Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Қақтығыста

Oinet.kz 20-10-2020 2557

Абай жолының" қысқаша мазмұны. III том, V тарау - "Қақтығыста" - YouTube

Әбіш биыл да жазғы демалысқа елге қайтқан. Бірақ бұл жаз соншалық басқа, бөтен. Бала шағынан бері елге келіп жүріп, дәл қазіргідей жүдеу жүз, жадау көңіл аға-бауырын, ауылын да білген жоқ-ты.

  Бұл елдің қазіргі жайлауы да Шыңғыстың сырты емес. Салқын белдер, ұзын аққан өзен-бұлақтар, көгорай шалғындар да жоқ.

  Ауылдар алыс жайлауға шықпай бауырда, Ералыда қалыпты. Әбіштің келген кезі июльдің басы, жаз ортасы болғандықтан, кең жазықтың тықыр көгалдары тапталып қалған. Айнала атырапқа көз салсаң, сарғыш көде, бетеге басқан реңсіз дүние мол жатыр.

  Сол көрініс те осы өлкеде отырған көп ауылдың мынау жаздағы жабырқау ажарына сай келгендей.

  Алғашқы үш күн бойында әкесінің қасында болған Әбіш, қазір Абайдың да үлкен уайымда екенін көрді. Бір Абай емес, биылғы жыл осы отырған бар ағайын, көп ауыл тегіс қаралы. Себебі, өткен қыстың бас кезінде Оспан қайтыс болған.

  …Өлім кешіріммен келеді. Қайтыс болған адамның жақсылығын ғана айтқызып, айып-міндерін ұмыттырады. Бірақ осымен аралас Абай ойына жанасқан күдік те бар. Ол әлеумет азаматы болған ақын Абайдың өзіне де, алыс-жақынға да сынмен, әділ талаппен қарайтын ойынан туады. Сонда Оспан екі алуан боп ойға келеді. Кесек, бірбеткей, қайратты жан еді. Жасынан ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі кетерлік, берілген бетіне барымен ауатын тұтас бітімді. Дүниеқорлығы, сараңдығы жоқ, дос болған адамына ақкөйлек ашық. Өзге көп туыстың оған теңелері жоқ. Оларды ойласа Абай, әсіресе Оспанды жаңағы жақтарынан жоқтай түседі.

  …Әбіш келгеннен бері Ералыға екі күндей мол бата оқыршы тобы келді. Абай екі күн ұдайы Оспан үйінен шықпады. Әбішке де осы үйде отырып, аға зарын мұң етуге ұйғарғандай. Бұл күндерде Әбіш әкесіне де ұзақ-ұзақ қараушы еді. Сақал-шашының ағы биыл айқындап молая түскен Абайдың қазіргі мінез әдетінде де өзгеріс байқалады. Ол бүгінде өте аз сөйлейді. Осы қазаның салдарынан ұзақ жалғыздық ойына кеткендей.

  …Жылап келген бата оқыршы ағайын қасында әрі өзі отырады, әрі Әбішті де осы жұрттың ортасында, Оспан үйінде көбірек отырғызады.

  Тек үшінші күн кешке жақын Әбішті Оспан үйінен Дәрмен ертіп, көп ішінен жарып алып шықты.

  …Оңаша шығысымен Дәрмен осы жайды бастай бергенде, Әбіш өз ойында жүрген ең соңғы, ең мазасыз жарасын ескергендей, шұғыл өзгерді. Бар қабілеті, қалпымен тұтас қана Дәрменге бағынып, тыңдап қапты.

  – Біз сені Абай ағама, бәрімізге ем әкеледі деп күткеміз, Әбіш. Өзіміз ауыр уайымын сейілте алмай қойдық. Бұндағыға қуат бер. Мен саған осыны әдейі айтайын деп ертіп шықтым! – деді.

  Әбіш бұл сөзге көп шешіліп, жауап берген жоқ. Сөйлеп келе жатқан Дәрменнің жүзіне көлденеңнен жиі қарап, оның шыншыл түсіне ұната қадалды. Жылтыр қара қасты, үлкен көзді, кесек қырлы мұрынды Дәрмен – анық сұлу жігіт. Қазір жүріс үстінде толқынып сөйлеу себебінен өң-ажары ақсұрланып, қылаңдана түскен. Ашық маңдайында, кесек мұрнының жотасында және екі бетінің ұшында жылтырап білінген сүйкімді шұғыла бар. Бұл рең де Әбіш көзіне өзгеше жарастықты көрінді.

  …Осы күні кешке ымырт жабылған соң, Абай өз ауылына кеп, аттан түсті де, Әйгерім үйінің киіз есігін көтеріп ашты. Үй іші қараңғы екен. Ешкім белгі бермеді. Тыста да Абайдың атын ұстап, алдынан шыққан кісі болмаған.

  Абай қараңғы үйдің ішіне бас сұғыңқырап тұрып:

  – Әйгерім?! – деді.

  Сол сәтте үй ішінен төсек жанынан сергек қозғалып, Әйгерім жауап қатты.

  – А-а-б-а-й! Сізбісіз! Аба-ай! – деген үні соншалық бір оқыстан қуанған белгідей. Жіп-жіңішке әсем дауысы барынша жақын леппен жан тартқандай, ыстық көрінді.

  …Жастар келгенше Абай кітаптың ашулы бетіне жиі қарап отырып, жазып жатыр еді. Соңғы бір ауыз өлең өзін қатты қобалжытты. Шабытты толқын қозғау салып, құбылып құйылғандай:

…Кім білер жабырқаңқы жазған сөзім,

Жібермей көп тоқтатар оның көзін!

Жолаушы жол үстінде тамаша еткен

Секілді, өткен жанның бір күмбезін…

  Күндіз жастарға айтқан сыр қиялдың бір тарауы осылайша Байрон, Лермонтов үндеріне сай келумен шыққандай. Батыл дауыс пен қатқыл үн тастамады. Қоңыр кеште баяу қоңыр, мұңды саз сәл шертіліп басылды. Болашақтың оқушысына емеурін арқылы сыпайы, сараң сәлем жолдағандай. Онда да сезімтал, танығыш, ойшыл оқушымен «жабырқаңқы сөз», «күмбез» деп елес беріп, тартынып тілдескендей.

  Жастар бұл үйге қалың тобымен, тыстағы әзіл, дабырымен сергек ажар ала кірді.

  Абай олармен араласа отырып, Әйгерім қолынан шай ішті. Соңғы жыл дағдысы бойынша, ол шайды аз ішетін. Павловтың жүрек қамында, саушылық жөнінде айтқан мәслихатынан бері Абай сұйық асты аз ішуге тырысатын. Әсіресе шайшыл әдетінен өзін-өзі тежеп жүретін.

  …– Жә, шырақтар, мен бүгін сендердің алдыңа өзіміздің ағайын-туыстың жаңа бастап отырған бір сәлем сөзін салмақшымын. Бүгін таңертең маған Есіргеп келді. Оны жіберген Тәкежан мен Ысқақ. Менің бір аға, бір інім. Екеуі менен оңаша сөз байласып, енді мені де ақылына алмақ болып отыр! – деп Абай біраз бөгелеңдеп қалды.

  Кәкітай өз әкесі Ысқақтың аты Тәкежанмен қатар аталғанда, Абайға ауыр ренішті жай бар ма деп қысылып еді. Ол өзі Ысқақтан туғанымен, Абайдың тәрбиесінде өсіп, туған баласындай боп кеткендіктен, Ысқақтың сөзі, ісі, мінезі болса, барлығын да ең әуелі Абай көзімен қарап бағалайтын. Әке-шешемен аз араласады. «Абайға жайсыз мінез Ысқақ жағынан ғана тумаса екен» деп үнемі іштей күдікте, сезікте жүретін.

  Абай өзінің бөгелісінде Кәкітай жүзінің қысылған өзгерісін бақты да, оны тыныштандыра сөйледі.

  – Әнеугі жатақтың шатағына жалғас, тағы бір бықсыған араздық, жаманшылық сөзін бастай ма деп ем. Сөздері орынсыз емес сияқты. Үй ішінің, осы ауылдың ортақ ісі болғандықтан, мен сендердің кеңесіңе әдейі салып отырмын. Тәкежан мен Ысқақ екеуі Оспанның жылын берейік дейді.

  Мағаш өзі күткен кеңес бұл емес екенін еске ала отырып, дағдылы шапшаңдығы бойынша:

  – Е, Оспан ағамның жылы толмай тұрып, ол кісілердің асыққаны несі?– деп қалды.

  – Асыққанда орынды дәлел бар тәрізді, – деп Абай Мағашқа бір рет көз тастады да, көпке ақыл сала сөйледі. – Оспанның жылы толғанын күтсек, ол декабрь ортасы. Қалың қыс кіріп қалады. Қыстауда, таршылықта отырып, ас бере аламыз ба? Қыс қандай басталады? Ол да мәлім емес. Қазір болса ел жиын, шаруаның тығыз-таяңы жоқ. Енді бір он бес-жиырма күнде жылын беріп үлгеруге болады. Одан кешіксек, күздің жауын-шашыны тағы келеді. Отын-су да қиындап кетеді. Елден ел ажырап, қыстау сағалап, бытырайды. Енді қалған екі-үш айдың айырмасы бар ма? Осындай жер кеңірек кезде жылын берейік депті! – деді.

  Әуелі жұрттың бәрі аз ойланып қалып еді. Абай сабыр мен мәслихат тосты. Біраздан соң Көкбай тамағын кенеп алып:

  – Абай аға, менің ойымша, сол кісілер дұрыс айта ма деймін. «Ас» деңіз, «жыл» деңіз, әйтеуір, қалың жиынды жөнелту керек. Соған дәл осы мезгілден қолайлы кезді мен де таппай отырмын! – деді.

  Әбіш те, Кәкітай да осыны қостады. Ақыры, Абайдың өзі де қарсылық білдірген жоқ. Байлағандай боп, Көкбайға ертең барып, Тәкежанға соны айтуға да тапсырды. Мағаш та әкесі ұйғарған соң, қарсы болған жоқ. Бірақ өзінің мінезді, көңілшек адамгершілігі бойынша жаңағы байлауға жалғас бір кеңес қосты:

  – Осы байлау дұрыс шығар, аға, – деп Абайға ойлана қарады да, – жалғыз-ақ, ендігі жайды кісі салысып, елші жүргізіп сөйлеспей-ақ, үй іші кеңесі еткен мақұл болмас па? Оспан ағам үйіне бар үлкендер жиналып отырып, анау үш келініңіздің басын қосып және олардың балалары: Әубәкір, Пәкизатты да қастарыңызға алып отырып ақылдасу дұрыс-ау деймін! – деді.

  Бұнысы Абайдың ойына келмеген екен. Ол осы ақылды аса дұрыс көріп, тез құптады. Өздерінің ағатын түзеген Мағашты ұнатып қалды.

  …Сөйтіп, жиын байлау жасап, Оспанның жылын енді жиырма күнде беретін болды. «Ас» демей, «жылы» деп жариялауға ұйғарысты.

  Сол үшін Абайды алыстан, сырттан кінәлап сөйлеген сөздер көп болса да, ендігі өлімнің бәрін де Ырғызбай ортасы «ассыз» атқаратын.

  «Жылы» деп шешкен соң, оған шығарылатын мал саны, шақырылатын ел көлемі аталды. Бар Ырғызбай Оспаннан пайда көрген. Сол себепті Тәкежан мен Ысқақтың айтуы бойынша, ол ағайынның бәрі де шығынға ортақ болуға әзір екен.

  …Тәкежан Әбіштің сөзіне таңданған жоқ. «Орысша өскендіктен, түсінбестік етіп отыр» деп, сәл кешіріммен күлімсіреп қарады.

  – Е, шырағым-ау, атамыздың жолы сол емес пе? Бұндай жиында мал шығыны орынды. Жұмсалатын жолы да осы. Оны, тіпті, шариғатымыз да құптайды ғой! – деді.

  – Шариғат құптағанда, кәріп-қасерге берілсін деп құптайды! – деп Әбіш өзінің әр жайды біліп, ойланып сөйлеп отырғанын танытпақ болды. – Өзі тоқ, қызықмасы жиынды қымызбен қыздырып, етпен кептей түс демейді. Мен білсем, осы жолы шығаратын мал түгел жұмсалсын, бірақ анық мұқтаж, нашарларға үлестіріліп берілсін… Өлген жанның артын солай күтсе, мақтан үшін, атақ үшін емес, игілік үшін күткен болар еді ғой! – деді.

  Әбіштің оқшау ойларын Абайдың ұғына түскісі келді.

  – Кімдерге беріп, қайда жұмсаса, мақұл дер едің?

  – Кім деріңіз бар ма? Жоқшылық жүдеткен ел аз ба айналамызда? Ең алдымен, мынау қалың жатаққа беріп, солардың жүдеу шаруасын аз да болса, сүйеп кетуге болмас па еді? Олар болса, шетінен осы ауылдың көп заманғы малшы, қосшы көршісі емес пе? Тіпті, шынға келсек, ата-аналарымен ұзақ еңбек еткен… Арқа-басы жауыр боп, тозып, азған күйлеріне, тым құрыса, осындайда қарасса, не етеді? Сіздердей ел кісілері, оқта-текте осылай ойласа, обал бола ма?

  Сөзі Тәкежандарға жат көрінгенмен, дәлелді сияқты. Әбіштің өзі ойламаған түрде сөзі шешен боп айтылды. Абай осы жағын ғана аңдап, баласының байлауынан, жаңа буынның жаңа үнін естігендей болды.

  Өз ішінде Әбішке қарсы дау ойлаған жоқ. Бірақ Тәкежан үшін «тікбақай» сөзі тек бір үстірт, жеңілдік есепті болды. Ол бұған ой тоқтатқысы келмеді. Тек мырс беріп, жақтырмай күлді де:

  – Жатақ-сатақ деп неғыласың, Әбдірахман, кедей десек, ол кедей өздеріміздің бүгінгі көршілерімізден де табылады. Ескеретінін ескерерміз! – деп мойнын Ысқаққа қарай сырттап бұрды.

  Ысқақ та Әбіш сөзіне бөгелуді ойлаған жоқ. Ол әзірге шейін екі ағасының сөзін тыңдап, үнсіз отырса, енді Әбішті тоқтатпақ боп, қысқа ғана түйін айтты:

  – Жылын бергенде, қайыр-садақалық мал да бөлінер… Сонда көрілер, оның қазір не сөзі бар? – деді.

  Абай бұл арада үндеген жоқ.

  Кеш бата кеңестің бар жағын шешкен ағайындар тарай берді.

  Абай да Әбішті ертіп, өз ауылдарына қайтты. Атқа мінбей, екеу ғана боп, ақырын жаяу басып, әңгімелесіп кетті.

  Қазір Абай Әбіштің иығына бір қолын асып келе жатып, оның жаңағы сөздерін еске алды.

  – Сен дұрыс сөз айттың, Әбіш… жоқ-жітік, жатақ туралы айтқаныңның бәрі де жай сөз емес. Өнімді, өрелі сөз. Бірақ осыны кітаптан ұққан ойша айттың ба, жоқ, жатақ жайын білгендіктен айттың ба?

  – Кітаптан ұққаным мен жатақтан көргенім екеуі дәл қосылған соң айттым.

  – Жатаққа барып па едің? Әлде Дәркембайды көрдің бе?

  – Дәркембайды да көрдім… Жатақтың әр үйінің өзіне де, күнде жаяулап шыққанда, бас сұғып, байқап жүрмін.

  – Оның жақсы екен, Әбішім… Ал Дәркембаймен сөйлескенің, тіпті, дұрыс. Сен екеуіміз кітаптан оқып білгеннің көбін, Дәркембай өмірден бақылап білген…

  – Өз аузымен татып та білген…

  – Иә, рас, ащысын татып білген, ауырын арқалап білген. Тарқамас қу түйіннің көбін ақылды басымен ойлап, барлап білген. Онымен іштесіп сөйлессең, анық халық үнін де, мұңын да ұғасың… Бірақ сенен тағы бір сөз сұрайын… Ал Оспанның «жылы» деп мал шығардық, соны себездеп көп жатаққа бір қара, жарым қарадан бөліп бердік. Рас, сен айтқан қызықмасыларға жіберген бос шығыннан бұл көп пайдалы. Әрбір нашар үйге жеке бір қара тисе, бірер айға болса да, үлкен олжа. Уәләкин, халықтың сондай қалың көпшілігінің мол мұқтаждығы қайда? Оларға мынау істемек ісің не талшық болмақшы? Бұл бір шөкім ғана, зәредей ғана, тіпті, болымсыз жақсылық қой… Ал сен қараңғы кедей жұртыңның ең алғашқы емшісі екенсің. Сенің сол қалың көпке, халқыңа арнаған басқа ойың, мұратың, жәрдемің бар ма?.. – деп Абай баласына барлап қараған.

  – Мен әлі оқуды тауысқам жоқ қой, – деп Әбіш әуелде өз ойларын жия алмай қалды.

  – Рас, тауысқан жоқсың. Бірақ тауысуға жақынсың. Мен бір сенің басыңа да арнап айтпаймын. Оқуды тауысқан қазақ баласы да бар ғой. Естуімше, Қарқаралыдан, Омбы, Қараөткелден және онан арғы Орынбор, Троицкіден, Кіші жүзден де оқып жүрген қазақ жастары шыға бастады. Жыл құсындай сендерсің. Жаңа дәуреннің алғашқы келгіні боларсыңдар. Жә, халық туралы, оның бүгінгі ауыртпалығы туралы, болашақ тағдыры туралы ой іздегенің, соны жиып, түйгенің бар ма? Бұны мен бір саған емес, сенің өзіңді қоса бар тобыңа айтам. Орысша оқуға, дұрыс жолға түскен барлығыңа, қазақ жасына айтып келем… Осыны айтшы!

  – Әуелі бір нәрсенің басын аша сөйлейік, аға. Жаңағы сіз санаған көп жерде оқыған, көп қазақ жасы азғантай ғана оқып, ерте тоқтап қалып жүр…

  – Рас… Рас, – деп Абай Әбдірахманның сөзін бөле берді де: – тоқтап қалып жүрген жоқ. Топтап барып тілмаш, песір болып жүр. Көбі және песір де бола алмай, кесір боп жүр. «Қазақ жаманы орыс бола алмайды да, орыс жаманы қазақ бола алмайды» дегенді біздің халық соларды көріп айтқан. Бұл не деген сөз? Менің ұғуымша, терең сын. Яғни әуелі жақсы қазақ болып алмай, жақсы орыс та бола алмайсың, яки әуелі жақсы азамат болып, өз ортаңа, халқыңа адамшылық танытпасаң, өзге елдің адамы болып та жарытпайсың деген сөз. Ал біздің көп шала оқығандар жетістірген күнде, тәуір чиновник болады екен. Салтыков-Щедрин мен Толстой масқаралап, әшкерелеген қу-құрдым төрешік болғанша, болмай-ақ қал, – деп ойлаймын.

  – Білемін. Сіздің «Интернатта оқып жүр» деген өлеңіңізді маған Петербург пен Омскіде жатқа оқып беріп, қатты мақұлдаған жастар болған-ды.

  – Мақұлдаса, оларың ойлы жас екен. Сын көтерер қымбатты болғаны ғой. Ал енді сол жастарың бар, өзің бар, жаңағы сөзіме не жауап айтар едіңдер?

  – Жауабы әзірше біреу-ақ па деймін, аға… – деп Әбіш ойланып, іркіліп сөйледі. – Жауабы: «Оқу бітіреміз де, қызмет етеміз! Елге сол қызмет бабында пайдалы боламыз» дейді ғой.

  – Қызмет бабы жандаралдың, ояздың, соттың алды ма? Ондайларды көріп те жүрміз. Жаңа жол, өзге өріс тауып, соны халқына, тобына таратып іс ету қайда? Немесе орыс даналарындай халық қамын ойлап, өсиет таратып жүрген бар ма?

  – Әй, ондай әлі жоқ қой… Ондайлық білімі толып, өнері асқан жоқ қой…

  – Бәсе, сондай қазақ оқығанын көрмей жүрміз… Мен осыны тосқан әкенің, ағаның бірі едім!.. – деп Абай бұл әңгімеге қанағаттана алмай, үндемей қалды.

  Әбіштің есіне енді бір жаңа нәрсе түсіп еді.

  – Қазіргі оқығаннан сіз ойлаған адамды таппадым. Бірақ осындай көрнекті өріске қадам басқан бір-екі кісі қазақ оқығандарында болған екен. Естімесеңіз, соларды айтайын.

  – Олар кім?

  – Бұның бірі – осыдан жиырма бес жылдар бұрын, жастай қайтыс болған Шоқан Уәлиханов деседі. Екіншісі – Орынбор маңынан шыққан Ыбырай Алтынсарин! – деді. Абай Алтынсарин атын естіген, оны жақсы біледі екен. Шоқанды білмеді.

  Әбіш солар жайын бірталай таратып, жақсы бейілмен айтып шықты. Шоқан турасында Сібірдің көп ірі адамынан қатты мақтаған сөз естігенін айтты.

  – Жалғыз-ақ, кітабына, қалдырған жазуларына кездеспедім. Өзі қазақ халқының қамын ойлауда көп ірі сөздер сөйлеп, жазып өткен кісі дегенді оны білген екінің бірі айтады! – деді.

  Абай да, Әбіш те ол адамның әрі жастай кетіп, әрі жазғаны жоғалғанын өкініш етті.

  – Ал Алтынсарин русско-киргизская школа ашқан. Өз білімін қазақ жасын оқытуға жұмсаған. Көп жерде школдар салдырып, артына шәкірт қалдырған. Және кітап та, өлең де жазған. Халық үшін іс те, өсиет те қалдырған, анық жемісті еңбекке берілген сол адам екен! – деді Әбіш.

  Абай Алтынсаринді есіне алды. Орысша интернатты, школдарды қазақ үшін ашуда анық үлкен еңбек етіп кеткен қамқор азамат сол екенін айтты. Сөз аяғында Әбішке қарап:

  – Ал осы Алтынсариндей еңбек етсе, олқы бола ма? Бір үлгі осы болмас па еді? Бұған не айтар едіңдер? – деді.

  Дәркембайға соңғы кездескелі Әбіштің өз ойында жүрген бір ниет бар-ды. Қазір әкесіне соны айтты. Бағанадан бергі Абай қозғаған сөзге өз басының әзіргі жауабы осы болатындай етіп, сенімді сөйледі:

  – Әрине, бұл – үлкен үлгі. Егер бар оқыған, жақсы білім алған қазақ жастары, тіпті, өзді-өз еліне, оязына барып, сонда Алтынсарин ашқандай бір-бір орыс школын ашса, бүгінге, әзірге үлкен істің басы сол емес пе?

  – Бәсе… Бар мұқтажды бұл шешпес! Бірақ көп жоқшылығымыздың әзірге ең ауыры – жарық жоқтығы, білім-өнерден қақас қалған қараңғылығымыз ғой!

  – Ендеше, тағы айтайын, аға, менің өз басымның алдағы күнге арналған байлауы осы! – дегенде, Абай үндемей, Әбішті белінен құшақтап, бейілденіп тыңдай бастады. Әбіштің ішінде жүрген тағы бір күдігі бар еді. Әкесі мұнымен сырласып келеді. Әдейі осындай сирек болатын оңашалықта анық жүрек жарғандай шын сырға шақырған тәрізді. Сол жайларды жаңағыдай алабұртқан көп сезімдермен қатар аңғарды да, енді Әбіш өзінің көңілінде жүрген бір ауыртпалығын айтты.

  Онысы осы күнгі оқып жүрген оқуы туралы. Әбіш ана жылы амалсыздан түскен әскери оқу бұл күнде оған жақпайды екен. Ондағы тәрбие бұрынғы бір замандардағы орыс әскерлік мектебі беретін тәрбиеден мүлде өзгеріп кеткен. Қазіргі әскерлік оқу тек жалаң құрал болатын, патшалықтың қатал құдіретін, тәж-тағын ғана қорғайтын топас жандар әзірлейді. Бұл мектеп ішінде халық қамы, азатшыл ой дегеннен елес те көрінбейді. Әбіш артиллерия оқуының бүгінгі тәрбиесінен де, келешек қызметінен де құтылсам дегенді арман етеді екен. Соны ашты…

  – Дәл осы Ералы, Ақшоқыға келіп, школ салдырып, сонда мына атыраптың бар баласын орысша оқытуға кіріссем деп жүрмін. Әнеугүні Дәркембай: «Білген біліміңді қойныңа салып ап кетпе… Еліңе жарық әкел. Артыңда бауыр жеткіншегің, өренің бар. Соларды өзіңдей орысша білімге жетілт», – деді. Сонысы бір Дәркембай сөзі емес, халық тілегі сияқты. Бүгіннің де, келешектің де менен тілейтін қарызы есепті. Тегінде, шынды айтайын. Жаңа анау ақсақалдармен сөйлескенде түгел ашпадым. Анығында, мен Оспан ағама арнаған малды жұмсап, жатақ ортасына школ сала берсе деген ойды ойлап ем… Осыған дәл биыл бекініп жүрмін, бұған не дер едіңіз? – деп Әбіш сөзін бітірді.

  Абай баласына тез жауап қатты:

  – Бұған менің алғыстан басқа айтарым бар ма, Әбішім!.. Міне, сен өрісіңді тауып, жолыңды аштың… Енді қалған оқу да, одан арғы талап та осы ниетіңе жетектесін. Сен еліңе келіп, мынау жатақтардай көп елдің малшы-жалшы нашарларынан өнерлі, қайратты азамат өсіріп шығарсаң, өз басың түгіл, атаң менің де халық алдындағы көп қарызымды өтемес пе ең? Осы елдің жас буынына сен ұстаз боп, тағылым айтып отырсаң, мен арманы бар әке болам ба? – деп үні өзгеріп барып тоқтады.

  Соңғы сөздер Әбішті қатты толқытты. Әкесінің кеудесінде осыншалық халық үшін қам ойлаған ең зор арман барын аңғарғанда, Әбіш жүрегінде сол өз әкесі үшін сәл мақтан да оянған.

  Абай бұған орай, өз баласының осындайлық сыншы ойлары барын сүйсініп қабылдады.

  …Абай осындайлық жаңалық сыр ашқан баласына өзі де қуанып еді.

  – Әбішім, жаңа заман елшісіндей болдың-ау. Өзіме, дүниеге жаңадан атар таңның лебін сезгендей болдым ғой. Қазақ сияқты сорға қамалған, қараңғыда адасқан елдің айласыз, әлсіз жетекшісі көруші ем өзімді. Ендігі буынның, жаңа төлдің басшысы болатын азамат төрелікпен патшалық қасында, соның ығында қалмас деуші ем. Мына топқа арман қосқаның қандай қасиет. Не тапсаң, ендігәрі өкінбей, жалтармай, осы жолыңнан іздегейсің! – деді.

  Қазір екеуінің жаяу сейілі аяқталып, алдағы ауылға тақап келіскен-ді. Абай енді Оспан үйінде сөйлеген сөзге оралды.

  – Ал әзірше болса да, Оспанға шығарылатын мүліктен кедейлерге үлес беру деген сөзің орынды. Бұны ертең дер кезінде мен де қостаймын. Мал берілгенде оны тарататын Тәкежан, Ысқақ – үшеуіміз боламыз. Сонда менің еркіммен де аз мал үлестірілмес. Бәлки, аналардан гөрі мен молырақ тарататын болармын. Сонда сенің сөзіңді орындап, жатаққа барынша мол ғып бергіземін! – деді.

  Бұл кезде екеуі Әйгерім үйінің жанына жеткен еді. Әбіш сәл іркіліп, кеудесін басыңқырап, оқыс тоқтап қалды. Абай бұған айналып, бөгеле берді де, жөн сұрады. Әбіш азғантай қабақ шытып, кеудесінен қолын түсірді.

  – Кеудем шаншып қалғаны. Кеше түнде жеңіл жатып ем, суық тиіп, шаншу қадалып қапты! – деді.

  Өз ішінде не бары, не білгені белгісіз. Бірақ жаңағы жайсыздау қимылын қазақы адамша сөз қылды. Елге келгелі бұндай оқшау белгі болған жоқ-ты. Бұның шаншу деп түсіндіргені, Абайға да жат хабар боп көрінген жоқ.

Мұхтар Әуезов. Абай жолы (үшінші кітап). Қарашығын II
Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» үшінші кітап. Қоршауда (жалғасы)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу