын-ай, сағынған екенсің ғой, — деді.

* * *

Олар Борантау разъезіне түсіп, «Өжетке» баратын көлік қарастырып еді, ештеңе табылмады.

– Апа, он километр деген не, жаяу кете берейік, қоржынды маған беріңіз, — деді Валя.

– Алда, айналайын-ай! Түңілмеген екенсің ғой. Соғыс басылғалы қанша жыл — мен де түңілген жоқпын. Біздің үйдің қожайыны кеткелі қашан! Әлдеқашан сүйегі қурап қалды ма дейін десең— көз көрген жоқ, көңіл суыған жоқ. Можит бить, тірі шығар...

Разъездің қызыл үйі — айдарлы әтеш сияқты.

Айналасын қоршап шоғырлана қалған аласа ақ үйлер — ақ мекиендер артта қалды. «Өжетке» қарай бұралаңдап, сайға түсіп, сайдан шығып қара жол жатты.

Сайлардың бетегелі бұлымдары бір жері тақыр, бір жері ашаң жасыл — тозған доқабадай. Бәйшешек жұмыртқа жарып шыққан балапандай қайдан, қайда келгенін біле алмай, аң-таң қалып тұрған сияқты. Қартаң құлақтың жапырағы тырбиып-тырбиып, өлерменше тырысып, өзге шөптің ерісін тарылтып, жайылып барады екен.

Аспанда бозторғайлар, төскейде тракторлар бір-бірімен айтысып тұрған кез екен.

Көктемнің саумал ауасы тынысын кернеп кеткендей, Валя түшкіріп-түшкіріп жіберді.

— Аққұш жәрекім-Алла!—деді Хадиша. — Қоржын дауай, сен шаршаған, қызымкә.

Лимон түстес сары көбелек бұлардан озып та кетпей, қалып та қоймай, қапталдасып, қалт-құлт етіп ұшты да отырды. Анасын іздеген адамға жол көрсетіп, серік болғысы келгендей.

Сайдың қабағында қарындары шеңбірек атып, желіндері жер сызып, сиырлар жайылып жүр екен. Жүні әлі түспеген жүдеу көк есекке мінген бақташы разъезден жаяу келе жатқан екі әйелге көзін қолымен көлегейлеп көп қарады.

«Осының бәрін мен бір кезде керіп ем,—деді қыз өзіне-өзі. — Мына шарбы бұлтты, көгілдір аспанды, мұнарлы биік тауды, қылтиған бәйшешекті, маңқиған сиырларды, терең сайларды бұрын бір көрген сияқты. Сірә, түсінде шығар?»

Қыздың кеудесі дүрсілдеп. әлгі «Өжетке» тезірек жеткісі келді.

Қодас жүнді көк есек мінген бақташы тымағын баса киіп алып:

— Оу, Хадишамысың? Ат-көлік аман ба?—деді. — Көк сиырың бүгін-ертең бошалайды-ау, сірә. Қасыңдағы қай бала?

— Бұл — баяғы Зуайданың жоғалып кеткен қызы көрінеді.

Бақташы енді тымағын жоғары көтеріп қойып қарады.

— О, айналайын,—деді,—тірі, бар екенсің ғой. Қайран, Мәмбет жәкемнен қалған жәдігер екенсің ғой.


«Мен бір кезде бұл шалды да көргенмін»,—деді Валя.

— Зуайданың баяғыда жоғалып кеткен қызы табылыпты, Хадиша алып келе жатыр екен,—деген хабар «Өжетке» лезде жетіп, тарап кетті.

Зуайданың үйіне кемпірлер мен балалар толып қалды. Зуайда қызын көрмей жатып аңырады-ай дейсің.

— Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды ма, жұртым-ау! Айналайын, Шәмшия-ау, адасып қалған анаңды ақыры таптың ба, құлыным?!.

— Е, байғұс, қайтсін,—деді кемпірлер.

— Ойбай-ау, қызының аты Шәмшия ма еді?

– Апыр-ай, ұмытып та қалған екенбіз ғой.

Валя өзіне құшақ жая, көзін тарс жұмып алып, аңырап келе жатқан ақ кимешекті кішкентай қара кемпірге қарап состиыңқырап қалды.

Кемпір келіп, бас салып, қос иығынан айқара құшақтап, бетіне бетін тақап, теңселіп бір тұрды дерсің. Оның көзінен домалаған жас мойнына тамғанда, Валяның да көңілі босап, өксіп-өксіп жіберді.

Хадиша мақтанып, папирос алып тұтатты.

–Жанаттың апасы-ау, қайдан таптың бұл қызды?—деп абысындары жабыла сұрап жатыр.

Хадиша қалай тапқанын қайталап шыққан. Бұл кезде көзінің жасын сүртіп, жылауын қойған Зуайда бір сәт Валяға үнсіз түйіле қарап тұрды да, жүгіріп барып қыздың басындағы жасыл ала үшкіл орамалды жұлып алды. Адамдар аң-таң. Валя да сасып қалған. Зуайда оның қырқылған толқын қара шашын саусағымен ары-бері ашып көріп, басынан күдікті бірдеңе іздегендей тінткіледі.

Зуайда сәлден соң қолын кимешегінің астына жасырып, төмен қарап күбіжіктеп қалды.

– Бәсе қайдан болсын, – деді кемсеңдеп.

– Әй, ау, мұның не? — деді Хадиша.

– Менің Шәмшияның төбесінің оймақтай жері екі жасында отқа күйіп қалып еді-ау...

– О, тұқымың құрымасын, тұқымың құрымағыр. Жұрт балшықтан бала жасап ала алмай жүрсе, бауырыңа келіп тығылған қызды кеудесінен итергенің не, сорлы! Әй, Уәлия, жүр бері, шеше болмай қалсын, бұл шешек алғыр Зуайда!

Хадиша Валяны қолынан жетектеп, қыстай құлыптаулы тұрған үйіне қарай асыға адымдады. Асықпаса, адасып барып тапқанынан айрылып қалатындай.

Шерхан Мұртаза. «Сол бір күз»
Шерхан Мұртаза. 41-жылғы келіншек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу