Гепатит жазылады

Oinet.kz 26-05-2020

Жыл сайын 28 шілдеде дүниежүзінде гепатитке қарсы күрес күні атап өтіледі. Биыл бұл шара «Ресурстарды гепатитті жоюға жұмсайық!» ұранымен өтіп, әр адамды сырқатпен қалай күресуге болатынын білуге шақырды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДСҰ) деректері бойынша әлемде 325 млн адам В немесе С вирусты гепатитіне шалдыққан, жыл сайын осы дерттен 1,4 млн адам көз жұмады. Өлім-жітім деңгейі жағынан аталған инфекциялық ауру туберкулезден кейін екінші орында тұр. Ал гепатит жұқтырғандар саны АИТВ санынан 9 есеге көп.

image.png

– Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 2018 жылы осы сырқат бойынша диспансерлік есепте 67 мыңнан астам тіркелген, олардың 5717-сіне диагноз алғаш рет қойылған. Гепатитпен ауыратын науқастардың басым бөлігі халық көп шоғырланған өңірлерде тіркелетінін ескерсек, Шымкент қаласында 6369 адам есепке алынған, – дейді №8 Шымкент қалалық емханасының жұқпалы аурулар дәрігері Б.Бейсетаева.

Маман келтірген дерекке сүйенсек, бұл еліміздегі Алматы (8943), Нұр-Сұлтан (8088) қалалары мен Түркістан облысынан (6592) кейінгі төртінші көрсеткіш. Сондықтан да шымкенттіктер арасында гепатит туралы көбірек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аталған ауру түрлерінің алдын алу маңызды.

Гепатит – бауырдың қабынуы. Оның 5 түрі бар: HAV, HBV, HCV, HDV және HEV немесе қысқаша A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіптісі – Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиын.

Сырқаттардың 90 пайызы өткір гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда, емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі – сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушалардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар немесе тәнін саудалайтын түнгі көбелектер ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.

Ал қалған түрлері (HBV, HCV, HDV) – науқас адамның қаны арқылы және де сілекейі, етеккірі, вагинальды бөлінді сұйықтықтар арқылы жұғады. Бірақ бұл, тек есірткі қолданатын немесе жыныстық қатынас кезінде қорғанбайтын адамдар ғана гепатит жұқтырады деген сөз емес. Тырнақ, бет-тері әрлеу кезінде де, тіс емдеу кезінде де жұқтыруы мүмкін. Сондықтан сақ болу керек.

Жалпы, бұл аурудың тырнағына кез-келген адам ілігуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы байқуатты, дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше, вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан "сақтықта қорлық жоғын" естен шығармаған жөн.

Вирустан қорғанудың негізгі алғышарттары:

1. Таза ауыз су ішу;

2. Тазалық гигиенасы ережелерін сақтау;

3. Санитариялық шараларды арттыру (стерильденген инелер, ұстаралар, және басқа медициналық құралдар);

4. Жыныстық-қатым қатынаста қорғану;

5. Иммунитет көтеру.

Вакцина жасау керек пе, жоқ па? Вакцина мәселесінде жұртшылықтың пікірі екіге бөлінеді. Екпеге қарсылық білдіріп жүргендер олардың құрамында балаларды аутизм, диабет, склероз, бедеулік сынды ауруларға шалдықтырып, зейін қою қабілетін төмендететін заттар барын алға тартады.

– БДСҰ мәліметінше, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Вакцина организмнің қорғаныс жүйесін белгілі бір аурудан немесе инфекциядан қорғауға жұмылдырады. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу шарасын денсаулыққа салынатын тиімді инвестиция деп таныды. Ал, Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауырғандар арасында балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған, – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы А.Беден.

Бөлім басшысынң айтуынша, гепатиттің алдын алуға және емдеуге болады. Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. Өкінішке орай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. Ал, С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ. Дегенмен, С гепатиті толық жазылады. Қалай десек те ауырып ем іздегеннен гөрі ауырмайтын жол іздеген абзал.

Бесплатная вакцинация против кори
Көңіл күй күйзелістерін емдеу және алдын алу

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×