Адамға жынның кіру себептері, белгілері, шығару жолдары

Screenshot_2.jpg

Жындар – ойдан шығарылған қиял емес. Адам сияқты оларға да құлшылық парыз етілген жаратылыс. Жындар да ішінара жақсы және жаманға бөлінеді. Ежелде жыннан қорқып, олар жайлы шындыққа жанаспайтын түрлі әпсана-ертегілер шығарылған.

Құран Кәрімде: «Адамдардың ішіндегі кейбір кісілер жындардың ішіндегі кейбір еркек жындардан пана сұрап, олардың менменсіп, басынуларын арттыратын еді»,-деген аят бар.

Оның мәнісі, араптар жазық далаға келіп, түнемек болады да, сол маңайдағы жындардың үлкенінен пана сұрайды. Есірген жындар оларды ақылдан адастырады. Иә, жын адамға зиян тигізуі мүмкін. Жындар көбінесе, лас және таза емес орындарда, айдала мен шөл далада жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Алла Тағала қалауымен, олардан қорғану үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет.

Құран Кәрімде: «Анығында, Менің құлдарыма олардың үстінен сенде билік жоқ. Тек адасқандардан және саған ергендерге ғана (билік бар),-деді»,-деп әмір етілгендей, шайтан Алла Тағаланы зікір етіп және құлшылық жасап жүрген адамға жақындай алмайды.

Құран Кәрімде: «Ақиқатында, оның (шайтанның) билігі оны өзіне дос, қамқоршы тұтатындарға және онымен серік қосатындарға ғана жүреді»,дегендей жын өзін мазалаған адамға жамандық етеді. Мәселен, кірдің суын немесе ыстық суды есік алдына немесе көшеге төге салу, айдалада ұйықтап қалу, күл-қоқысты басу, елсіз жерде түнделетіп жүру, малдың сүйегін тебу, үнемі күнә жасап жүру және сиқырланып қалу сияқты себептермен жын тиюі мүмкін. Қазақтың «күл баспа», «кірдің суын жолға төкпе», «түнде жүргенде «бисмилла» айтып жүр», «шошынып қалсаң «бисмилла» де» деген сияқты сөздер айтуының сыры да осында жатыр. Жынның адамға тиетін жолы көп. Оның арнайы белгілері де жоқ. Әр қилы және түрлі себептер болуы ықтимал.

Адамға жынның кіру себептері:

1. Құлшылықтарға бейғам болу, намаз тастау.

2. Құран оқуды тастау.

3. Дəрет-ғұсылға ұқыпсыздық.

4. Əйелдің жеке қалғанда жеңіл киініп жүруі.

5. Лас жерлерге бару.

Бірақ, тәжірибе көрсеткендей көбінесе төмендегідей белгілерінен байқалады:

1. Ешбір себепсіз үнемі бас ауру;

2. Аяқ-қолдың ұйығанын сезіну;

3. Алла Тағаланы зікір еткенде, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну;

4. Құранды тыңдағанда бас ауруын сезіну немесе дене-мүше еріксіз қимылдай бастауы;

5. Жынның науқас тілімен сөйлей бастауы;

6. Беймаза түстер көру және ұйқыда бейне бір құлап бара жатқандай сезіну.

Жын сүресі, 6-аят Хижр сүресі, 42-аят Нахл сүресі, 100-аят

Жын кіру мәселесінде әһлу-Суннаның ұстанымын түсіну үшін алдымен Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне назар аударайық:

Аллаһ Тағала былай дейді: «Өсiм жегендер шайтан тиіп тұрғандай есеңгіреп тұрады». (Бақара сүресі, 275-аят).

Ибн ‘Аббас (оған Аллаһ разы болсын) осы аятқа қатысты: “Өсімқорлықпен айналысқандар Қиямет Күні жын кіріп кеткен кісі тәрізді қайта тіріледі”, – деген.

Имам әл-Қуртуби былай деген: “Осы аятта жынның кіруін жоққа шығаратындарға қарсы дәлел бар, олар мұндай құбылыс қоршаған ортаның нәтижесінен пайда болады дейді”.

Сафия анамыздан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Расында, шайтан адам баласының қанымен бірге қозғалып жүреді!»

Имам Ибн Хаджар әл-Хайтами былай деген: “Осы хадис адам денесіне шайтанның кіруін жоққа шығаратындарды теріске шығарады, муғтазили ағымы сияқтыларды”.

Әбу Са’ид әл-Һудриден (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Кім есінесе, аузын қолымен жапсын, әйтпесе оған шайтан кіріп кетеді!»

‘Ата бин Әбу Рабах былай деп баяндаған: “Бір күні Ибн ‘Аббас маған: “Жәннаттық әйелді көрсетейін бе?” – деді. Мен: “Әрине”, – дедім. Ол: “Мына қара түсті әйел бірде пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: “Мен есімнен ауып құлап қаламын, соның кесірінен әуретім ашылып қалады, мен үшін Аллаға дұға қылыңыз”, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Қаласаң сабыр ет, сонда саған Жәннат болады. Ал қаламасаң мен Аллаға саған шипа берсін деп дұға қылайын» – деді. Әлгі әйел: “Мен сабыр етемін”, – деді де, сөзін жалғап: “Расында, менің әуретім ашылып қалады, Алладан әуретім ашылып қалмасын деп дұға қылыңыз”, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол үшін солай дұға қылды”, – деді”.

Осы хадистің басқа риуаятында, Умм Зуфар деген есімді әлгі әйелдің құлап қалуына шайтанның кіруі себеп болғаны айтылған. Әлгі қара түсті әйел: “Жиіркенішті шайтан менің әуретім ашылып қалатындай ете ме деп қауіптенемін” – деген.

Сондықтан хафиз Ибн Хаджар былай деген: “Осы хадистің барлық риуаяттарынан Умм Зуфардың құлап қалуына жынның кіруі себеп болғаны, басқа бір аурудың нәтижесінен емес екені анықталды”.

Сондай-ақ хафиз Ибн ‘Абдулбарр мен имам Ибн әл-Асир сахабалардың өмірбаяны туралы жазған кітаптарында Умм Зуфардың ауруы – жынның кіруі екенін айтқан.

Ка’б ибн ‘Амрдан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с) оқыған дұғаларының бірі былай болған: «Аллаһым, мен өлім аузында жатқанда шайтанның тиісуінен Өзіңнен пана тілеймін!»  Имам әз-Заһаби, шейх әл-Әлбәни мен шейх ‘Абдулқадир әл-Арнаут хадисті сахих деген. Имам әл-Мунауи осы дұғаның мағынасы жайында былай деген: “Дұғаның мағынасы – шайтан маған кірмесін, дінімді немесе ақылымды бұзып менімен ойнамасын!”.

‘Усман ибн Абул-‘Ас (оған Аллаһ разы болсын) былай деп баяндаған: “Бір күні мен Аллаһ елшісіне (с.ғ.с) Құранды ұмытып қала бергеніме шағымдандым. Сонда ол менің көкірегімнен соғып жіберіп: «Әй шайтан, ‘Усманның көкірегінен шық!» – деді. Ол осылай үш рет қайталады. Бұдан кейін жаттап алғым келген нәрсені ешқашан ұмытқан емеспін”.  Хафиз әл-Бусайри мен шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген. Шейх әл-Әлбәни былай деген: “Осы хадисте шайтан адамның денесіне кіре алатынына дәлел бар, тіпті ол ізгі мүмін болса да”.

Я’лә ибн Мурра (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисте, бір жорықтың кезінде бір әйел ауру баласымен пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, шайтан оны иемденіп, жеті жыл бойы мазасын алып жүргеніне шағымданды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) баланы алды да, аузына үш рет түкіріп: «Алланың жауы, шық, мен Аллаһ елшісімін!» – деп осы сөзді үш рет қайталады. Осыдан кейін әлгі бала кішкентай ит тәріздес қара бір нәрсені құсып тастады. Біршама уақыт өткеннен кейін әлгі әйел пайғамбарымызға (с.ғ.с) екі қой алып келіп: “Саған құрмет көрсеткен Алламен ант етейін, біз сізден кеткеннен кейін одан еш нәрсе байқамадық!” – деді. Хафиз әл-Мунзири, хафиз Ибн Касир мен шейх әл-Әлбәни хадистің иснадын хасан деген, ал имам әл-Биқа’и хадисті сахих деген.

Имам Ахмадтың баласы ‘Абдуллаһ былай деген: “Бірде мен әкемнен:«Кейбіреулер жын адам денесіне кірмейді деп айтып жүр» – деп сұрадым. Ол: «Балам, олар өтірік айтады! Жын тіпті адам тілімен де сөйлейді!» –  деді”.

Сұрақ: «Адам денесіне жын кіре алады дегенге дәлел бар ма?» Шейх Мухаммад ибн Салих әл-‘Усәйминнің жауабы: «Иә, бұған Құран мен Сүннетте дәлелдер бар. Құранға келер болсақ, Аллаһ Тағала былай дейді: «Өсiм жегендер шайтан тиіп тұрғандай есеңгіреп тұрады» (Бақара сүресі, 275-аят). Сондай-ақ бұған Сүннеттен дәлел бар: «Расында, шайтан адам баласының қанымен бірге қозғалып жүреді!» Имам әл-Аш’ари “Мақаләт әһлу-Сунна уәл-жама’а»- да: “Әһлу-Сунна былай дейді: «Расында, жын адам денесіне кіреді»” – деп аталмыш аятты дәлел қылып келтірген. Сонымен бірге, имам Ахмад пен әл-Байһақи келтірген, пайғамбарымызға (с.ғ.с)жын кірген баланы алып келгенде ол: «Алланың жауы, шық, мен Алланың елшісімін!» – деген. Осылайша, жын адам денесіне кіретінін Құран мен Сүннеттен дәлелдер бар екенін көрдің. Және осы Сүннет имамдарының пікірі. Және бұған болып жатқан жайттардың өзі дәлел. Сонымен қатар, біз адам бұдан да басқа себептермен ақылын жоғалтып алуын жоққа шығармаймыз».

дереккөз: BAQ.KZ

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Балаңыз ауырса мына дұғаларды оқыңыз
  • Перзент сүю дұғасы
  • Шайтанның құратын 3 психологиялық тұзағы
  • Тауық еті харам ба?
  • «Кул…» сүресінің пайдасы туралы
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика