Әскерхан Ақтай, ақын: Елге оралған қандастар саны азаюда

Oinet.kz 15-02-2021 4432

Әскерхан Ақтай.jpg

– Әскерхан Хуанбайұлы, алдымен Өскемен қалалық мәслихатының депутаты атануыңызбен құттықтаймын! Әңгімеміздің әлқиссасын осы тақырыптан  бастасақ. Қоғамдағы қандай проблеманы шешуге атсалысуды көздеп отырсыз? Жалпы «депутат Әскерханға» дейін сізді толғандырған, оны билікке өткізе алмай жүрген көкейдегі  мәселеңіз бар ма еді? 

– Мен  осы елдің азаматы, жамағаттың бірі болғасын ел ішінде орын алып жатқан проблемаларға бей-жай қарап жата алмаймын. Сондықтан депутаттық мандатты қарақан  басым үшін емес, ел игілігі үшін қолданғым келеді. Ең алдымен халықтың тұрмысын арттыруға бағытталған кез келген шаруаға бастамашы боламын. Негізі қала сыртындағы ауылдардың мәселесін, атап айтқанда су, жол, жарық, автобус қатынасы секілді мәселелерге баса назар аударғалы отырмын. Сондай-ақ өнер, мәдениет саласы, қандастар мәселесі де назарымда болады. 

– Ақын – тәуелсіздікті сүйетін қалам иесі. Қалай ойлайсыз, мына мандат сіздің еркіндігіңізге, шығармашылық шабытыңызға шектеу болмай ма?

– Ақын, әрине тәуелсіз болуы керек. Тәуелсіз шығармашылық иесі ғана нағыз өнер туындысын жасай алады деп ойлаймын. Менің депутаттығым шығармашылығыма шектеу болмайды. Қайта билік тарапынан шығармашылыққа зор қолдау болады деп ойлаймын. 

– Моңғолияда туып-өстіңіз. Атамекенге қашан келдіңіз? Қазақстанда сізді ақын, драматург ретінде еңбегіңізді қаншалықты бағалап жатыр? Елдегі әдеби ортадан өз орнымды таптым деп ойлайсыз ба?

– Мен тарихи атамекеніме алғаш 1993 жылы студент болып келдім. Сол жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Араға сәл үзіліс жасап, анығырақ айтсам отбасы жағдайымен 1997-2007 жылдары Баян-Өлгейде тұрып, 2008 жылы Қазақстанға біржолата оралдым. Менің атам Киікбай Арқада Атбасарда, Байтайлақ бабам Жарма ауданы Қалбатауда жатыр. Шамамен 1840 жылдарға дейін өмір сүріп, сосын біртіндеп, Алтайға ауған. Ол кезде шекара сызығы жоқ еді. 

Отандық әдеби орта мені жылы қарсы алды. Атамекенімнен өз орнымды тапқан ақынмын деп айта аламын. Көптеген республикалық мүшәйраларда жүлде алдым. Қазақ әдебиетіндегі аты мәлім ағаларымыз батасын беріп, жазғанымды бағалап жатыр. Қазақстан Жазушылар Одағына  мүшелікке өтім.  Осының барлығы мен үшін үлкен жетістік. 

– Мұқағали ақынның Фариза апамызға мұң шаққанындай  кейде ақын ақынға сыр ақтарып, жыр арнап жатады. Сізді де түсінетін,  іштегі бүкпесіз сырыңызды қабылдай алатын досыңыз (ақын) бар ма?

– Шүкір, сырлас достарым, қолдаушы замандастарым бар.  Олардың ішінде белгілі ақын Ербол Бейілханды ерекше атай аламын. Ерболмен бала кезден доспын, сыныптаспыз, ағайынбыз. Ол мені үнемі қамшылап, қайрап отырады. Менің әдебиетке жас кезімде әуестеніп, кейін жазбай кеткен кездерім болды. Сол сәтте мені әдебиет әлеміне қайта әкелген осы Ербол болатын. Жабыққанда жаныма демеу болған, мұңымды ұғар досымның арқасында 2012 жылдан бастап қолыма шындап қалам ұстадым. Сонымен қатар Өскеменде қазақтың ғажайып ақыны, арда азаматы Қалқаман Саринмен жиі пікірлесіп тұрамын. Қалекең де мені үнемі қолдап келеді. 

– Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Отандастар қоры» филиалының жетекшісі ретінде айта кетсеңіз:  атажұртты аңсап келгендердің саны бұрынғы жылдарға қарағанда көп пе аз ба? Жалпы қандастарымыз Қазақстанға келгенде көп жағдайда қандай қиындықтарға тап болады?

– Шығыс Қазақстан облысы – шетелден келген қандастар ең көп шоғырланған өңір. Себебі біздің облыс Ресей және Қытаймен шектесіп жатқан аймақ. Облыстың Көші-қон қызметі басқармасының мәліметі бойынша, 2000 жылдан бері 48 мыңнан астам қандас азаматтық алыпты. Ал 2000 жылға дейін де 50 мың қандас келді деп есептейміз. Табиғи өсімін қоса есептегенде 200 мыңға жуық қандас Шығыс Қазақстан облысына көшіп келіпті. Бұл еліміздің демографиялық ахуалына қосылған «донор». Қандастарымыздың көбі Моңғолия мен Қытайдан келгендер. Салыстыра айтқанда  соңғы жылдары елімізге оралған қандастардың саны  азайып жатыр. Оның себебін түрлі жағдаймен байланыстыруға болады. Бірінші кезекте  біздегі көшіп келушілерге арналған квота санының аздығы.  Квота – шетелдегі қандастардың елге оралуына зор септігін тигізетін фактордың бірі.

Өткен жылы ШҚО-ға 800-ге тарта қандасымыз көшіп келді. Ең басты қиындық оларға заңдық-құқықтық түсіндірме жұмысын дұрыс жүргізетін бейімдеу орталықтарының жоқтығы. Бұл бағытта өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірге  «Отандастар» қоры өңірде игілікті істер атқардық. Қандастарымыздың елге оралуына әлемді жайлаған індеттің де кесірі тигенін айта кетейін. 

– Драматургия дейтін қиын салаға қалай келдіңіз?

– Мен жастайымнан пьеса жазуға әуес болдым. Оқушы кезімізде аудандық халық театрындағы пьесаларды жібермей көретін едім. Өзім де сол кезде пьесаға ұқсас көріністер, скетчтер жазып жүрдім. Әуестігім осылайша мені драматургия саласына алып келді. Драма жазу өз алдына бөлек еңбек, ал оның қағаз бетінен сахнада «тірілуі» бір төбе жұмыс. Яғни бір драманың көрермен жүрегіне жетуі үшін драматургтен бастап әртіске дейін қаншама маманның жұмыс істейтіні анық. 

– Айтыңызшы кейде жазған дүниеңіздің сахналанған кезде көңіліңіздей шықпай қалған кездері болды ма?  

– Рас айтасыз, драманы жазу бар да оны сахналау, көпшілікке ұсыну өз алдына жатқан бір дүние. Ол үшін бір маркетинг керек. Ең бастысы жазған дүние құнарлы, өзекті болса болғаны. Десе де кейде құнды, ойлы деген дүниенің өзі режиссерге, әртістерге ұнамай қалуы мүмкін. Оның сыртында театрларда қаламақы мәселесі бар. Сондықтан кез келген сәтті дүниелерді бас салып сахналай беру екіталай. Әйткенмен менің жазған пьесаларым жерде қалып жатқан жоқ. Бүгінге дейін көңілім толмай қалған тұстары да болмапты, керісінше кейде өзгеше түрленіп құлпырып кеткеніне қуанып қаламын. 

– Балпық бидің өмірі туралы драмаңыз бүгінде көрермен назарына ұсынылып жүр. Бір сөзіңізде «Балпық бидің өмірі толығырақ зерттеуді қажет етеді» депсіз. Осы секілді  тағы қандай еңбегі еленбей қалған тұлғаларды «саханаға шығаруды» қалар едіңіз?   

– Балпық би қазақ тарихындағы  орны ерекше тұлға. Әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Жаугершілік кезінде елін, жұртын Сыр бойына апарып, аман алып қалған тұлға. Бұл пьесаны мен әлі де толықтырамын деп ойлаймын. Алғаш болып туындыны көрермен назарына 2019 жылы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ұсынған еді. Мен марқұм драматург Рахымжан Отарбаев ағамыздың ізімен қазақтың белгілі тұлғаларынан тарихи дүниелер жазуды алдыма мақсат еткенмін. Қазір бірқатар ұлт қайраткерлерінің өмірін зерделеп жүрмін. Жазып та жатырмын. Алдағы уақытта тың туындылар дүниеге келіп қалар. Өлеңдер жинағымды шығаруды да жоспарлап жүрмін.  Бірқатар әдеби жобаларды жүзеге асырсам деген арманым бар. 

– Бүгінде «үздік драма жазылмай жатыр, яки жаза алмай жүр» деген пікір көбірек айтылады. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– «Үздік драма жазылмай жатыр» деген пікірмен келісуге де болады. Себебі бізде драматургтерді ынталандыру жоқ. Драмаларға әдеби байқаулар жиі өткізілсе жақсы дүниелер туар еді. Ал келіспейтінім бізде мықты мықты жас драматургтер бар. Олар жақсы дүниелер жазып жатыр. Мұрат Қолғанат бауырымыздың өзгеше реңмен, бөлек нақышпен жазылған пьесалары театрларға шыға бастады. Бұл жетістік. 

– Ұлы тұлғалардың көбісі кітапты жылдам әрі көп оқуымен тарихта қалыпты. Мәселен, Наполеон минутына 2000 сөз оқыса, Оноре де Бальзак екі жүз беттен тұратын романды жарты сағатта оқып бітірген. Ал Максим Горький минутына 4 мың сөз оқи алған көрінеді. Ал сіз ше, қаншалықты кітапқұмарсыз? Айына неше кітап оқисыз?

– Мен өте кітапқұмар адаммын. Жасымнан кітапты жастанып оқитынмын. Басқаға қолым тимесе де кітап оқуға барынша көңіл бөлемін. Айында 2-3 кітап оқимын. Бала кезімде қазақ әдебиетіндегі классиктерді түгел оқып едім. Кейін қайталап оқып шықтым. 

– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Қаламды серік еткеннен өзге тағы қандай өнерге қызығасыз?

– Кейде домбыра тартып, ән салатыным бар.

Әңгімелескен: Айнұр АСАНҚЫЗЫ

Балтабек Нұрғалиев: Елімнің маңдайына бақ болып бұйырған адам екенімді барлығы біледі
Аягүл Мантай: Әдебиет – адамның рухани ермегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу