«Ұрғанда да көкала қойдай сабап тастайды» - үш баланың анасы

Oinet.kz 22-06-2020 1808

Бірнеше жылға созылған отбасылық дау-дамайға төзбеген Сабира есімді келіншек (аты-жөні өзгертілді - авт.) үш қызымен Шымкенттегі «Самғау сенім» орталығын бір аптадан бері паналап жүр. Енесінен қорлық көрдім деген келіншек сүйіп қосылған жолдасының адам танымастай өзгергенін айтып.

Муж бьет, а уйти некуда - что делать и куда обратиться?

Сабираның шаңырақ көтергеніне биыл бес жылдан асып отыр. Қолында үш қызы бар. Отбасындағы ұрыс-керіс шегіне жетіп, шыдамы таусылған ол бала-шағасын ертіп үйінен кетіп қалған. Алғашында «Аналар үйіне» барып пана таппаған ол кейін аталған дағдарыс орталығында тұрақтауды жөн көрген. Жүйкесі әбден жұқарған ана басына түскен қиын күндерді көз жасымен еске алды.

- Енем әуелде жалғыз ұлына қалыңдықты өз іздеген екен, ал жолдасым мені таңдады. Енем келген күннен мені суық қабылдады. Ол мені баламның басын айналдырып тиіп алғансын деп айыптайды. Тырнақ астынан кір іздеп, күйеуіме ұрыстырып, ұрғызатын. Ұрғанда да көкала қойдай сабап тастайды. Осы бес жыл ішінде бірде-бір рет тәртіп сақшыларына шағым түсірген емеспін. Бірнеше рет ренжіскенімде үйге кетіп қалғам. Кінәсін түсініп емес, балаларыма шығатын ақшаны ойлап, татуласады. Шыдамның да шегі болады. Жақында анам өмірден озды. Күйеуім мені осындай қиын сәтте қолдаудың орнына анаңды сен өлтірдің деп кінәлайды, - дейді ол.

Жарына жағынып та көрген келіншектің бұл әрекетінен түк шықпаған. Енесінің қыңыр сөзі қытығына тиіп, отбасының ұйытқысы болудың орнына келінін отырса опақ, тұрса сопақ көрген.

–    Мен ол кісіні анамдай сыйлап келдім. Соңғы уақытта сөз қайтарғаным рас. Ол адамға не десең де жақпайсың. Ұлы анасының айтқанынан шықпайды. Ал қайын атам әйелінің сөзін екі етпейді. Екі рет тұрмыс құрған енем үшін отбасындағы кикілжің үйреншікті жағдай сияқты. Немерелеріне киім әперіп, бір жылылық танытпады. Біздің де қамымызды ойламайды. Енді ажырасамын. Мұнда 6 ай тұруға рұқсат алдым. Барлық көмек көрсетіліп жатыр. Бір қызығы – көбіміздің жағдайымыз ұқсас екен. 8 келіншек жатыр. Бәрінің отбасы құрғанына біраз жыл болған. Енді уақыт емші, бұйырғанын көреміз, бәріне көнеміз, - дейді Сабира.

50 орынға шақталған «Самғау сенім» дағдарыс орталығында тиісті мамандар әйелдерге қолдау көрсетіп, барлық жағдай қарастырылған.

–    Тұрмыстық қиынддыққа тап болған тұлғалар орталықты уақытша паналап, оларды біздің мамандар өмірге қайта бейімдеуге жәрдемдеседі. Алдымен келген адамның қандай жағдайға тап болғанын анықтаймыз. Одан кейін психологтардың кеңесіне жүгінеді. Құқықтық тұрғыда заңгерлік көмек те ала алады. Мешіттен арнайы имам алдырып, уағыз-насихат тыңдайды. Мейілінше тараптардың өзара мәмлеге келгенін қалаймыз. Қазіргі таңда 8 ана 30 шақты баласымен орталықта жатыр. Жыл басынан 90-ға жуық ана тіркелді. Ал былтыр 228 тұлғаға қызмет көрсетілді. Көбіне отбасылық зорлық-зомбылықтан психологиялық қысым көргендер түседі. Ата-енесімен шығыспай, күйеуі немқұрайлы қарайды деп шағымданып келіп жатады, - дейді «Самғау сенім» орталығы директорының орынбасары Гуля Жарылқасынқызы.

Келінді "келсап" қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбиеден бе?
Өгей шеше
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу