Құралайдың салқыны (әңгіме)

Oinet.kz 05-08-2020 853

image.png

Биылғы көктем жаймашуақ басталған сияқты еді. Табиғаттың төл баласы «Құралайдың салқыны» ерекше мінез танытты. Семейден жаңбырлатып шыққан пойыз желге қарсы айғыр жалын сілкіп, анда-санда кісінеп, кейде жол жорғасына салып, Астанаға қарай тартып келеді. Әуелі билет купеге алынған еді, бірақ перронда төбемізді көрген ағайындар: «Бауырым, бізге қарағанда жассың ғой, құдалармен келе жатыр едік. Біздің орын плацкартта. Сол орынға барсаңдар» деп өтінген соң, еріксіз кішілік танытып әрі ежелден Семейдің тәрбиесін көргеніміз бар, ағайындармен орын алмастырдық. Әуелі төрт жігіт едік. Бәріміз тегіс «плацкарт» деген есік алды кеңдеу вагонға ауыстық. Алғыс жаудырып, құдалар «купеде» қалды.

Бізді иығына мінгізген пойыз, омыртқасы солқ-солқ етіп зулап келеді.

Семей де қазақтың иісі сіңген қала. Адамдары ақкөңіл. Бағана төртеуміз бір купеге кірген сияқты едік. Мұнда келісімен әрқайсымызға бөлек-бөлек орын бұйырды. Дәл менің алдымда көзі мойылдай, белі қиылған, бүлдірген ерні дүрдиген, ұзын кірпіктері анда-санда жыпылық-жыпылық етіп бір қыз кітап оқып отыр екен. Кітаптың сыртқы мұқабасын А-3 қағазымен мұқият тыстап қойыпты. Әуестік жеңе бастады.

– Чоң қыз, кімнің кітабы? – деп сұрадым.

– А, сіз қырғызсыз ба? – деді. Мен «иә» не «жоқ» дегенімше болған жоқ.

– Сіздердің елдеріңізде елшілікте қызмет жасаған, біздің сүйікті жазушымыз Рахымжан Отарбаев ағамыз биыл қайтыс болды, – деп күрсінді.

Осы кезде күн күркіреп, терезені ұрғылап жаңбыр үдей жауды.

Мен терезеге бұрылып кеттім. Тамағыма өксік тығылды. Жаңбыр жерді сабалап, жауып жатыр. Вагон іші жаңбыр шуылы. Айнала боз тұман. Ой. Ой. Ойлар...

Етек-жеңі суға малшынған пойыз зулап келеді...

Раха... Рахымжан аға... Ағатайым менің! Сіз бен бізді сонау 80-жылдардың басында қазақтың талантты ақыны Әбіш Қайранов таныстырған еді ғой. Сол бір әдемі отырыс. Қамалы бұзылмайтын достыққа ұласатынын білмедік. Рахаң мінезі сырт көзге «қанжығасы қатты», тарпаң көрінгенімен іші дархан, құшағы кең қаламгер.

Пойыз зулап келеді. Төңірек қалың тұман, қар аралас жаңбыр анда-санда бүркіп алады. Жанындағы жігіт «боковойдағы» қызға орын берді. Ештеңе айтпастан, менің оң жағыма келіп жайғасты. Демек, көршіміз. Неге екенін білмеймін, Рахаңның классикалық «Төбелес» деген әңгімесін ойлап кетпесім бар ма?

Қайран Рахаң, арманда қалдырдыңыз ғой... Бізді де, оқырмандарыңызды да өкініште қалдырдыңыз ғой. Сонау Әбіш Қайранов таныстырған күннен бастап сізбен дос болып кеттім ғой. Сізді «Ағатай» деп сыйладым. Мұндай ауыр жағдайлар басымнан бұрын да өткен. Енді, туған ағамдай болған сізден айырылу оңай дейсіз бе? Соңғы рет телефон шалғаныңызда: «Пекинге ұшып бара жатырмын. Келісімен сенің үйіңе барып, жақсылап әңгімелесеміз. Талғатжан, аққөңіл бауырымсың ғой. Романыңды бітір. Өзім шығарып беремін» деген еді.

Амал қанша, біз жерде жүрміз. Сіз аспандасыз... Тым-тым алыстасыз. (Осы кезде пойыз бір ышқынып алды). Менің ойыма сонау бір жылдары Атырауға барған сапарымыз еске түсті. Біз үш адам Атырауға арнайы қонақ болуға барған едік. Өзіңізді туған ағасындай жақсы көретін Анар Кабдуллина, екінші серігім жас та болса, көп істің басында жүрген талантты қазақ Қуат Ахметжанов. Осы жерде сәл шегініс жасай кетейін. Рахымжан ағам телефон шалды да: «Қазір жігіттер звондайды, телефон шалады. Ұшаққа билеттеріңді алып береді» деді. Мен болсам: «Ағатай, әуре болмаңыз. Бізге пойыз да жарайды» деп үшеуміздің атымыздан шешім қабылдап жібердім. Ондағы ойым қазақтың кең даласын мүмкіндік болып тұрғанда, еркін пойызбен тамашалау еді. Оның үстіне «тальго-люкс» керемет емес пе?! Тек жолда Қуат бауырым: «Ұшаққа билет алғызбадық па?» деп күңк еткені болмаса. Сонымен жол үстіндеміз. Әрқайсысымызға жеке-жеке купе бұйырды. Өзіміз қожайынбыз. Ешкім мазаламайды. Бір шәугім шайды ортаға қойып, әңгіме шертеміз. Анар жан-жақты, білімді. Рахаңның шығармасын, творчествасын бес саусақтай біледі. Қуат болса, маған алғысын жаудыра бастады. «Аға, - дейді, - егер де сіз болмасаңыз, Рахаңды бұрыннан білемін ғой, бірақ бұл кісіні тереңірек талдап, оқуға уақытым да болмас еді. Бұл шындық. Рахмет сізге, Талғат аға!».

Қуатжанның осылай алғыс айтуына болмашы ғана себеп болып еді. Бір күні Қуат алдын-ала телефон шалып, үйге келді. Аға, сіздің «Олар екеу еді» деген шығармаңыз бар еді ғой, соны маған беріңізші, мен бір аудио кітап оқығым келіп жүр дегені. Аз-маз ойландым да, алдында ғана Рахымжан ағамның қолтаңбасы қойылған, өзіме ұсынған кітапты алып: «Қуатжан, рахмет ниетіңе, бірақ, мен әлі қалыптаспаған жазушымын. Қалың оқырманға классиктермен шыққаның дұрыс болар. Мына Рахымжан ағаңды оқысаң болар еді», - деп қолына ұстатып жібердім. Содан бір күні, қазір компьютердің мүмкіндігі мол ғой, сарт етіп поштама Рахаңның «Актриса» деген әңгімесі түсті. Оқыған –өзіміздің Қуат Ахметжанов. Бір кезде Анар звондайды: «Аға, Қуаттан пошта келді, мен сізге жіберейінші. Керемет, керемет!» деп. Өзі қатты толқып тұр. Сонымен, «Актриса» интернет арқылы көпшілікке тарай бастады. Рахаңа жібердік. Жауап жоқ, үн-түнсіз. Ұзақ күттік. Қуат екеумізден маза кетті. Дегенмен, жасым үлкен ғой, үлкендігіме салып: «Қуатжан, алаңдама. Мен білетін Рахаң болса, ренжи қоймас», - деп жұбатқандай болдым. Сөйтіп жүргенде, бір күні таң атпай Рахаң өзі звондап:

– Талғатжан, амансың ба? Қуат Ахметжанов деген кім? – деген кезде шошып кеттім.

– Ол-о-л менің бауырым ғой, аға! – деп сасқалақтап жауап бердім.

– Керемет жігіт екен! Маған өте ұнады! Нағыз кәсіпқой, шебер жігіт екен! Маған телефонын жазып жіберші, өзім сөйлесейін, – деді.

– Ағатай, ағатай! Сізге ұнады ма? – деп сасқалақтап жатырмын.

– Ұнағанда қандай, нағыз мастер! – деді Рахаң.

– Ух, – деп маңдайымдағы суық терді сүртіп ойланып отырып қалыппын. Алдында ғана Қуатқа:

– Рахаңнан таяқ жесек, бірге жейміз, – деп айтып қойып едім. Өзіммен-өзім жазу столында қанша отырғанымды білмеймін, телефон шырылдады. Қуат екен.

– Аға! – дейді аңқылдаған бауырым. – Жаңа маған Рахымжан аға звондады. Ризашылығын білдіріп жатыр. Алдағы уақытта «Бірге жұмыс жасайық» деген ұсыныс айтты. Қуана, қуана келістім. Мұндай классик жазушымен жұмыс істеу бақыт емес пе?!

Мен одан бетер қуандым. Біріншіден, Рахаңнан сөз естімей, қайта алғыс алғаныма, екіншіден, қазақ прозасының миллиондаған аудиторияға жететініне қуандым. Осылай арада екі ай өтті. Бір күні өзіміздің сүйікті қарындасымыз Дана Нұржігіт жүргізетін «Дара жол» бағдарламасынан қыздар хабарласты: «Осылай да, осылай Рахымжан Отарбаев түсетін «Дара жол» бағдарламасына шақырамыз» деп. Қыздың дауысы осындай әсерлі болар ма?! Толқып-толқып кетті жүрегім. «Қуанған мен қорыққан бірдей» дегендей, Рахаңа телефон соқтым. «Он всегда не в зоне обслуживания».

Сәрсенбінің сәтті күні студияға баратын болдық. Қуат екеуміздің бар сенетініміз - Анар. Бұл қарындасымыз әдебиеттің жілігін шағып, майын ішкен. Өте талғампаз сыншы. Студияға барғанда, Рахаң алдымыздан шығып, құшағын жайып қарсы алды. Сонымен, «Дара жол» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарламада ағамыздың жазушылық шеберлігімен қатар, адамдық болмысы айтылды.

Айтпақшы, Атырау сапарына оралайын. Атырауға барғанымызда театрдың жігіттері қарсы алды. Ол жақта Ақжайықтың екі жағы: Азия және Европа   болып екіге бөлінеді екен. Керемет қала. Ұлылар мекені – Бейбарыс сұлтанның, Махамбет пен Исатайдың, Фаризаның, Жұмекеннің еңселі ескерткіштері қалаға көрік беріп тұр. Біз «Қазақстан» қонақ үйіне орналастық. Дастархан басына келсек, композитор Илья Жақанов, режиссер Есмұхан Обаев, атақты актер Асанәлі Әшімов, танымал заң қызметкері, қазір зейнеткер болса да, журналистер арасында өзінің танымы мен біліктілігін көрсетіп жүрген Ирак Елекеев бастаған Мәскеу, Қырғызстан, Татарстан ақын-жазушылары отыр екен. Анар, Қуат үшеуміз сол топқа қосылдық. Ертеңінде театрдағы мерекеден кейін Рахаңның 60 жылдық мерейтойы басталды. Бүкіл республиканың игі-жақсылары дастархан басына жиналды, әрине, жаңағы айтып кеткен қонақтар да бар. Содан үш күн ойын, үш күн тойын жасап сыйымызбен біз де кері қайттық. Сол жолғы сапарда «Иманғалидің қолтаңбасы» деген мақала жазып қайттым. Осы жерде Рахаңның ұлы Ермерейдің кісінің көптігінен үлгермей жатқан даяшыларға көмектесіп жүргенін өз көзіммен көріп, кәдімгідей риза болып қалып едім. Екі иығынан құшақтап қалсам, денесі кәдімгі спортшылардай қап-қатты, шымыр екен. Тіл-көзден аман болсын, айналайын бауырым, Ермерей!

Пойыз тоқтады.

Павлодар. Кеш. Қараңғы түсіп қалған уақыт. Ойыма Рахаңның сонау Монғолия жеріндегі Баян-Өлгейде тұратын, талантты ақын Рахмет Сұрағанға отбасымен бара жатқанында, маған телефон шалғаны түсті. «Аға, байқап жүріңіз» дегенімде: «Рульде Ғабит бар ғой» деді өте сенімді үнмен. Расында, Ғабит Молдамұратовты баспа саласында жүрген азаматтардың бәрі сыйлайды, қадірлейді...

Орнымнан қозғалмай жаттым. Бір кезде көзімнің қиығымен ақырындап қарасам, жанымдағы сұлу қыз танауы пыс-пыс етіп кітап оқып отыр екен. Ішімнен ойладым: «Рахаңның қай әңгімесін оқып отыр екен?».

Дабырлаған елдер кіріп-шығып, адамдардың әрі-бері жүрісі басылған кезде, пойыз орнынан ыңыранып қозғалды. Бағыты – Астана-Нұрлы жол. Пойыздың өкшесі тық-тық етіп, Ерейментауға да жеттік-ау! Кірпігім ілінер емес. Жанымдағы қыз әлі кітап оқып отыр екен. Терезеден далаға қарасам, «Құдай-ау, үскірік, боран...» Қалғып кетіппін. Бір кезде жолсерік: «Астана! Астана!» деп әркімге ескертіп, төсек-орын жабдығын өткізуді хабарлады.

«Нұрлы жолға да» жеттік. Бәріміз қол жүгімізді жинап, түсуге есікке беттедік. Жолаушылар шығып жатыр. Құдай-ау, таң атпастан адамның қарасы мұндай көп болар ма? Сапырылысқан жолаушылар, күтіп алушылар.

Не деген суық? «Құралайдың салқыны...»Қар ұшқындап, суытып-ақ тұр. Аралас жаңбыр. Суықтан бойым тітіркенді. Менің ішімде не жоқ дейсің? Алапат өрт бар ғой, ағайын-ау! Кімге айтам? Кім тыңдайды бұл сөзімді? Жүрек түкпірінде жатыр ғой. Менің ішімде ат басындай шер жатыр. Қозғалып кетсе, жанымды қуырады, шыжғырады. Ең әуелі ұлы ұстазым Оралхан Бөкеев, талантты ақын Нұрлан Мәукенұлы, жап-жас Рүстем Есдәулетов, қарағайдың қарсы біткен иір бұтағындай Дидахмет Әшімхан, қара сөздің шебері Рахымжан Отарбаев. Ары қарай созбай-ақ қояйын. Осы аз қайғы ма? Аз мұң ба? Аз сағыныш па? Беу, дүние-ай, жер басып жүрген адамның қайғы-мұңы іште қоламтадай маздап жатады екен-ау. Осындайда әлсін-әлсін сырт көзге білдірмей, от болып жанып, ішті күйдіреді екен-ау!..

Жоғарғы қабатқа шығып, буфеттен ыстық кофе ішіп отырып жан-жағыма қарадым. Ығы-жығы адам... Олар  - Рахаңның кейіпкерлері еді. Жаныма плацкартта бірге келген қыз да келді.

– Аға, жаңа интернеттен көрдім, сіз де жазу жазады екенсіз ғой? – деп сұрады.

– Ия, ептеп қағаз шимайлаймын, – дедім. Ол ақырын жымиды да:

– Сіз Рахымжан Отарбаев ағамызды танушы ма едіңіз? – деп жол бойы оқып келе жатқан кітабын ұсынды.

Кітапты қолыма алған едім, оның сондай жылы, сондай жүрекке жайлы тимесі бар ма? Өйткені, бұл біздің Рахаңның, классик-жазушы Рахымжан Отарбаевтың кітабы ғой... Қарындасыма ризалықпен қарап, көңілім өсіп қалды. Жастар жақсы бір дүниені бәрібір қай уақытта, қай заманда болсын іздеп табады екен, – деген ой басыма келе қалды.

Ал далада Құралайдың салқыны ұрып түрды...

Талғат Кеңесбаев

Қуаныш Жиенбай. Жауапсыз сұрақтар
Шірікбай шишкәр (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу