Жандос Жұмабек: «Бүкіл Қазақстан Түркістан өңірінің жаңалығымен тыныстап жатыр»

Oinet.kz 11-10-2024 431

Қара сөздің қара жұмысын атқаратын мамандықтың бірі – журналистика. Біз аталған сала жайлы, Түркістанда журналистиканың қаншалықты деңгейде өркендеп келе жатқаны туралы Түркістан облысының «Үздік журналисі», «Хабар» және «Хабар24» телеарнасының меншікті тілшісі Жандос Жұмабекпен сұхбаттасқан едік. 

Screenshot_13.jpg

– Түркістан облыс болып құрылғанда алғаш болып барған журналистердің бірі өзіңіз. Бүгінгі таңда өзіңіз көрген 6 жылдың ішінде қандай оң өзгерістер бар?

– Өзгеріс көп. Халық кебістен туфлиге, халаттан көйлекке көшті. Тұрғындар жолдың кез келген жерінен кесіп өткенді қойды. Жүргізушілер көшеде жаяу жүргіншілерді өткізетін, қарама-қарсы бағытқа шықпайтын болды. Шаңы бұрқыраған шәріден керімсал кентке айналды. Ғажайып ғимараттар бой түзеді. Аз уақытта ауыз толтырып айтар ауқымды жұмыс жүргізілді. Жергілікті тұрғындардың мәдениеті өсті. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жан-жақтан жалынды жастар келді. Тағдырын Түркістанмен байланыстырғысы келетін мемлекетшіл азаматтардың шоғыры қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда қазір Түркістан Қазақстанның жетінші кереметіне айналып келеді. Түркістан – Алланың назары түскен шахар ғой. Қай кезде де базары қайнап, шаттығын тойлап жатады. Ал облыс орталығы атанған 5-6 жылда Түркістанға ат басын бұрмаған президент, шенеунік, әкім, кәсіпкер, мейман, турист жоқ шығар. Жылдың қай мезгілінде де Түркістанның төрі түрлі форумдар мен саммиттерден, алқалы жиындардан босамайды. Туризмі өз алдына бөлек әңгіме.   

– Ондағы шығармашылық орта жайлы айта өтсеңіз. Түркістан «Рухани астана» атауына сай деңгейге жете алды ма?

– Қашанда Түркістан топырағы таланттар мен дарындарға бай. Біз барғанда рухани шаһарда «Түркістан» қалалық газеті мен «Тұран тв» телеарнасы ауданның жаңалығын үздіксіз таратып жатты. Жүз жылдық тарихы бар басылымның жылнамасына қарасақ, онда әр жылдары осы өңірден шыққан қаламы қуатты қаламгерлер мен ұстанымы тұрақты тілшілер еңбек етіпті. Сол соқпақ үзілген жоқ, бүгінде ұлағатты үрдіске айналды. Қазір талантты жастар шоғыры қалыптасып, қара шаңырақ басылымды жаңа белеске көтерді. Бүгінде белгілі журналист, білікті редактор Мәлік Алмахан басқаратын ұжымнан бірнеше баспасөз хатшысы мен телеарна тілшілері шықты. Ал жаңадан ашылған «Түркістан» телеарнасы қазір облыстық деңгейден республикалық бағытқа қадам басты. Мұнда Астана мен Алматыдан, өзге де өңірлерден келген кәсіби мамандар жемісті еңбек етуде. Республикалық арналарда әбден ысылған сақа журналистер жастардың тұсауын кесіп, тәрбиелеп жатыр. Бүгінгі күні «Түркістан» телеарнасында озық ойлы, медиа саласын жақсы меңгерген жас буын қалыптасып, жетілуде. Қазір «Рухани астана» еліміздің әр аймағынан жиналған шығармашыл жастардың орталығына айналып келеді. 

– Түркістанның медиа саласы Ұлттық журналистикаға не беріп жатыр, не бере алады?

– Қазір бүкіл Қазақстан Түркістан өңірінің жаңалығымен тыныстап жатыр десек болады. Мысалы қай сайтты ашып қалсаңыз да, телеарнаны қосып қалсаңыз да Түркістан облысы туралы ақпарат бірінші шығады. Оны жоққа шығара алмайсыз. Мейлі ол жағымды болсын, жағымсыз жаңалық болсын. Қазан қайнап жатыр... Журналистиканың қара қазаны. Топырағы құнарлы, рухани кемелденген киелі өңірде сөз түсінетін, сөздің киесін ұғатын қалам ұстаған жастар қазір де жетерлік. Мәселен, жас ақын Еламан Төлеутай, Рыскүл Досжан, Арқалық Әмәлиятұлы, Бауыржан Ерман, Мұқағали Кенжетайұлы сияқты талантты өрендер қазақ руханиятына олжа салады деп сенемін. Жалпы ұлттық журналистиканың дамуына өз үлесін қосып, жемісті еңбек етіп жатқан аға-әпкелеріміз, іні-қарындастарымыз аз емес. Республикалық маңдайалды телеарналар мен газет-журнал, сайттарда жұмыс істейтін қызметерлерінің 20-30 пайызы біздің өңірдің түлектеріне тиесілі. Сондықтан ұлттық журналистикаға оңтүстік өңірінен шыққан журналистердің қосар үлесі зор, Сезім! Соның бірі өзіңсің!

Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ

Индустриалдық аймақ отандық өндірістің бағын ашуда
Балтабек Түйетаев: «Қазақ журналистикасының сапасы мен мазмұны ерекше өзгерді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу