Аягүл Мантай: Әдебиет – адамның рухани ермегі
– Сәлем, қалыңыз қалай?
– Сәлем, Сүндет! Өзімді соңғы кезде аспан мен жердің, от пен судың ортасында жүргендей сезінем. Кейде өзімді нөсер жаңбырдың астында қап қойып, малмандай су болған қорғансыз жандай сезінем. Кейде кетіп бара жатқан поезға үлгермей қалып қойған жолаушыдай сезінем. Менде қазір сондай түсініксіз көңіл-күй.
– Аягүл Мантай десе, көз алдыма студент қыздың бейнесі елестейді. Адамдарды білім алушы ретінде таныр болсам, сіз мен үшін студентсіз. Менің осы көзқарасымды қабылдайсыз ба?
– Қабылдаймын. Интровертпін ғой. Интроверттер адамдардан қашып жүреді. Өз әлемінде өмір сүреді. Бірақ есесіне көп оқиды, көп ізденеді. Мысалы, менің тойға бармағаныма он жылдан асыпты. Тойға шақырмайды емес, шақырады. Бірақ менің көпшілік жерге, ырду-дырду жерге аяғым тартпайды. Қонаққа барғанды да ұнатпаймын. Бірақ соңғы кезде тойға барғым кеп жүр. Рас, көп оқыдым. Өкініштісі, әкем мен інім бірінен соң бірі дүниеден өтіп, ауыр депрессияға түстім. Ауыр стресс алдым. Мен бұрынғы Аягүлді, Аяшты жоғылтып алдым. Бұрынғы Аяш күн сайын оқитын, ізденетін, өзін дамытатын, өзімен жұмыс істейтін. Қазір сол Аяшты қайта тапқандаймын.
Бұрыннан есте сақтау қабілетім нашар еді, соңғы кезде мүлдем нашарлап кетті. Оқыған кітабымды тез ұмытып қалам. Бірақ оқығаным естен шықса да, тұлғалық қабілетімді дамытатынымды білем. Оқыған нәрсемді есте сақтамасам да, болмысыма сіңіретінімді білем. Есте сақтау қабілетімді жақсартқым келеді.
– «Шабыт қай уақытта һәм қашан келеді?» деген жүйкебұзар сұрақ бар емес пе? Ал мен бұл сұрақты басқаша қоямын. Ендеше сізге шабыт қай елде, қай жерде келеді? Мәскеуде ме, әлде Қазақстан Республикасында ма?
– Мәскеуде жақсы жазам. Мәскеудің қысын жақсы көрем. Жалпы мен қысты жақсы көретін адаммын. Қыста жандүнием тыныштық құшағында мүлгиді. Рас, кейде сол тыныштығымның бұзылатын кезі болады. Жандүниемдегі музыканы Мәскеуде жиі естимін. Себебі, елді, туғандарымды сағынам. Олардан қаншалықты алыс болған сайын, олар маған жақын болады. Жасырмаймын, елде жандүниемдегі музыканы сирек естимін.
Біреулер «Сен елден жырақта жүрген соң, билікті батыл сынайсың» дейді. Жоқ, мен керісінше елде жүргенде, елдегі мәселенің қаншалықты ауырлығын көзбен көріп, сезінем. Мәскеуде жүргенге қарағанда елде қаттылау сынаймын. Елдегі ауыр жағдайды сезінгенде жүрегімдегі музыканы жоғалтып, қатайып кетем. Көпке дейін жандүниемдегі музыканы ести алмаймын.
– Бұған дейін қазақ ақын-жазушылары һәм шығармалары туралы пікір айттыңыз. Бірінде көңіл толмайтынын, бірінде кемшіліктер барын білдіргендей болдыңыз. Шынында, сіз үшін қазақ әдебиеті қызық емес пе? Әлде қызығасыз ба? Бәлкім, қызығуыңызға басқа бір факторлар әсер ететін шығар?
– Шынымды айтсам, көбіне әлем әдебиетін оқимын. Мәскеуде тұрып жатқаныма біраз жыл болды ғой. Ол жақта бір орыс жазушысы «орыс әдебиетін мүлдем оқымаймын» десе, өзгелер дұрыс қабылдайды және оны талқыламайды. Жалпы кімді оқисың, оқымайсың, әлде мүлдем оқымайсың ба, бұл әр жазушының жеке шаруасы. «Неге оқымайсың?» деп оның еркіндігіне қолсұғуға болмайды.
Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік – қазақ әдебиетіндегі сүйікті жазушыларым.
Қазақтың жазушыларының көбі еркін емес. Мен еркін емес жазушыны оқи алмаймын.
Еркіндік дегеніміз не? Еркіндік дегеніміз, мысалы, тұрмыстағы әйелдің күйеуінің көзіне шөп салуы емес не баланың әкесінің не анасының бетінен алуы емес. Еркіндік дегеніміз – болмыстың тәуелсіздігі, болмыстың шынайылығы, ешкімге жағымпазданбай бәріне өзі жетуі, жүлде үшін арыңды сатпау, т.б.
Мойындау керек, біз тәуелсіз ел болсақ та, шын мәнінде, еркін халық емеспіз. Той мен өлімде де еркін емес екеніміз көрінеді. Жұрттың пікіріне тәуелділігіміз сондай дастарханды жұрт сынап кетпесін деп жаямыз. Комплекс пен понтты жеңбей бәрі бекер.
Ғұмырымда ең көп естіген сөзім «Еркін екенсің» деген сөз. Рас, еркінмін, шығармашылық адам ретінде тәуелсізбін, бірақ қыз бала ретінде ешқашан «шекарадан» аттамадым.
– Әрине, мен өзіңізге ұнайтын қазақ жазушыларының барын білем. Олар сізді қалай баурай алды? Қандай құдіреті бар екен?
– Дулат Исабековте де, Төлен Әбдікте де көпсөзділік жоқ, пафос жоқ, артық суреттеу жоқ. Мыжып суреттейтін жазушыларды оқымаймын. Кітабының басын парақтаймын да, жабам. Себебі, уақыт жоғалтқым келмейді. Оның орнына жақсы кино көрейін.
Мысалы, әлемдік жазушы Драйзерді алыңыз не Джек Лондонды алыңыз, басы артық суреттеу жоқ. Суреттеу – артық бояуды көп жағу.
– Дүниетанымыңыздан, ұстанымыңыздан демократ екеніңіз байқалады. Сонымен, бір қаламды қанша уақыт ұстап, бір киімді қанша жыл киесіз?
– Сөмкемде қалам сирек жүреді. Тіпті сөмкемнен қалам таппайтын кезім көп. Жалпы мен минималистпін. Жарасымды ауыстырып киетін үш-төрт киімім болса, жетеді. Басы артық киімім болса, жиен қызыма сыйлаймын не мешітке апарып, садақа ретінде берем. Мәселен өзіме ұнайтын күрең қызыл түсті көйлегімді алғаныма үш жыл болды. Екі жылдай өте сирек кидім. Соңғы кезде жиі киіп жүрмін. Онымен қай күні «қоштасатынымды» өзім де білмеймін. Өзіме жарасатын киім болса, бірақ ұнамай қалса, бір-екі киіп, әпкемнің қызына сыйлай салам. Өте ұзақ киген киімім есімде жоқ. Киім де энергия сақтайды деп ойлаймын. Көп жылаған сәтімдегі киімді ешкімге сыйламай, лақтыра салғам, мысалы.
– Жаңа заманда қалам мен қағаздың орнын компьютер басты дегенге келісесіз бе?
– Әрине, Сүндет, келісем. Мысалы, мен қазір романымның өзін бірден ноутбугыма жазып жатырмын. Кейде сөмкемнен қалам таппай қалсам мекен-жайдың өзін телефоныма жазам.
– Сіздіңше, әдебиет жойылса, жер бетінде Не және Кім қалады?
– Құдай – ғана мәңгілік. Құдай адамды іші пысқан соң, өзіне ермек ретінде жасап шыққан. Әдебиет – адамның рухани ермегі. Қазір әдебиетті адамзаттың аз ғана бөлігі оқиды. Әдебиет жойылса, кітап оқитын сол адамдар тағы бір рухани ермек ойлап табады деп ойлаймын. Бәлкім, есеп шығаратын шығармыз. Бәлкім, физиканы оқитын шығармыз. Оқушы кезімде маған есеп шығару қатты ұнайтын. Ұстаздарым мені математик не физик болады деп үміт күтті.
Сіз білесіз бе, неге менің оқырманым көп? Өзім оның себебін мектепте математика және физика пәнін жақсы оқуыммен байланыстырам.
– Меніңше, Аягүл Мантайдың шығармашылық ғұмыры ұзақ болатын сияқты. Менің өзіңіз туралы пікірім – осы. Ал өзімнің өмірім мен шығармашылық ғұмырым қысқа болатын сияқты. Бұдан басқа сіздің мен туралы пікіріңіз қандай? Тек кеңес беруіңізді сұраймын. Ізденіс, талпыныстан басқа қандай кеңес бересіз?
– Сүндет, білесің бе, мен он жыл бұрын өмірімнің қысқа болатынын сездім. Бұл Құдаймен не ажалмен ерігіп, ішім пысып, ойнау емес. Түйсігіммен сездім. Сосын қыстығып жыладым. Жоқ, өмірді қимай емес, түйсігімнің соншалықты мықты екенінен шаршап жыладым. Сосын екі жыл бұрын тағдырымның, өмір жасымның өзгергенін сездім. Қазір сұхбатымызды оқып отырған біреулер «Мына жігіт не дейді? Мына жігіт Құдаймен ойнап, жаманшылық шақырып жатыр ма?» деуі мүмкін. Менің жауабымды оқып, «Мына қыз не деп жатыр?» деуі мүмкін. Мен ойлау жүйесі шектеулі, бір шеңбердің бойымен жүретін адамдарға ренжімеймін. Еуропада, Америкада, тіпті Ресейде мұндай сұрақтар ашық талқыланады. Олардың маған еркіндігі ұнайды. «Ойбай, мынау өзіне пиар жасап жатыр» деп ешкім аттандамайды. Бізде пиар емес, шыныңды айтсаң да, ұлтқа шын жаның ашыса да, «ойбай, мынау пиар жасап жатыр» деп кейбіреу аттандап кетеді.
Өз басым мораль айтқанды жек көрем. Фейсбукта не инстаграмда ақылды пост жазып, өзін ақылды етіп көрсеткісі келетін адамдарды оқымаймын. IQ-ін сезіп қоям. IQ жоғары адам өзін саналы түрде ақылды көрсетпейді. Шын мәнінде, ақылды адам, шын мәнінде, білімді адам ақылды болудан шаршайды. Мысалы, Эйнштейінді алыңыз. Эйнштейннің IQ жоғары, бірақ содан аз азап шекпеді. Не Илон Маскті алыңыз. Оны өзі өмір сүріп жатқан кеңістік қысады.
Мысалы, менің IQ-де жоғары, Мәскеуде IQ-тест тапсырғам. Шынымды айтайын, қыз баланың IQ жоғары болуы өте қиын, білесіз бе, қиын... «Сіз мынандай IQ-мен физик, математик не химик, биолог болуыңыз керек қой. Жаңалық ашар ма едіңіз» деді тестің нәтижесін көрген ғалым таңданып.
Мен негізі физик болуды армандадым. Бірақ қанша қашсам да, тағдыр мені әдебиетке алып келді.
Сүндет, сен неге сурет салмайсың? Қателеспесем сені кешім де көрдім. Бірақ сөйлесуге уақыт болмады. Сенде суретшілік қабілет бар секілді. Неге сурет салмайсың? Сурет салу арқылы, суреттегі бояуды табу арқылы сен өлеңдегі бояуыңды табар едің. Меніңше, ақын ретінде даму үшін саған сурет салу керек. Сурет салсаң, поэзиядағы тынысың да ашылады. Саған ұзақ, мәнді ғұмыр тілеймін!
Жанарыңнан жиі шаршайтыныңды байқадым. Адамға ылғи жүрегіндегі балансты сақтау мүмкін емес, әсіресе, шығармашылық адамы үшін.
Менің де жүрегімдегі балансты жоғалтып алатын кезім аз емес. Депрессияға да жиі түсем. Бірақ дерессиядан шыққан соң, өзімнің шығармашылық тұрғыда ашыла түскенімді байқаймын.
– Өмірдің өзі – новелла деген тіркес бар. Бәлкім, бұл тіркес болмауы да мүмкін. Бәлкім, бұл тіркес болмауы да мүмкін. Өмірдің тағы қандай жанры бар?
– Бұрын өмірді тым күрделендіріп жіберетінмін. Өмір сүру де қиындай түсетін. Соңғы жылдары өмірді күрделендірмейтін болдым. «Өмір көзді ашып, жұмғандай қас-қағым сәтте өте шығады. Оны неге күрделендірем?» деген ойға келдім. Білесіз бе, он екі мүшесі сау адамдар депрессияға түсіп, кейбір ақындар «қалайда танымал ақын болам» деп өтірік ақынның образын жасап жүргенде арбаға таңылу қаупі бар ДЦП-мен ауыратын қыз-жігіттер арбаға отырып қалмас үшін күн сайын жаттығу жасайды.
Рас, өмір кейде езіп жібереді, сындырып жібереді. Жаның шырқырап ауырғанда он екі мүшең сау екенін де ұмытасың, безіп кеткің келеді. Бірақ сен өзіңде өзің ғана барсың ғой. Жаныңның қаншалықты ауырып жатқанын өмірге әкелген ата-анаң да, бірге туған бауырың да сезбейді. Себебі, ауырып жатқан сенің жаның, демек, оны құтқаратын сен ғана!
Түсінгенім: Құдаймен гармонияда өмір сүргенде ғана адамның жаны тыныштық табады.
Сұхбаттасқан Сүндет Сейітов