Дәрігерге ағылшын тілін білудің пайдасы

Oinet.kz 14-12-2019 1563

Ағылшын тілін білу – дәрігердің кәсіби тұрғыда сапалы өсуінің де кепілі.  Ендеше, ағылшын тілінің білімі медицина маманына қалайша көмектесетініне назар аударайық. 

Screenshot_24.jpg

1. Ағылшын тілін еркін меңгерген дәрігер медицинадағы соңғы тенденцияларды бақылап отырады. Яғни, дәрігер шетелдік медициналық журналдарды, медицина жөніндегі ең соңғы кітаптар мен жинақтарды оқиды, ағылшын тіліндегі халықаралық медициналық порталдардағы жаңалықтармен танысады. Әлбетте, бұл ақпарат орыс және қазақ тіліндегі деректерден анағұрлым көп әрі өзекті. 

2. Ағылшын тілін білетін маман кез-келген уақытта шетелде медициналық білімін жетілдіре алады. Ал Еуропа мен Американың беделді медициналық оқу орнын тәммадаған маманға ең тиімді ұсыныстардың түсетіні әмбеге аян. Ол үшін міндетті түрде қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ, бірақ ағылшын тіліне деген қажеттілік бар. Шетелде білім алуға, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін түрлі гранттар мен стипендиялар тағайындалған.  Тек мүмкіндікті мүлт жібермеу керек.   Бұл тұрғыда, әрине, қалыптасқан дәрігерге қарағанда студенттерге жеңілдеу болады, себебі бірінші курстан бастап оқыған жастар бірден терминологияны ағылшын тілінде меңгеріп кетеді. Ал халықаралық зерттеу жобаларына, шетелдегі біліктілікті арттыру курстарына қатысқысы келетін кәсіби дәрігерге қиындау. 

3. Ағылшын тілінің білімі шетелдегі медициналық конференцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Беделді клиникалар өз дәрігерлерін осындай іс-шараларға жиі жіберуге мүдделі, себебі бұл жаңа білім, жаңа технологиялардың келуінің кепілі.  Көп жағдайда маңызды конференциялар ағылшын тілінде өтетінін ұмытпаңыз.

4. Ағылшын тілін  жетік меңгерген дәрігер шетелдік әріптестерімен бір командада жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Қазір көптеген клиникалар шетелден мықты мамандарды шақырып, күрделі жағдайлар бойынша консультация алуға әрекет жасайды. Бірлесе отырып дұрыс диагноз қоюға, пациенттерді емдеудегі үздік әдістемелерді білуге ағылшын тілі ауадай қажет. 

5. Ағылшын тілін білетін дәрігер жекеменшік клиникаларда шетелдік пациенттерді қабылдай алады. Бұл әсіресе сақтандыру компанияларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін клиникаларда жиі орын алатын жайт. Яғни, сізге деген сұраныс та арта түседі. 

Дәрігер үшін ағылшын тілін білу – тек ауызекі сөйлесуді емес, медициналық терминологияны түсінуді, медициналық тақырыптағы күрделі мақалаларды оқи білу қабілетін білдіреді. Ағылшын тілін еркін меңгерудегі тағы бір қажеттілік – әр елдің елдің азаматы ағылшын тілінде  өзінше бір акцентпен сөйлейтіні бар. Яғни, сіздің ағылшын тіліңізде айтқаныңызды Африка мен Азия, Америка мен Еуропаның да дәрігерлері түсіне алуы тиіс. 

Әрине, ағылшын тілін білмей-ақ мықты дәрігер болуға толық мүмкіндік бар. Оның үстіне, барлық дерлік дәрігерлер латынша жаза да, оқи да алады. Яғни, шетелдік әріптестермен ептеп түсінісуге әрекет жасайды. Рас, дәл қазіргі таңда елімізде ағылшын тіліне деген айтарлықтай сұраныс та жоқ. Дегенмен, келешегін ойлаған маман осы бастан ағылшын тіліне ден қоюы шарт. Әлемнің үздік медициналық орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу үрдісі елімізде алдағы уақытта тек нығая бермек.   

Ішімдік зияны
Эстетикалық хирургия нарығы өсу үстінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу