Сайын Мұратбеков. Жусан иiсi (Повестен үзiндi)

Oinet.kz 23-07-2020 2916

1

   Алыста қалған балалық шағым… Ойымнан жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, есі қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», – деген жалынышты үнін естимін. Әуелде біз, балалар, оның ертегі айтатынын білгеміз жоқ. Ол әжесі екеуі біздің ауылға қырық екінші жылдың жазында көшіп келген. Мал дегеннен тек бұзаулы қоңыр сиыры бар еді. Аянның әкесі майданға аттанып, туған анасы содан екі ай бұрын қайтыс болыпты. Біздің ауылда әжесінің жамағайын төркіндері бар екен, соларды сағалап келсе керек. …Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап, бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып, шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» – Садық кілт тоқтай қап:

   – Әй, анау кім-ей? – деген. Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір- бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. Үстіміздегі киімнің кімдікі қара, кімдікі ақ екенін біліп болмайды, баттасқан шаң- топырақ. Шетімізден ит талағандай алым-жұлым, алқа-салқамыз. «Бұл кім-ей? Қайдан келген-ей?» – деп бірімізді-біріміз түртпектей береміз. Өзіне бастан-аяқ шұқшия қарап шықтық. Ол да сынағандай әрқайсымызды бір-бір шолып өтті. Біздің ұсқынсыз түрімізге көңілі толмаған сияқты, шолақ танауын тыржитып қойды. Қоңырқай жүзі тершіп, маңдайындағы біркелкі етіп қиылған кекіл шашын үрлеп тұрды. Кекіліміз жоқ бізге оның сол қылығының өзі кереметтей сүйкімді көрініп, қызыға қарадық.

   – Кекілін қара-ей, өзінің, жаман әліне қарамай, – деп қағытып өтті Есікбай.

   Біз күлкіміз келмесе де, оның сөзіне қошемет білдіріп сықылықтай күлдік. Жаңа келген бала қызараңдап, теріс айналып кетті.

   – Ә… Мен білдім, – деді Садық мақтана дауыстап. Онан соң әлгі баланың алдын орай өтіп:

   – Ей, бала, сендер кеше көшіп келдіңдер ғой, ә? Қоңыр сиырларың бар ғой, ә? – деді.

   – Иә, – деді, томсырайып тұрған бала оның сөзіне күлімсіреп.

   – Қоңыр сиырымыз бар.

   – Атың кім?

   – Аян.

   Біз, бәріміз, тегіс ұмытып қалмайық дегендей: «Аян, Аян»… – деп күбірлесе қайталап қойдық.

   – Жүр, жолдас боламыз, – деді Садық, оның аппақ білегінен қап-қара қолымен ұстай алып. Аян оның қолына қарады да, қызараңдап тұрып, ақырындап білегін босатты.

2

   Күзде оқу басталып, жеті менен он жастың аралығындағы өңшең бірөңкей балалар бірінші сыныпқа бардық. Бізді Иманжанов деген шашы аппақ қудай, қолы-басы тоңған адамша дірілдей қалшылдап, көзі қып-қызыл боп жасаурап отыратын қарт кісі оқытты. Бұл кісі денсаулығының нашарлауы себепті қаладан көшіп келген мұғалім екен. Бізге күн сайын үйінен әкелген қағазды бір-бір парақтан үлестіріп беріп, әріптерді үйрете бастады. Аян екеуіміз бір партаға отырғанбыз. Бірінші күннен-ақ ол зеректігімен көзге түсті. Мұғалімнің тақтаға жазған әріптерін айна-қатесіз қағазға түсіріп, тез жаттап алып жүрді. Тіпті келе-келе күніне бір-екі әріптен ғана өткенімізге көңілі толмай:

   – Барлық әріптерді тезірек неге үйретпейді екен. Шіркін, ағама хат жазар едім, – деп күңкілдейтін. Әрине, майдандағы әке-ағамызға хат жазу бәріміздің де көкейіміздегі асыл арманымыз еді. Сонымызды сезгендей, Иманжанов та бізге тезірек хат танытуға бар күшін салып бақты. Сөйтіп, бас-аяғы бірер айдың ішінде әріптерді тегіс жаттап, бірлі-жарым сөздерді құрап, жаза алатындай халге жеттік. Ал Аян болса кәдімгідей: «Аса жаннан артық көретін аға…» деп бастап, хат жазатын болды. Ендігі оның қуанышында шек жоқ еді. Күнде сабақтан кейін үйіне келісімен, төр алдына етпетінен түсіп, сиялы қарындашты тілімен жалап қойып, бет-аузын сия-сия ғып ағасына хатты үсті-үстіне жазатын да жататын. Күніне екі-үш хаттан жазады. Кейде әжесінің айтқанын жазса, кейде өз бетінше жаза беретін. Біз, басқа балалар, әлі де сөйлем құрап жаза алмайтынбыз. Сондықтан Аянға кеп:

   – Хат жазуды үйретші, – деп жата жабысатынбыз. Аян бәлденбейтін. Жымың-жымың етіп күлетін де:

   – Мә, мына менің хатымды көшіріп жаз, тек менің ағамның орнына өз ағаңның атын жаз, – деп қоятын. Сөйте-сөйте хат жазуды бәріміз де үйрендік. Енді біздің ауылдан күніне майданға сөзі де, мазмұны да, кейде тіпті кісі аттары бірдей жиырма-отыз хаттан кетіп жататын болды. Дәл біздің хат тануымызды күтіп жүргендей-ақ екі айдан кейін Иманжанов қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Бір қол, бір аяғынан сал болған. Басқа мұғалім келмеді. Осылайша, біздің оқуымыз да келер жылға дейін тоқтаған еді. Бірде Аян өрістен мал қайырып келе жатып үйретемін деп, өзінің қасқа бұзауына секіріп мінген. Семіз бұзау мөңкіп-мөңкіп жығып кетті. Сол жолы Аянның тобығы тайып, бір айдай үйінде ауырып жатты. Осыдан кейін-ақ Аянның тобығы тайғыш болып алды. Қит етіп алысса, иә секірсе тобығы тайып кететін де, Аян:

   – Ойбай, ойбай, аяғым-ай… аяғым-ай… – деп жанұшыра бақырып жата қалатын. Бірте-бірте ол алысып-жұлысып ойнайтын ойындарға араласпай, шеттеп, бар қызыққа тек анадайдан сырттай қызыға қарап тұратын болды. Тобығы үшінші рет тайғанда, ол үйінде бұрынғыдан да ұзағырақ жатты.

3

   Күні бойы Ешкіөлместің күнгейінде жайылған мал ешкім қайырмаса да, бір ізбен шұбырып ауылға қайтқан. Кенет бүкіл ауылды шулыға шыққан ащы дауыстар селт еткізді. Төбе құйқаны шымырлатып жоқтау айтқан дауыстар. Аянның үйінен шығып жатыр. Мұндайда балалар еліккіш келеді ғой. Сырғанақты тастай бере дәл бірдеңеден құр қалатындай бәріміз бірдей дүрліге дүркіресіп, Аянның үйіне қарай лап қойдық. Артымыз жетпей жатып, алдымыз не боп қалғанын естіп те үлгердік. «Аянның әжесі өліп қапты», – деген сыбырды алқына тұрып сүйінші сұрағандай бірімізге-біріміз жеткіздік. Жарғақ сары тон киген Аян күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан шыға жаутаңдап, өңі боп-боз, есігінің алдында тұр екен. Үйінде көрші-қолаң әйелдер бір-бірімен шуылдаса көрісіп, азан-қазан боп жатқанмен ол көзіне жас алмапты. Біз өзара сөйлескеніміз болмаса, оған үн қатқамыз жоқ. Аян да бізді үнсіз қарсы алды. Сүйреткен шанамызға, конькиімізге көз салды. Тоңғаннан ба, танауын жиі-жиі тартып, дір-дір етеді. Күн ұясына еніп бара жатыр. Аян болса сол мелшиген күйде жалтақ-жалтақ етіп, ауылдың әр тұсынан «әжетайлап» дауыс қойып келе жатқан үлкен адамдарға қарайды. Бірақ олардың бірі де бұған назар аударар емес. Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай, одан көз айырмастан ортаға ап, қоршалай тұрмыз.

image.png

4

   Ертеңіне Аянның әжесі жерленді. Жұрт ат қойып зираттан қайтқанда, Аян әжесінің қабірінің басында елдің ең соңынан шошайып жалғыз қалды. Ол бұл күні де жылаған жоқ. Қарлы топырақ араласқан жас қабірге жаутаңдап біраз қарап тұрды да, бір уыс топырақты іліп ап: «Топырағың жеңіл болсын, әже!» деп шашып жіберді. Онан соң қып-қызыл боп тоңған екі қолын аузымен кезек-кезек үрлеп қойып, ауылға қайтты. Сол күні Аян әжесінің тумаласы Бапай деген шалдың үйіне көшті. Біз көшеде сырғанақ тебуге кіріскенбіз. Дәл осы кезде, азын-аулақ көрпе-жастық тиелген шананы Бапай айдап, Аян өзі қоңыр сиырын бұйдасынан жетелеп, көшенің басындағы шалдың үйіне көшіп бара жатты. Қоңыр сиыр үйренген қорасынан шыққысы келмей тартыншақтай бастаған, біз – бір топ бала шуылдаса қаумалап артынан айдадық. Қоңыр сиыр көзі шарасынан шыға шатынап, танауын пысылдатып басын шайқап-шайқап, Аянды сүзіп жіберердей боп алға қарай оқтана жүрді. Бірақ сүзген жоқ, жүріп келе жатқан бойда Аянның қаудырлаған сары тонының етегінен иіскеді де, тұмсығын созып, ыңырана мөңіреді. Аян ақсаңдаған күйде бізге бұрыла қарап:

   – Жануар, бәрін біледі… – деді.

   Аянның сиырын Бапай шалдың үйіне дейін айдасып барғаннан кейін, біз сырғанаққа оралып, ойынға қайта кірістік. Сәлден соң, Аян да сырғанақ басына келді. Өзінің шанасы жоқ, сондықтан елдің шана тепкенін қызықтап қарап тұрды. Бірде менің көк тақтайлы шанамды нұсқап:

   – Менің де шанам дәл осындай еді, көшкенде ана жақта қалды, – деп қойды. Мен оның жаудырап қарап тұрғанына шыдай алмай:

   – Мә, Аян, сен бір жол теуіп кел, – деп шанамды бердім. Қуанғанынан ол езуін жия алмай, ыржия күліп кеп, шанаға отырды да:

   – Ал, кім менімен жарысады?! – деп айқайлап, еңіске қарай зулата жөнелді. Менен кейін оған шанасын Садық берді, онан кейін Есікбай берді, қысқасы Аян бәріміздің шанамызды бір-бір реттен теуіп шықты. Ол қып- қызыл боп, қара терге түсе ентігіп, алабұртып, елден ерекше даурыға сөйлеп, сақылдап күлумен болды.

5

   Ымырт сәулесі ыдырап, қараңғылық үйіріле бастаған кезде, басынан тымағын алып желпіне тоқтаған Аян:

   – Жүріңдер, бүгін мен кешегіден де қызық ертегі айтамын, – деді.

   Біз опыр-топыр болып шуласып, Аянның бастауымен Бапай шалдың үйінің іргесіне келдік. Аянды ортаға алып, енді жайғасып отыра бергенімізде, есік ашылып, сыртқа Бапайдың кемпірі шықты да:

   – Үйбай, бетім-ай, бұ дүбірлеген не десем, мыналар екен ғой. Аулақ жүріңдер әрі, өй, өңшең топырлаған немелер! Онысы несі-ай, тап терезенің түбіне кеп үймелегендері! – деп қуып жіберді.

   Енді қайттік дегендей, көшеде аңтарылып тұрғанымызда Садық:

   – Мен таптым қай жерге отыруға болатынын, – деді. Бәріміз соған қарай қалдық.

   – Анау ат қораның төбесіне шығайық та, шөпке белуардан кіріп ап отырайық…

   Біз санымызды шапақтап, «уралап», ауылдың шетіндегі ат қораға қарай жүгірдік. Арт жағы аласа тас қораның үстіне тырмыса-тырмыса шығып алдық та, сол күні ғана Қараойдан әкелінген көк жауқазын шөпті үңгіп-үңгіп жіберіп, отыра-отыра кеттік. Құрғақ шөптің танауды жарған хош иісі мас қылғандай тұла бойды шымырлатады. Шетімізден пысқырынып, мұндай рақат дүние тапқанымызға мәз-мейрам боп, бірімізді-біріміз итеріп қап, шөпке аунатып, сықылықтай күлісіп, жұмсақ шөпке тығыла түсеміз.

   Бәріміз алқа-қотан жайғасқаннан кейін ортамыздағы Аян тісінің арасынан сызылта шырт дегізіп түкіріп қойып, көтеріле түсіп, астына шөп жұмарлап, басқамыздан орнын биіктеу ғып отырды. Онан соң қабағын шытып, ойға батқан күйде төмендегі үңірейе қарауытып жатқан терең құзға көз жіберді. Біз де еріксіз енді солай қарай жалтақтадық. Құз іші қорқынышты.

   – Ертеде бір жетім бала бопты… – деп Аян екінші ертегісін бастады.

   Сыбырлай шыққан дауысында өз айтқанына қалайда қалтқысыз сендіретіндей керемет бір күш бар. Біз тым-тырыс боп тына қалдық. Бір сәтке дәл астымыздан – қораның ішінен жылқылардың күтір-күтір шөп жеп тұрғаны, пысқырғаны, тарпығандары, қасынғандары естілді. Бірақ біртіндеп Аянның ертегісі қызған сайын, әлгі дыбыстардың бәрі құлақтан шет қалып, төңіректі – бүкіл Ешкіөлмес баурайын, төмендегі терең құзды ғажайып бір тыныштық басты. Бұл дүние – ертегі-қиял дүниесіне, сиқырлы дүниеге айналып, біз өзіміздің бар-жоғымызды да ұмытқандай болдық.

6

   Дүниедегі жақсылық атаулының бәр-бәрі: ерлік те, ізгілік те, сұлулық пен ақылдылық та, әйтеуір адамға тән небір асыл қасиеттің барлығы да сол Аянның ертегілерінде болушы еді. Аян батырлық туралы ертегі айтқанда, біз – алым-жұлым киінген қара борбай балалар бір сәтке жадау қалпымызды ұмытып, шетімізден көк семсерді жарқ-жұрқ еткізіп, ат ойнақтатып жауға қарсы арыстанша шабатын нағыз қас батырдай сезінуші едік өзімізді. Өмірімізде қосауыз мылтықтан өзге ештеңені көрмесек те, жарқ-жұрқ еткен көк семсер тұрғанда, зеңбірек, пулемет дегендер айтар сөзге, көңілге олқы түсіп, ойыншық сияқты боп қалатын. Өйткені Аянның ертегілеріндегі батырлар сілтеген көк семсерге қызығып иланатынымыз сонша, оны қару біткеннің құдайы көретінбіз.

   – Ух, шіркін, сондай семсерім боп мен де соғысқа барсам, фашистерді тура бауша қияр едім, – деп тістенетін Есікбай.

   – Ал мен бар ғой, тек бастарынан ғана шабар едім, – дейтін Садық арман еткендей дауысын соза сөйлеп, құшырланып.

   – Көк семсерді жарқ-жұрқ еткізіп келе жатқанымда, алдымнан көкем шыға келсе…

   Ой, керемет болар еді-ау, ә? Мұнан әрі соғысқа баруды, фашистерді қыруды, сөйтіп, әке-ағаларымызды тауып алуды әрқайсымыз өзімізше сөз етіп, тәтті арманға шоматынбыз… Өзі жетім болған соң ба, кім білсін, Аянның ертегілері көбіне жетім бала туралы болушы еді. Жетім баланың тағдырына байланысты үрейлі ертегіні бастаған кезде, ауылдың шетіндегі сай-саланы, жыра-құзды тегіс жалмауыз кемпірлер, жезтырнақтар, жалғыз көзді дәулер, дию-перілер жайлап кеткендей болушы еді. Төңірек үрейге толатын. Құз жақтан соққан суық желдің ызыңы неше түрлі боп құбылып естілетін. Бірде сыңсып, бірде ұлығандай үн келетін құлаққа…

Біз әр дыбысты қалт жіберместен үрпиісіп, біреу «а!» десе, «ойбай», «аттанға» бірдей салып тым-тырақай зытуға дайын отыратынбыз. Ғажап ертегілер!..

7

   Сөйтіп, Аян бір қулық тауып алды. Енді ол күнде кешкісін бізге сол күні ойлап шығарған жаңа ертегісін тездетіп айтып бітіреді де, біреуіміздің шанамызды сұрап ап, түннің бір уағына дейін сырғанақта жападан-жалғыз ойнайды. Бір күні күн бұлттанып, оңынан баяу ғана ызғырық жел соғып тұрды. Қараңғылық ерте түскен. Біз де дағды бойынша, ауыл үйлері шам жаға бастаған кезде ат қораның төбесіне жинала қалдық. Аян бұл күні өте-мөте көңілді еді. Бәріміз жапа-тармағай ешкісирақ шылымды орауға кіріскенбіз.

   – Әй, мен сендерге бір қызық айтайын ба, – деді ол сүйінші сұрағандай қуанышты үнмен.

   – Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатарда ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Біртүрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрнымды тығып алдым да, ұзақ-ұзақ иіскедім… Әжем ылғи: «Ағаңды анау Жусандытөбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде, айдалада тапқанмын» дейтін…

   Менің ағамда жусанның иісі содан қалған… Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме кірді…

   – Мен де ылғи көкемнің пальтосын жамылып жатамын. Менің көкемнің пальтосынан да жусанның иісі шығып тұрады, – деді бір бала. Сөйткенше болған жоқ, тұс-тұстан жамырай дуылдап, соғыста жүрген әкелеріміздің, ағаларымыздың үйде қалған киімдерін еске алып, олардан шығатын иісті сөз етіп кеттік. Және бір қызығы – көпшілігіміз ол иісті жусанның – дәл өзіміздің ауылдың іргесіндегі жусанның иісіндей дестік. Онан бір кезде Аян:

   – Менен де жусанның иісі шығып тұрады, ағама тартқанмын. Міне, иіскеп көріңдерші, – деп өз омырауына тұмсығын тықты. Біз дереу кезектесіп оның омырауын иіскеуге кірістік. Өзі айтқаннан ба, әлде шынымен солай ма, әйтеуір, Аянның омырауынан бұрқырап жусанның иісі шығып тұрғандай көрінді бізге.

   – Рас-ей, жусанның иісі шығады.

   – Қандай сүйкімді-ей, жусанның иісі… – дестік бірауыздан. Онан соң әрқайсымыз өз омырауымызға тұмсығымызды тығып, өзіміздің иісімізді өзіміз иіскеп, жаңалық ашқандай:

   – Әй, менен де жусанның иісі шығады-ей.

   – Менен де… Міне, иіскеп көрші… тура жаздыгүнгі Жусандытөбенің иісіндей… – десіп жан-жақтан шулап кеттік.

8

   Сары су іркілген ат қораның іші тұншығардай қапас, тымырсық еді. Тастай қараңғы. Төбесіне ұя салған торғайлардың, олардың шырылдаған қызылшақа балапандарының үні құлақты тұндырады. Құжынаған шыбындардың ызыңы бір басқа. Қараңғылыққа көзім үйренгенше есік алдында тұрдым да, онан соң қабырғаны жағалап түкпірге қарай жүре бастадым. Аяқ асты сазданып, басқан сайын шұрқ-шұрқ етеді. Түкпірге де жеттім. Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп бүрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де, қорадан шықты. Сыртқа шыққан соң көрдім, көзі қып-қызыл боп кетіпті. Маған қарады да, өз-өзінен жымиып күлді.

   – Күн ыстық, ә, – деді. Осыдан кейін бір жеті өткен соң, ертеңгісін он шақты қозы-лақты тауға қарай өргізіп жіберіп, қайтар жолда Бапайдың есігінің алдында тұрған арбаға көзім түсті. Бірсыпыра балалар осы арада екен. Аян жолға жүретін адамдай бар-жоғын киініп апты. Мен таяп келгенде, шеттеу тұрған Есікбай сыбырлап қана:

   – Аян балалар үйіне кеткелі жатыр, – деді. Осы кезде үйлерінен арба айдаушы жігіт және Бапай мен кемпірі шықты. Бапай арба айдаушыға Аянды станцияға дейін аманат қып тапсырғанын қайта-қайта айта береді. Ал кемпірі кеп, Аянның бетінен сүйді, көзіне жас алды.

– Қарағым, жолың болсын, – деді жыламсырап. – Жақсыдан қалған тұяқ ең, қайда жүрсең аман бол. Адам болсаң, тауып келерсің әлі…

   Бапай да кеп, Аянның бетінен сүйді.

   Біз, балалар, Аянды көп уақытқа дейін еске алып, сөз қылушы едік. Кейде кешкілік бір жерге жиналып ап, ала қыстай Аян айтқан ертегілердің есте қалғандарын қайталай айтып та жүрдік. Аянның ертегілерінің көңілімізде ұялағаны сонша, кейін ержеткен кездерімізде өзімізден кіші балаларды тамсандыра отырып айтатынбыз. Тіпті күні бүгінге дейін, сонан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкіөлмес шоқысы – астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай, соның қорқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын жетім бала қайда екен деймін сол сәт. Жазға салым Жусандытөбе жақтан қоңырсалқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі. Сондайда есіме тағы Аян түседі.

   Шынында да, бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса, Жусандытөбеге бір оралмауы қалай?! Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой.

Асқар Алтай. Прописка (әңгіме)
Оралхан Бөкей. Тортай мінер ақ боз ат (Әңгiмеден үзінді)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу