Мұсылман мейрамдары туралы не білеміз?

Oinet.kz 11-10-2012 1235

Хадисте «Әрбір қауымның өз мейрамы бар» делінген. Расында да әрбір елдің өзіне тән мейрамдары, айтулы күндері бар. Олардың тойлану себептері әркелкі. Шариғатта мейрамды ъид деп атайды. Қазақша айт деп аталып кеткен. Бұл сөздің қолданыстағы мағынасы «мейрам», ал түбіріндегі мағыналары «қайту, оралу, қайтарым». Яғни, жыл сайын қайталанып келетіндіктен, құлшылыққа қарымта мереке болғандықтан солай аталған делінеді. Мерекелер әртүрлі жағдайларға, тарихи, мәдени себептерге қарай нақтыланады. Осы орайда мұсылман мейрамдарының өзіндік ерекшеліктері туралы айтып өткен орынды.

image.png

Жаратушыға иман келтірген үмбеттің әрбір ғибадаты, құлшылығы, тіршілігі Алла Тағалаға бойсұнушылыққа негізделген. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Әнғам сүресінде былай деп бұйырды: «Шын мәнінде, менің намазым да, құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Раббысы Алла үшін деп айт». Сондықтан да мүміннің қуанышы, мерекесі де Жаратушымен бірге, Раббысының әмір-тыйымын орындау арқылы болады.

Алдыңғы толқын мұсылмандардағы тақуа жандар: «Кімде-кім Алланы еске алмай қуанып, шаттанса, онысы Раббысын ұмытып, ғапылдыққа салынғаны. Ғапылдықта қалған пенде әуейілікке, нәпсіге еріп, елітеді. Ал ақылды жан Раббысына жасаған тағат-құлшылығы үшін қуанып, тойлайды», - деген екен.

Сондықтан да мұсылмандардың мейрамдарының мән-мағынасы Құдайға деген құлшылықпен тығыз байланысты.

Ораза айтын тойлағанда отыз күн оразаны ойдағыдай атқарып, Жаратқанның жарылқауынан үміт етіп, ғибадат науқанын аяқтағаны үшін шаттанып қуанады. Алла Тағаланың Өзі солай бұйырды. Бақара сүресінде былай делінеді: «(Жаратқан Ие) ...сендердің мерзімді (рамазан айын) толтырып, тура жолға салғаны үшін Аллаға тәкбір айтуларыңды (мейрамдауларыңды)  (қалайды)». Тәпсіршілер мұндағы тәкбір айтудың мағынасы ораза айт намазын оқу, айттау деп түсіндірген.

Ал Құрбан айты қажылық құлшылығымен, құрбандық шалумен тікелей байланысты. Мұсылмандар осы құлшылықтарды абыроймен ойдағыдай орындаған соң айттап, мейрамдайды. Құдай Тағала: «Намаз оқы және құрбан шал», –деп бұйырды. Мұндағы намаз – Құрбан айт намазы, ал құрбандық осы айтта шалынатын мал.

Әлбетте, мұсылман мейрамдарының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, кейбір қауымдар өз мерекелерін шөлмек соғыстырып, арақ-шарап ішумен, күнәлі істерден бастаса, ал мұсылмандар өз мейрамдарын күн шыққаннан айт намазын оқудан бастайды. Мұның өзі қуанышты күннің Құдай Тағаланы еске алусыз өтпейтіндігін білдіреді. Сондай-ақ, мұсылмандар айт намазынан соң бір-бірін құттықтайды. Құрбан айтта шалынған малдың етін жақын-жуықтарына, мұқтаж жандарға таратады. Бір-бірінің үйіне бас сұғып, айттайды. Көптен көрмеген туыстармен қауышады, науқастардың, мұқтаж жандардың хал-жағдайын сұрайды. Дүниеден өткен кісілерге Құран бағыштап, жарылқау тілейді. Осының барлығы мұсылманша мерекелеу мәдениетінің ерекшелігін білдіреді.

Құдайға шүкір, дін жанашыры Елбасымыздың тікелей жарлығымен Құрбан айты Қазақстанда ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгізіліп, айттың алғашқы күні демалыс болып жарияланды.

Алда келе жатқан мұсылмандардың ең ұлық мерекесі Құрбан айт баршамызға мүбәрак болсын! Қасиетті мереке Алаш жұртына құт-береке, игілік әкелсін! Жаратқан Иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге беріктік берсін! Әмин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Құндық ішік (шуба) кию күнә ма?
Құрбандыққа қандай мал шалынады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу