Біздің қоғамға махаббат діні керек

Oinet.kz 15-03-2020 945

Бүгінде уахаби, салафи, сопылық, сопылық емес, ханафи деп жүргенде, біраз азаматтардың көкірегінде дінге деген күмәнін қоюлатып алды. Дін десеңіз, тіпті ханафи мазһабы болса да, діни бір мәселені айтсаңыз, “арабқұлдар” дейтін болды. Тікелей араб әлемімен байланыстыратын болды. Бұл – өте бір қауіпті тенденция. Бұның алдын алуымыз керек. Бұған көптеген себеп бар. Сосын әрбір ағымның артында үлкен алпауыт мемлекеттер тұруы мүмкін. Бұл – үлкен жоба. Әсіресе, біздің батыс аймақтарда көптеп белең алуының астарында да сол бір жоба жатқанын байқаймыз. Қазір ол жоба өзінің жемісін жеп отыр. Өзінің діттегеніне жетті. Ол не? Біздің ұлтымыз, зиялы азаматтар, ата-аналар, мемлекетіміз дін десе, шоши қарайтын болды. Біз өз құндылығымыздан өзіміз безіп отырмыз. Қазір “баламыз дінге келіпті” десе, ата-аналар қуанбайды. “Әке, намаз оқиын деп жатырмын. Мешітке барамын” десе, бірден шошиды. Неге? Шошуына негіз бар. Өйткені көп намаз оқыған азамат Сирия асып кетті. “Кәпір” деп ата-анасынан безіп кетті. Бәрінде қаталдық, қатыгездік мінез пайда болды. Намаз оқығандарға “дұшпан көңіл” пайда болды. Қоғам осының бәрін көріп отыр. Сөйтті де, діннен безе бастады. Міне, бұл – жат ағымдардың артында тұрған адамдар немесе ұйымның жеткен жетістігі. Ал енді ұлт өзінің құндылығынан, басты тірегінен айырылатын болса, ол оп-оңай құрып кетеді. Оған дәлел керек пе? Дәлел бар.

 

Қазір біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Қызылды-жасылды, жалт-жұлт еткен, нәпсіні қытықтайтын нәрселер өте көп. Ненің ақ, ненің қара екенін ажырату өте қиынға соғып отыр. Небір арсыз нәрселер бүгінгі таңда керемет атаулармен жарнамаланып жатыр. Интернетті, мультфильмді, киноны ашып қалсаңыз да, жанама түрде, тіпті көзді бақырайтып тұрып, арсыз дүниені біздің балаларымызға, ұлтымызға насихаттап жатыр. Ал ұлтымыз, жастарымыз бұны бір мәдениет деп қабылдап жатыр. Ой еркіндігі, сана еркіндігі, жаңа заман талабы, азаматтық неке деген желеумен көп қызымыз етегін ерте ашып қойып жатыр.

 

Үйленгендерімізге келейік. Бір жылдың ішінде 150 мың отбасы неке құрады екен. Соның 30 пайызынан жоғарысы, былтырғы деректерге сүйенетін болсақ, 40 пайызы – 50 мың адам бір жылдың ішінде ресми түрде ажырасып кеткен. Бұл катастрофа ма? Катастрофа. Ендеше, бізге дін керек пе? Дін керек. Адамның осы ақ пен қараны ажырата алмай, алданып жатқан шағында дін өзінің жолын көрсетуі керек. “Мынау – адал, мынау – харам, мынау – дұрыс, мынау – бұрыс, мынаны істесең күнә болады, мынаны істесең, Алланың алдында жауап бересің” деген сияқты бір дін болмаса, сондай бір жүйе болмаса, біз өзіміздің ұлттығымызды жоғалтамыз, ертеңімізді жоғалтамыз.

 

Біз сыртқы формаға кетіп қалдық. Ішкі мазмұнды жоғалтып алдық. Сол ішкі мазмұнды насихаттайтын тұжырымдама жасауымыз керек. Бұны сырттан іздеудің керегі жоқ. Абайдың діні – махаббат діні. Абай:

 

“Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй “бауырым” деп

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл”, – дейді. Абай мұнымен не айтып отыр? “Адамды Алла Тағала сүйді, ендеше сен де сүй”, – дейді. Бұл – бірінші міндет. Алладан қорқып емес, Алланы сүйіп құлшылық жасауымыз керек.

 

Екіншіден, “адамзатты сүй” дейді. “Қоршаған ортаны сүй” дейді. Мейлі, ол басқа дін өкілі болсын, мейлі намазсыз болсын, жас болсын, кәрі болсын, адамды сүюге шақырып отыр. Абай оған бір ғана өлеңінде шақырған жоқ. Басқа бір өлеңінде айтады:

 

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, 

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелі Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін”, – дейді. Тағы да Алла үшін адамды сүюге шақырып отыр.

 

“Жүректің ақыл суаты

Махаббат қылса Тәңірі үшін”, – дейді. Тағы да махаббатқа шақырып отыр.

 

“Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа”, – дейді. Бүкіл өмірдің қызығын Алланың хикметін сезу мен адамды сүюге арнап отыр. Егер адамның жүрегінде махаббат болатын болса, мейірім болатын болса, ол террорист болмайды. Ол біреуді өлтірмейді, жаны ашиды оған.

 

Баяғыда ғалымға бір кісі келіпті. Ананы да кәпір, мынаны да кәпір деп, дискотекаға кіргендерді, түнгі клубта жүргендерді “өлтіру керек”, “жарып жіберу керек” депті. Сонда ана кісі сабырмен тыңдап алып:

 

– Бауырым, шайтанның міндеті не?

Адамдарды тозаққа кіргізу ме? – деп сұрапты.

– Иә, кіргізу.

– Ана адамдарды сен жарып жібердің. Күнә жасап жатқан күйі өлді. Қайда барады?

– Тозаққа барады.

– Сонда шайтанның миссиясын сен орындап тұрсың ба? Аналарды тікелей тозаққа жіберсең, шайтаннан айырмашылығың не? Мықты болсаң, соларды жақсылыққа шақыр, тарт, үйрет, білмей жатқанын көрсет, – деген екен.

 

Сондықтан бізге, халқымызға Абайдың айтып кеткен махаббат діні керек. Мейірім бар адам ажыраспайды. Ол баласының тағдырын, әйелінің тағдырын ойлайды. Мейірімі бар адам жаманшылық жасамайды.

 

Абайдың үшінші айтып отырғаны – әділетті сүй. Әділетті болған адам – ең кемел мұсылман. Өзі үшін жақсы көргенді басқа үшін жақсы көру керек. Ол – әділет. Бір келеңсіз жағдай болып қалса, өзінің кінәсін де арқалауы керек. Бұл – әділет. Адамға рақмет айтты ма, Аллаға да рақмет айтуы керек. Бұл да – әділет. Ендеше, Абайдың айтып отырған осы үш сүюін, сүю теориясын балаларға кішкентай кезінен бастап үйретуіміз керек. Сол кезде ғана біздің дініміз кәміл болады. Тағы бір айта кететін нәрсе, Абайдан сөз артылмаған. Абай айтады:

 

“Ораза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Әуелгі үшті бекімей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс”, – дейді. Әуелгі үш деп тұрғаны – Алланы сүю, адамзатты сүю, әділетті сүю. Осы үш сүю адамның жүрегінде бекімей, сіз намаз оқып, ораза ұстап, зекет беріп жатырсыз ба, татымды жеміс бермейді. Ендеше, сыртқы формадан бұрын мазмұнға жұмыс істейтін жүйені мектепке, балабақшаға енгізуіміз керек.

Қайрат Жолдыбайұлы,

Islam.kz

Дәрігерді жолынан қалдырған ғажайып дұға
Құран оқудың денсаулыққа пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу