Бұқар жырау: Айналасын жер тұтқан

Oinet.kz 23-08-2020 813

Screenshot_2.jpg

Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе таусылмас

Көл суалмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз:

Жарлы байға тең келіп,

Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.

Жалғызды жалғыз демеңіз:

Жалғыз көпке теңеліп,

Бір жапанда соғысып,

Кегін алмас демеңіз.

Құландар ойнар қу тақыр

Қурай бітпес демеңіз.

Қурай бітпес құба жон

Құлан жортпас демеңіз.

Құрсағы жуан боз бие

Құлын салмас демеңіз.

Қулық туған құлаша

Құрсақтанбас демеңіз.

Қу таяқты кедейге

Дәулет бітпес демеңіз.

Бұқар жырау: Мінген атың арыса
Бұқар жырау: Алтын, күміс байда бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу