Ескен Елубаев. «Менің арманым»

Oinet.kz 24-09-2018 987

Асық атып,

Доп қуған

Қалды менен ойындар.

Нағыз батыр боп туған

Ер атанбақ ойым бар.

«Пайда жоқ қой, одан»,- деп

Тастап қысыр ойында.

«Батыр бала болам»- деп,

Түйдім өзім ойымды.

Қойдым ләңгі тебуді,

Қойдым асық атуды,

Доп та ойнай беруді,

Жайбарақат жатуды.

«Жүрсін елдер таң қалып,

Жүрем елден ерек боп»-

Деп бекіндім, қамданып,

«Ерлік жасау керек»- деп.

Мың отырып,

Мың тұрып,

Алдым әбден шынығып,

Ертелі кеш жүгіріп,

Суға жүздім құнығып.

«Енді, міне, жетті»- деп

Ерлік жасар кезең де.

Таң ата сап кеттім де,

Бардым үлкен өзенге.

«Суға батқан біреуді - ақ

Аңдып, бағып тұрайын.

«Құтқар»- десе дереу – ақ,

Жүзіп алып, шығайын»-

Кездім бойын өзеннің,

Ешкім:

«Құтқар» демеді.

Ерлік жасар кезеңнің

Бір реті келмеді.

Күнде ертемен барамын,

Бойын кезіп жағаның.

Батқан жоқ па?

Қарадым,

Ерлік жасар баламын.

Құтқарғам жоқ, алайда,

Күте - күте шаршадым.

Қайткен күнде,

Қалайда,

Ерлік жасау аңсарым.

Аңдып өзен бойында

Әлі күнге жүрмін мен.

Ерлік жасау ойымда -

Қиын бірақ, білдім мен.

Ескен Елубаев. «Жүрек»
Ескен Елубаев. «Мұрын көтеру»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу