Серік АҚЫЛБЕК, гуманитарлық ғылымдар магистрі: Археологияға келіп жатқан жастар өте аз

Oinet.kz 06-02-2023 1410

Screenshot_6.jpg

- Серік Шаймерденұлы, әңгімемізді Отырар қалашығындағы зерттеу жұмыстарынан бастасақ.   2020-2022 жылдарға арналған «Көне Отырар қаласын ішінара қайта жаңғырту» жобасын аяқтағандарыңыз мәлім. Зерттеу жұмыстарының жетекшісі ретінде жоба аясында қандай ауқымды жұмыстар атқарылды, нендей тың зерттеулер жүргізілгенін айта кетсеңіз? 

- Аталған жобаның мақсаты Отырар қалажұртында археологиялық зерттеулер жүргізу, аршылған нысандарды реставрациялау, соның нәтижесінде ашық аспан астындағы музей жасау болатын. Археологиялық зерттеулер шахристанда қазба жүргізу арқылы жүзеге асты. Шахристан территориясында «Жарақты» (оңтүстік) қақпасы мен солтүстік қақпасын байланыстыратын магистралды Бас көше қазылды. Сонымен қатар, Сопыхана (батыс) қақпасынан басталып Бас көшемен қиылысатын көше аршылды.

Бас көшенің бойынан, әр кезеңдегі тұрғын үй массивтері аршылып зерттелді. Сонымен қатар, XVI-XVII ғасырларға жататын үйлер аршылы. Тұрғын жайлардың бұрыштарына ұралар жасалып, көзе, құмыра тәрізді астық сақтайтын ыдыстар қойылған. Бөлменің қабырғаларына ыдыс-аяқ, шаршуашылық құралдары сынды керек-жарақтарды қоятын сөрелер жасау үрдіске енді.

Қазылып, зерттелген аталған нысандардың барлығы консервация, реставрациялан өтін, қалпына келтіріліп, көрермендерге ұсынылды.

Үш жылдық жобаның басты жаңалығы Ерзен хан салдырған ханаканың табылуы болды. Ғимараттың қызметі екі кезеңнен тұратыны белгілі болды. Бастапқыда монша етіп салынып, уақыт өте келе монша жабылып, ғимараттың кей бөліктері қайта жабдықталып, қосымша бөлмелер салынып, ханакаға айналғаны анықталды.  Бастапқы монша өзегінің жоспары айқыш (крест) тәрізді салынған.  Анықталған моншаның көлемі 19х23 м. Ол айқыш пішінді орталық залдан және оны айналдыра орналасқан 5 бөлме пен кіре беріс дәлізден тұрады.

Бұл айтылғанның бәрі ғимараттың монша қызметін атқарған кезеңге қатысты. Монша XIII ғасырдың екінші жартысында салынып, XIV екінші ширегіне дейін қызмет атқарған деуге негіз бар.  XIV ғасырдан бастап қалаларда сопыларға арнап ханакалар салына бастады. Қала ішіндегі ханакалар классикалық үлгідегі көп бөлмелі (құжыралы) аулалық пішіндегі ханакалардан өзгеше болып салына бастады. Орталық Азияның бас қалалары Самарқан, Бұқара, Кермин, Термез және т.б. қалаларда порталды-күмбезді ханакалар салынды. Бұл ханакалардың өзгешелігі дәруіштер тұратын бөлмелері жоқ болды, тек сұқбат құратын, құлшылық ететін бөлмелер ғана болды және қызметшілердің шектеулі штаты ғана болған.

Бұл үрдіс Отырарда да көрініс тауып отыр. XIV ғасырдың екінші ширегінде Ақ Орда тағына отырған Ерзен хан Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларында мешіт, медресе, ханакалар салдырғаны белгілі. Біз аршып алған ғимарат сол Ерзен ханның Отырарда салған ханакасы деуге толық негіз бар. 

Істен шыққан ескі монша ғимаратын ханака айналдыру үшін жоспарға өзгерістер енгізгзіп, ханака тән бөлмелер салған. Ол ғимараттың қас бет жағынан шарша пішінді үлкен зал қосқан. Залды қосуда монша ғимаратының қас бетінің конфигурациясы есепке алынған. Залың қосылған үш қабырғасы да монша қас бетінің пилондарының орналасу орындары, пішіні мен көлемін толық қайталайды.зал шаршы пішінді, көлемі 12х12 м. Залдың көлеміне, интерьеріне қарап, бұл бөлме ханаканың зікірханасы болған деуге негіз бар. Зікірханада сопылар апта сайын жиналып, зікір салған және де күнделікті намаз оқитын намазхана ретінде де пайдаланған

Аталған бөлмелердің құрылымдық өзгешеліктері, бұлардың қатардағы бөлмелер емес екендігін көрсетеді. Биік табалдырық пен тар есік үңгідің ауызын имитациялайды. тар және аласа, терезесіз бөлме үңгірдің имтациясы. Төргі бөлмеге тесік арқылы жер бауырлап кірген. Алғашқы сопылар үңгірді мекендеген. Кейін сопылық дамып, күш алған кезде 40 күн оқшауланатын бөлмелерді үңгірге ұқсатып салып, «ғар» - «үңгір» деп атағаны белгілі. Сол сабапті бұл бөлмелер ханаканың құрамдас бөлігі «ғар» типті шілдехана деуге толық негіз бар. Шілдеханада сопылар 40 күнге оқшауланып, құлшылық жасайтын болған.

Осылайша жазба деректерде көрініс тапқан мәліметтің археологиялық дәлелін табуының куәсі болып отырмыз. Ақ Орда ханы Ерзеннің Отырарда салдырған ханакасы осы ғимарат екенін нақты айта аламыз!

Жоба аясында туристік инфрақұрылымғада көп көңіл бөлінді. Қаланың бас көшелеріне тас тақташалар төселді. Кіреберіс рабад қақпасынан Жарақты қақпасына дейін аяқ жолға тас тақташалар төселді. Жол байына адамдар дем алатын, көлеңкелейтін орындар жасалды. Су ішетін бұрқақтар орнатылды. Жарақты қақпасының маңына әжетхана орнатылды. Қақпалардың барлығын бір-бірімен байланыстыратын жол жасалды. Ол жолмен туристерді тасымалдайтын электрокарлар қатынайды. Жолдардың бойына жарық орнатылды.  

- Күлтөбе қаласын зерттеуге көп тер төктіңіз. Әлі де осы Түркістан қаласы мен маңында зерттелмеген (немесе аз зерттелген), құпиясы ашылмаған  орындар бар ма?  

- Түркістан өлкесі тарихы терең, әрі бай өлке. Түркістанда 2000 астам ескерткіштер анықталған. Археологиялық ескерткіштердің барлық түрі кездеседі. Қазіргі кезде археологтардың басты назарында тұрған нәрсе Түркістан қаласының нақты жасын анықтау болып тұр. Кезінде археолог Е.Смағүловтың зерттеулеріне сүйеніп қаланың 1500 жылығы аталды. Сол кездің өзінде археолог М.Елеуов Түркістанға 2000 жыл деген пікір білірді. Соңғы жылдардағы зерттеулерінің негізінде (Күлтөбеде монументалды құрылыстың табылуы негізінде), археолог Е.Смағүлов қаланың жасын 2200 жылға дейін тереңдетті. Соңғы екі жылдағы зерттеулердің қорытындысы бойынша, академик Б.Байтанаев жанама деректерге сүйене отырып, қаланың жасы 3000 жыл деген пікір айтты. Қазіргі кезде осы пікірді нақтылау мақсатында кешенді зерттеулер жүргізіп келеді.

Тағы бір мәселе, ерте ортағырдағы аймақтың бас қаласының орнын анықтау болып отыр. Көне заманда аймақ Шауғар деп аталғаны белгілі. Түркістан қаласы XVғ. бастап аймақтың бас қаласына айнала бастады. Оған дейінгі бас қала Шауғар болған. Зерттеушілер Шауғар қаласының орны Шойтөбе деп келді. Алайда, қазіргі кезде, бас қаланың орны Қарашық деген де пікір бар.  Осы аталған Қарашық қалажұртында көп құпия мен сыр жатыр. Зерттеулер қолға алынса тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты көптеген тың деректер қосылар еді.

- Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ археологиясының басты проблемасы не? 

- Қазіргі таңда елімізде археология саласындағы жұмыстар біршама жолға қойылған. Бұл саланы мемлекет конкуренттік ортаға салған. Линцензия арқылы археологиямен көптеген жекеменшік компаниялар мен жеке тұлғалар айналысып жатыр. Көптеген археолог-ғалымдардың бұл жағдайға наразылығына қарамастан, мен бұны өте орынды деп есептеймін. Іргелі зерттеулермен елімізде Ә.Х.Марғүлан атындағы Археология институты, ірі университеттер жанындағы археологиялық орталықтар мен институттар айналысып жүр. Алайда, еліміздегі археологиялық қызметтерге деген сұранысты аталған ұйымдар толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жекеменшік компаниялардың болуы өте қажет.

Мемлекет тарапынан зерттеулерге гранттар бөлінеді. Гранттер үш жылға беріледі. Бір мәселе осы жерде. Үш жылда іргелі зерттеулер жүргізіп, толыққанды нәтижеге қол жеткізу қиын. Гранттардың мерзімін ұзарту керек деп есептеймін. Қазақстан археологиясының басты проблемасы деп маман тапшылығы деп білемін. Археологияға келіп жатқан жастар өте аз.

- Еліміздің ежелгі қала, орын, обаларын зерттеуге құмбыл шетелдік ғалымдар көп пе? Оларды қазақ даласында қызықтыратын не нәрсе? 

- Біздің еліміздің территориясында орналасқан ескерткіштерге, бұрын болып өткен тарихи процесстерге қызығушылық танытатын шетелдік ғалымдар бар. Олар көп, не аз деп айта алмаймын, себебі, салыстыратын дерек менде жоқ. Қазақстан территориясында әлемдік тарихи процесстерге, адамзат тарихына қатысы бар ескерткіштер баршылық. Олар өз кезегінде басқа мемлекеттердегі ескерткіштерден бөліп жармай зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, шетелдік ғалымдармен бірлесіп зерттеу жүргізу, бұл қалыпты нәрсе.

Мысалы, тас дәуіріндегі адамзат тарихы, қазіргі заманғы бірнеше мемлекеттердің территориясын қамтыған империялар ( Түрік қағанаттары), Ұлы Ұлыс (Алтын Орда) мемлекеті. Біздің территориядан бірнеше тармақпен өткен трансконтинеталдық «Ұлы Жібек жолы» сауда жолы.

Тас дәуірінің тарихын зерттейтін, академик Ж.Таймағанбетов басқаратын Қазақ-Жапон, Қазақ-Ресей, Қазақ-Герман, т.б. эбірлескен экспедициялар жұмыс істейді. 

Сонымен қатар, шетелдік ірі университеттердің ғалымдары Орталық Азияны зерттейді. Ұлыбританияның Линкольн университетінің ғалымдары Әмудария мен Сырдария бойының суландыру тарихын зерттеп жүр. Кембридж университеті Отырардың моңғол шапқыншылығына дейінгі мәдениеті, әсіресе, Жібек жолымен байланысы қызықтырады. Кейбір шетелдік христиан ұйымдарын Қазақстан территориясындағы христиандық ескерткіштер қызықтырады.

- Осыдан 15-20 жыл бұрынғы археологиялық қазба жұмыстары қалай жүргізілетін еді? Қазіргі  технологияның дамуы археология саласына қаншалықты жаңалық алып келді? 

- Жаңа технологиялар заманы адам өмірінің барлық салаларына оң өзгерістер әкеліп жатыр. Одан археология саласы да кенже қалып жатқан жоқ. Компьютер, цифрлы сурет, өлшеу сызу аппараттары археологтардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай сапасын арттырды. Археологтардың ең басты жұмысы қазбаны құжаттау десек қателеспейміз. Бұрындары бұл жұмысты қағаз, қалам, сызғыштың көмегімен қолмен атқаратын болса, қазіргі кезде электронды тахеометрмен түсіреді. Цифрлы суретті өңдеу мүмкіншілікттері зор. Ректификацияланған ортофотолар жасап, соңында нысанның 3D моделін жасауға м.мкіндік берді.

Бұрындары аэрофото түсіру үшін ұшақ, дельтолет жалдайтын болсақ, қазір оның мәселесін квадрокоптерлер шешіп берді. Мен өзім Талас бойының ескерткіштерін, Отырар оазисінің ескерткіштерін дельтолетпен 60 сағат әуеде болып түсіріп шыққанмын. Өте қымбат және ыңғайсыз болатын. Қазіргі кезде дрондарды күнделікті қазбаны құжаттауға пайдаланып жүрміз.

Тағы бір айта кететін нәрсе геосканер. Ол ескерткішті қазбай тұрып, жер астындағы нысанның нобайын анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде геосканердің мүмкіншілігі жылдан жылға артып келеді. Геосканер мәліметі қазбаның жомсарын дұрыс құруға, жұмыстың шығынын азайтуға, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

- Сіз көптеген ғылыми жұмыс, мақалалардың авторысыз. Осылардың барлығын жинақтап кітап шығару ойыңызда жоқ па?

- Мен жазған мақалалар көптеген тақырыптар мен бірнеше салаға арналған. Сондықтан, олардың бәрін біріктіру қажет емес деп ойлаймын. Бірақ, тақырыптас мақалалардан жинақ шығару жақсы идея екен. Оны алдағы уақытта ойланып көру керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Мейірхан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ: Адамның жанын кітаптан артық ештеңе тәрбиелемейді
Әзімхан ИСАБЕК: Шымкентте Абайдың төрт бірдей үрім-бұтағы жерленген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу