Ақыл есі кемтардан данышпанға айналған Эдисон

Oinet.kz 05-09-2019 1699

d210611635aa817574e86e03bf53f190.jpg

        Бірде жас бала мектептен үйіне жүгіріп келіп, анасына мұғалімнің хатын ұстатады. Анасы бір жапырақ қағаздағы сөздерді оқып, жылап жібереді де, баласына дауыстап оқып береді: «Сіздің ұлыңыз – данышпан. Балаңыздың ақыл-ойы үшін біздің мектебіміз тарлық етеді. Сондықтан, өтініш оны өзіңіз оқытыңыз ».  Ұзақ жылдар өткесін әлгі баланың анасы өмірден өтеді. Ол отбасылық мұрағаттарды ақтарып отырып баяғы сарғайған хатты тауып алады. Ашады да оқиды: «Сіздің ұлыңыздың ақыл-есі кем. Біз оны бұдан артық өзге балалармен бірге оқыта алмаймыз. Сондықтан оны өзіңіз үйде оқытқаныңыз абзал» делініпті хатта.  Мұны оқыған ер кісі ұзақ жылап отырады да күнделігіне «Томас Алва Эдисон  - ақыл-есі кемтар бала болған. Батыр анасының арқасында ол кейіннен ғасырда бір туатын ұлы данышпанға айналды». 

     Бұл әлемге әйгілі өнертапқыш Томас Эдисонның бақытсыз балалық шағының бір парағы. Кезінде «адам болмайсың» деп өзгелерден теперіш көрген ғалымның  жаһанға өзін мойындатуға арнаған сара да дара жолы оңай болған жоқ. 

          Аль. Томасты бала күнінде үй ішіндегілер осылай атапты.  АҚШ-тың Огайо штатында 1847 жылы  дүниеге келген Томастың бойы қысқа, әрі дімкәс болды. Әлжуаз болсада оны үнемі қоршаған орта, құбылыс қызықтыратын. Эдисондар әулеті жеті жылдан кейін Мичиган штатына қоныс аударады. Осында Аль алғаш рет мектеп табалдырығын аттағанда қуанышты болған еді. Алайда мұғалімдер оны «ақыл есі кем» деп санап, білім беруден бас тартады. Бұл туралы Эдисон кейіннен «Мұғалім мектепке келген инспекторға мені мектепте оқытудан пайда жоқ екенін айтып жатқанын естідім. Ұстаздың сөздері менің жаныма қатты батты. Еңіреп жылап үйге келдім де, бәрін анама айтып бердім» деп еске алады.  Бұл оқиға анасы Нэнсидің де  жүрегіне қатты батқан болуы керек, ұлын мектептен алып кеткен кезде әлгі мұғалімге «Томастың миы сенікінен әлдеқайда көп» деп назын айтыпты. Сол күннен бастап Нэнси кенжесін үйде оқыта бастайды. Түрлі кітаптар оқып беріп, қиялын ұшқындай түседі. Жаңашылдыққа жақын Томас сұмдық кітапқұмар болып өседі. Он бір жасында безгегі ұстап қалған балаға дәрігерлер антибиотик салады. Салдарынан оның құлағы мәңгілікке «өлі тыныштыққа» айналады. Негізінде Альдің әкесі мен ағасы да нашар еститін болған. Ал Томастың өзінің айтуынша вагондағы жарылыстан соң құлағы тас керең болып қалған. Бұл да шындыққа жанасуы мүмкін. Себебі жалқаулыққа жаны қас Эдисон кішкентай кезінен бастап анасына жеміс-жидек, көкөніс саутға жәрдемдескен. Алайда саудадан түскен тиын-тебен отбасын асырауға жетпейтінін түсінген бала жүрек өз бетінше ақша табуды көздейді. Сөйтіп 1859 жылы теміржол вокзалында газет таратумен айналысады. Сол кезде оның бір айлық табысы 8-10 долларды құрапты. Жұмысты бар ынтасымен істейтін бала кейінірек алғаш рет  жеке пойыз газетін ашады. Бұл оның әлемге ұсынған алғашқы жаңалығы болатын. Дәл осы кезеңде болашақ ғалымның электроникаға қызығушылығы оянады.  

        1862 жылдың тамызында Аль қозғалып бара жатқан вагонның астында қала жаздаған жас баланы құтқарып қалады. Ол сол өңірдегі бір бекеттің бастығының ұлы болатын. Ықпалды кісі алғыс ретінде құтқарушысын телеграф ісіне оқытуды жөн санайды. Бұл ұсынысқа қуана келіскен жігіт оқып жүріп өзінің алғашқы үйі мен бастықтың үйінің арасында телеграфты желісін құрады. Теміржол вокзалының маңынан вагон ішінде орналасқан зертхана ашып береді. Бірақ жас жігітті сәтсіздік айналып өтпеді. Вагонда абайсызда жарылыс болып кондуктор жігтті де, барлық құрал-сайманын да далаға лақтырып жібереді. Міне, сол кезде оның құлағына зақым келген. Осылайша оқу да, зерттеу жұмыстары да бір күнде тоқтайды.  Бір жылдан соң басқа бекетке түнгі уақытқа телеграфист болып қайта қызметке орналасқан ол жауапсыздығы үшін тағы жұмыстан қуылады. Нақтырақ айтқанда жұмысын аяқтап болған соң жұмыс орнында түнеп жүрген оның қылығы басшыларға ұнамай қалады. Оның үстіне Томастың кесірінен екі пойыз соқтығыса жаздайды. Сөгіс алған жігіт Порт-Гуронға ата-анасының үйне оралуға мәжбүр болады. Бұдан кейін жас өнертапқыш талай жерде жұмыс істейді. Алайда үнемі шұқыланып, заттарды өртеп, кесіп, қай-қайдағы сұйықтықтарды бастықтың кабинетіне төгіп ала беретін оның қылығы өзгелерге біртүрлі көрінетін. Мінезі, жүріс-тұрысының оғаштығынан оған тұрақты жұмыс бұйырмады. Сөйтіп жүріп ол  киім, байлық жайлы ұмытып, бар уақытын кітап оқу мен тәжірибе жасап, материал іздеумен өткізеді. Күндердің күнінде оның қолына ой-өрісіне серпін берген физик Фарадейдің  шығармаларымен танысады. Жаңаша ойларға байыған зерттеуші аз  уақытта сайлауда «ия» «жоқ» деген дауыстарды санап шығатын аппарат ойлап табады. Ол кезде Том 25 жаста болатын. Эдисонның бұл жаңалығын шыбын шаққан құрлы көрмеген үкімет оған патент беруден бас тартады. Кейіннен биржаның бағамын автоматты түрде жазып отыратын құрылғы шығарады. Томастың бұл аппараты да өзгелердің пікірінше түкке тұрғысыз болып шығады. «Жығылған күреске тоймас» дегендей үмітін үзбеген Аль есін жиып қайта зерттеумен айналысады. Күндіз-түні ізденіп жүретін ол   1870  жылы Ньюарктен шеберханасын ашады.   Бұл уақытта  ғалым жеке өмірі туралы мүлдем ұмыта бастайды. Журналистерге берген сұхбатында ол «мен елуге келгенше тәулігіне шамамен 19,5 сағат бойы жұмыс істейтінмін» дейтін. Оның өләрмандығы туралы әріптесі Никола Тесла былай деп сипаттайды: «Егер Эдисонға қаптаған шөп арасынан инені іздеу керек болса ол әр гүлден қүнарлы бал іздеген арадай ертінбестен әрбір шөптің арасын инені тапқанша  қарап шығады. Оның жұмыс істеу тәсілі ерекше болатын. Ол бір нәрсені анықтау үшін уақыт пен күш-жігерін мүлдем аямайтын. Мен алғашында оның еңбекқорлығына аяушылықпен қарайтынмын. Себебі ол ғылым мен кітапқа сүйенбейтін, тек өзінің ішкі түйсігі мен американдықтың ой-өрісіне сенетін». 

       Өнертапқыш бір сөзінде «Біз қолжетпестей көрінген электр қуатын соншалықты арзандата түскенімізде байлар шам (свеча) жағып отыратын болады»  деген екен.  1879 жылы ол бұл сөзін іс жүзінеде дәлелдеп шығады.  Ұзақ жылдардағы ізденіс пен құрбан болған күш-жігердің арқасында Томас көмір қылтығымен жұмыс істейтін электр шамын (лампочка) ойлап табады. Деректер бойынша ол электр шамына алты мың материалды сынап көрген екен. Соңында  карбонатты бамбукке тоқтаған көрінеді. Шамның көмір қылтығын ретке келтіргенше зертханада демалыссыз бақандай 45 сағатын өткізіпті. Томның еңбегі еш кетпеді.  Бұл  XIX ғасырдың ең жарқын жаңалығы болды. Әрбір құрылғысы керемет ойластырылған қажетті дүниенің авторы атанған соң біртүрлі Эдисонды әлем мойындай бастайды. Осылайша электр шамын шығаратын Edison Electric Light, компаниясын басқарып, әр үйге жарық сыйлайды. Атағы дүркіреп тұрған шағында жергілікті газеттің тілшісі сұхбат барысында өмір жолындағы көптеген қателіктерін бетіне басып, оған «Мың рет қателескен қалай екен?» деп сұрапты. Сонда сұхбат беруші мүдірместен «Мен мың рет қателік жіберген жоқпын. Тек электр шамы мың рет қадам жасауды талап еткен дүние болды» деп жауап берген екен. Кинематография саласына да біраз өзгерістер енгізген Том мылқау фильмдер ұнатқан. Дыбысты киноларды тамашалағанда актерлардың біліктілігіне көңілі толмаған ол: «Олар дыбысқа үлкен мән беріп, іс-қимылды ұмытты. Ал мен іс-әрекетті оларға қарағанда жақсы сезінемін, себебі мен саңыраумын» деп бағасын беріпті. Айтпақшы, біз бүгінде күнделікті тұрмыста қолданып жүрген «Алло» сөзін тұңғыш рет қолданысқа енгізген де Эдисон болатын. 

      Соңғы 10 жылында ғалым оккультизмге қызығып жүреді. Эдисон әулетінің досы Джон Эглестон бұл қызығушылыққа оның отбасының септігі тиген деп сендіреді. Оның айтуынша Том бала кезінде ата-анасы спиритикалық сеанстарға (үстелді, шыны-аяқ табақтарды айналдырып салдырлатып, өлген адамдардың рухтарымен тілдесу) құмар болған екен. Мұндай сеанстарды көріп өскен бала Томас бақилық болғандармен  наным,сенім арқылы сөйлесу мүмкін болса, демек ғылым жолымен де мүмкін дегенге өз-өзін сендіреді. Міне, осы сеніммен ол өлгендермен сөйлесуге арналған құрылғы жасап шығару үшін түрлі тәжірибелер жасай бастайды. Әріптесі Уильяммен бірге о дүние «тұрғындарының» даусын жазып жүреді. Және де  егер екеуміздің біріміз бірінші болып дүние салсақ арғы әлемнен хабар жібереміз деп   бір-біріне уәде береді. Уильям қайтыс болған соң өнертапқыш тілшіге сұхбат бергенде «некрофонды» ойлап тапқандығы туралы жарияға жар салады. Алайда ол аппарат сақталмағандықтан оның бар-жоғын ғалымдар әлі дәлелдей алмай келеді.  

        Бүкіл ғұмырын ғылымға сарп еткен өнертапқыш адал жар, жақсы әке болды деп айта алмаймыз. Эдисон екі рет некелі болады. Бірінші әйелі Мэри Стиллвелден бір қыз екі ұл сүйеді. Отбасының барын ұмытып кете беретін Томас тәуліктеп, айлап үйінде болмайтын көрінеді. Отбасылық бақытты толығымен сезіне алмаған Мэри 29 жасына қараған шағында  өмірден озады. 1886 жылы бойдақ  Мина Миллерге үйленеді. Араларында бір қыз екі ұл болады. Қолынан ел пайдасына жарар талай тамаша дүниелер шыққан алтын қолды тұлға 1931 жылы қант диабетінен көз жұмады.  Қабірі өз үйінің ауласына қойылды. Эдисон көзі тірі кезінде жақын досы Генри Фордқа соңғы демін пробиркаға сақтап қоюды аманаттаған екен. Аманатқа қиянат жасамаған досы тап солай жасайды. Қазіргі таңда пробирка Генридің мұражайында сақтаулы тұр. 

      Қамқоршы әке болмаса да екі аяқты пенденің жұмыр басына сыя бермейтін ойларға бай өнертапқыш әлемдегі ең атақты тұлғаның біріне айнала білді. Ол жер бетіндегі төрт мыңнан астам патентке ие болған жалғыз әрі тұңғыш ғалым. Ол – ешқандай мектеп, колледж, университетте білім алмаған. Оның бір ғана ұлы ұстазы болды. Ол – анасы. Тұлғаның күнделігіндегі мына сөздер соның айғағы: «Мені данышпан еткен менің анам. Ана жүрегінің маған деген сенімінің зор болғаны соншалық, мен оны сезе білдім және кім үшін өмір сүру керектігін ұғындым». 

Сыра тасқынынан 8 адам көз жұмды
Мәңгілік аппақ мамық оранған 5 ел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу