Мұқағали жылатқан күн...

Oinet.kz 28-06-2022 3147

..Еңіреп жылап келемін. Ақсаңдап келемін. Ағамның жіберіп ұрған таяғы оңбай тиді. Бірақ, аяғым ауырғанына емес, жаным ауырғанына жылап келем.  

Screenshot_2.jpg

Бұл менің алтыншы класта оқитын кезім. 1976 жыл. Көктемгі уақыт. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қайтыс болған  көктем. Біздің ауыл Сарыбастауға бір жағы елге көңіл айтуға, бір жағы ақынның аруағын құрметтеп кеш өткізуге Әбділда Тәжібаев бастаған жеті- сегіз ақын, жазушылар келетін болған.Ол кезде ауылда "ақын бала" деген атым бар, марқұм Ыбырайым ағайым Мұқағалидың аруағына бағыштап өлең жаз деді. Мен екі- үш күн күндіз түні толқып жүріп, жеті- сегіз шумақ өлең жазып шықтым. Бұған дейін де ауылдың 500 адамдық клубында мейрам сайын өлең оқып жүрсем де бұл жолғының орыны мүлде бөлек еді. Өйткені, Мұқағали десе бар дүниені ұмытып кететін болғанмын. Оған себепші болған қойшы Әріпжан Омаров ағамыз. Алматыда оқитын үлкен қызы Мұқағалидың кітабын алып келіпті. Қойшы болса да Әріпжан аға әлгі өлеңді екі көзі жанып, нәшіне келтіре оқығанда керемет күйде болатынмын. Содан әлгі мені ұратын ағама Мұқағалидың өлеңдерін алғыздым. Бірақ ол кезде Мұқағалидың "Райымбек, Райымбек!" поэмасындағы Қабай жыраудың прототипі  өзімнің фамилиямдағы, менің туған бабам " қазақтың қанжар тілді Қаба биі" екенін білген жоқ едім...

...Сонымен өлеңдерім дайын болды. Бүгін кешке ақын- жазушылар келеді. Сағат санап уақыт жақындаған сайын дегбірім қашып үйде отыра алар емеспін. Сөйтіп далаға шықсам ағам тұр.

- Сабақ қайда?

- Демалыс қой...

- Енді мұнда не қып жүрсің, ана жақта, малда әке- шешең қиналып жатыр. Босқа қаңғығанша бір күн болса да көмектеспейсің бе?

- Бара алмаймын, мен бүгін...

- Ой, әкеңнің!

Ағам маған жерде жатқан таяқты жіберіп қалды. Таяқ аяғымның қырына тиіп, жаным көзіме көрінді. Сонда да болса ағама қарсы бірінші рет " көтеріліске" шығып:

- Бармаймын, бүгін өлең оқимын!- деймін еңіреп. Ол мені тыңдасын ба, жұмсақ жерден тағы бір екі теуіп, малды ауылға қуып жіберді. Ол кезде әкем Шолақ бұлақ деген ауылға жақын жерде отыратын.

...Еңіреп жылап келемін. Ақсаңдап келемін. Ағамның жіберіп ұрған таяғы оңбай тиді. Бірақ, аяғым ауырғанына емес, жаным ауырғанына жылап келем.  

Келе сала еңіреп тұрып бар жайды баяндаймын ғой баяғы, ұрды- соқтының да бояуын қалыңдатып. Әкем көп ойланбады, малды шешеме тастай салып, мені бір атқа мінгізіп, өзі бір атқа мініп, салып ұрып ауылға жеттік. Келген бойда:

- Мына баланың талабын неге қайтарасың, неге өзің бармайсың,- деп оны жон арқадан қамшымен бір тартып өтті. Жалпы бұл ағам менің талабымды құптап, маған ең жақсы деген кітаптарды әкеліп беріп жүретін, қамқор ақ адамым. Бірақ бұл жолы мені аяғына дейін тыңдамағаны үшін осылай таяғын жеп алып, малды ауылға өзі аттанды. Біз әкем екеуміз клубқа келдік. Адам лықа толы. Мүйізі қарағайдай ақын жазушылар сахна төріне жайғасып, бірінен кейін  бірі Мұқағали туралы естеліктерін айтып, өлеңдерін оқып жатыр. Кездесуді ауылдағы мұғаліміз Жұмаш ағай жүргізіп отыр. Жазушылардың ең жасы Ислам Зікібаев екені есімде. Мен отырмын, толқып. Жүрегім енді болмаса ауызымнан атқып шығып кетердей. Бір кезде жүргізуші Жұмаш аға:

- Қазір алдарыңызда ауылымыздың жас ақыны, алтыншы клас оқушысы Әділбек Қабаев Мұқағали ақынға арналған өз өлеңін оқиды, - деді.

Мен орнымнан тұрдым. Тірсегім дірілдеп тұр. Сонда да болса сахнаға беттедім. Мінбердің арғы жағынан көрінбей қалатын болғандықтан қолыма микрофон берді. Қолым дір- дір етеді.  Жүрегімді сәл басып, бар демімді жинап өлеңімді оқи жөнелдім. Сәлден соң әлгі қорқыныштан дым да қалмады. Анааау жүрегімнің түбінен бұрқақтап жатқан бір асау сезім бойымды билеп, оқи бердім, оқи бердім... Өлеңнің мәтінінде:

"Өмірдің күзі келгенде, 

Гүл біткен бәрі семеді, 

Жайқалар қайта жауқазын, 

Көктемі қайта келеді" деген жолдары бары және ең соңын:

Сен кеттің... қалды тамырың, 

гүл жарып шығар тағы мың, 

Жалғаймын сенің жолыңды,

Жырыңның отты жалынын,- деген жолдармен аяқтағаным есімде. Басымды көтеріп, ең үлкен сыншым әкеме қарасам... екі көзі мөлтілдеп жасқа толып отыр екен. Өмірін жетімдікпен өткізген әкемнің мына өмірден көрген ең алғашқы қуанышы да осы болды ма екен. Соны көргенде менің де жанарыма жас толды. Мен оның көзінен үлкен үмітті, қуаныш пен мақтаныш сезімін көрдім...

... Бірақ әкем менің өлең жазғанымды, кітаптарымның шыққанын көрген жоқ. Мен өлеңді 55 жасқа келгенде ғана қайта жаза бастадым. Қолымды мезгілінен кеш сермедім бе екен...

Әділбек Қаба

2020 жыл

"Құлың болайын, маған өкпелеңізші": Ырысбек Дәбей
«Бүйі қаптаған жаз»: Ғалымбек Елубай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу