Патент сүндеттеу ғұрпына емес, сүндетке отырғызу тәсіліне берілді

Oinet.kz 10-07-2019 1429

Screenshot_5.jpg

Қайбір жылдары ұлттық сусынымыз қымыздан «айырылып» қалмайық деп, шет елдіктерден қызғыштай қорғағанымыз бар. Патенттеп алайық деп, тіпті Парламенттегілер мәселе көтерді. Содан сабақ алған ба, әйтеуір бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының дәрігері Әзірет Ерназаров бала сүндеттеуді патенттеп алыпты. Осындай ақпаратты естігенде шардаралық дәрігер еврейлерден бұрын қимылдапты деп қуанғанымыз рас. 

«Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі – бала сүндеттеу бүгінге дейін патенттелмеген екен. Соны жақында ұлым – Әділет Ерназаровқа заңдастырып бердім. Бұл істі жүзеге асыру үшін ол Израильге барып, біліктілігін арттырып келді. Заңдастыру арқылы қазақтың дәстүрін өзгелердің иемденуіне жол бермедік деп ойлаймын. Ол үшін біз ешкімнен ешнәрсе алмаймыз. Бірақ алдағы уақытта медицинада бала сүндеттеу Әділет Ерназаровтың тәсілі деп аталады. Бұл медицинада бұрыннан бар әдіс», – дейді Әзірет Ерназаров «Заманаға» берген сұхбатында. Неге Израильге барған дерсіз. Ол елдегі еврейлер де балаларды сүндетке отырғызады. Айта кетерлігі, бұл істі сәби туылғаннан кейін үш күннің ішінде жүзеге асырады. Ал сәби жыламас үшін емізікті шарапқа батырып емізіп, шақалақты ұйықтатып тастайды екен. Осылай ерте қимылдайтын еврейлер сүндеттеуді патенттеп алуы да мүмкін еді ғой, егер шардаралық дәрігердің ойына олардан бұрын келмегенде... деп сүйіншілей бастағанымызда Әділет министрлігі сабырға шақырды. 

Әділет министрлігі БАҚ беттерінде тараған ақпараттың қате екенін айтып, осыған қатысты түсініктеме берді. «Аталған ақпарат қате. 2016 жылғы 15 мамырдағы №31124 инновациялық патенті Әділет Әзіретұлы Ерназаров, Әзірет Ергешұлы Ерназаров және Айжан Әзіретқызы Ерназарованың атына сүндеттеу ғұрпына емес, сүндетке отырғызу тәсіліне берілді», - деп мәлімдеді министрлік. Бүгінде циркумцизия (сүндеттеу) өткізудің түрлі әдістері мен құралдары Қытай, АҚШ, Ресей Федерациясы мен Еуразияның патентті ведомстволарында тіркелген. 

Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның патентке қатысты заңы ұлттық және діни әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді патенттеп алуға мүмкіндік бермейді. «Әдет-ғұрыптың өзін патенттеп алу басқа адамдарға бұл ғұрыпты өткізуге тыйым салуды білдірген болар еді. Бұл Қазақстан заңына қайшы келеді», - депті министрліктегілер. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Cәләфизмнің орталығы – оңтүстік пе, батыс па?
Ахметжан Керімбек: «Дін түзелмей қоғам түзелмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу