Ескермес Жақсымбетұлы. "Теріскейге түскен жол"

Oinet.kz 25-11-2019 861

- Мұха, деді Тәкен, – сізге бір жайды айтпақшы едім.

– Айт, айта бер, – деп қауқылдап қалды Мұхтар ентелей.

– Қазір біз Созақтың биік жерінде тұрмыз. Жағалай тау бөктерлері көрініп тұр. Мен сізге жалпы Теріскей Қоңыраттардың мекені екенін айтып едім ғой. Сіздің Америкаға барған сапарыңызда Аризона штатында іздеп баратын Конрат шалыңыздың ата мекені осы аймақ. Мен осы оқиғаны естіген соң көп ойландым. Сіз де сараптап көріңіз. Тәкен түрегеп, батыс жақтағы тауларға қолын шошайтты.

– Әне, ан-а-ау биіктерді көрдіңіз бе? Қатарласқан Қарақұр, Алтынтау таулары. Өзіңіз жазғандай, Николай патшамен келісіп, кен іздеген ағылшын миллионері Родшиль тұқымы алтынды осы Алтынтаудан алыпты. Алтын жуған жерлері «Мың шұқыр» атанып әлі жатыр. Тауды шұрқ тесік еткен. Әлгі қымыз жасату үшін алып кеткен қоңыраттар осы жердікі.

– Әй, Тәкен, сен шынымен айтып тұрсың ба? Мынауың үлкен жаңалық болды ғой. Бұл әңгіме осы уаққа дейін ішіңе қалай сиып келген, ей, ә? Міне, қызық! Америкадағы қоңырат шалдың туған жері де. Иә, бұл сөзіңнің жан бар, Тәкен, – деп Мұхтар әңгімесін қызу жалғап кетті.

– Мен Семейде мұғалімдер семинариясында оқып жүріп, сол кездегі «Дала уәлаяты» газетінен мынандай бір хабар оқыдым. 1911 жылы Қарағандының көмірін, Қаратаудың алтынын өңешіне кептеп тыққан ағылшын миллионері Родшильдің тұқымы еліне қайтар шағында екінші Николай патшаға хат жазып, алтын ақша өткізіп, қиыр шығыс арқылы қазақтың отыз үйін көшіріп ала кетеді. «Еліме барып жылқы өсіремін, ферма ашамын. Бұл қазақтар оларға қымыз ашытуды, қазы-қарта жасауды үйретеді. Он жылдан соң ақыларын төлеп, аман-сау қайтарамын, – деп жергілікті сұлтандармен шартқа отырады. Сол екі арада заман өзгеріп, бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Одан Ресейде кеңес өкіметі орнайды. Әлгі отыз үй қалай қайтудың жолын таппай, жылай-жылай жат елде қалып қояды. Америкаға барғанымда осы ойыма түсіп іздестірдім. Қасымдағы орыс жазушысы Леонид Леонов көп көмектесті. Ол бұрын мұнда болған екен. Сөйтіп, Аризона штаты аймақтық судьясының көмекшісі Конрат Смит деген жігітті таптық. Сұраса келе, Конратымыз – Қоңырат, Смитіміз Сейіт болып шықты. Американдықтар тілдері келмей, осылай атайды екен. Сейіт қуана-қуана бізді осы штаттағы Феникс қаласының терістік бағытындағы ауылына әкелді. Онда бізді аппақ қудай қоңырат шал бауырымдап, жылап қарсы алды. Дәм татып, әңгімелестім. Сонда әлгі кісі:

– Елден көшкенде он жастағы бала едім. Бәрі-бәрі толық есімде. Қазақтың Қаратау деген тауын жайлаған орта жүздің қоңыратымыз. Біз көшкен күні жарықтық Сарыарқа, Қаратау көкпеңбек болып, толқын атып жатқан еді. Енді бізге сол туған жерге жету қайда? – деп ағыл-тегіл жылап қалып еді. Елге дұғай сәлем айтқан. Сол аманат ойымда жүр еді. Оу, қоңырат елінің азаматтары, Америкадағы бауырларыңның сәлемін қабыл алыңдар. Міне, көрдіңдер ме, туған жер мен елдің қандай ыстық екендігін. Ауылда алшаңдап жүріп, көп нәрсенің қадіріне жете алмайтын пендеміз ғой. Мұхтар әңгімесін толқып барып аяқтады.

Ескермес Жақсымбетұлының "Теріскейге түскен жол" кітабынан үзінді.

Әзілхан Нұршайықов. Немере
САЙЫН МҰРАТБЕКОВ. Күз бен қыс. ("Жабайы алма" повесінен үзінді)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу