Салауат айтудың сыры

Oinet.kz 09-09-2020 1424

Салауат cөзі араб тілінде көп мағына береді. Дұға, намаз, береке деген мағыналарымен бірге Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаладан игілік тілеу мағынасында да жиі қолданылады.

image.png

Қасиетті Құранда: «Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед) Пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыласпен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)» делінген («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Демек Алла елшісінің есімі аталса «Пайғамбар» немесе «Алла елшісі» деп, Мұхаммед пайғамбар меңзелсе «оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын» деп салауат айтуымыз қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған салауатты көп айтқан адам Қиямет күнінде маған ең жақын адам болады» деген. 

Хадистерге назар салсақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтқан кісіге Алла Тағала тарапынан 10 кешірім, рахым болады. Олай болса, күнәміздің кешірілуі мен дұғамыздың қабыл болуын қаласақ әрі сындарлы сәтте сынақтан сүрінбей, салауаттың салмақты сауабынан аламыз десек, көбірек салауат айтуға асығуымыз қажет.

Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (р.а.): «Адамдар ішіндегі сараңы кім?» – деп сұраған екен. Сонда Фатима (р.а) анамыз: «Алла Тағала нәсіп еткен дәулеттен садақа бермейтін адамды ең сараң деуге болар», – дейді. Пайғамбарымыз сол кезде (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар. Міне, солар – нағыз сараңдар» – деген екен.

Исламның ұлық тұлғаларының бірі Әбу Хафс Қағиди қайтыс болғанда бір адам оны түсінде көріп, оған: «Алла Тағала сенімен қандай мәміледе болды?» – деп сұрады. «Маған рақым жасап, кешіріп, жәннатқа кіргізді» деді. «Не үшін?» дегенінде: «Мені періштелердің арасына тұрғызды. Күнәларым мен Алла елшісіне айтқан салауатымды есептеді. Салауатым көп екен. Алла Тағала оларға: «Ей, періштелерім! Істерің бітті. Басқа есеп сұрамаңдар. Оны жұмаққа жіберіңдер» деп жауап берді.

Исламды алғаш болып қабылдағандардың бірі айтады: «Бірге хадис үйреніп жүрген бір досым қайтыс болды. Түсімде оның жасыл жәннат киімін киіп жүргенін көрдім. Себебін сұрағанымда: «Әр хадистен көрген Расулулланың есімінің қасына «саллаллаһу алейһи уә сәлләм» деп жазатын едім. Хақ Тағала соның сыйын осылай берді» деді». Сондықтан салауат айтуға ерінбей, жүріп келе жатсақ та, отырсақ та, біреуді күтіп тұрсақ та, ең болмағанда «Аллаһуммә салли алә Мухаммәд» деп, яғни «Алла Тағалам, Мұхаммедке игілік бер» деп салауат оқи жүрейік.

Салауат жайлы мағлұмат өте көп. Салауатты айту тілге жеңіл. Кімде кім жиі салауат айтса, Алла ол адамның дәрежесін өсіріп, күнәсінің кешіреді. Қияметте Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жақын адам болуға мүмкіндік беретін осы салауат құлшылығына мән бергеніміз абзал.

Ендеше, бүкіл әлемді дүрліктірген індет кезінде дініміз көрсеткен жолмен жүріп, барша пайғамбарлардың имамы, адамзаттың асылы, Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көбірек салауат айтайық! Айтқан салауатымызды Алла Тағала қабыл етіп, баршамызды осы бір індеттен құтқарып, қайтадан мамыражай тіршілік орнап, құлшылығымызды алаңсыз атқарар күнге жетейік!

Өмірзақ БЕКҚОЖА,

Қарағанды облысының бас имамы

Бақыттың кілті мына 4 хадисте!
Таң намазының пайдасы туралы ғылыми дәлел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу