«Тойдым» емес, «қанағат» деген жөн

Oinet.kz 04-06-2020 1118

Қазақ асты ерекше қадірлейтін халық. Сондықтан ас-ауқатқа, тағамға байланысты қалыптасқан ырым-тыйымдар астың қадірін арттыруға, ысырапшылдыққа жол бермеуге бағытталғаны сөзсіз.

image.png

Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады. Ішіп отырған шайға сама түссе – қонақ келеді. Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн. Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды.  Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды. Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Сосын аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген. Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсені сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда дәмнен үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп шығады.
Жерге құт дарыту ырымын жасайтын қариялар жерге алғаш себілетін дәнді екі бұтының арасынан өткізіп, бісміллә деп лақтырады.
Бiр жылда адамның көптеген арман тiлектерi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды. Сол сияқты үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Сонда, жыланның басына ақ құю оны перiштеге балауды бiлдiргенi болып шығады. Кейде тіпті үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.

Қаралы үйден ас дәметпе
Баланы барлық жамандықтан сақтайтын дұға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу