Алаяқ бірнеше жылдар бойы мемлекеттік меншікті сатып келген

Oinet.kz 20-08-2019 1010

para.jpg

АҚШ-та «Оған Бруклин көпірін сатуға болады екен» дейтін қызықты тіркес бар. Ол тіркес шамадан тыс аңқау, ақшаға бос адамдар туралы айтылады. Бұл тіркес жайдан-жай айтылмаған, оның да шығу тарихы бар.

Джордж Паркер атты алаяқ бірнеше жылдар бойы Нью-Йорктің ең көрнекті жерлерінің бірін сатып келген. Сену қиын болса да, бұл сауда сатып алушылардан кенде болған емес.

Бруклин көпірі 1883 жылы 24 мамырда салтанатты түрде ашылған. Алғашқы күннен нысанды 150 000-ға жуық адам пайдаланған. Алайда бірнеше күн өткен соң көпірдің берік еместігі, кез келген уақытта опырылып кететіні туралы сыбыстар шыққан. Көпірдің беріктігін дәлелдеу үшін Нью-Йорк билігі батыл қадам жасап, цирктен 21 пілді жалға алып, көпір үстімен жүргізіп өткен. Көп кешікпей мұндай керемет көпірді сатқысы келетіндер мен сатып алғысы келетіндер көбейген.

Джордж Паркер туралы мәліметтер көп емес. Нью-Йоркте дүниеге келген деп болжанады. Алғаш рет көпір сату жоспары достарымен бәсекеден туындаған. Ол достарына кез келген затты сату қолынан келетінін айтқан. Бұл сөзінен соң достары әзілдеп Бруклин көпірін сатуды ұсынған. Бәрі де содан басталған...

Ол адамдармен көпір үстінде танысып, таныстық кезінде көпірдің иесі екендігін, алайда оны сатуды ұйғарғанын айтады. Әрі қарай мұндай тамаша нысанның иесі болудың қандай тиімді екенін, кез келген уақытта жолды жауып, жаяу жүргіншілер мен көліктерден ақша алуға болатындығын түсіндіреді.

Паркердің сатушылық, ораторлық қабілетінің жоғарылығы сондай, ол адамдарды өз сөзіне сендіре біліп, көпірді меншігіне алғысы келетін сатып алушыларды тез тауып, жалған құжаттар арқылы келіссөздер жүргізе білген. Егер сатып алушының қаражаты болмаған жағдайда, көпірді несиеге алып, ақшасын бөліп беруге «жеңілдіктер» жасаған.

Нью-Йоркта қала меншігін жеке меншікке сатуға болмайтыны туралы ойламаған клиент үлкен қаладағы үлкен көпірдің иесі атанғанына мәз-мейрам болады. Алайда «қожайын» «өз нысанында» өткізу пунктін орнатпақ болған сәтте, полиция келіп ол райынан қайтарады.

Ал Бруклин көпірін сату аздық еткен Джордж Паркер бұл сәтте мүлік сатуға арналған жасанды кеңсе де ашып үлгерген. Оның көзіне басқа нысандар да түсе бастаған. Мысалы Нью-Йорктегі «Мэдисон-сквер-гарден» спорт кешенін, Азаттық мүсінін, Метрополитен мұражайын да сәтті сата білген.

Алайда жаздан кейін күз келетіні секілді, бәрінің де шегі, соңы болатыны белгілі. 1928 жылы Джордж Паркердің өмірінде күз орнап, тұтқындалады. Ал сол жылдың 17 желтоқсаны – оның өмірінің соңғы қаһарлы қысы секілді болады. Сот алаяққа өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. Жазасын өтеуге Паркер Нью-Йорктан 48 км жердегі Оссининг қаласында орналасқан Синг-Синг түрмесіне жіберіледі. Ол түрмеде 8 жылын өткізген айлакер 1936 жылы өмірден өтеді.

Оның өлімінен бір жыл бұрын АҚШ-та саяхат жасап жүрген кеңестік жазушылар И. Ильф пен Е. Петров Синг-Синг түрмесіне де келіп көреді. Ол сапарда түрмеден алған әсерлері туралы екі жазушы «Бірқабатты Америка» атты кітаптың арнайы «Электрлік орындық» атты тарауында бөліседі.

Фобия деген не?
Ер адамдардың негізгі типтері қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу