Шымырбай АҒАБЕКОВ: Құқық қорғау органдарында өзгеріс жасай беруді құптамаймын

Oinet.kz 11-03-2026

516798372_1278614613616130_1556202145466852217_n.jpgШымырбай АҒАБЕКОВ: Шымкент қаласы адвокаттар алқасының адвокаты

– Әңгімемізді осы аптада өтетін жаңа Конституцияның жобасына қатысты референдумнан бастасақ. Жобада Конституцияға барынша басымдық берілген. Тіпті халықаралық нормалар Ата заңға қарама-қайшы келсе, Конституцияның күші жоғарырақ. Осы норма Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделін төмендетіп жібермей ме?  

– Ата заңымыз – Еліміздің мемлекеттік құрылымын, алдағы даму бағытын және басқару жүйесін айқындайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, міндеттерінің негізгі қағидаттарын бекітеді, елдегі барлық заңнамалық актілердің өзегі.  Ата заң – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығының, тұрақтылығының кепілі, мемлекет пен қоғам арасындағы келісім, бүкілхалықтық сенімнің көрінісі. Ата заңымыз – халқымыздың құқықтық санасын, мәдениетін, азаматтық белсенділігін дамытуға, қоғамдық өмірге саналы түрде араласуға және биліктің әрекеттерін бақылауға жағдай жасайды. Ал енді осындай жоғарғы мәртебелі құқықтық құжаттың күшінен қандай да бір халықаралық құжаттардың басым болмауы заңды құбылыс. Бұл туралы жобаның 5-бабында «Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы – Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Респбликасының халықараралық шарт міндеттемелерінің нормалары» деп көрсетіле отырып, «Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының аумағында тікелей қолданылады» дей келе, Ата заңымызға қайшы келетін заңдардың, халықаралық шарттардың қолданылмайтындығы баса, әрі біржақты алға тартылған. Қазіргі қолданыстағы Ата заңымыздың 4-бабында «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады» деп екіұштылау жазылып, Ата заңның кез келген халықаралық шарттардан басымдылығы нақтыланбай қалған. Жаңа жобада айқындалған бұл норма кез келген халықаралық шарттарға қол қою, оны ратификациялау барысында бірінші кезекте оның Ата заңымызға сәйкес болу қажеттігін ескертеді. Оның маңыздылығы осында. Сонымен қатар, жаңа жобада «Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады» деп көрсетіліп, Ата заңымызға сәйкес келетін, міндеттемелерімізге алынған шарттардың нормалары қолданылатындығы көрініс тапқан. Бідің пікірімізше, Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік және ұлтты¶ мүдде тұрғысынан жазылған және әңгіме болып отырған жаңа норма еліміздің абыройын халықаралық қатынастарда көтермесе, төмендетпейді. 

– Жобада адвокаттық қызмет туралы арнайы бап енгізілді. Мұның адам құқығын қорғаудағы маңыздылығы туралы не айтасыз?  

– Ата заңымыздың жаңа жобасында адвокатура конституциялық деңгейге көтерілді. Бұл азаматтардың құқықтық жүйеге деген сенімін арттырып, шын мәнінде адамды қорғайтын құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа жобада қарастырылып отырған өзгерістер адвокатураның қоғамдағы және құқықтық жүйедегі орнын күшейтіп, оның тәуелсіздігі мен маңызын жаңа деңгейге жоғарылатады. Адвокаттардың құқықтық мемлекеттегі рөлін мойындау – олардың тәуелсіздігін күшейту, адвокатураны мемлекеттің тұрақты әрі негізгі институттарының бірі ретінде тану  және мемлекетімізде конституциялық маңызы бар функция ретінде айқындау деп түсінеміз. Әрине, конституциялық мәртебеге ие болатын адвокатураның қызметі келешекте қазіргі кезде орын алатын кейбір кедергілерді  жоюға, әсіресе, қылмыспен қудалау органдарымен терезесі тең болуға үлкен жол ашатындығына сенімдіміз.  

– Елімізде заң шығару ісінің сапасына қатысты мәселе де көп қозғалады.  Бұған жол бермеу үшін не істеу керек? 

– Қабылданып жатқан заңдар, немесе басқа да нормативтік құқықтық актілер бірінші кезектен сапасымен, әділдігімен, қарапайымдылығымен ерекшеленіп, қолданыста қоғамда келеңсіз жағдайларға, дау-дамайға әкеліп соқпайтын  болуы тиіс. Өкінішке орай, кейбір заңдар жарық көрісімен өзгертілулерге, толықтырылуға ұшырап жатады. Мысал ретінде, сиясы кеппеген Салық кодексін келтіруге болатын шығар. Өзім университет қабырғасынан шыққалы бері осы заңдарды қолдану, әсіресе, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңдарды қолдану төңірегінен алыстаған жоқпын. Тіпті Бас прокуратурада қызметте жүргенде заңдарды дамыту бағытында біраз үлес қостым. Оның ішінде қолданыстағы Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерді дайындау барысында ведомствоаралық ең төменгі жұмыс комиссиясына басшылық жасағанымды, зейнеткерлікте жүріп Мәжіліс комитетінде қоғамдық эксперт болғандығымды алға тартсам, мақтангершілік болмас деп ойлаймын. Қазіргі таңда адвокаттық қызметте жүріп заңдарда кездесетін көптеген олқылықтар, қарама-қайшылықтар жөнінде фейсбук парақшасында өз пікірімді келтіріп, заң шығарушы органдардың назарын аударуға тырысып жатырмын. Бұл жөнінде менің парақшамнан байқауға болады, бірнеше ұсыныстарым араға уақыт салып қабылданып жатса, кейбіреулері ескерусіз қалады. Жақында ғана Конституциялық Соттың қаулысын іс-жүзінде қолдануда қайшылыққа әкеліп соғатын мән-жайларға пікірімді келтірдім. 

– Соңғы уақытта ел арасында «бухгалтерлер ісі» деген атпен танылған аудандық білім беру қызметкерлері арасындағы  қаржы жымқыруларға қатысты істерге араластыңыз. Миллиардттарды талан-таражға түсірмеуге болатын ба еді? Құзырлы, бақылаушы органдар қайда қараған? Осыншама ірі қаражаттардың желініп жатқанын қазынашылық органдары, облыстық білім басқармасы қалайша білмей қалды?  

– Адвокатура қылмыспен қудалау органдарына жатпайтындығын барлығыңыз білесіздер. Біздің міндетіміз заңда тыйым салынбаған жолмен, заң аясында қорғауымыздағы азаматтарға құқықтық көмек көрсету. Әрине, бұл құқықтық көмек біріншіден, адвокаттың біліктілігіне, қала берді тәжірибесіне, қорғауындағы азаматпен келісілген, дұрыс айқындалған ұстанымына, тіптен оның тіл байлығынан туындайтын, іс бойынша шешім қабылдайтын лауазым иесін өзінің «аузына қарататын» шеберлігіне байланысты. Сіз айтып отырған «бұхгалтерлер ісі» бойынша Сарыағаш, Сайрам аудандары білім бөлімдерінің басшыларын қорғаған жайым бар.  Сарыағаш ауданы бойынша қорғауымдағы басшыны ауыр сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстармен емес, сотпен Қылмыстық кодекстің жеңілдеу бабымен кінәлі деп тануға, нәтижесінде бас бостандығынан айыруға жол бермеудің сәті түсті. Ал Сайрам ауданы бойынша іс тергеу орнымен біржақты тоқтатылды. Осы орайда, осы істер бойынша шешім қабылдаған лауазым иелеріне қорғанушы тараптың уәждері назарға алғандығына ризашылығымызды білдіреміз. Сіз меңзеп отырған «миллиардтаған жымқырулар» жөнінде тиісті қызметкерлерге басқаша қылмыстық жазалар тағайындалды. Ал енді «білім саласындағы қаржылық жымқыруларға жол беруге болмас па еді?», «құзырлы органдар неге білмей қалды?» деген сауалға біз емес, тиісті орындар жауап берсін. Болған жағдайды, қылмыстық істерден, сот үкімінен тиісті қорытынды шығаруды ойланатын, шешім қабылдайтын жауаптылар жоқ емес шығар.  

– Еңбек жолыңызда тоқсаныншы жылдары Мемлекеттік тергеу комитетінде істедіңіз. Айтыңызшы, осы комитетті құру не үшін қажет болды? Оны неге таратып жіберді? Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда тек тергеумен айналысатын, тікелей Президентке немесе Бас прокуратураға бағынатын арнайы орган құру қажет пе?  

– Мемлекеттік тергеу комитеті органдарында бастапқыда Сарыағаш ауданы бойынша бөлімінің бастығы, кейіннен облыстық департамент бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып қызметтер атқардым. Өз басым қандай да бір мемлекеттік органдардың, оның ішінде құқық қорғау, арнайы органдардың қайта-қайта құрылымдық өзгеріске ұшырауын құптамаймын. Не себептен жаңа құқық қорғау органының құрылғандығын, не себептен қайта таратылғандығын талқылағым келмейді. Ол өте күрделі, сондай-ақ ұзақ талдауды қажет ететін мәселе. Мен  осыған байланысты бір келеңсіздікті білемін: біріншіден, кадрлық сапырылыс болады, соның салдарынан қызметкерлердің арасында келешегіне сенімсіздік байқалады, қызметке деген енжарлық туындайды, қала берді өндірістегі істер созбалаңдыққа салынып, іс аясында қылмыстық қудалауға ұшыраған азаматтардың құқығы бұзылады, олар жөнінде келесі органдармен заңды шешімдер қабылданбай жатады. Мысалы, Мемлекеттік тергеу комитетін тарату туралы алғашқы және кейінгі шешімдер қабылданған кезде барлық қызметкерлер бет-бетімен кетті, барлығының ойы қайда қызметке орналасатындығында, ғимаратта жалғыз өзім қалған жағдайға дейін жеткен. Тіптен бастықтың қайда кеткенін білмей қалғанмын. Бірнеше қайтара өзгерістерге ұшыраған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерінің көңіл - күйін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Айрықша айтылатын мәселе: Елімізде тек сотқа дейінгі тергеп-тексерумен айналысатын  орган құрылуы тиіс, тергеушілерді бір органға топтастырып, әлеуметтік жағдайын, беделін арттыру қажет. Сонда ғана тәуелсіз, әрі білікті тергеушілер корпусын дайындауға болады.  

– Әлеуметтік желідегі жазбаларыңызда өзіңіздің қорғауыңыздағы, аса ауыр айыптар тағылған азаматтарға қатысты қылмыстық істердің қысқартылғанын жазып жүресіз. Бұл әрине, сіздің кәсіби біліктілігіңіздің жоғары екендігін білдірсе керек. Дегенмен бізде адамның ауыр айыптармен жазықсыз сотталып кету жағдайлары жиі кездесе ме? 

– Қылмыстық кодекстің 19-бабында әр адам өзінің кінәсі анықталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттері үшін ғана жауап беруі тиіс.  Кінә заңды жолмен алынған дәлелдемелер жиынтығымен бекітілуі керек. Өздеріңізге белгілі, көптеген азаматтар жоғары сатыдағы соттармен ақталып немесе қылмыстары жеңіл баптармен қайта сараланып, бостандыққа шығып жатады. Осындай сот шешімдері менің қорғауымдағыларға да қабылданған. Дей тұрғанмен, өз тәжірибемнен қорытындылаған пікірім: соттармен кінәлі деп танылған кейбір сотталғандардың қылмыстары заң аясында заңды жолмен алынған дәлелдемелермен толық дәлелденбей қалады. Олар бәлкім қылмыс жасаған шығар, бірақ, дау тудырмайтын заңды дәлелдемелермен бекітілмейді. Осыдан барып заңсыз сотталғандар жайында кейде шу туындайды. Әлі де болса соттар «ақты-ақ, қараны-қара» дей алмай келеді, қорғаушылардың уәждері ескерілмей жатады. Мысалы, жақында ғана кассациялық сатыға шағым түсіру үшін маған бір азаматша жүгінді. Жұбайы мен баласы Шымкент қаласының соттарымен өзара алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.  Қылмыстық іс, сот материалдарымен танысып шықтым. Менің пікірімше, жұбайының  қылмысқа қатыстылығы болжамдарға негізделген. Сот үкіміндегі барлық дәлелдемелер баласына қатысты, бірақ сот екеуін де дәлелсіз бір баппен кінәлі деп тани салған. Әкелі-баланың уәждері  жан-жақты тергелмеген. Қара қылды қақ жарады деген соттардың осындайға жол беретіні өкінішті-ақ.  

Әңгімелескен Мирас ҚАСЫМ 

Әлихан Жақсылық, жазушы: Дүниеге қайта келмес едім
Вице-президенттікке үміткерлер: Мұрат Нұртілеу неге елеусіз қалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу