Еділ Жаңбыршин: «Заңдар жаңа Қазақстан талаптарына сай келмейді»

Oinet.kz 12-04-2023 1002

Еділ Жаңбыршин - қазақстандық ғалым, педагог, техника ғылымдарының кандитаты, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты. 1966 жылы 23 наурызда, Гурьев облысы, Таушық ауылында (бұрынғы Маңғыстау облысы) туған.

Screenshot_3.jpg

– Еділ Терекбайұлы, сізді ең алдымен Мәжіліс депутаты болып қайта сайлануыңызбен құттықтаймын. Жаңа қызметтің бастамасын қандай шаруалардан бастап жатырсыз? 

– Рахмет. Осы шақырылымда мен тек қана депутаттық қызметті атқармаймын, сонымен қатар Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы ретінде жұмыс істейтін боламын. Бұл Парламенттегі төменгі палата төрағасының және әріптестерімнің маған білдірген үлкен сенімі. Мәжілістегі алғашқы қызметім комитеттің жұмысын ұйымдастырудан басталды. Өйткені комитет мүшелерінің 70 пайызы жаңа депутаттар. Сессия аяғына дейін атқаратын жұмыстарымыздың жоспарын жасақтадық. Қазір комитетіміз 11 заң жобасына басшылық жасайды. Өзім 3 заң жобасына басшылық жасайтын боламын  және бір заң жобасы бойынша жұмыс тобына мүше болып кірдім. Сонымен қатар, 5 наурыздағы өткен Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды дайындаумен айналыстық. Өздеріңізге мәлім Парламенттің жаңа 8-ші шақырылымның бірінші сессиясын ашу кезінде Президент Қ. Тоқаев тозығы жеткен энергетика инфрақұрылымын ретке келтіру жөнінде тапсырма берген. Осыған орай комитет осы салаға байланысты үш заң жобасының таныстырылымын өткізді. Оған Энергетика министрі және басқа да мамандар шақырылды. Қысқаша айтсақ жұмысымыз осылай басталып жатыр. 

–  Сайлауалды насихат жұмыстары кезінде Маңғыстау жұртшылығымен көптеген кездесу өткіздіңіз. Сондағы тұрғындардың айтқан басты уәждері, проблемалары қандай болды?  

– Үгіт-насихат кезінде өңірдің қалалары мен аудандарын толықтай аралып, 75 пайыз елді мекендерді қамтыдық. Мыңдаған сайлаушылармен кездестік. Осы кездесулерде сайлаушылардың көтерген мәселелері қазақ тілінің мәртебесін көтеру, жұмыссыздық, қаңғыбас иттерді реттеу, ауыз судың жетіспеушілігі, Каспий теңізінің тартылуы, радиациялық улы қалдықтар көмілген «Қошқар Ата» ойпатын рекультивация жасау, Ақтау қаласына жақын орналасқан әскери сынақ алаңын көшіру, энергоресурстарды тасымалдау, коммуналдық қызмет көрсету кезіндегі және басқа да салалардағы пайдасыз делдалдарды жою және басқалар.   

–  Бір сұхбатыңызда «Парламент Мәжілісінің VІІІ шақырылымына тек білімді, білікті ғана емес рухани мықты азаматтарды және әр саланың мамандарын сайлау керекпіз» деген екенсіз. Сіздіңше осы сайлауда сіз айтқандай депутаттардың тек білімі ғана емес рухани байлығы қаншалықты сүзгіден өтті деп ойлайсыз және әр саланың мамандары қамтылды ма?  

– Бір мандаттық округтан сайланған депутаттарды және партиялардың тізімі арқылы Мәжіліске өткен депутаттарды да сайлаған халық. Депутаттың қаншалықты рухани мықты екенін жұмыс барысында көреміз. Жалпы рухани мықтылық күн сайын шыңдалып отыратын дүние екенінде ұмытпауымыз керек. Мәжіліс депутаттарының көпшілігі тәжірибелі, кәсіби деңгейі жоғары азаматтар және мамандықтары экономикамыздың көптеген салаларын қамтиды. Мысалы, төменгі палатаның құрамында энергетика саласының мықты маманы депутат Дүйсенбай Тұрғанов, белгілі құрылысшы, кәсіпкер Самат Мұсабаев, тау-кен маманы Арман Қалықов, жер мәселесімен айналысып жүрген заңгер Бақытжан Базарбек, кәсіби дипломат Айгүл Құспан, оқу-ағарту саласының мықты мамандары Асхат Аймағамбетов пен Жұлдыз Сүлейменова және басқалар бар. Орталық, жергілікті мемлекеттік органдарды және ірі кәсіпорындарды басқарған мықты менеджерлер де Мәжіліс құрамына кірді. Мұндай депутаттық корпустың сапалы заңдар шығаруға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын. 

–  Экологиялық таза көлікті танымал ету, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтеріп жүргеніңіз белгілі. Қазақстандықтар не себепті көліктің осы түріне көшкені дұрыс? Еліміз дизельмен және бензинмен жүретін көліктерден біржолата бас тартуға қаншалықты дайын? 

– Әлемдегі автокөлік саласындағы тренд осы бағытқа кетіп бара жатыр. Мәселен, 2022 жылы әлем бойынша шамамен 10,1 миллион электрлендірілген көлік жеткізілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 55 пайызға көп. Жалпы сатылымның жартысынан көбі Қытайға тиесілі. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, 2030 жылдың соңына қарай олардың саны кемінде 145 миллионға жетеді. Ал үкіметтер бұл салаға қолдау көрсетсе, 2030 жылға қарай әлемде электромобильдер саны 230 миллионға жетуі мүмкін. Renault Group басшысы 2030 жылға қарай Renault іштен жанатын қозғалтқыштары бар бірде-бір жаңа модель сатпайтынын айтты: автомобильдердің барлық желісі электрлік болады. Бұл, әрине, Еуропаға қатысты. Fіat, Mercedes, Peugeot-да алдағы сегіз жылда іштен жанатын қозғалтқыштары бар модельдер желісін мүмкіндігінше қысқартуға ниетті. Сондықтан біз де осы бастан электромобильдерді дамытуға жағдай жасауымыз керек. Ол үшін ең бірінші заңнамалық негіздемелер жасап, тиісті инфрақұрылымдарды дамытуды қолға алуымыз қажет. Іштен жанатын қозғалтқыштардан бірден бас тарта алмайтын болармыз, бұл эволюциялық жолмен іске асатын үрдіс. 

–  Арал теңізінің деңгейі 48 см көтерілгені халыққа құрдымға кеткен теңіз қайта арнасына толар деген үміт сыйлады. Аралдың алдағы тағдыры қалай болар екен? 

– Аралдың тағдыры тек қазақстандықтарды емес, бүкіл әлемді толғандырып отырған мәселе. Жалпы экологиялық зардаптар мен апаттар адам баласының қоршаған ортаның заңдылықтарын бұзып, табиғаттың байлығына жабайы түрде игеруінің нәтижесінде болып отыр. Су ресурстарын ұтымсыз пайдалану салдарынан дүниежүзіндегі төртінші үлкен көл құрғап, 5 миллион гектар жаңа шөл – Арал құмы пайда болды. Соның салдарынан Арал теңізінің бұзылған экожүйесінің миллиондаған тонна шаң-тозаңы мен тұзы суармалы жерлерге де, адам денсаулығына да кері әсерін тигізуде, сонымен қатар өңірдегі және оның маңындағы аймақтардағы таулардың мұз жамылғыларына да қауіп төндіруде. Арал теңізінің бірте-бірте кеуіп, Солтүстік Арал теңізінің (немесе Кіші Арал теңізінің) бірнеше бөлікке бөлінді. Қазақстанның солтүстік Аралды құтқару жөніндегі күш-жігерінің бір бөлігі ретінде Көк-Арал бөгеті 2005 жылы салынып, оның біртіндеп толықтырылуына әкелді.  Аралға құятын судың көлемі артпай, оның тағдырын шешу қиын. Биыл жауын-шашын көбейіп еді, теңізге келетін жылдық көлем екі айда келді, яғни судың мол мөлшерінің келуі Аралды толтырудың басты факторы. Сонымен қатар трансшекаралық өзендерді көрші мемлектеттермен бірлесіп басқару механизмдерінің жоқтығынан, Аралға келетін Сырдария өзенінің көлемі жүйелі түрде жетіспей жатады. Оның үстіне ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің суды үнемдейтін технологияларды пайдаланбауы, ескіріп, тозығы жеткен каналдарды пайдалануы, суландыру жүйелерінде автоматизация мен цифровизацияның толықтай жоқтығы әсер етіп отыр. Мысалы Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы мәліметі бойынша оңтүстік өңірде суды үнемдейтін инновациялық технологияларды суландыру жерлерде пайдалану деңгейі жалпы елдегі суландыратын жерлердің ауданының бар болғаны 5,4 пайызды құрап отыр. Ал басқа өңірлерде бұл көрсеткіш – 49,2 пайыз. Сондықтан бүгінгі таңда гидроресурстарды рационалды пайдаланбасақ Аралды сақтап қалу қиынға соғады.  

–  Жаңа, әділетті Қазақстанда қандай жаңа заңдар қабылдау керек немесе қандай заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп есептейсіз?  

– Бірінші мәселе. Мемлекет әділ болуы үшін биліктің барлық тармақтары әділ жұмыс жасауы керек. Әсіресе қабылданған заңдарда әділдік принципін сақтау басты мәселе. Саясат пен экономикада негізсіз монополияға жол беру, бәсекелестік қағидатын бұзу арқылы жеке топтардың немесе олигархтардың бизнестерін қолдау сияқты нормалар заңдарда орын алса, онда әділдік туралы әңгіме айту артық.  Екінші мәселе. Кейбір заңдарымыз ескірген, жаңа Қазақстан талаптарына сай келмейді. Сондықтан Парламент Үкіметпен бірге барлық заңдарды ревизия жасап, жоғарыда айтқан кемшіліктерді жою мақсатында жұмыстар атқаруы тиіс. Ондай қызметтер жүріп жатыр. Мысалы, өткен жылы билік өзгерісті Конституциялық реформадан бастады, одан кейін «Конституциялық Сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы»,  Конституциялық Заңдар қабылданып, «Президент туралы», «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Прокуратура туралы» сияқты бірнеше Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңдарына өзгерістер енді, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы күшін жойды. Қазір инклюзивті мемлекет құру үшін «Қоғамдық бақылау туралы», «Жылу энергетика туралы», «Су Кодексі» сияқты жаңа заңдарды қабылдап, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы», «Сайлау туралы», Салық Кодексіне, ауыл шаруашылығы мен газ саласына, жер қойнауының қазба байлықтарын пайдалануға қатысты және басқа да заңдарға толықтырулар мен өзгеріс енгізу қажет. 

–  Сіз еліміздің білім, ғылым саласының дамуына үлес қосқан белгілі ғалымсыз. Қазіргі қарбалас жұмыстың арасында ғылыми зерттеу, шаруалармен айналысуға қаншалықты уақыт тауып жүрсіз? 

– «Қайда жүрсеңде ғылымыңды тастама» деп әкем айтатын еді. Сол айтқан  ғылымнан ешқашан қол үзген емеспін. Қандай мәселе болса да түбін қазып, ізденуге тырысамын. Заң шығару процесі де ғылыми ізденісті, шығармашылықты қажет етеді. Оның үстіне Комитетіміз мұнай-газ, энергетика, экология салаларына, яғни өзімнің айналысып жүрген ғылыми бағытыма тікелей байланысты. Сонымен қатар, екінші айналысып жүрген ғылыми бағытым мемлекеттік басқарудағы «publіc relatіons» (қоғаммен байланыс), олда осы Парламенттегі қызметіммен тікелей байланысты. Сондықтан депутаттық қызмет пен ғылым ұштасып, бірге жүріп жатыр десем артық айтпаған болармын. Ал өзімнің жеке өнертабысыма қатысты жасалған дүниелер өндіріске енгізіліп, жұмыс істеуде. Егер оларға қатысты өндірісте сұрақтар туындап жатса, кеңес беріп отырамын.  Тағы бір мәселе рухани ізденіс, ол да ғылым, оған да уақыт бөлемін. Жалпы адам қандай да бір жетістікке жеткісі келсе, 24 сағатты тиімді пайдаланып, өзін тәртіпке үйретеді, уақытын босқа жібермей үнемі ізденісте жүреді, идеяларды генерация жасайды.

Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай

Ислам Жеменей, профессор: «Мен үшін бәріңіз барсыздар, бірақ ешкім жанымда жоқ сияқты»
Нұрлыбек ҚУАҢБАЕВ, желтоқсаншы: «Сайлауда әділетсіздікке ұшырасақ та, халық бізді қолдады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу