Жаңа Жыл мерекесінің шығу тарихы

Oinet.kz 04-12-2019 4512

Ғалымдардың айтуынша, адам баласы алғашқы жаңа жылды біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықта атап өткен. Жаңа жылды тойлау межесі Тигр мен Евфрат өзендеріне су толып, егін шаруашылығының басталған кезіне тура келеді. Уақыт өте келе, мереке Бабыл тұтқындары арқылы гректерге, ал гректерден Еуропаға тарай бастаған. Рим императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбе енгізген кезде, Жаңа Жылдың алғашқы күні 1 қаңтар болып есептелінген. Римдіктер Жаңа Жылды сәтті өткізу үшін бірінші күнді қуанышқа толы етіп қарсы алатын болған. Сондай-ақ, Жаңа Жыл көне Мысыр елінде де тойланып келген екен. Ондаған ғасырлар бұрын шаруашылықта жаңа маусымға септік болатын Ніл өзені суының толысуының өмірлік маңызы бар болыпты. Сондықтан сол күннен бастап жаңа күнді тойлау дәстүрге айналып келеді. Бірақ орта ғасырларға дейін көптеген елдерде егін шаруашылығының бастауы мен өнім жинаудың аяқталуына байланысты Жаңа Жыл көктемде немесе күздің аяғында өткізілетін болған. 1600 жылдары аталған мерекенің тойлану уақыты күзден қыстың бас кезіне ауыса бастайды. Кейіннен бірінші қаңтарға ығыстырылғанымен, Григориан күнтізбесі енгізіліп, Жаңа Жыл он үш күнге созылады. Сол себепті әзірге дейін ескі жаңа жыл ресми болмаса да, 13 қаңтар күні тойланып жүр.

Screenshot_9.jpg

Қызықты деректер

Жаңа жыл мерекесі - әлемдегі қуанышқа толы мерекелердің бірі. Бәріміз Жаңа жылдан жаңа бақыт күтеміз. Олай болса Жаңа жыл мерекесі жайындағы қызықты деректерге үңіліп көрелікші.

 1. Үйге жаңажылдық шыршаны әкеліп, безендіру адамзат баласына 150 жыл бұрын бұйырған екен.

2. Жаңа жылды орыс патшалығы үш ғасыр бұрын 1 қыркүйек күні атап өткен. Тек І Петр келген соң, 1 қаңтарға ауыстыруға үкім шығарған. 

3. Аустралия елінде мерекелік дастархан үстіне құс етінен жасалған тағамдар қойылмайды. 

4. АҚШ-та Ақ Үй алдында алғаш рет 1895 жылы шыршаға ілінген электрлі түрлі-түсті тізбек жанған. 

5. Кеңес үкіметі кезінде түсірілген «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» («Ирония судьбы, или с легким паром») киносы теледидарда 31 желтоқсан сайын 35 жыл бойы көрсетіліп келе жатыр.

6. Жаңа жылда отшашу дәстүрі Азияда қалыптасқан. Фейерверктің шуы мен оттарынан жамандық атаулы қашады деп есептеген. 

7. Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро қаласына әлемдегі ең биік шырша орнатылған. Оның биіктігі –  76 метр. 

8. Аяз Атаның немересі болған Ақшақар тек 20-ғасырдың 50-жылдарында ғана «дүниеге келген». 

9. 1516 жылы Англияда  Генрих VIII-нің үйінің есік алдына құрылған шырша алтыннан құйылған. 

10. Жаңажылдық шыршаны безендіру ең алғаш Эльзас (сол кездерде Германия құрамында болған, қазір Франция елінде) қаласында бастау алған. Безендіру үшін түрлі-түсті қағаздардан раушан гүлдерін жасаған. Шырша бұтақтарына алма, печенье, шақпақ қанттар мен жылтырақ әшекейлерді ілген. 

11. Санта-Клаустың бұғыларының есімдері: Дэшер, Дэнсер, Прэнсер, Виксен, Комет, Кюпид, Доннер, Блитцен.  

12. Жаңажылдық шыршаны безендіруге арналған әйнек шырша шары ең алғаш XVI ғасырда Тюринги қаласында жасалған. Осындай тағы басқа шырша ойыншықтары тек XIX ғасырда ғана  жаппай өндіріле бастаған. Шыны ұсталары әйнек ойыншықтар жасаса, көмекшілері картон қағаздан қоңырау, жүрек, жануарлардың бейнелерін, шар, шырша бүршігін, жаңғақ сынды түрлі бейне қиып, ашық түстермен бояған. 

Әр елдің салты басқа...

Көпшілік асыға күтетін Жаңа жыл мерекесі де жақындап қалды. Әлемде бізден өзге қаншама мемлекет болса той тойлатудың да соншама түрі бар. Әр елдің салты басқа демекші, Жаңа жылға қатысты да түрлі сенімдер бар көрінеді. 

Мысалы, шотландықтар  Жаңа жыл мерекесін Хогмани деп атайды. Біздің  елде аспанға салют атып жатса, бұлар бөшкелерді қарамаймен жағып, көше бойымен дөңгелетіп жібереді. Бұл дәстүр Жаңа жылды шақыру екен. Наным-сенім бойынша жанып жатқан бөшкелерді күн деп түсінеді екен. Теңізге тастаған соң оны мекендеушілерге жарық пен жылу сыйлайды-мыс. Сонымен қатар су апатынан аман боламыз деп сенеді. Ал екінші ырым бойынша от жын-періден қорғайды. Шотландықтардың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі тағамдары бар. Мәселен, жаңа жылдық таңғы асқа сұлы шелпегін, пудинг пен ірімшіктің ерекше сорты — кеббенді дайындайды. Ал түскі және кешкі асқа пісірілген қаз немесе бифштекс, алма қосылған бәліштерді әзірлейді. 

Финдықтар жаңа жыл кешінде балауыз арқылы болашақты болжайды. Әуелі сұрақ қояды. Ерітілген тамшысын суға тамызып, пайда болған су бетіндегі бейне арқылы болжам жасайды. Ал дәстүр бойынша дастарханда алхоры киселі мен тәтті күріш ботқасы болуы керек. Финдықтар Аяз атасын «Йоулупукки!» деп шақырады екен. «Рождестволық ешкі» деген мағына береді. Йоулупуккидің сыйлық толы арбасын ешкі сүйрейді екен. Финдықтар бұл атаны мейірімді, барлық тілектерді орындаушы деп түсінеді. 

Испанияда ескі дәстүр бойынша жаңа жыл кешінде әр адам 12 жүзім жеуі керек. 12 жүзім болатын себебі жылдың он екі айын білдіртсе керек. Негізі, жүзімнің дәстүрге енуі тегін емес. 1908 жылы жергілікті фермерлер жүзім арқылы пайда табуды бастады. Бүгінде дүкендерде неше түрлі құтыда түр-түрі сатылады екен. 

Вьетнамда жаңа жылды 21 қаңтар мен 19 ақпан арасында тойлайды. Жаңа жылды тет деп атайды. Мұнда шырша, әппақ қар болмайтындықтан, ерекшелік тырманы безендіреуде болады екен. Ырымы өте жақсы безендірсе, бақыт пен байлықты тырмалауға болады деген түсінікке жақын. Аяз ата  Тао Куэн деген кейіпкер. Оны үй ішінің періштесі дейді. Ол айдаһарға айналып шығатын тұқымен көкке ұшадыекен. Аспан әміршісіне адамдардың жасаған жақсы амалдарын жеткізеді-міс. Вьеатнамдықтар жақын маңда орналасқан өзен-көлге тілектерін сыбырлап айтқан соң жібереді. 

Француздар бұл мерекеде бәліш пісіреді. Бәліштің ішіне бір түйір ірі бұршақты (боб) салады екен. Кімнің жеген бәлішінен шықса, жаңа жыл кешінде сол адамның бұйрығына бәрі де бағынады екен. Жапондықтар Жаңа жыл мерекесінде жаңа киім кию дәстүрін енгізген болатын. Олар мерекенің алдында тырма сатып алады екен. Вьетнамдықтар секілді бақыт пен байлықты «тырмалайтын» көрінеді. Бұлар Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлайды. Есіктің алдына бақыт әкеледі деп бір байлам сабанды іліп қояды. Бұл ырым жын-сайтанның үйге кіруінен сақтайды екен. Жаңа жыл басталысымен-ақ жапондықтар шулықтар секілді күле бастайды. Күлкі жаңа жылда бақыт әкеледі деп түсінеді. 

Еврейлер жаңа жылды Rosh Hashanah деп атайды. Бұл күн олар үшін қасиетті. Олар ең бірінші кезекте күнәларын еске алып, осы жаңа жылда жақсы амалдармен жоямын деп уәде береді. Балаларға жаңа киімдер сыйлайды. Нан пісіріп, неше түрлі жемістерді жейді. 

Италияда жаңажыл 6 қаңтарда басталады. Наным бойынша бұл түнде сиқырлы сыпырғышпен мейірімді Фея Бефана ұшыпкеледі екен. Ол «келіншек» үйге есіктерді алтын кілтімен ашып кіреді. Камин қасында ілініп тұрған балалардың шұлықтарын сыйлыққа толтырады. Сабағын нашар оқып, бұзықтық жасаған балаларға Бефана бір шымшым күл мен көмір салып кетеді. Аяз ата осы Баббо Натале. Итальяндықтар жаңа жыл кешінде терезеден ескі заттарды лақтырады. Неғұрлым көбірек лақтырса, жаңа жыл сондай байлыққа кенелтеді деп түсінеді. 

Австрияда жаңа жылдық сыйлық пен құттықтаудың қарапайым дәстүрі сонау XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында тарала бастаған екен. Қазіргі таңда бір-біріне неше түрлі шағын мүсіндерді сыйлайды. Пошталық ашық хат арқылы бақыттың символы болатын мұржа тазалаушы, төрт жапырақты бедені немесе шошқаның мүсінін сыйлайды. Жаңа жыл берекелі болуы үшін 31 желтоқсанда мол дастархан жаяды екен. 

Брабант пен Батыс Фландрияда… Иә, мұнда бұл мерекеде патша сайлау дәстүрі бар. Арнайы 16 корольдық ашық хат (Koningsbriefs) жасалынады. Бұл ашық хаттарға сарай адамдары мен қызметшілерінің суреттері бейнеленеді. Ал ауылдық жерде мұндайды қолдан жасайды екен. Қатысушылар тәуекел деп бір-біреуден таңдап алады. Сөйтіп, таңдалған патша мен ханым кешті басқарады. Екеуінің іс-әрекеттерін қалғандары қайталайды. 

Жаңа жыл... Осы жеті әріп қаншама қуаныш пен үмітке жетелейді десеңізші!? Бұл мереке жадымызға жаңа үміт, жаңа сенім ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Ал сыйлықтар туралы айтпаса да түсінікті шығар... Өз басым бала шақтың балдай тәтті елестерін көз алдыма оралтып, әлі күнге дейін Аяз Ата мен Ақшақарға шын жүректен сеніп, тілек тілегім, тіпті хат жазғым да келеді. Әрине, кейбіріңіз бұл сөзіммен келіспеулеріңіз мүмкін, алайда, мұндай  таныс көңіл күйді, жүрек түбінде жатқан сиқырлы сезімді жалғыз мен емес талайлардың бастан кешетініне  еш күмәнім жоқ. 

Көзімді ашқалы жоғарыдағы сезімдермен дос болып, жыл сайын отбасыммен түнгі он екіні қарсы алып, мерекені тойлап келемін. Ал сіз бір сәт болсын «Бұл қандай мереке?», «Неге мереке дәл осы күні тойланады?», «Мереке қашан және қалай пайда болды?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдіңіз бе? Іздедіңіз делік,  ендеше мереке қарсаңында осы сұрақтарыңызға біз жауап беріп көрдік. 

Әзірлеген Дана Сүлейменова

«Сумерки» фильмінің актерлері 10 жыл өткен соң
Лотореядан 758 млн 700 мың доллар ұтқан медбике
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу