Ағам алып келген украин келіншек

Oinet.kz 18-06-2022 2537

Ол кезде ойын баласымыз. Ауылдан әскерге аттанған кей жігіттер жалғыз оралмай, келіншек алып келетін. Біртіндеп бұл үрдіске айналып, біз тұратын бір көшенің өзінде екі-үш «орыс келіншек» пайда болды. 

Screenshot_5.jpg

Ұлтын ажыратып жатқан ешкім жоқ, сары болған соң, біз үшін бәрі орыс. Біреуінің аты Аня екені есімде. Үлкен-кішінің бәрі оның атын айтпай, «орыс келіншек» дейтінбіз. Кейін білсек, украинның қызы екен. Қазақшасы тәп-тәуір. Ең бастысы, дәстүрді сыйлайтын. Сондықтан болар, жасы үлкендер үнемі мақтап отыратын. 

Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылға барғанымда сол Аня апайды жолықтырып қалдым. Үйінің алдындағы орындықта отыр екен. Бұрынғы орыс келбетінен ештеңе қалмағандай. Кәдімгі қазақтың сары кемпіріне айналыпты. Барып сәлем бердім. 

– Таныдыңыз ба? - деп сұрадым.

– Неге танымайын, таныдым. Сен пәленше ағаның баласысың ғой,- деп әкемнің атын айтып жатты. Біраз естелік айттық. 

– Ұл есейіп, ұядан ұшып кетті. Өзінің үйі бар. Қарашаңырақта ағаң екеуміз қалдық, - деп мұңайды қоштасарда. Бірақ соның өзін, ұлының азамат болғанын мақтаныш көретіні сезіліп тұрды... 

Ата-бабаларымыз өзге ұлтқа қыз беруді аса құптамаса да, өзге ұлтқа үйленуді айып санамаған сияқты. Бірақ әйтеуір, шариғат жолынан шықпаған. Әуелі оған ислам дінін қабылдатып, қазақша ат қойған соң ғана некелі жар еткен. Мұның бір мысалы Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының жары Бәдрисафа. Алайда Ақаңның бұл таңдауын замандастарының бәрі бірдей ұнатпағаны анық. Тіпті:

– Сені қазақтың сөзін сөйлейді деп жүрсек, кәпірден қатын алғаның қалай? - дейтін аузы батырлар да табылса керек. Ондайларға Ақаң мүдірместен: 

– Мына отырған Александра Ивановна, 

Ризамын маған тағдыр қиғанына,

Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,

Татиды он қазақтың иманына, - деген көрінеді.

Қатыгез уақыт, қатыгез қоғам. Жақындарынан қолдау таппаған ғашықтар Троицк қаласында некесін қидырады. Александра екі ай бойы діни дәрістер тыңдап, есімін Бәдрисафа деп өзгертеді. Араб тілінен аударғанда «Бадрун» – толық ай, «сафа» – кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді. Ағайынға сыйлы болғаны соншалықты, жасы кішілер кейін оны Бәдеш апа деп атап кеткен деседі.

Ахмет пен Бәдрисафа өмірден перзентсіз өткен. Қазихан, Аумат есімді екі ұл мен Шолпан есімді қызды асырап алған. Алайда ұлдары ертеректе көз жұмып, қызы анасымен бірге айдауда болады.

Иә, тағдырға дауа жоқ.

Қонақбай Қожа-Нияз

Жезөкшеге барды, оны кешірдім
Анамнан қорқып жүріп, күйеуімнен айырылып қалам ба деп қорқамын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу