Айдос САРЫМ, саясаттанушы: Партия құру «Фейсбукте» айғайлап-аттандату емес

Oinet.kz 05-11-2020 1646

Бүгінде алдағы сайлау туралы айтылар әңгіме көп. Қоғамдық бірлестік құрып, өз талап-ұсыныстарын жолдап жатқандар да табылуда. Қалың ұйқыдан еріксіз оянып, өзін ұмыт қылған жұрттың назарын аудара «жомарттық мәлімдемелер» жасап жатқандары да жоқ емес.  Дауыс беруге «бармаймыз» деп бұлданып жүргендер де баршылық. Қысқасы қарапайым халқы енжарлау қарайтын, тіпті кей бұрмалаушылықтарға «еті өлген» қазақ елінде сайлауға қатысты әңгіме көп, өзгеріс жоқ. Жалпы көптен бері айтылып жүрген саяси реформаның қашан жасалатыны да беймәлім. Алдымен экономика. Саясатты екінші, бәлкім одан кейінгі орындарға ысырған елдегі сайлау, партияларға қатысты саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білген едік.  

image.png

– Президент «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды», -деген болатын.  Сіздің ойыңызша, алдағы сайлаудан парламенттік оппозицияны көре аламыз ба?

– Менің ойымша, оппозиция дегеніміз әкеден қалған мұра немесе ұрпақ қуалап балаға қонатын кие-қасиет емес. 

Біздің елде, өкінішке орай, оппозиция деп кез-келген билікті сынаған адамды, я топты айта салады. Бұл қисынға салатын болсақ, онда Қазақстанның тоқсан пайыз халқын оппозиция дей салуға да болады. Мысалы, маған да көптеген дүние ұнамауы мүмкін, біраз нәрсені мен де сынап жатамын. Бірақ, мен өзімді оппозициямын деп жүрген жоқпын. 

Билікті сынағанның барлығы міндетті түрде билікке қарсы дауыс береді деген сөз де емес. Бар нәрсені бар, жоқ нәрсені жоқ деу оппозициялық ұстаным емес, ол есі дұрыс адамның есі дұрыс реакциясы. Ал оппозиция дегеніміз ең алдымен саяси категория, саяси-партиялық институт. Әлемдік саясатқа көз жүгіртер болсақ, саяси партиялар бір-бірімен айтысып-тартысып жатады, керек кезінде ұстанымдары жақын болса билікке жету үшін коалиция, одақ құрады, жеңілгендері соларға оппозиция болады. Келесі сайлауға дейін оппозициялық партия немесе партиялар билік партиясын аямай сынап, реті келгенде тақтан тайдыруға тырысады. Бұл жүйе бізге де келеді, келе жатыр. Алдағы уақытта елімізде оппозицияның екі түрінің болғанын қалаймын. Бірі – билік партиясынан тыс мәслихаттарда, Мәжілісте отырған өзге саяси партиялардың өкілдері. Екіншісі  - Мәжіліс пен мәслихаттарда біздің партиялардың өкілі отыруы тиіс, сол үшін күресеміз дейтін партиялардың өкілдері. Билікті қаламаймын, билік өзгеруі тиіс дейтін жұртшылық я біріншісін, я екіншісін қолдауға мәжбүр болады. Екеуін де жаратпағандар жаңадан партия құрып, заң бекіткен тәртіппен билік үшін күресуі тиіс.

Алдағы сайлауға келетін болсақ, бүгінгі «оппозициямын» дейтіндердің барлығы Мәжіліске не мәслихаттарға өте алмайды. Онда бару үшін олар қатарда бар алты партияның бірінің мүшесі болуы тиіс. Алдағы уақыттарда барша партия өз құрылтайларын өткізеді. Әрбір саяси партия өз қатарын мықты, аты шыққан, азулы азаматтармен толықтыруға мүдделі. Сол себептен де кейбір оппозициялық пікірдегі азаматтардың осы алты партияның тізімдерінен шығуы ғажап емес. Оның үстіне, мынаны да ескеру керек; бүгін жік-жік болып, өздерін оппозициямыз дейтін азаматтар мен топтардың жеке-дара партия құратын әлеуеті мен мүмкіндігі жоқ. Барлық мүмкіндігін жасап берсе де партия құра алмайды, оған қажетті қаржысы мен жақтастары жоқ. Әңгіменің шыны осы. Алдағы уақытта бұлар партияға айналғысы келсе барлығы болмаса да, көбісі бірігіп, бір күш болып шықпаса, олардың басқа мүмкіндігі болмауы да мүмкін. Бүгінгі қоғам үшін де, билік үшін де мықты саяси оппозициялық партияның болғаны ауадай керек. Партияны құру үшін кемі бес-алты ай қажет. Партия кейбір ағайын ойлағандай «Фейсбукты» шаңдатып-ұрандату, айғайлап-аттандату емес. Партия көптеген, тіпті өзіңе ұнамайтын адамдармен тіл табыса білу, мәмілеге келе білу. Бұны түсіну үшін де уақыт керек. Бүгінгі «оппозициямын» деп жүргендерге осыны анық түсіну керек. 

Қысқасы, алдағы сайлауда біраз сыни пікірдегі, танымал азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттар төрінен орын алуы ғажап емес. Парламентке не жергілікті мәслихаттарға өткен «Нұр-Отаннан» тыс партиялардың бірінші күннен бастап шынайы оппозицияға айналуы да заңды. Себебі елде болып жатқан транзит пен реформалар күн санап Парламент пен өкілетті органдардың салмағы мен рөлін күшейтіп жатыр, күшейте де береді. Бұған көңілі толмаған топтар мен азаматтар тарихтан сабақ алып, бірігіп, бір партия құрып, келесі сайлауларға дайындала бергені абзал. Басқа заңды жолы жоқ. 

– Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге сай келе ме? Сізге мажоритарлық  және пропорцианалды сайлау жүйесінің қайсы әділетті көрінеді?

– Пропорционалды жүйе көптеген демократиялық елдерде қалыптасқан, аса демократиялы жүйе. Оны қазақ ойлап тапқан жоқ, еуропалық үрдіс. Әсіресе, өсу, даму үстіндегі елдер үшін керек жүйе деп санаймын. Біздің еліміз, саясатқа қызыққан жұртымыз адам іздемеуі керек, идея, саяси тұғыр іздеуі керек. Адамдар «мына жігіт керемет екен!», «мынауың қас батыр екен, айтқыш екен» деп бірікпеуі керек. Керісінше, «біздің ұстанымымыз, идеологиямыз осы, осының айналасына бірігейік» деуі керек. Біріккен соң «осы идеологияны қаладық, осыны ұстандық, талаптарын орындайық, осыдан аспайық, асқанды қатардан шығаралық» деген «ойын ережесін» ұстануы бек абзал. Сонда ғана біздің қоғамның саяси талғамы, ой-өресі, саяси мәдениеті, саяси дәстүрі артады, дамиды. Пропорционалдық жүйеге өткен екенбіз, енді осыдан айнымай, осы жолмен жүре бергеніміз дұрыс. 

Біздің елде мажоритарлық жүйе туралы көптеген алыпқашпа әңгіме бар. Ондағысы жаңағы көппен жүре алмау, жұртпен санаспау дегеннен шығады. Мен кереметпін, мен ғажаппын, сайлауға түссем бәрін түтіп жеймін дейтін пікірдегілердің көкірегі ғана. Шынын айту керек, мажоритарлық жүйеде шыншылдар не көсемдер жеңе бермейді; керісінше, ұйымы бар, ұжымы бар, бастысы қыруар қаражаты бар, сөзі қысқа, қолы ұзын ығайлар-сығайлар жеңіп шығады. Еліміздегі отыз жылдық сайлаулар осыны анық көрсетіп болған жоқ па?

  Мүйізі қарағайдай, аты жер жаратын мықты ақындарымыз да, батырларымыз да жергілікті зауытттардың басшыларына немесе жергілікті әкімдерге ұтылғанын талай көрдік. Себебі бір: сайлау сөз бен ұран ғана емес, ең алдымен технология, ең алдымен адам мен қаржы ресурстарын талап ететін дода. Жүз жерден көсем бол, батыр бол, шешен бол, артыңда әрбір ауылды, әрбір аудан көшесін жаба алатын, сонда күн-түн қонып жұмыс істейтін командаң болмаса сен ұтыла бересің. 

Сондықтан да бізге мықты саяси партиялар ауадай қажет. Партиялар мықты болса, олар дұрыс жұмыс істесе, сайлауалды машинаға айнала білсе, сайлаудан тыс уақытта да белсенді қызмет етсе жағдай мүлдем басқа болмақ. 

– Референдум –демократиалық диалог. Соңғы кездегі әлемдегі саяси сценарийге қарасақ диктатураның қолжаулығы боп кеткендей. Мемлекетте трагедияны диктатура жасай ма, демократия шынымын қоғамды бақытты ете ала ма?

– Референдумге келсек, былай деуге болады. Жалпы бүгінгі әлем популизм әлемі. Сондықтан да ірі-ірі, әсіресе, экономикалық мәселелерді референдуммен қабылдау таза ақымақтық. 

– Темір канцлер Отто фон Бисмарк «Саясат  –  жоқты бар  ету өнері» деп бағалаған екен. Соңғы кезде әлемде түрлі формадағы қақтығыс ошақтарын аңғардық. Алдағы уақытта қай мүдделі тараптың «жоқты бар етуі» мүмкін?

– Бисмарктың басқа да мықты сөзі бар: «Саясат пен шұжықты шынайы жақсы көретіндер олардың қалай жасалатынын көрмегені абзал», деген. Елдегі көптеген қордаланған мәселенің шынайы тереңдігі мен күрделілігін түсінген болса, көптеген азаматымыз саясатты қойып кетер еді.

Таулы Қарабақ мәселесі әлем және аймақ саясатындағы ең күрделі мәселенің бірі. Отыз жыл қордаланған мәселе, қанды жанжал бүгін не ертең біте қоймайды. Әзірбайжан мемлекеті өзінің заңды, әлем мойындаған талаптарын я күшпен, я келісіммен алады. Басты мәселе бауырлас ел ірі державалардың, геосаяси ойыншылардың жеміне я ойыншығына айналмаса екен деген тілек. Бізге де бұдан сабақ алар түйткіл көп. Мысалы армиямызды жетілдіру деген тақырып пайда болды. Қарабақта ХХ ғасыр (Армения) мен ХХІ ғасыр (Әзірбайжан) армиялары шайқасты. Ал қазақ армиясы қай ғасырдың армиясы? Осындай сұрақтар жеткілікті.

– Унитарлы елге екі палаталы Парламент керек пе?

– Көптеген унитарлы мемлекетте екі палаталы Парламент бар. Унитарлы елде Сенат болмауы керек деп жүргендердікі ақымақтық пен тап-таза дақпырт. Парламенттің бір палаталы немесе қос палаталы болуы әрбір ұлттың өз саясатына, өз дәстүріне сай таңдауы. Біздегі кейбір ағайынның Сенатқа шүйлігуінің себебі бір; билікті бірден, оңайлықпен ала салу. Біріншіден, ойын ережесі бар, сонымен жүріп отыру керек, сол ойын ережесінің шеңберінде жеңе білу керек. Екіншіден, оларға билікті оңайлықпен беретін ешкім де жоқ. 

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің арқалаған жүгі мен атқарған шаруаларының ауқымы қандай?

– Егер баспасөзді, интернетті ақтарсаңыз, Кеңестің нақты жұмысы, істері, құжаттары туралы ақпарат жеткілікті. Оны тізе берсе газеттің беті де жетпес. Менің түсінігімде Кеңес өз міндетін байыппен, салмақты дәрежеде атқарып жатыр, ешкімнен ұялатын, қызаратын жөніміз жоқ. Соңғы кезде елімізде қабылданып жатқа жіті, заманауи, тың заңдар мен жобалар алғашқы рет дәл біздің Кеңесте ұсынылып, талқыланғанын мақтанышпен айтуға болады. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сурет ашық дереккөзден алынды. 

Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН

Салтанат МАДИЯРҚЫЗЫ, ақын: Қазір барлық адамға көмек керек
Жолдас Өрісбай, журналист: Орта Азияда демократиялық қоғам құруға қырғыздар жақын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу