Дәурен Тілеухан: «Ең аяулы сағыныш – әжем»

Oinet.kz 23-05-2024 726

Дәурен Тілеухан ақын, журналист. 2000 жылы, 28 қазанда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Көрпе ауылында дүниеге келген. “Сағыныш сыбыры” кітабының авторы. Халықаралық "Алтын қалам" байқауының "ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯ" аталымының жеңімпазы.

dauren_tileukhan_20240227_p_3311917895603540798_1_3311917895603540798.jpg

– "Ақындық Құдайдан" дейді. Сіздің осы пікірге көзқарасыңыз қалай? Және өзіңіз өлең әлеміне қалай, қашан келдіңіз?

– Мен үшін ақындық жүре пайда болатын немесе меңгеріп алатын мамандық емес. Шын ақындарға Алладан берілетін дарын болады. Бірақ өмірдің бұлжымас заңы секілді, тек талантпен тасты жарып шығу мүмкін емес. Сол үшін талмас еңбектің де өз орыны бар. Әсіресе, оқу-білім, ізденіске келгенде еңбектің орыны ерекше. Нағыз ақындар бойындағы Құдай берген дарынды еңбекпен ұштастырмаса түбінде ол таланттың жолы баянсыз болады деп ойлаймын. Сондықтан дарын – Құдайдан, даму – өзіңнен деп ойлаймын.

– Сіздің алғашқы жыр жинағыңыздың аты "Сағыныш сыбыры" екен. Енді сұрақ. Сіз үшін сағыныштың салмағы қандай? Сізді сағындырып жүрген аяулы не нәрсе бар?

– Алғашқы жыр жинағым Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен, Жазушылар одағының ұсынысымен шықты. Ол кітапта 18 жасар Дәуреннің адал, аңғал шақтарын, аңсары мен үмітін, сүйініші мен күйінішін тануға болады. Ал атауына келер болсақ, бұл тақырыпты маған Азамат Әлібек деген досым ұсынған еді. Өлең – ақынның көкірегіндегі көз, көңіліндегі айна сияқты ғой. Дүниені басқаша кейіпте көрсетуде, әлемнің осынау сұп-сұлу келбетін айнытпай бейнелеуде поэзиядан артық құрал таппасымыз анық. Ал сағыныш менің өлеңімнің өзегіне айналған құндылық. Төлегеннің Мұхтар Шахановқа жазған «Сағыныш» деген циклы бар ғой. Сонда айтылғандай, алдымен сағынбасам жыр жаза алмайтыным рас. 

Маған кейде адамның бүкіл ғұмыры сағынышпен өтетіндей көрінеді. Есейгенде балалық шақты, қалаға кетсе қарашаңырақты, алыста жүрсе атамекенді, жырақта жүрсе ата-анасын, ғашығын не жақындарын дегендей. Сол секілді мен үшін ең аяулы сағыныш – 5 жасымда өмірден өткен әжем болатын. Әженің баласы болғандықтан, менің өмірімдегі ең үлкен қайғы осы болған сияқты көрінетін. Кейін 16 жасымда «Аңсар» деген өлең жазылды. Қазіргі жақсы өлеңдерге жол ашқан сол сағыныш, сол өлең десек артық болмас.

– Сізді қазақ әдебиетінің "Кенже классигі" деп атайды екен. Қазіргі заман үдерісіне байланысты көптеген ағымдар пайда болуда. Сіз жаңашылдыққа ұмтылмайсыз ба немесе эксперименттерге баруға не кедергі?

– Ол атауды маған ақын достарым берген. Біздің буын әдебиеттің табалдырығын аттағаннан-ақ оқырман қауым мен үлкен қаламгерлердің назарына жүрді. Қазір де біршама ақын достарым ел аузында жүр. Сол жігіттердің еркелетіп атағаны еді. «Классик» болу үшін қандай үлкен шығармашылық иесі болуың керек екені белгілі ғой. Бүгінгі әдебиет - андерграун шығармалар мен дәстүрлі бағыттағы шығармалар бағытын ұстанатын айқын екі топқа бөлінді. Қазақ әдебиеті жолайырық кезеңде тұрған секілді. Әрине, батыстық ағымдар, тіпті орыс поэзиясының Күміс ғасырында пайда болған каллиграммалардан да бірнеше эксперимент жасауға болады. Ол маған қызық. Бұған дейін графикалық суреттер арқылы өлең жазуды қолға алып жүрген едім, қазір оған қайта кірісуге уақыт тапшы. Бұл үдерістердің үдесінен шығамын деп өзін былғап алған ақындар да көп болған. Осы жағын да ескеріп жүргенімді жасырмаймын. Ана ағым, мына тақырып деп жүргенде Абай айтпақшы «өлеңі бірі жамау, бірі құрауға» айналып, жүректің жазуын жоғалтып алу, «өлеңді ермек үшін» жазу секілді кеселдер көрініс береді деген пікірдемін. Шынымды айтсам, қазақ поэзиясына, қарапайым қара өлеңге жететін өлең жоқ деп санаймын.

– “Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы керек” дейді. Сіздің өлеңдеріңізде лириканың жылы лебі сезіледі. Махаббат жырлары сізде әлі де кеміген жоқ сынды. Осы туралы не дейсіз?

– Поэзия туралы мыңдаған анықтама айтуға болады. Маған Томас Элиоттың «Поэзия – қанның сияға айналуы» деген сөзі ұнайды. Ақын болу дегенің ой азабын тартып, сөз киесін арқалау деп түсінсек, келе-келе бұл салмақ та артамбереді. Бауыржан Бабажанұлы деген ақын ағамыздың «20 жастағы өлеңде шынайылық, 50 жастағы өлеңде шеберлік басым болады» дейтіні бар. Сол секілді жастық шақтың жарқын сәттерін жырлаған жас ақында алдымен махаббат жалыны болып, кейін ақыл-білім, өмірлік интелектуалдық тәжірбиенің арқасында парасат-пайым молаяды деп ойлаймын. Есейе келе өзімде де өмір туралы, өмірдің белгілі кезеңдері, өзім көз жеткізген шындықтар туралы ойтолғамдар қалыптасты. Соларды өлең қылу арқылы поэзияның жаңа сатысын бағындырамын деген ой бар. 

– Қазіргі әлем, заман сәт сайын даму үдерісінде технология мен ғылым дамыған заманда поэзияның алар орны қаншалық?

– Бүгінгі заманда "әдебиет керек емес" деген теріс тенденциялар шығып жатты. Бірақ қай заманда да әдебиеттің, поэзияның алар орны ерекше болды. Себебі, поэзия адамдардың сезімі, күйініш-сүйініші, махаббаты, көңіл-күйі, болмысын түгел қамтитын болғандықтан, ол өз биігінен түспейді деп ойлаймын. Себебі, адамды адам қылып тұрған да сол қасиеттер емес пе? Бүгінде жасанды интеллект деген секілді жаңа жүйелер пайда болды. Болашақта кейбір мамандықтар түгелімен жойылып, адамның орнын роботтар алмастырады деген де ақпараттар шығуда. Жасанды интеллект алмастыра алмайтын жалғыз нәрсе болса, ол өнер деп айтуға болады. Поэзия сол үшін қастерлі қалпын жоғалтпасы анық. Қазір тек адамдардың ойы мен сезімі арзандап, көп уақытты керексіз дүниелерге арнап жатқаннан соң поэзия өз деңгейінде таныла алмай жатуы мүмкін. Бірақ оған бола өнердің өресі төмендемейтіні айқын. Әуелден азшылықтың мүлкіне айналған, таңдаулылардың талғамын байытқан поэзия келешекте де жасай беретініне сенемін. 

– Сізді әдеби ортаға танытқан "Антиномия" өлеңі деп естідім. Жалпы осы өлеңнің жазылу тарихын айтып берсеңіз.

– Бірінші курста оқитын кезім. Сабаққа құлықсыз болғаныммен батыс философтарының еңбектерін өздігіммен оқып, қызыға бастадым. Әсіресе, жаңа заман философиясы мен жиырмасыншы ғасырдағы экзистенциализм ұнайтын. Сондай күндердің бірінде Иммануил Канттың «Критика чистого разума» («Анық ақыл-ой сыны») кітабындағы «Антиномияларын» көзім шалып қалды. Антиномия дәлелдеуге болатын өзара қарама-қайшы үкімдер. Былайынша, ақ пен қараның айқасы секілді ғой. Бірақ екеуінің де дұрыстығын айғақтауға болады. Канттың төрт антиномиясы мені біраз ойға қалдырғаны әлі есімде. Ақырында жастық шақтың ең нұрлы, ең мұңды сәттері менің өмірімде де неше түрлі антиномиялар (қайшылықтар) бар екеніне көзімді жеткізді. Сөйтіп, көңілдің елегізген, жүректің жалғыздыққа жұтылған шағында жазылған өлең  «Антиномия» менің әдеби ортаға, ойлы оқырманға танылуыма себепкер болды. Қазір де есімім естілсе көбі осы өлеңді еске алатынын, мені осы өлеңмен танитынын байқап жүрмін. Өлеңнің лирикалық кейіпкері - менің алғашқы махаббатыма айналған ару болатын. Ақтөбе шаһарындағы аяулы сәттерді сағынғанда осы өлең жазылды. 

– Адамға ортаның әсері үлкен. Жалпы сіздің әдеби ортаңыз қалай? Әдеби ортаңыз туралы не айтасыз?

– Әдеби орта жас қаламгерлер үшін бір-бірін қолдаушы, демеуші күшке ие болады. Ал қалыптасқан соң оңаша, оқшаулықта болған дұрыс деп санаймын. Әр жазған өлеңіңе алғашқы бағасын беріп, әділ сынайтын әдеби орта болғаны өте жақсы. Алдымен қаламдастардың сынынан өткен өлеңдерді оқырмандар да жақсы қабылдайтыны өз басымнан өтті. Менің әдеби ортам алғаш 17-18 жасымда өзіммен қатар ақын достармен қалыптасты. Кейін ол ортаның ауқымы кеңейіп, әр өңірде өзіммен қатар ақындармен араласа бастадым. Менің ортамда жақсы ақындар көп. Бүгінгі жарқын жеңістерге, жақсы өлеңдерге олардың да қолдауы мен көмегі көп болды. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, пайдасы зор әдеби орта кейде сенің жігеріңді жасытуы да мүмкін. Себебі орта болған соң көңілжықпастық, мақтау көбейіп кетуі мүмкін. Ақын өзі сол сүйкімсіз дүниелерді сезгенде, әдеби ортадан сәл алшақтайтыны рас.

– Климаттың өзгеруі, теңсіздік немесе көші-қон дағдарыстары сияқты әлеуметтік жаһандық проблемаларды көрсету және шешудегі әдебиеттің рөлін қалай көресіз?

– Мен әдебиетті әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптарға, проблемаларды жеткізуші құрал ретінде көрсетуге «қимаймын». Әдебиет науқаншыл шығармалардан ада, асыл әрі адал күйде болса шынайы болатын шығар. Бірақ тарихта осындай күрделі кезеңдер тамаша туындыларды тудырғанын да естен шығаруға болмайды. Ең бастысы әдебиет өзінің әуелгі миссиясынан айнымаса болғаны. 

– Қазіргі әдеби ағымдар мен жеке өмірдегі өзгерістер аясында сіздің поэтикалық техникаңыз бен тақырыбыңызды қалай дамытуды және олардың бүгінгі аудитория үшін өзекті және терең болуы үшін болашақ өлеңдеріңізге қандай жаңа элементтер енгізуді жоспарлап отырсыз?

– Уақыттан озып сөйлеген ұнамайды. Болашақта аударма саласын қайта қолға алғым келеді. Сондай-ақ, жоғарыда айтқандай каллиграммаларды, яғни, графикалық өлеңдерді оқырманға ұсынғым келеді. Қазақ әдебиетін әлемдік жанрлармен байыту бүгінгі жастардың еңбегі мен ізденісіне жүк болмақ. Өйтені, кенжелеп қалған жанрлар мен әлі бізге жетпеген жанрларға көп еңбек керек. Осы бойынша болашақта біршама дүниелер, эксперименттік шығармалар ұсынамын  деп ойлаймын. Мұның бәрі уақыттың еншісінде.

– Сұрақтарыма жауап бергеніңізге рахмет! Алдағы уақытта сіздің шығармаларыңыз бен өлең еңбектеріңізді күтеміз.

Әңгімелескен Тулегенова Ажаранияза,

Атырау облысы "JOO high school" мектебінің 11-сынып оқушысы

Жаннета Жазықбаева: «Балалардың өмірін таразыға салуға болмайды»
Адемау Толысбаева: «Еңбек адамымен диалог көбіне ресми сипатқа ғана ие»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу